Бұқтырманың оң жағалауындағы күнгейді жайлаған елеусіздеу ауылды кезінде Каменка десетін. Оны біз тілімізге икемдеп, Кәмеңке деп кеткенбіз. Кейін етек-жеңімізді жиып, оң-солымызды таныған соң Мойылды деп қазақшаладық. Бәлкім, кержақтар көшіп келгенше, қойын-қолатында мойыл ағашы самсап тұрса керек. Жол жиегінде жайқалған аршаға қарап, «Аршалы» дей салса да жарасып кетер еді. Әй бірақ ауылдың атауын ауыстыра бергенін қайтейін, бүгінгі күнде жетпіс үйден жеті-ақ түтін қалыпты. Ертеңгі күні бұл отбасылар табан аударса, Мойылды да картадан сызылады.
Былтыр емес, алдыңғы жылы барып қайтқан Мойылдыға жер аяғы кеңи сала, тағы мойын бұрдық. 2000-жылдарға дейін базары тарқай қоймаған ауылдың бүгінгі кейпі жүдеңкі, жадау. Терезесі үңірейген үй көп. Қожайындары есіктеріне қара құлыпты ілер-ілместен көшіп кете берген. Кейбіреуі үйді түп орнымен бұзып әкетіскен. Кетіктеніп, іргетастары, сойдиған қашалары ғана қалған. Ауылдың кіреберісіндегі бетон аялдамаға автобустың тоқтамағанына да қай заман? Іші-сырты тезекке толыпты. Мынау тұрған бір қабатты мектептің көк есігіне көлденең ағашты «ашылып кетпесін» дегендей мықтап тұрып шегелепті. Қайбір жылы осы мектепке бас сұққанда, жағамызды ұстағанбыз.
Катонқарағай Оралханның, Қалиханның, Дидахмет, Әлібектердің жері деп келген меймандардың көзіне жас іркілген. Қаңырап қалған сыныптардың ішінде оқулықтар, көрнекі құралдар тау болып үйіліп жатқанын көріп, жан дүниелері алай-дүлей болды, сөз таппай бас шайқасты. Табан астында жатқан ақын-жазушыларымыздың портреттерін көріп, білім бөлімінің салғырттығын баспасөз бетінде сынап-ақ тастағым келген. Бірақ мұншалықты рухани құлдырағанымызды әйгілемей-ақ қояйын деп, райымнан қайтқам. Десе де аудан басшыларына бір ауыз хабарласып, жинап алуларын өтінгенмін. Биыл тап-таза. Айтқанымызды аяқасты етпегеніне шүкір еттік.
Кезінде шұрқырасып, абыр-сабыр болып жатқан ауыл іші құлаққа ұрған танадай, жым-жырт. Айқыш-ұйқыш көшелері ми батпақ. Беткейлерде алақанат андыз қар жатыр әлі. Орта бойлы тығыршықтай сары жігіт ат шанамен төмендегі бастауға қарай сызып барады. Сол бастаудан мал суарады, өр жағынан үйге деп су алады. Фляг-флягімен әкеліп қойса, бір-екі күнге жетер. Ауылға ауыз су тартылмағанымен, электр жарығы бар. Оған да тәубе дейді. Ал енді, интернет пен ұялы байланыстың бұл жаққа бұйырмайтыны айдан анық. Елдің кешкі ермегі, теледидар, газет-журнал. Сол үшін де шығар, бұл ауылда да күн ұзақ. Интернет иіріміне кіріп кетіп, алтын уақытың зу ете қалмайды. Жеті үйдің тұрғындары бір-бірімен араласып-құраласады, мал қайыра жүріп, шүйіркелеседі. Мереке-мейрамдарда құтты болсын айтысып, кіріп-шығып жатады. Соғым басы деп бірі шақырса, Жаңа жыл, Наурыз деп екіншісі дастарқан жаяды.
Жеті үйді жағалап жүретін емес, ауылдың кешегісі мен бүгінін бес саусағындай біледі-ау деген оймен, кіреберістегі Күлтай апай мен Әділхан ағаның үйіне барып тоқтадық. Ауласында жатқан кәнден балағыма жармаса ма деп аңдап басқан болып едім, әуп демеді. «Мені бұл жақтың итіне дейін таниды», деп әзілдеді бірге жүрген әкем. Иә, таныса танитындай. Өмір бойы ветеринар болып жұмыс істеген Қайнар Қысекиннің Катонқарағай ауданында араламаған ауылы жоқ. Мойылдының малын түгендеп, зейнетке шыққанша мұнда да сан рет келген шығар. Құдайы қонақ болып кіріп бардық. Өздері мал жақты жайғастырып, енді ғана таңғы шайға отырған секілді. Әй, қайткенмен ауылдағы ағайын қонақжай ғой. Құрақ ұшып қарсы алып, төрге оздырды. Күлтай апай зыр жүгіріп, жылы-жұмсағын алдымызға тосты. Шайы қайнап, дастарқаны жайнаған соң:
– Журналист ұлың осы ма? – деді әкеме.
– Осы ұл. Кәмеңкеге не қызық іздеп келді, білмеймін, – деді жақтырыңқырамай.
– Сен жазда кел, балам. Жайлауға шығамыз. Сұлулық сол жақта, – деді Күлтай апай жылы жымиып. – Өреге құрт жаямыз, қазанға ет асамыз. Маусым, шілде – табиғаттың құлпырған шағы. Мынау Мойылдыда не бар? Ауылдың үшінші құлдырауы – бұл. Осымен болды, әбден тозды. Сұрыпталған отбасылар біз ғана. Отырған сегіз үйміз. Біреуі әне, буынып-түйініп көшіп барады. Сонымен жеті үй қалдық.
Күлтай Қасайынованың бұл сөзінен ауылдың ертеңіне деген үміттің сөнгенін аңғардым. Сөнбегенде ше, өркениеттен қалыс қалған қияндағы ауылға жастардың көшіп бара қоюы санаға сыймайды. Келмеске кеткен кеңес тұсындағы Алтай кеңшарының төртінші бөлімшесі болған Кәмеңкенің көсегесі қайта көгерсе, Бұқтырма теріс ақпай ма? Десе де жылт еткен бір үміт бар шығар; туризм Түркиядағыдай дөңгелеп кетсе, Мойылдының тұрған орны тұмса табиғат. Бұқтырманың бойы, тау арасы.
Ыстық шайды үрлеп ішіп, терезеге көз тастадым; Астана, Алматыдағы достарыма арман болып жүрген Алтай тауы, міне тұр. Бауырында өссем де, биіктігін байқамаған күндерім болмапты. Әр төбесі баурайды да тұрады. Сондықтан да шығар, Алтайдан ұзап кеткім жоқ. Бөктерден Бұқтырма ағады. Аттыға өткел бермес өзеннің бұрынғыдай адуыны жоқ екен қазір. Таудағы сірескен қардың көбесі сөгілсе, қап-қара болып тасиды. Сол тасығаннан қыркүйек, қазанға дейін буырқанады. Күздің күні қайта тартылып, мөп-мөлдір күйге түседі. Балықтың қармаққа ілінетіні де сол шақ. Оны қойшы, жеті үйді бауырына басқан бұл биіктер әне-міне жетімсіреп қалайын деп тұр. Қағаз бетінде «ауылдар құрып барады» деп ойбайлаймыз, байбалам саламыз. Бірақ өзіміз көшіп барсақ, кім тұсау? Шынтуайтына келгенде, комфортта туғандай комфорттан шыққымыз келмейді. Алтай дейтін жұмақ мекенде ала жаздай шөп шауып, отын-суымызды жеткізіп, тозақ тіршілік кешкіміз келмейтіні және рас. Ал тұрғылықты халықтың тіршілігі, расымен, ерлік, батырлық. Кейде «мынау ғажапты қалай тастап көшесің?» деген сырттағы досыңа «бір жыл тұрып көрші» деп айтқың-ақ келеді. Рас, Катонқарағайда тынбай еңбек етпесең, күн көруің оңай емес.
– Келетіндеріңді кеше айтсаңдар ғой, ет асып қояр едім, – деді Күлтай апай тағы да ыңғайсыздана.
– Әурелемейік, одан да әңгімеңізді тыңдайық, – деп сыр суыртпақтағым келді. Білеміз, Күлтай Қасайынова ертеде депутат болып, сонау Мәскеудің төрінде түкпірдегі ауылдың проблемасын көтеріп, шешімін тапқызған. Сондағы күйіп тұрған мәселе – ауылға автодүкеннің келіп тұруы мен тағаның шегесі екен.
– Мәскеуде өтіп жатқан үлкен жиындардың бірінде «Комсомольская правда» газетінің тілшісі сұхбат алайын деп қонақүйге қоңырау шалды. Орысша білмеймін деп құтылғым келді. Қоярда-қоймай бөлмеме келіпті. Кіре сала сұрақтарын жаудыра бастады. Есімде қалғаны, «немен айналысасыз?» дейді. «Кір жуамын, сиыр сауамын, май шайқаймын» деп ауылдағы тірлігімді тізе бастадым. Орысшаға шорқақ болсам да, ойымды жеткізуге тырыстым. Содан әлгі сұхбатым фотосуретіммен үш бірдей газетке қатарынан басылыпты. Қызығы, жігіттерден хат келе бастады, – деп әкеммен әңгімелесіп отырған жолдасы Әділхан ағаға көзінің қиығын тастады. Ол кісі ләм демеді. – Суретімді көрген ғой газеттен. Орыс ұлтының қариясынан да хат келді. Ресейден жазып отыр екен. Хал-жағдайымды сұраса келе, Алтайда өсетін алтын тамыр керек деп өтініш айтыпты. Тегі дертке ұшыраса керек. Табанымыздың астындағы тамырдың мың да бір ауруға шипа екенін білгенімізбен, пайдаланбайды екенбіз. Бірден бандерольмен салып жібердім, – деді де орнынан тұрып, төргі бөлмеден жақтауға салынған бірнеше фотосуретін алып келді. Ақ-қара түсті көне суреттер. Қаз-қатар отырып, түскен фотолардың ішінде ел басқарған, жер басқарған небір мықтылар бар екен. Кеңес кезінде қуыс ауылдағы қыздың Мәскеу төрінде мінберден сөз сөйлегені, сонда ауылындағы проблемаларды басшылардың алдында тайсалмай айтып тастауы – батылдық, өжеттік.
– Шығыс Қазақстаннан келген делегат деп сөз берді. Күнде орысша жазылған баяндамамды оқып, жаттығамын. Ұятқа қалмауым керек қой. Бірге Жәпек Алдабергенов, Анна Ивельева деген айтулы азаматтар барды. Сонда ауылға автодүкен, тағаның шегесі керектігін айттым. Беларусьпен, Украинадан келген өкілдер де осы дүниелерге зәруміз деді. Сөйтіп, ГАЗ-66 автодүкен алдық. Әйтпесе, біздің ауылға жай көлік жете алмайды. Депутат болып тұрғанда ауылға дейінгі жолды салғыздым. Әрине, оп-оңай салына салған жоқ. Айтылады, орындалмайды. Ақыры қыстауда отырып алып, «Коммунизм туы» (қазіргі «Didar») газетіне «Құрғақ уәде» деп мақала бердім. «Күздің сілбі жауынында омыраудағы баланы көтеріп жүру қиын», деп тұрып жаздым. Газетке басылды. Ол тұста баспасөз бетіне шыққан мақала үшін дүркін-дүркін жиналыс болып, мәселенің шешілуіне басшылар жабыла кірісетін. Сөйтіп, Мойылдыға дейін тас жол салынды. Әйтпесе, оған дейін лай, батпақта атпен, болмаса жаяу-жалпы жүрдік.
– Автобус та сол тұста жүре бастады ма, – дедім, әңгімесін бөлгім келмесе де.
– Жоқ. Автобус бертін 90-жылдары жүре бастады. Әйтпесе, 8 шақырымды жаяу жүрдік қой, – деп қысқа жауап қатты да, өз әңгімесінің арнасына қайта түсті. – Мүсілім Құмарбекті білесің ғой, жазушы, журналист. Сол мен туралы мақала жазды. Бірде Қасым Қайсенов, Мүсілім аға бар, басымыз қосылды. Сонда Қасым Қайсенов «мына қыз туралы жаз», деді. Сөйтіп, «Өнегесі келіскен келіншек, келбеті келіскен келіншек» деген тақырыпта «Коммунизм туына» мақала шықты.
– Қазір ше, депутат болсаңыз қандай проблеманы көтерер едіңіз, – деп болмашы сұрақ қойдым. Болмашы болғанымен, кеңестік саясатқа араласып жүрген Күлтай апайдың бүгінгі ойын білгім келді.
– Ауылымыз жақсы. Осы ауылда тудым, өстім. Өлсем де көшпеймін. Әйтпесе, балалар қалаға көшіңдер дейді. Оған кең далаға үйренген біз қаладағы тар үйге қамала алмаймыз. Е-е-е, қазір депутат болсаң дейсің бе? Қазір де осы ауылдың мәселесін көтерер едім. Мойылдының маңында шабындық жоқ. Шөпті анау таудың басынан түсіреміз. Жолы қия. Жуан қайың мен Жаман бұлақтың тұсындағы жолды жөндетер едім, – деген Күлтай апайымыз ауылына деген махаббатын шынайы көрсетіп қалды.
Күлтай Қасайынова 1955 жылы қазанда Мойылды ауылында дүниеге келген. Жолдасы Әділхан Тойболдин де осы ауылдың тумасы. Жастайынан мал бақты, жаз жайлауды жайлап, қыста етекке түсті. Әлі күнге солай. Күн жылына Ақтомар жаққа шығады. Арғы жағында күркіреп, сұстанып Қатын өзені ағады. Алпыстан асқан екеуі де тың, ширақ. Аттан түспей келеді. Жазға салым бала-шағасы, немерелері келіп, арқа-жарқа болысып қалатыны бар.
– Ауылымыз осы. Жазда қандай тамаша? Қазір елдің жағдайы жақсы, бәрінде мәшін бар. Зыр етіп Катонға барып, азық-түлігін алып келеді. Алыс емес. Бұрын Бұқтырмадан атпен өтіп, аудан орталығына 45 минутта жетер едік. Ол кезде өзен өткел бермесе де тәуекелге бел буып өте шығатынбыз. Аттар да мықты. Ол заман келмеске кетті. 9 сыныптық мектебіміз қандай еді? Дәрігер де, сәулетші де, стюардесса да шықты бұл ауылдан. Біреу қуыстағы ауыл дер, бірақ өзімізге ыстық. Ыстық қазан. Басқа ауылдарда қар жатса, Мойылдыға көктем ерте келеді. Ерінбеген адамға жайлы жер. Мал бағамын десе, жайылым жетеді. Алыс демесе, шабындық та бар. Бір кездері жалғыз атқа жарымай жүрген кезіміз де болған, – деп шүкіршілік айтып, дән ризашылығын білдіріп отыр Күлтай апай.
Тысқа шыға бере ауылдың алты ауызынан деп ән шырқап берді де, жазда кел деп қонаққа тағы шақырды. Иә, жаз жайлауда малшылардың тұрмыс-тіршілігін неге көріп қайтпасқа?
Қайран Мойылды. Шекара шебіндегі ауылдардың шынайы көрінісі осы. Жайлы ауыл болғанымен, жанашыры жоқ. Жоғарыдағы басшылардың жанашырлығын айтамын. Қолайсыз жер болса, кезінде кержақтар келер ме еді? Көнекөздердің айтуынша, тұтасып өскен мойыл ағаштарын отап, қарағайдан үй тұрғызған да солар екен. Соғыс жылдарына дейін олар ауқатты өмір сүрген көрінеді. Ара ұстап, күрең жылқы баққан да кержақтар деседі. Ара дегендей, мұндағы отбасылардың кейбіреуі омарта шаруашылығымен айналысады. Дәрілік шөптің де түр-түрі осы жақтың жайлауында. Көкжота, Үш бұлақ, Метре, Бекалқаға дейін көк майса, мың түрлі шөп, сан түрлі гүл. Содан болар, қымызы да балдай. Кейбіреу «Мойылдының балы», «Мойылдының қымызы» деп арнайы іздеп келеді.
Бес саусақ бірдей емес. Тұрғындардың бәрі Күлтай апайдай ауылына кіндігімен байлана қоймаған. Мойылдыны аралап жүріп, көшеміз деп қопақтап отырғандарды да көріп қалдық.
– Қуыстағы ауылға да журналист келеді екен ғой, – деді қарама-қарсы келе жатқан балпанақтай қараторы келіншек. Шелегін салдырлатып, көрші үйден келе жатқанға ұқсайды. Мінезі тіктеу көрінді. – Тозған ауылдан не жазасың, гүлденген ауылдарды жазсаңшы. Біздің ауылда не су, не интернет жоқ. Интернетті қоя ғой. Кәдімгі ел қатарлы ұялы телефон тартпайды. Жолдың кейпін көрдің. Алашапқын болып жүрген депутаттардың біреуі келіп пе осы ауылға? Мойылды секілді ауылдардың барын білмейтін де шығар. Ал сенің жазғаныңнан ауыл жайнап кете ме? – деп өзіме дүрсе қойды. Не дерімді білмей састым. Көшсеңіз көшіп кетіңіз дегім келді. Бірақ сөзінің дәні бар. Мәселені мінберден көтергенімізбен, соңына түсе алмаймыз. «Анау депутат жолдың проблемасын айтыпты, мынау бәленшенің сұрағын жолдапты» дегендей, құр сөзден әлі аса алмай келе жатқан жоқпыз ба? Осы ойдың жетегінде ауылдан шығып бара жаттық.
Иесіз тұрған қараша үйдің өр жағындағы ағаш басына қос қараторғай келіп қонды. Тақтайдан жасалған анау ұяны мекен еткен секілді. Кезек сайрайды. Балапан басып, күзге қарай жылы жаққа қайта ұшады бұлар да.
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы,
Мойылды ауылы