Ұлттық музейде 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің қаһарманы Амангелді Имановтың 150 жылдығына орай өтіп жатқан «Халық батыры» атты көрмеге халық ақыны Омар Шипиннің шапаны мен бөркі қойылған. Бұл жәдігерді Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі әкеліпті. Аталған мұражайға оны айтулы тұлғаның балалары тапсырған.
Ақынның шапаны мен бөркі қаншама жыл өтсе де жақсы сақталған. Кейінгі жастарға Омар Шипиннің есімі онша таныс емес. Бірақ оның тәуелсіздікті ту еткен туындылары әдебиетімізден өз орнын ойып алған.
Ақын 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтеріліске қатысып, Амангелдінің жеке хатшысы болған. Осы оқиғаның бел ортасында жүріп, бірқатар шығарманы өмірге әкелген. Мәселен, сол жылдары жазылған «Арман», «1916 жыл», «Амангелдінің айбаты», «Торғай соғысы» атты толғаулары ел арасында кең тараған. Белгілі қаламгер Сапабек Әсіп: «1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің поэзиялық панорамасын алғаш жасаған ақын», деп айтыпты. 1942 жылы «Амангелді» атты дастаны кітап болып жарық көрді. Сондай-ақ ақынның ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин туралы «Ыбырай», Әліби Жангелдин жайында «Әлидастан», әйел теңдігін жырлаған «Масаты қыз» және «Қойшы Күлен», «Жеткіншек», «Сыбызғы үні» дастандарында халқымыздың басынан өткен ауыр кезеңдер айшықты суреттелген. Оларды сыншылар әдебиет қазынасына қосылған сүбелі дүниелер деп бағалаған.