• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Экология 21 Сәуір, 2023

Биологиялық тазарту стансасы жоқ қала

300 рет
көрсетілді

Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлей­менова Қостанай облысына жұмыс сапарымен келіп, өңір тұр­ғындарымен және қоғамдық ұйымдардың жетекшілерімен кездесті. Жиын барысында министр облыстағы бірқатар аудандар мен қалалардың экологиялық мәселелеріне қатысты сауалдарға жауап берді.

Өңірде құрылыс қалдық­тарын жою­дың дұрыс жолға қойылмауы, су айдындарын пай­далануда бірізділіктің жоқ­тығы, қала көшелерінде қаңғып жүр­ген бұ­ралқы иттердің кө­бейіп кет­кені, тағы да басқа күр­меуі шешілмей келе жатқан мәселе көп. Кездесуде Арқалық қала­сынан келген белсенді азамат жұмысы тоқтаған боксит кен орнының көмілмей беті ашық-шашық жатқанын айтса, Жангелдин ауданының тұр­ғыны Тор­ғайға құлап жатқан зы­мыран қал­дықтарын айтып, ауылдастарының үрей­мен өмір сүріп отырғанын алға тарт­ты. Қостанай тұрғындары жергілікті ет ком­бинаттары сойылған мал­дың қа­нын Тобыл өзеніне ағы­зып жатқанын мәсе­ле қылып көтерді. Денисов ауданы Не­кра­сов ауылындағы ескі гербицид қой­масы да қоршаған ортаға қауіп төн­діріп тұр.

Министр тұрғындар сауалына жан-жақты жауап беріп, қордаланып қалған мәселелерге қатысты облыс басшыларына бірқатар міндет жүктеді.

«Қойылған сұрақтардың қай-қай­сысы да маңызды. Бәрі ба­қылауға алы­нады. Барлық мә­селенің шешімі та­бы­лады деп сенеміз. Жергілікті депар­та­мент­тер мен басқармалар да бақы­лау­ды күшейтіп, тұрғындар сауалында кө­терілген мәселелермен жүйелі ай­на­лысуға тиіс», деді З.Сүлейменова.

Экология және табиғи ресурс­тар министрі одан кейін БАҚ өкілдерімен кездесіп, министр­ліктің жұмысы және Қос­танай облысындағы экологиялық ахуал туралы баяндады.

«Қостанай қаласында жүр­гізілген мониторинг нәтижелері бойынша ауа­ның ластануы жоғары деңгейде тұр. Қор­шаған ортаны ластаушы шыға­рындылардың был­тырғы көлемі 83,3 мың тон­наға тең. Бұл алдыңғы кезеңдегі көрсеткіштермен салыстырғанда, 10 пайыз кем. Демек оң өзгерістер бар деген сөз. Бұл көрсеткішке табиғатты қорғау бағытында атқа­рылған іс-шаралардың нәтиже­сінде қол жеткізіп отырмыз. Қос­танай облысының экологиялық мәсе­лелерін шешу жөніндегі кешенді жол картасында 29 жоба қарастырылған. Оның ішінде 10 іс-шара орындалды», деді З.Сүлей­ме­нова.

Министрдің айтуынша, Қос­танай облысының экологиялық ахуа­лын жақ­сартудың жол картасы аясында былтыр Қамысты ауданының Алтынсарин ауылына газ құбыры тартылып, Тобыл өзенінің арнасы тазартылған. 2023-2025 жылдарға жоспарланған іс-шаралар аясында биыл да біраз шаруа атқарылады. Десек те, өңірдің экологиялық ахуалы әлі де мәз емес.

«Қалдықтарды реттеу сала­сындағы негізгі мәселелер – ин­фра­құрылымның нашарлығы, қатты тұрмыстық қалдықтар поли­гондарының талапқа сай еместігі, заңсыз полигондардың көптігі және кәріз тазарту жүйелерінің әбден тозып кеткені немесе мүлдем болмауы. Мә­селен, 2022 жылдың қорытындысы бо­йынша Қостанай облысында қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі – 18,2 пайы­з. Бұл 2021 жылдың деңгейінен 0,5 пайызға жоғары, бірақ рес­пуб­ликалық орташа деңгейден төмен. Биыл космомониторинг ая­сында өңірде 358 полигон анық­талып, оның тек 94 пайызы ғана жойылған. Рудный, Лисаков, Жіті­қара, Арқалық қалаларында кәріз тазарту құрылғылары тозып кеткен. Олар күрделі жөндеуден өткізуді немесе толық ауыстыруды қажет етеді. Ал Қост­анай қаласы еліміздегі биологиялық тазарту станциясы жоқ жалғыз қала болып саналады», деді министр.

Мемлекет басшысының 2020 жылғы Жолдауында алдағы 5 жыл ішінде орман алқаптарында 2 млрд және елді мекендерде 15 млн түп ағаш отырғызу міндеттелген еді. Былтыр облыста 2 724 гектар алаңға 16,4 млн түп ағаш отыр­­ғы­зылған. Биылғы жоспар – 7 мың гек­тар аумаққа 40 млн түп көшет егу. Министр бұл бағыттағы жұмыстардың жүз­еге асы­рылу барысын ұдайы бақылап отыра­тынын және бұл жұмыстарға цифр­лық мониторинг жүргізіп отыру үшін инте­рактивті карта және «Орман МАБ» қосымшасы құрылатынын айтты.

Сонымен қатар министр Қара­томар су қоймасының жағдайы туралы да сөз қозғады. Су қоймасы кейінгі жылдары жиілеп кеткен құрғақшылықтың салдарынан бірте-бірте тартылып бара жатыр. Салдарынан судың сапасы кетіп, дәмі бұзылып, оның зардабы Рудный қаласы мен сол төңіректегі біраз елді мекенге тиіп отыр.

«Еліміз бүгінде су тапшы­лығын сезініп отыр. Бұл кезең осыдан 3-4 жыл бұрын басталған. Су аз. Қазір еліміз, оның ішінде Қостанай осы циклдің бел орта­сында тұр. Өкінішке қарай, біз қазір жылдан-жылға жауын-шашынның азайып, керісінше құрғақшылық күшейіп бара жатқанын байқап отырмыз. Ал Қаратомарға келсек, өткен жылдарға қара­­ғанда биыл су қоймасының жағдайы біршама жақсы. Былтыр сәуір айында су қоймасының 43,7 пайызы ғана толып еді, биыл бұл көрсеткіш 64,1 пайыз ша­масында. Бұл жағдай­дың жақ­сарып келе жатқанын көр­сетеді», деді министр.

 

Қостанай облысы