«Талаптың оты арындап» тұрған шағында жастардың білімге бет алып, табысқа талпынуы қандай жарасымды. Мектепте жүріп-ақ ғылыммен айналысуға ден қойған жас зияткер Динара Қалиханның толағай табыстары – замандастарына үздік үлгі. Білімді жанға барша игіліктің есігі ашық екенін балаң жасынан зердесіне тоқып өскен зерек қыз әлемнің 20-дан астам жетекші оқу орнына қалай шақырту алды?
Кішкентайынан есеп-қисапқа жүйрік болған кейіпкеріміз – О.Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебінің түлегі. Өзіне жоғары талап қойған талантты қыз талмай ізденудің арқасында талай белесті бағындырған. Оныншы сыныпта оқып жүргенінде балаларға арналған қызу өлшейтін сенсоры бар орындық ойлап тапқан оның айрықша жаңалығы шетелдік мамандардың назарына ілікті. Өткен жылы мектеп партасымен қош айтысқан Динара тамыз айында АҚШ-тың Калифорния штатына білім алуға аттанады. Лондон Кингс колледжі, Калифорния, Фордхэм, Бентли университеттері секілді әлемдік білім беру жүйесінде жоғары бағаланатын 20 шақты оқу орнына бір мезетте шақырту алған оған таңдау жасау да оңайға соқпаған. Дегенмен Динара Google, Instagram сынды әлемдік медиакеңістікке серпін берген айтулы жобалардың негізін қалаушылар мен АҚШ-тың 31 президенті білім алған әйгілі Стэнфорд университетінде білім алуға бел буыпты. Қаршадай қазақ қызын осындай жетістікке жетелеген – үздіксіз ізденіс, таудай талап. Ол туралы Динараның өзі айтып берсін.
«Үлкен нәтиже үлкен еңбекпен келеді. Жас болсам да көз жеткізген бір дүнием, алдыңа айқын мақсат қойып, сол мақсат жолында аянбай еңбек етсең, арманыңның барлық есігі ашылады. Бақытыма орай, О.Жәутіков мектебінде ең мықты ұстаздардан дәріс алдым. Қатарластарым да озық ойлы, жан-жақтан жиналған кіл мықты оқушылар болды. Олармен жарыса жүріп сабақ оқыдық, әрқайсымыз өзімізше даралануға тырыстық. Стэнфорд университетінде оқу – үлкен арманым еді. Мақсатымның алғашқы баспалдағына аяқ басқаныма қуанамын. Әрине, қаншама халықаралық жобаларға қатыстым. Оларды сабақпен қатар алып жүру оңай болған жоқ. Дайындық барысында күніне небәрі төрт сағат қана тынығып жүрдім. Соңғы екі жылым осы тәртіппен өтті десем болады. Тіпті түнгі 12-де жиналып, жобаға бейнебаян түсіріп, оны байқауға жіберген кездеріміз де болды. Стартап жобалар үнемі ізденуді қажет етеді. Оған қоса өзім жаным сүйіп айналысатын таэквандо мен музыка өнерін ғылыми ізденістеріммен қатар дамытуға тура келді. Бір жағынан спорт пен өнер мені қанаттандырып отырды. Стэнфордта экономика және компьютерлік ғылым мамандығы бойынша білім алатын боламын», дейді Д.Қалихан.
Динараның инновациялық технологияларға қызығушылығы зор, инженерия мен математика бағытында тың ізденістерге бет бұрған. Осы салада республикалық, халықаралық деңгейдегі ондаған байқаудың жеңімпазы атанған оның есімі 30 жасқа дейінгілерге арналған «Forbes» тізіміне енген. Бұл тұрғыда «Asia International Mathematical Olympiad» жобасында бірінші орын иеленіп, «American mathematics competition» байқауында жеңімпаз атанғанын, «Mathematics Without Borders» сайысында жүзден жүйрік шыққанын астын сызып атауға болады.
Қаршадай қыздың арманы қарапайым қадамдардан басталыпты. Қоғамға қайтсем де пайдамды тигіземін деген Динара о баста қатарластарымен бірге волонтерлік қызметке ден қойған. Білім беруге қатысты ақпараттық кеңістіктегі кейбір келеңсіз мәселелер оны оқушы кезінен толғандырған. Әлемді әбігерге салған пандемия кезінде мектеп оқушылары қашықтан оқуға мәжбүр болды. Ал бұл кезеңде шәкірттерге арналған ақылы қосымша сабақтар мен пайдалы материалдар жинақтары ғаламторда үлкен сұранысқа ие болғанымен, қаржылық тұрғыдан ата-аналарға қолайсыздық тудырған. Осыған алаңдаған ол өзі оқитын мектеп басшылығымен кеңесе отырып, О.Жәутіков мектебіне түсу үшін тапсыратын емтихандарға дайындалуға арналған білім платформасын ойлап тапқан. 74 бейнесабақ және 740 есептен тұратын қағілез қыздың еңбегі өз нәтижесін көрсетіп, сол кезеңнің өзінде 500 ден астам оқушы оның сабақтарына жүгінген. Осы дәрістердің көмегімен оқуға қабылданған көптеген замандасы тапқыр қызға ризашылық білдірген. Одан бөлек математика және бағдарламалау бойынша 200-ден астам сабақ өткізу арқылы аз қамтылған отбасылардың балаларын оқытып алғыс арқалапты.
Динараның айтуынша, әлемнің таңдаулы білім ошақтарының студенті атану үшін үздік оқып, емтиханды жақсы бағаға тапсыру жеткіліксіз. Ол ағылшын тілін өз бетінше меңгеріп, сан түрлі жобадағы жетістіктерін, ғылыми жаңалықтарын айғақтайтын материалдарды портфолиоға жинақтап, арманындағы университеттерге жолдап отырған. Аталған оқу орындарына мақсат-тілегін арқау еткен бірнеше хат та жіберіпті. Тәлімгердің алғырлығына тәнті болған профессорлар оның еңбегін лайықты бағалаған. Әсіресе оның «Smart Baby Seat» деп аталған жобасы мамандардың қызығушылығын оятқан.
«Smart Baby Seat» – арнаулы қондырғысы бар бала денесінің температурасын анықтайтын орындық. Егер осы орындықта отырған баланың дене қызуы 37 градустан жоғары температураны көрсеткен жағдайда ақылды орындық баланың ата-анасына автоматты түрде СМС-хабарлама жолдайды. Осы жобам үшін «International scientific and practical conference» байқауында үшінші орын алдым. Дегенмен бұл қондырғы бізге қарағанда АҚШ тарапы көбірек қызығушылық танытты. Өйткені ол жақта ата-аналар балаларын көлікте ұмытып кетіп, оқиғаның соңы өлім жағдайымен аяқталған кездер болған екен. Елімізде жобаға қызығушылық байқалмаған соң, әрі қарай жалғастырмадым. Болашақта бұл бастамамды жетілдірсем, қоғамға көп пайдасы тиеді деп ойлаймын», дейді Динара.
Ол жаңалық ашуға құмар замандастарымен күш біріктіре жұмыс істеуге әзір. Оның өзгелермен бірлескен жобалары да жоқ емес. Мәселен, Асыл Нарша есімді құрбысымен бірге нәзікжандыларды қорғауға арналған «Столик 99» деп аталатын ерекше бағдарлама ойлап тапқан. Бағдарламаға тіркелген азаматтар жеке басына қауіп тудырарлық қиын жағдайға тап болғанда құпия сөзді айту арқылы көмек сұрай алады. Бірер жыл бұрын өмірге келген бағдарлама тек ханымдарды ғана емес, қиындыққа тап болған кез келген азаматты қорғауға көмегін тигізсе керек.
«Біз тегін және жылдам көмек алу үшін мейрамханалар, барлар мен дәмханаларды біріктіреміз. Негізгі мақсатымыз – қаланы барынша жайлы ету. Әйелдердің 97%-ы физикалық, сексуалды және психологиялық қысым көреді. Бұл көрсеткіш күн сайын өсіп келеді. Сондықтан мұндай жағдайлардың алдын алу маңызды. Жобамыздың маңызын анықтау үшін 100 қыздың арасында сауалнама жүргіздік. Нәтижесінде, сауалнамаға қатысқандардың 72%-ы өздеріне қатысты кэтколлингтің болғанын растады. Сондай-ақ сауалнама қатысушыларының 92%-ы өздерін қоғамдық орында жайсыз сезінетінін, ал 72%-ы түнде жалғыз серуендеуге қорқатынын алға тартты», дейді жоба авторлары.
Айтпақшы, Д.Қалихан – таэквондодан қара белбеу иегері. Көптеген жарыста топ жарып, көш басынан көрініп жүрген қайсар қыз «талантты адам барлық жағынан талантты» деген тәмсілді еске салады. Домбыра, пианино секілді бірнеше аспаптың тілін қатар меңгерген ол музыка адам жанының емшісі деп есептейді.
«Адам жаны қалайтын дүниемен айналысуы қажет. Егер талаптанар болсақ, бізге берілген мүмкіндіктердің ауқымы кең ғой. Тек еңбектенуді, ізденуді, үйренуді тоқтатпауымыз қажет. Белгілі бір жетістікке жеткенде, оған жету жолында көрген қиындықтарыңның бәрі ұмытылады. Ал бастаған істі аяқсыз қалдыру – әлсіздердің ісі. Қазір білімділердің заманы. Білімің жетсе, талапқа сай болсаң, қоғамнан өз орныңды табасың. Мені үнемі қолдап отыратын ата-анама алғыс айтамын. Олардың қолдауы менің қиялыма қанат бітірді», дейді жігерлі жас.
Динараның арманы шексіз. Оқуын ойдағыдай аяқтап, елге абыроймен оралсам дейді. Отандық ғылымға, математика мен инженерия, экономика мен технология саласына тың жаңалық әкелуді көздейді.
АЛМАТЫ