• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 17 Сәуір, 2023

Соңғы сұхбат

266 рет
көрсетілді

Паустовский Парижді ерекше жақсы көріпті. Паң қалаға деген бұл махаббатын өзі француздың терең мәдениетімен байланыстырады. 1962 жылы КСРО мен Батыс елдерінің басшылары арадағы дауды енді тек мәдениет қана тоқтата алатынын түсініп, түрлі рухани басқосулар ұйымдастыра бастайды. Соның бірінде Француз әдебиеті қоғамының шақыруымен Парижге кеңестің үш жазушысы келеді: Константин Паустовский, Виктор Некрасов, Андрей Вознесенский. Бұл жазушының сүйікті қаласына жасаған соңғы сапары болу керек.

Парижге келген жетпіс жастағы Паус­товский инсульт алған соң тез шаршап, сұхбат атаулыдан қашып жүрді. Жур­налистер қонақтар тоқтаған қонақүйдің алдына күнде жиналып, қаумалап алатын. Ерте жарықта қонақүйден үнсіз шығатын ол Париждің майда көшелеріне сіңіп кетеді екен. Жазушы, ең алдымен, базарға барып, әр бұрыштан шуылдасып жатқан халықтың диалект сөздерін тыңдайды. Сосын Сенаға жаяу тартып, бір кітап дүкенінен екіншісіне сенделіп жүреді. Париждің қоңырқай көшелеріндегі көзге түспейтін бір кафеде тамақтанады.

Сөйтіп жүрген Паустовский, тек бір журналистен бас тарта алмапты. Ол жазу­шының француз аудармашысы Лили Дени болатын. Дени орыс классикасынан 200-ге жуық шығарманы тәржімалаған. Сұхбат камераға жазылып, кейін жазушы өмірден өткен соң – 1968 жылдың шілдесінде жарық көрді. Ал Париждегі әңгіме Ресейде тек 1990-жылдары ғана басылып жатты. Аз данамен жарияланған сұхбатты сол уақытта көп адам оқи да алмады.

 

Лили Дени мен Константин Паустовский.

1962 жылдың қысы

Мен оны қонақүй бөлмесінен таптым. Күртеше киген кішкентай адам орындықта отыр екен. Жұп-жұқа жүзіндегі терең әжім­д­ер күзгі жапырақтың тамырындай жа­йы­лады. Сұхбатты неден бас­тауым ке­рек? Оның бос сөзді ұнатпайтынын біле­мін.

Сонда мен оған қарап жай ғана жымия салдым. Әңгімеміз басталып кетті.

– Парижге дәрігерлерден қашып ке­ліп­сіз. Бұл қалаға неге осыншалықты құмар­сыз?

– Өйткені бұл менің бар өмірімнің арманы еді. Сіз Париждің біз үшін не екенін, француз мәдениетімен қаншалықты тәр­бие­ленгенімізді білмейсіз ғой.

– Сонымен Париж сіз ойлағандай ма екен?

– Мен мұндағы әрбір тасты ойша білетінмін. Бірақ бұл шаһардың сұлулығы – оның өңсіз тұмандарында. Міне, мен Луврға барамын, залдарды аралаймын, ойланамын, санам сергіп қалады. Біз үшін сталиндік кезең қандай болғанын ешкім білмейді. Ол миллиондаған адамға моральдық зиян шектірді.

– Осыны айтып, КСРО жауларын қуан­тасыз ғой.

– Бұл жағдайда олар апатты жаса­ған­дардың өздерінен артық емес.

– Мұның бәрінен қалай өттіңіз?

– Мен ғана емес, Каверин, Шкловский, Всеволод Иванов, Казакевич, Ахматова. Жас кезімізде «ажал келсе, күліп тұрып қуамыз» деуші едім. Бірақ қазір күлкі де күшсіз болатын уақыт келді. Білмеймін, тіпті... Бәлки, аман қалғанымыз жай ғана кездейсоқтық шығар. Оған қоса, мен әрқашан Мәскеуден мүмкіндігінше алыс жүрдім.

– Осының бәрі бір күні қайталануы мүмкін деп ойламайсыз ба?

– Жеке басқа табыну дәуірінде болған барлық дүниеге зиянсыз, тіпті табысқа жетуге тырысатын адамдар бар. Бірақ олар Сталинді ақтаған сайын жеке басқа табыну құрбандарына, қарапайым адамның ар-ожданына қатысты сұмдық әрекет жасайды. Басқалар бәрін ұмытқан жақсы дейді. Жоқ! Егер адамдар бәрін сол сәтте ұмытатын болса – оларға шындықты айқайлап айту керек, оны барлық кезде һәм барлық жерде қайталау керек. Бұл өткеннің қайталанбауына көмектеседі. Бұзылулар бола ма? Мүмкін. Алайда батылдық жазушының үшінші ұстанымы деп бекер айтылмаған.

– Неге сіздерде қазіргі француз әде­биетін аз аударады?

– Мұның жауабы қарапайым. Жиыр­масыншы съезге дейін бәрі «Батыс уын» таратудан қорықты. Мен оптимиспін және парасаттылыққа сенемін. Өмір өте баяу ағып жатыр, сонда да оның ағынын кері қайтару мүмкін емес. Менің ойымша, сіздер бізге сөзбе-сөз кіріп келесіздер. Біз нағыз ренессанстың, орыс прозасының жаңа алтын дәуірінің алдында тұрмыз. Бұл үшін екіжақты аударма еркіндігі аса қажет. Сондай-ақ мен бәрі айта ала­ты­нына және айтылатынына сенемін. Демек біз сіздерді көбірек оқитын боламыз... Негізі әдебиеттеріміздің жаны әртүрлі, десек те біз қырық жыл бойы мәдениет­ті сақтауды басты мақсат еттік.

– Әдебиеттің майталмандары деп кім­дерді айтасыз?

– Мериме, Флобер, Мопассан.

– Ал орыс жазушыларынан ше?

– Өзім өте жақын араласқан Исаак Бабель және Гончаров пен Достоевскийден басқа классиктер.

– Неге Достоевский мен Гончаровтан басқа?

– Бұл кәсібилік мәселесі. Басқа жазушылар мені жазуға шабыттандырады. Ал Достоевскийді оқысам, қолымнан қала­­мым түсіп кете береді.

– Себеп?

– Мен Достоевскийдің талантын жоқ­­­қа шығармаймын, бірақ бәріне бел­гілі, оның жазуы тым қоңырқай, мұң­ды. Оның кейіпкерлерінің көбісін қабыл­даймын: тек Карамазовтың әкесі мен Смер­дяковтан басқа – бұл сұмдық ауыр. Жаңа айтқанымдай, мен оптимиспін, тіпті нағыз романтикпін деуге де болады. Әрине, әр дүниені дәл сол қалпында көре­мін, бірақ мен өмірді сүйемін, сол үшін маған айналамдағы кез келген деталь қым­бат. Сізге бір нәрсені мойындайын, егер мен бір жағдайларда тартынып, яки күмәнда­нып жатсам, өзіме сұрақ қоямын: «Ал сен ­жиырма жасыңда не істер едің?» Сөйтіп, шешімге келемін.

Париж. 1968 жыл.

 

P.S. Сол Паустовский Мұхтар Әуезовтің ұлы Елдар дүниеге келгенде күміс қасық сыйлағанын білеміз. Балаға есім қо­йыл­мағандықтан, қасыққа «Екінші Мұх­тар­ға» деп жазу жаздырыпты. Иә, Әуе­зов пен Паустовскийдің тағдыры Екінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы жылдарында то­ғысты. Паустовскийлер отбасы 1941 жылы Қазақстанға эвакуацияланған көптеген өнер және мәдениет қайрат­керімен бір­ге Алматыға келеді. Бұл туралы Римма ­Арте­мьеваның «Константин Паустовский. Повороты cудьбы» атты мақаласы бар. Онда «Паустовский жақын досы Рувим Фраерман мен ұлы Вадимге Алматыдағы өмірі туралы жазған хатында: «Қазақ жазушысы Мұхтар Әуезов деген ғажап адамның үйінде тұрып жатырмыз. Ол бізге бір бөлмесін босатып берді», дейді делінген.