Елордада өткен «Eurasian Book Fair-2023» көрмесі аясында ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әкбар Гошалының «Тұранның бір түп жусаны» атты кітабының тұсауы кесілді. Іс-шараға Түркия елінің азаматы, өнер жанашыры Иылмаз Окуклы, Селим Иухай қатысты. Жыр мерекесіне Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі арнайы келіп, ақжарма лебізін білдірді.
«Әкбар ақын Низамидің отаны – Қазақ ауданында туған. Ал шайыр қыпшақ қызы Аппаққа талай жыр арнағаны мәлім. Сондықтан ба, Әкбардың бір бүйрегі қазаққа бұрып тұрады, тұтас түркі жұртына және адамзатқа ортақ құндылықтарды арқау етеді. Бүгінгі оқырманға ұсынылған кітап та тамырлас ұлттың әдебиетін дамытуға қосылған сүбелі үлес деп білеміз», деді министр.
Кеш тізгінін қолға алған белгілі ақын Дәулеткерей Кәпұлы Әкбар мырзаға қош келдің айтып, елдің ықыласын жеткізді. Сонымен қатар кешке Танакөз Толқынқызы, Мирас Асан, Сағыныш Намазшамова, Гүлбақыт Қасен, Жанайым Ауғанбайқызы, Олжас Қасым, Арман Шеризат сынды Әкбәр ақынның жырларын қазақша сөйлеткен бір топ ақын қатысты.
«Өмірде ақындар көп. Бірақ тума адамдық болмысын өмір бойы сақтап өтетін ақындар аз. Мен Әкбар Гошалыны сол адамдық биік тұғырға қонған, өзі қандай болса, өлеңі сондай мәртебелі ақындар санатына жатқызамын. Біз Әкбармен ерте кезден таныссақ та, оның шығармашылығы жөнінде мардымды дүние білмеппін. «Тұранның бір түп жусаны» атты кітапты аудару барысында Әкбардың үлкен ақын екеніне көзім жетті», деді Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Танакөз Толқынқызы.
Тұсаукесерге қатысқан ақындар Әкбар Гошалының аударма өлеңдерін оқып, әншілер қазақтың қара домбырасымен халық әндерін шырқады.
«Алтайдан ауған арғымақ,
Тірі жан оны мінді қай?
Ақ көбікті теңізге,
Жеткенше таңнан таң құрап,
Жүйткіді жаны тыншымай», деп жырлаған ақынның түркінің қара шаңырағында есімі аспандап, абыройы артты.