Атырау облысында жыл сайын кәсіпкерлік субъектілерінің саны артып келеді. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәттіғұл Сабыровтың мәліметінше, былтыр шағын және орта бизнес иелерінің үлесі ішкі жалпы өнімнің 22,7 пайызын құраған. Ал биылғы 1 ақпанда кәсіпкерлікпен айналысушылардың қатары 70 717-ге жетті.
Қазір өңірдегі 35 мың кәсіпкерлік нысанды қыз-келіншектер басқарады. Кәсіпкерлікке бет бұрған әйелдер тарапынан мемлекеттік бағдарламаларға қатысу белсенділігі байқалады. Былтыр 600 әйел кәсіпкердің жобасы қаржыландырылған. Өз кәсібін ашуға ниет білдірген 37 кәсіпкерге 106 млн теңгенің қайтарымсыз гранты ұсынылған. Оның 24-і – әйелдер. Олар жаңадан 30 жұмыс орнын ашқан. Қыз-келіншектер жетекшілік ететін кәсіпкерлік субъектілері негізінен білім беру, денсаулық сақтау, жеңіл өнеркәсіп салаларын дамытуға бағытталған.
Табыс көзін кәсіпкерліктен тапқандардың арасында Махамбет ауданының Алға ауылында тұратын Гүлжанат Ерқалиева да бар. Көпбалалы ана жеке кәсібін бастау үшін 2019 жылы «Бизнес бастау» бағдарламасына қатысып, 505 мың теңге қайтарымсыз грант алған. Қазір ол сұлулық салоны мен киім дүкенін ашқан.
– Өзім – Оралдың қызымын. Өмірлік серігім Марал Дінғалиевке 2013 жылы тұрмысқа шығып, Алға ауылына келін болып түстім. Негізгі мамандығым – дизайнер. Екі баламыз өмірге келгеннен кейін жұмысқа шығуды ойластырдым. Бірақ балаларға қарайтын адам болмады. Күйеуім шағын кәсіп ашуға кеңес берді. Алғашында түрлі заттар сата бастадым. Содан соң жолдасым екеуміз «Бизнес бастау» бағдарламасына қатысып, арнайы курстан өттік. Өзімнің атыма мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, үйіміздің бір бөлмесінен сұлулық салонын аштық. Кейін шағын ғимарат салдық. Бір жағында сұлулық салоны, екінші бөлігінде киім дүкені бар. Жолдасым шаштараздықты меңгерді. Ал өзім қыз-келіншектердің бетін, тырнағын әрлеймін, дейді Г.Ерқалиева.
Ал Гүлзия Исембаева бесік жасауын ұлттық нақышпен тігуге бет бұрған. Бұрын оның әулетінде тігіншілікпен ешкім айналыспаған. Өзі бірнеше жыл бұрын құрылыс индустриясында инженер-эколог болып жұмыс істеген.
– Тігіншілікті қолға алғанымда, бұл қадамыма таңданыспен қарағандар көп болды. Себебі бұрын мұндай іске бет бұруды ойлаған жоқ едім. Тұңғыш қызым бойжеткен соң материалдық, қаржылық игіліктер бала қуанышын алмастыра алмайтынын ұғындым. Сол кезде бала сүйсек деген ойға бекіндік. Осыны сезген болуы керек, қызым бесік тербетіп отырған ананың суретін сыйлады. Тіпті ағайын-туыстар, дос-жарандар өмірге келген балаларына кіндік шеше болуымды өтінді. Ешқайсысына қарсы болмадым. Қолқа салғандардың бөбегіне қажетті дүниелерді іздеп жүріп, ұлттық нақыштағы түрлері табылмағанына қынжылдым. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін қолыма іс тігетін машинка алып, бесік жасауын тігуді бастадым, дейді Гүлзия Исембаева.
Әрине жаңа кәсібі үшін бұрынғы жұмысынан бас тартуға тура келді. Сөйтіп, өзі дизайнерлікті де, тігіншілікті де меңгеріп алған.
Ұлттық нақышпен бесік жасауын тігетін шебердің қолынан шыққан бұйымды тапсырыспен алдыратындар көбейді. Тапсырыс берушілер бесік жасауын АҚШ-та өмірге келген немересіне, Оңтүстік Кореяда өсіп жатқан жиендеріне жіберген. Ресей Федерациясындағы Астрахан, Орынбор облыстарында тұратын қандастардан да тапсырыс түсіп тұрады.
«Бесіктің әр жасауын бар ынтаммен тігуге тырысамын. Өйткені бесік жасауы кішкентай сәби үшін жайлы, ата-анасына, сол отбасындағы адамдарға ұнайтындай әдемі болуы керек. Ұлттық нақыштағы оюды салу үшін арнайы құрылғыны пайдаланамын. Осы істі қолға алғанда, бесік жасауынан ұлттық нақышты көргім келді», дейді жергілікті шебер.
Тігіншінің айтуына қарағанда, сәби сүюді аңсаған жұптар да бесік жасауын сатып алады. Кейін сүйінші сұрап, қуанышымен бөлісетіндері бар.
«Қазақ – ырымшыл халық. Бесік жасауын ырымдап алғандар да сәби сүйгенін қалаймын. Бұл кәсіпті адамдарға қуаныш, бақыт сыйлаудың жолы деп есептеймін. Сол себептен, әр тігісті жүргізгенде, бөбекке қуаныш сыйлағанын іштей тілеп отырамын», дейді Гүлзия Исембаева.
Атырау облысы