• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Әдебиет 20 Сәуір, 2023

Аспан парағына жазылған жырлар

441 рет
көрсетілді

Жақсы өлеңдердің бәрі «мені оқы» деп өзіне шақырып тұрады. Бірақ «айқайлап» айналасына жар салмайтыны тағы бар. Бұл – шындық. Жарты әлем жарыса оқып, тіпті жаттап алған поэзиялық шығармалардың көбі осы бағытты ұстанады. Поэзияның өнер атаулының тұнық бастауы екені де – мойындалған пәтуа. Сол үшін де атақты Мартин Хайдеггер: «Сайып келгенде өнер біткеннің бәрінің өзегінде поэзия жатыр», деп аталған өнердің дәрежесін аспандатады.

Ақын үшін мына дүниенің тылсым күші де, шер-мұңы да, қуанышы мен жұбанышы да өлең. Адамзаттың жан дүниесін бір ғажап рақатқа бөлей­тін аспани жырлар туралы айтылғалы мың­даған жыл болған шығар, мүмкін оданда көп. Бірақ оның қадір-қасиеті мен қоғамға тигізер әсері әлі де ойға тұздық бола бермек.

«Заман-ай, заман-ай»

Біздің бала санамызда «Қара пимамен» қалған ақын Ұлықбек Есдәулеттің асқақ жырларының биіктігі сонау Алтай тауларымен, құнарлылығы түгін тартса, майы шығатын шығыс топырағымен өлшенетіндей әсер береді. Нағыз өлеңге беретін баға да жақсы ойдың туындысы болмақ. «Өлең өндірісін қойып, шын мәнінде поэзия жаз дер едім», деген Ғабит Мүсіреповтің «өтінішін» орындаған ақынның бірі де Есдәулет немересі екенін естен шығармайық. Небәрі жиырма жеті жасында «Қара пиманы» жазып, қазақ поэзиясына үлкен екпінмен келген ақынның жырлары зау биіктен түскісі кел­мейді, керісінше, көкке самғағысы, өрлегісі келеді.

Данышпан Андре Моруа Чеховты «сөзімен танылған батыр» деп жоғары бағалағанын оқырман жақсы біледі. Тәуелсіздік жылдары да біздің қоғам әне сондай сөзімен елге рух беретін батырларды іздеді. Тапты. Ұлықбек қаламы сол сәтте «Заман-айды» ақ қағаз бетінен ақ мәрмәр үн шығартып, бозінгенше боздатып, қылқобыздай толғатты.

«Ұлдарыңның қайда кеткен құрығы,

Қыздарыңның қайда кеткен бұрымы?

Мейірімге зарықтырған заман-ай,

Заман-ай, заман-ай,

Туған жердің лайланды-ау тұнығы.

Қайран елім, қайран жерім қор болған,

Жомарттығы сор болған-ай,

Жарылыстан көз ашпаған далам-ай.

Неге біздер у ішеміз суаттан,

Неге біздер ажыраймыз тұяқтан?

Туған жерді тоздырғанша, заман-ай,

Заман-ай, заман-ай».

Қазақтың басына түскен нәубеттерді ежелгі заман­да жыраулар жырға қосса, бүгінгі заманда батыл жүрек ақындар өміршең өлеңдерге арқау етті. «Заман-айды» кешегі «Елім-айдың» заңды жалғасы деуге де болады. Екеуінің арасында үш ғасыр өткенімен, қазақ мұңы сейілмепті, азаймапты. «Елім-айды» тудырған «Ақтабан шұбырынды» болса, «Заман-айды» тудырған Семей полигонының ащы қасіреті.

«Неге жерге кірмейміз біз ұяттан?

Қайран елім, қайран жерім қор болған,

Жомарттығы сор болған-ай,

Жарылыстан көз ашпаған далам-ай.

Қираттық та ата-баба мазарын,

Қасіреттің тарттық енді азабын.

 

Қоң етіңді ойып берген заман-ай,

Заман-ай, заман-ай,

Көсілетін көрпең қайда, қазағым?

Қайран елім, қайран жерім қор болған,

Жомарттығы сор болған-ай,

Жарылыстан көз ашпаған далам-ай».

Ақынды да, оның жырын да заман тудыратынына енді сенбей көріңіз. Санадан қағазға тамған сәуледе жақұт ойлар шашылып жатады, ал оны қажетіңше теру – өз ісің. Жақсы өлеңді оқу да – осыған ұқсас құбылыс. Әрине, әрбір жақсы шығарманың насихатталуы, оқырман жүрегіне жетуі, дер кезінде оң бағасын алуы – сол шығарманың екінші әлемі.

 

«Дауыл өтіндегі жапырақтар»

«Мен үш рет өмірге келдім», дейтін ақын Адонис туралы да әлем оқырманы жақсы біледі. Әли Ахмад Саид Эсбер есімді қаламгер осы бір бүркеншік есіммен жақұт жырлар жазып, жұрт жүрегін жаулағалы ширек ғасыр өтті. Ол 13 жасында өз тағдырының ақын тағдыры екенін білген. Оның ақындық әлемі тек әлеуметтік құбылысты ғана емес, негізінен көркемдік немесе эстетикалық құбылысты жырлайтын поэзияны ұнатты. «Әттең, ақын болсам» деген бала қиялмен жүрген Адонистің өмірін мына бір оқиға күрт өзгертіп жібереді. 1943 жылы Сирия өз тәуелсіздігін алады: бұл мемлекеттің тұңғыш президенті Шүкіри әл-Қуатли ел ішін аралап іссапарда жүргенде, Хассаби ауылына жақын маңдағы бір қалашыққа келіп түседі. Әли Ахмад өз жанынан өлең шығарып, ел басшысының келген қадамын, елдің тәуелсіздігін құттықтап, бала жүрегінен туындаған өлеңін президенттің алдында оқып беруге дайындық жасайды. Ол әуелі алда болатын ұлы кездесу туралы ойша жоспар жасап та қояды, жоғары лауазымдылардың алдында ол өлеңін жатқа айтып береді, ел басшысы өлеңін ұнатып оған қамқорлық жасайды. Ол сосын: «Менің мектепке барғым келеді» дейді тайсалмай. Оның тілегі орындалады. Бұл бала қиял шындыққа жақын болды. Осы ертегі желісімен болашақ ұлы ақынның өмірі күрт өзгерістермен толығады. Көп өтпей ол Франциядағы Тартус лицейіне қабыл­данады. 1944 жылы аталған лицей жабылған соң үкіметке қарасты мектепке ауы­сады. Артынша мем­лекеттік стипендияны иеленіп, Дамаск универ­си­тетіне оқуға түсіп, 1954 жылы осы оқу орнын фило­софия мамандығы бойынша тәмамдайды.

1967 жылғы арабтың саяси жеңілісі оның жүрегіне қанжар болып қадалды. «Бұл менің есімім» атты рухты өлеңін ол осы сәтте оқырманға арнайды.

«Жер бетіндегі сорлы жан, қасыма кел,

бұл дәуірді шұлығыңмен,

көз жасыңмен сүртерсің.

Өз жылуын іздеп жүрген тәнменен орарсың,

қала деген ақсүйектердің шеңбері.

Өз зәузәтін арқалаған төңкеріс болды көргенім,

Миллиондаған әнді жерлеп... қорынғам.

Қабіріме кірдің бе, онда ұста менің қолымнан:

Ілес менің соңымнан.

Менің дәуірім қақпамды дәл қазірге қақпайды,

Жаһаннамның бейіті алдымда тұр қасқайып,

оған де бердім төзімді.

Сұлтанның сүйек күлі...

ұста менің қолымнан:

Ілес менің соңымнан».

Сондай-ақ ақынның «Қамал» атты кітабында, Ливандағы азамат соғысы, Израильдің шабуы­лы туралы тарихи сәттер сөз болады, ақыр заман, лирикалық және тұрақты прозалық тол­ғаныстар біздің қаңырап тұрған әлемімізді кереметтей үйлесімділікпен өзіне тарта түседі.

«Шөл» атты өлеңінен:

«Қираған шаһарлар, Жер шары тозаңға

тиеген арбадай».

Бұл кеңістікпен қалай қауышарымызды тек отты өлең ғана біледі.

«Бейтаныс» өлеңінен:

«Еш топырақ оған мекен бола алмады,

өз қанынан басқа.

Ол пана іздеп еді, тапқаны тек

ұйқысыздық лашығы болды.

Ол жалын атқан бейнемен

Ақ қармен бұрала биге басты.

Сосын тәңсәріні құшақтап,

іңір бетіне сурет салды.

Сосын: жел біткен менің сыңарым деді.

Оның ертеңі

Күн мен көкжиекті тоғыстырған кеме болды».

Жалпы, Адонистің әр кітабының аты да тағдырлы деуге болады. «Күн мен түннің парақтары», «Теңіз ғана ұйық­тай алады», «Сүйіспеншіліктің жет­кізілуі», «Адо­нис­тің қаны», «Дауыл өтіндегі жапы­рақтар», «Күлдер мен раушандар арасындағы бір сәт» болып кете береді. Қуанышы мен жұбанышы егіз әлемде ол тұрлаусыз қоғамға, өмірге поэзияның күшімен қарсы келді. Қарсы келе береді де. «Мен күндердің күнінде әлемдік ақын болуым керек», деген асау арман оны үздіксіз алға жетелеп келеді. Сол арманына жетері сөзсіз.