Астанадағы Тұңғыш Президент кітапханасында «Корей шаманизмі – гут. Рухтың тынысы» атты фотосуреттер көрмесі ашылды.
Мазмұнды шара кітапхананың «Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық көрме жобасы аясында еліміздегі Корей Республикасы елшілігінің Корей мәдени орталығымен бірлесіп ұйымдастырылды. Фотосурет көрмесі Корей елін ежелгі наным – шаманизм арқылы таныстырады. Бұл – соңғы уақытқа дейін корей түбегінде кең таралған бірнеше негізгі діни ағымның бірі.
– Бұл біздің кітапхана мен елшіліктің жанындағы Корей мәдени орталығымен бірлесіп өткізген жетінші іс-шарамыз. Биыл біздің ынтымақтастығымызға бес жыл толды. Осы жылдар ішінде кітапханада корейлік танымал суретшілердің бірқатар көрмесі өтіп, онда атақты корей мұражайларындағы тарихи жәдігерлер қойылды. Дәстүрлі корей киімдерінің көрсетілімдері мен шеберлік сабақтары өтті. Мәдени серіктестігіміз екі халық арасындағы достықты нығайтуға өз септігін тигізеді деп үміттенемін, – деді Тұңғыш Президент кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат.
Корей Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Ку Хонг Сок былтырғы мәдени алмасу жылы биыл да жалғасын тапқанын атап өтті.
– 2023 және 2024 жылдар Кореяға бару жылы болып жарияланды. Осыған байланысты қазір түрлі іс-шаралар өтіп жатыр. Сіздерді корейлердің дәстүрлі наным-сенімдері мен шаманизм тақырыбындағы көріністерді түсірген фотографтарымыздың мұрағаттарындағы суреттер арқылы Кореямен таныстырамыз. Бұл фотосуреттер ұзақ уақыт бойы шындықтан тыс әлемді түсінуге тырысқан корейлердің жүрегіне үңілуге мүмкіндік береді, – деді елші.
Сондай-ақ көрме авторларының бірі Ли Хангу Венгрия мен Польшадан кейін корей «гут» шаманизміне арналған бұл көрме Орталық Азияда алғаш рет өтіп отырғанын айтты. «Мұнда авторлардың әртүрлі түсіндірмелерін, сонымен қатар корей шаманизмінің сонау өткен дәуірден қазіргі күнге дейінгі өзгерістерін көріп, сезінесіз. Фотосуреттермен жұмыс істей отырып, мен бақсының маңызды психотерапевтік рөл атқаратынына, адамдардың қорқыныштары мен үрейлерін емдейтініне көз жеткіздім. Бұл көрме арқылы келушілер терең ұйқыдағы сезімдерін оятып, шабыт алады», деді ол.
Көрмеге Ким Соннам, Ким Донхи, Ли Гючель, Пак Чанхо, Ан Сехон, Ли Хангу секілді алты деректі фотосуретшінің жұмысы қойылды. Олар Корей өнері мен мәдениетін, ата-бабалар өмірі мен рухын, сондай-ақ бес мың жылдық тарихы бар корей шаманизмін шеберлікпен аша білген.