• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Банк 24 Сәуір, 2023

Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы: Банктердің ахуалы қандай?

415 рет
көрсетілді

Елімізде жеке тұлғалардың банкроттығына қатысты занның жұмыс істей бастағанына бір айдан асты. Осы аралықта аза­мат­тардан 45 223 өтінім келіп түскен. Соның 9 816-сы қарас­ты­рылып жатса, 4 905 өтінімге мақұлдау берілген. 30 436 өті­нім қабылданбаған. Өтінімдердің басым бөлігі Түркістан, Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыс­тарынан, Алматы мен Астана қа­ласынан келіп түскен. Осы орайда жеке тұлғалардың банк­рот­ты­ғына байланысты қарыз портфеліндегі есеп-қисабы біраз өзге­ріс­ке ұшырауы мүмкін екінші деңгейлі банктерге сауал жолдадық.

Банктердегі «нашар» займ көлемі қанша?

«Банк ЦентрКредит» баспа­сөз қызметінің хабарлауынша, банктің займына қатысты сот­тан тыс банкроттық аясын­да ке­ліп түскен бір өтінім мақұл­дан­ды (2023 жылдың 3 сәуірін­дегі жағ­дай бойынша). Сот банк­рот­тығы бойынша да 1 іс қозға­лып, со­ның қорытындысы бойын­ша банк­роттық процедурасы қарас­ты­рыл­мақ. Қазір бұл банк­тегі тө­лен­бегеніне 90 күннен ас­қан бере­шек көлемі (NPL) жалпы қарыз портфелінің 2,1 пайызын құрайды.

«Заңға сәйкес банкроттыққа борышкер өз еркімен өтінім бере алады. Бұл ретте борышкер сәйкес келуге тиіс талаптар бар. Олар – кешіктірілген берешектің болуы, кешіктірілген қарызды реттеуден банктің бас тартуы, соңғы 12 айда төлемнің болмауы. Алайда «Tazalau»-дағы (банкроттыққа өтінім беретін платформа) деректерге қарасақ, борышкерлерден келіп түскен өтінімдер заңдағы талаптарға сәйкес келмейді», деп хабарлады банктің баспасөз қызметі.

«ВТБ Қазақстанның» хабарлауынша, заң аясында келіп түсіп жатқан өтінім саны аз. Олардың негізгі бөлігі соттан тыс банкроттық рәсімі бойынша өтіп жатыр екен.

«Jusan Bank» баспасөз қыз­меті­­нің мәліметі бойынша, соттан тыс тәртіпте банкрот деп тану ту­ра­лы арыз берген 30 443 аза­мат­­тың 1 990 азаматы Jusan Bank-тен қа­рыз алған. Олар алған қа­рыз со­ма­сы 2 472 мил­лион теңге­ге тең. Бү­гінде «Jusan Bank»-тегі қа­ры­­зы 496 мың теңгеге жететін 2 қа­­рыз алушы бойынша соттан тыс банк­­­роттық рәсімдеу үдерісі басталыпты.

Банк баспасөз қызметінің хабарлауынша, «соңғы 12 айда төлемнің болмауы» критерийі бо­йынша жеке тұлғаның бан­кроттығын банктің 15 754 қарыз алушысы пайдалана алады.

«Банк балансында жеке тұлғалардың 90 күн мерзімі өткен берешегі 47 млрд теңгеге тең. Банк кешіктірілген несие бойынша 225% мөлшеріндегі резерв қамтуының жоғары деңгейіне (90+) ие. Сәйкесінше несиелік тәуекел деңгейі төмен», деп жауап берді «Jusan Bank».

«Нурбанк» баспасөз қызметінің бізге ұсынған дерегіне сүйенсек, 2023 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша NPL 90+ көлемі 5,21 пайызды құрайды екен.

Ал Freedom Bank клиенттеріне қатысты банкроттық рәсімдерін қол­дану туралы хабарламалар келіп түспе­ген. Банктегі 90 күннен асқан берешек көлемі – небәрі 0,01 пайыз.

«Банктің стрестік активінің жалпы көлемі 0,01 пайызды құрай­тындықтан, банкроттыққа өтінім беретін клиент саны өте аз болады немесе мүлде болмайды деп пайымдаймыз», делінеді банк жауабында.

 

Заңда қандай кемшілік бар?

«Нурбанк» басшылығының айтуынша, қолданыстағы заңда бірқатар кемшілік бар.

«Осы заңда кредиторлардың құ­қық­тарына нұқсан келтіретін және борыш­керлердің жосықсыз бөлігі өз міндеттемелерін орындау бөлігін­де жауапкершіліктен жалтару үшін пайдаланып кетерліктей кемшілік­тер байқалады. Осындай кемшіліктер­дің біріне төлем қабілеттілігін қал­пына келтіру жөніндегі іс-шаралар жоспары қамтуы мүмкін шара­лар бөлігінде диспозитивті норманы жатқызуға болады. Негізі, бұл шаралар міндетті түрде қолданылуы к­ерек деп есептейміз, атап айтқанда:

борышкер мүлкінің бір бөлігі­нің сатылымы; борышкер мүлкінің мүліктік арендаға берілуі; борышкердің дебиторлық берешегін өндіріп алу; борышкердің баспанасын (авто­мобилін) төмен бағадағы баспа­на­ға (автомобильге) ауыстыру; борышкердің тұрғын үйін (автотранспортын) кейіннен құны төмен тұрғын үйді (автотранспортты) сатып ала отырып сату; борышкерді жұмысқа орналас­тыру.

«Сонымен бірге кредиторлар­дың борышкерге қатысты заңда көздел­ген рәсімдердің бірін қолдану туралы өтініш беру мүмкіндігін шектеу дұрыс емес деп санаймыз. Соның ішінде борышкердің кепіл нысана­сы болып саналмайтын жал­ғыз баспа­насын өндіріп алу­ға қатысты мүмкіндігі де бар. Өйт­кені бұл мүмкіндіктердің болуы кре­ди­торлардың талаптарын көбірек қана­ғат­тандыруға, сондай-ақ адал емес борышкерлер тарапынан заңсыз әре­кеттерді азайтуға ықпал етер еді», деп мәлімдейді банк басшылығы.

Freedom Bank өздерінің аталған заң жобасын талқылауға Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығы құра­­мында қатысқанын айтады. «Талқы­лау барысындағы ескертпелер мен ұсыныс­тар әзірлеушіге Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы тарапынан ұсынылды», деп мәлімдеді қаржы институты.

«Jusan Bank» жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңын әзірлеуге қатыспаған.

«Банк ЦентрКредит» те заң жобасын талқылауға Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығы арқылы қатысқан. «Кез келген заңнамалық акт секілді бұл заң да алдағы уақытта екінші деңгейлі банктердің ұсынысы негізінде өзгеретін болады», деп мәлімдеді банк.

Еске сала кетейік, соттан тыс банкроттыққа Egov және Tazalau порталы арқылы, сондай-ақ Халыққа қызмет көрсету орталығына барып өтінім беруге болады. Сот банкроттығына өтінім беру үшін тұрғылықты жер бойынша сот мекемесіне жүгіну керек.