Иісі қазақтың санасында «Абайды сабаған» деген аңызбен қалған Оразбай Аққұлұлының немересі кім болғанын бұл күні біреу білсе, біреу білмес. «Бірінші Құдайыма, екінші Шұнайыма сенемін» деп үш мың жылқысы өрісінде жусаған жомарт Оразбайды ұлы жазушы Мұхтар Әуезов өзінің «Абай жолы» эпопеясында: – Асқан екен Құнанбай баласы. Тіпті мұндай қорлықты Құнанбай да көрсеткен жоқ. Тегі, біздің өзіміз бұларды бұзып болған екенбіз. Құдайын ұмытқан екен мына Құнанбайлар. Тап осы жолы тұяқ серіппесек, бәрімізді де атаның аруағы атсын! Ит болайық, енді қыбырламасақ! – деп Оразбай жалғыз көзін жалтылдатып, айнала қарап, қанын ішіне тартып сөйледі, деп суреттейді. Сонымен бірге ел аузында да Оразбай туралы аңызға бергісіз әңгімелер өте көп айтылады.
Ал осындай текті әулеттен шыққан, ұлылардың ұрпағы болған Абдулманап Медеуұлы Оразбай да тегін адам емес. Оның әкесі Медеу мектеп ашып, бала оқытқан қазақ даласындағы зиялылардың бірі болыпты. Тіпті оның Алаш қайраткерлерімен қарым-қатынасы да жақсы болғаны шындық. Осындай текті атаның, білімді әкенің тұяғы Абдулманап еліміздегі археология ғылымының дамуына айрықша үлес қосқан ғалым еді.
Алматы қаласы Орталық мемлекеттік архивінде Абдулманап Оразбаевтың қолжазбалары мен суреттері сақтаулы тұр. Саналы ғұмырын ғылымға арнаған ол 1922 жылы 20 шілдеде бұрынғы Семей облысы Абай ауданы Шұнай бекетінде өмір есігін ашқан. Ғалымның бала кезінде хат тануына Абайдың немересі Ақила көмектескен екен. Себебі ол Абдулманаптың үлкен ағасы Сәниязға тұрмысқа шыққан еді. Абдулманап 1940 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түседі. Оқуы сұрапыл соғысқа тұспа-тұс келген ол арада екі жыл өткен соң Омбыдағы Фрунзе атындағы әскери училищеге барады. 1942 жылы тамыз айында училищені бітіріп, 45-ші Шорс атқыштар дивизиясының құрамында қызмет өтейді. 1948 жылы Қазақ мемлекеттік университетінен Ленинград мемлекеттік университетіне ауысып, тарих факультетінің археология бөліміне ауысады.
Ол тас, қола дәуірінен бастап, Түркі қағанаты дәуіріне дейінгі және орта ғасырлардағы шаһарларды зер сала зерттеп, Ақтөбе өңірі мен Баласағұн қаласының ежелгі қонысында қазба жұмыстарын жүргізді. «Отандық тарихымызды зерттеуге, отандық археология мен этнологияның дамуына Абдулманап Оразбаев зор үлес қосты», дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Боранбайұлы.
Абдулманаптың әкесі Медеу өз еліне, айналасына сыйлы адам болғандықтан, кезінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы оның үйіне түстеніпті деген деректер де кездеседі. Сонымен бірге Мұхтар Әуезовтің кеңесімен өкпе дертіне шалдыққан Сұлтанмахмұттың Медеудің ұлы Санияздікіне барып жайғасып, қымыз ішіп емделгені де тарихи шындық. Ал Медеу мен Абайдың ұлы Турағұлдың жақын құда болғаны өз алдына бөлек әңгіме.
Үйінен ұлылар үзілмеген, жастайынан жақсыны көріп өскен Абдулманап қазақтан шыққан алғашқы археологтердің бірі болатын. Ал Медеудің тағы бір ұлы Қабыш медицина ғылымдарының кандидаты болып, А.Н.Сызғановтың жетекшілігімен баспа ауруын емдеуге байланысты құрылған экспедицияға қатысады. Өкінішке қарай, небәрі қырық жасында өмірден озған. Медеудің Біләл, Мәукіл деген ұлдары да білімді азамат болып өседі.
Зерттеуші Еркін Рахметуллин «Ойрандалған Оразбай отбасы» атты мақаласында Молдабек Жанболатұлының «Тобықты-Шыңғыстау шежіресіне» сілтеме беріп, мынадай деректерден үзінді келтіреді: «Абай кемеліне келіп, ақылы мен абыройы бар қазаққа мәшһүр кезінде Жетісудың жалайыр елінде жұрт «Жәмеңке аға» деп атап кеткен Жәлменде дейтін абыройлы қария болыпты. Жәмеңке қартайған шағында «арманым, Семей еліндегі Құнанбайұлы Абай ақынды көргім келеді. Ол кісі «Ұят кімде болса – иман сонда» депті. Ұят дегеніміз адамгершілік болса, адамгершіліктің бар сипатын Абай деп білемін» деп, ұлдарын ертіп Шыңғыстауға жол тартыпты.
Алыстан арнайы келген құрметті мейманына Абай жеке үй тігіп, ерекше құрмет көрсетіпті. Абай елінде бір ай жатқан Жәмеңкеге Абай қайтарында: «Аға, бұйымтай айтып, қалағаныңызды алыңыз» дегенде, Жәмеңке: «Қамысқұлақ атыңды бер» деген екен. «Қайсы қамысқұлақ атты айтасыз?» дегенде Жәмеңке «Шоқпардай кекілі бар қамысқұлақ» деп басталатын Абайдың әйгілі «Аттың сыны» деп аталатын өлеңін түгелдей жатқа айтып шығыпты.
Абайдың өз қолында, Құнанбай әулетінің жылқыларында дәл осы өлеңде айтылатын сәйгүлік табылмағандықтан, қонағын тағы бір жұма аялдатып, бес болыс Тобықты еліне жіберіп, өлеңдегі сынға саятын ат іздетіпті. Одан да шықпаған соң, өзімен араз, тоғыз мың жылқысы бар Оразбайға: «Ел намысы – ер намысы болғанда, ер намысы – ел намысы болмай ма екен? Өзім міну үшін емес, Тобықтының қонағына сыйлау үшін сұратып отырмын. Оразекең бір тайын аямасын» деген сәлеммен кісі жіберіпті.
Сәлемді естіген Оразбай: «Ағайын ащы, мал тұщы десем, мен Оразбай боламын ба? Жаттан сағы сынбасын» деп, өңкей сәйгүлік бөлек бағылатын бес қос жылқы үйірлерін аралатып жүріп үш ат ұстатыпты. «Абайға айт, қонағы үшеу екен, осы үш атты да берсін. Өзіне қарсы болсам да, ақылы мен ажарына қарсы емеспін», – депті. Үш аттың біреуін көріп тұрып Жәмеңке: «Мынау нақ сол өлеңде айтылатын ат екен» деп ризалығын білдіріпті. Міне, Оразбайдың тектілігі, жомарттығы.
Қазақ ғылымында кенжелеп қалған салаға Абдулманап Медеуұлының тың ізденістері мен жазған еңбектері соны серпін әкелді. Соның нәтижесінде ол 1957 жылдан бастап Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясында академик Әлкей Марғұланның орынбасары болып қызмет атқарады. 1958 жылы А.М.Оразбаев «Қола дәуіріндегі Солтүстік Қазақстан» тақырыбында археолог-ғалым М.П.Грязновтың жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын сәтті қорғайды. 1967 жылы ол «Орталық Қазақстанның ертедегі мәдениеті» атты монографиясы үшін Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты атағын иеленді. 1971 жылы шілде айында Тарих, археология және этнография институтынан Қазақ КСР ҒА президиумының қаулысымен С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің қайтадан құрылған Археология және этнография кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалады. Ғалым 1997 жылы өмірден өткен.
Әке көрген ұлдың ұлты үшін істеген еңбектері бұл күндері тарих бетіне жазылып қалды. Оның қазақ ғылымына қосқан үлесі шаң басқан архивтерден емес, ғылым үшін ізденген ұрпақтың санасынан табылса екен дейміз.