Таяуда қаламгер Қали Сәрсенбайдың «Журналист – өмір барлаушысы. Журналистика – өмір мектебі» атты сұхбат кітабы жарық көрді. Оның кейіпкері – төл баспасөзімізде 48 жыл тынбай еңбек еткен кәсіби журналист Жанболат Әлиханұлы Аупбаев. Өмірден көргені мен түйгені мол аға буын өкілінің авторға диалог, интервью түрінде айтқан әңгімелерінде кешегі заман, бүгінгі қоғам жөніндегі ойлары ешкімді енжар қалдырмаса керек. Кейіпкердің, әсіресе қазіргі қазақ руханиятындағы тұлғалар, олардың орны мен рөлі туралы түйіп айтқан толғамдары ерекше.
Журналистика да – театр мен кино тәрізді ұлы өнердің бір бұтағы. Олай дейтінім, біздің алдымызда үлкен мектеп, «самородок сары алтындар» – Қаллеки, Елағаң, Серағаңдар болды. Журналистикада да солай. Ұлы Ахмет, Әлихан, Міржақып, Мұхаңдар, Ғабеңдер, Сәбеңдерден бермен қайтсақ, олардың да алғашқы қадамы баспасөзден басталған. Көркемсөзге көсемсөзден келген деуге толық негіз бар. Біз білгенде С.Мәуленов, М.Ғабдуллин, А.Бейсенбаев, Ә.Қарағұлов, К.Қазыбаев, Ә.Әлімжанов, Қ.Мұхамеджанов, Ш.Мұртаза, К.Смайылов, С.Бердіқұловтар бар еді. Демегім, театр тәрізді, ұлттық баспасөзде де сол сабақтастық, үздік үрдіс, тұлғалардан қалған тағылым күні кешеге дейін жалғасып жатты. Соның бір айқын дәлелі жетпісінші жылдар журналистикасының ағысы да алабөтен еді. Бұл кезден «Шерханның шекпенінен, Бердіқұловтың бешпентінен шыққандар» деген термин-түсінік қалды. Менің пайымымда сол мектептен шыққан мықтының бірі, Сейдахметтің бір сарбазы – Жанболат Аупбаев. Қай кезден де қадағалап оқып жүретін журналистерім бар. Соның бірі Жанболатты жаныма жақын тартып, жақсы көріп кетуім де кездейсоқ болды. Ертеректе шағын ғана «Айболит» атай» деген мақаласы ұнап қалып еді. Содан бері оның жазбаларынан көз жазған жоқпын десем, бұл шыным.
Өмірдегі сияқты өнерде де адасып жүретіндер бар. Оның бір себебі, мәселен, актер жан дүниесіне сай кейіпкерін, ал журналист тақырыбын таба алмай жүреді. Жанболат – тақырыбын тапқан қаламгер. Тауып қана қоймай, соны танып, талғап жазады, індетіп зерттейді. Оған бейнетқорлықпен қоса, жанкештілікті де берген. Шіркін, осы бір дара қасиет біздің режиссерлерге де керек-ақ. Жақсы мақала жақсы қойылым тәрізді ғой. Оның да кейіпкері, оқиғасы, фабуласы, қызықты дерегі, дәйегі, монологі, диалогі болады. Осы тұрғыдан келгенде Жанболатқа тәнтімін. Оқырманның рухани сұранысын қанағаттандыру деген осы.
Ақселеу мен Оралхан – менің жан достарым. Бұл екеуінің бір ерекшелігі – баспасөздегі науқандық тақырыптарға жолаған емес. Екеуі де баспасөздің тізгінін ұстады. Журналистикасының өзінен жазушылықтың лебі есетін. Содан да сөз өнерінде биік болып, дара дүниелер қалдырды. Айтайын дегенім, журналистиканың қара жұмысына жегіліп, өзін жоғалтып алған жігіттерді білемін. Кейбір дарынды актерлердің жанама, эпизодтық рөлдермен көп жүріп қалатыны тәрізді. Бұл жағдай Жанболатты да айналып өткен жоқ. Бәлкім, оның біреулердің атынан жұтындырып дайындаған мақалалары бірнеше кітап болар. Былай дегенде бұл да бір өтуге тиісті мектеп. Бірақ Жанболат оған бой алдырмады, өзін жоғалтқан жоқ. Тақырыбын тапты. Оқырман үшін бұдан артық олжа бола ма?!
Егер ұлтқа қара тырнағына дейін адал қызмет ететін бірден бір кәсіп иелері болса, олар – журналистер. Оның ішінде журналистиканы өнер деңгейіне жеткізгендер. Жанболатты да әрдайым осы қатардан көріп, көңілім қуанып отырады. Ол басқасын былай қойғанда бір ғана «Ашылмаған аралдары» арқылы қаншама тағдыры қиын, қызық қазақтарды тауып, халқымен қауыштырды. Ал енді сол Аупбаевтың өзі де маған бір ашылмай жатқан арал тәрізді көрінеді. «Журналист – өмір барлаушысы. Журналистика – өмір мектебі» деп өзі айтқандай, ендігі жерде тиісті оқу орындарында оның мектебін, шығармашылық зертханасын ашып, бай тәжірибесі мен ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасын жастардың бойына сіңіру қолға алынса, бұдан ұлттың ұтары көп. Шыны керек, бұл кейінгі жылдары басқа салалар тәрізді дағдарыстағы журналистикада да арам шөптей қаптап кеткен жолбикелердің жолын кесудің таптырмас тағылым, тәрбие мектебі болар еді.
Кісінің ойын өсіретін, танымын тереңдететін, тәрбиесін түзей түсетін де университеттен кейінгі университеттер. Бұл – сенің тұлпарлығыңды тай кезінен тап басып танып, еңбегіңді бағалаған, қадіріңді білген жақсы адамдар, ұлық ұстаздар университеті. Бұл жағынан Жанболат екеуміздің жолымыз болған. «Журналист – өмір барлаушысы. Журналистика – өмір мектебі» атты сұхбат кітабы – бұл жай әңгіме ғана емес, тағылымға толы ғұмырбаян, Жанболаттың өнегеге толы жүріп өткен өмір жолы, жұлдызы жанған жылдары. Әдетте өзге туралы жазатын журналистің өзі туралы оқырман көп біле бермейді. Мен бұл сұхбаттардан көп жайға қанықтым, тіпті жан дүниемнің жаңғырып, тазарып қалғанын да жасырмаймын. Елге, жерге, тарихқа, тұлғаға, рухани мұратқа адалдықтың бұдан артық үздік үлгісі бола бермейді. Біз баспасөздегі тұлғаларымызды, журналистердің араласуымен ел тарихында жасалған, ықпалы тиген өзгерістерді біле бермейді екенбіз. Бір байқағаным, болмысы, бітімі бөлек сұхбаттарда есті кісіге ой салар есті сөз, білім-білігіңді байытатын, оқырманның ой отауына олжа салатын дерек, дәйек жетіп артылады. Оны тек оқып қана қоймай, көңілге тоқып алу керек. Былайша айтқанда, бұл біздің ортақ жұмысымызға серпін беретін қосымша энциклопедиялық анықтамалық тәрізді. Соның ішінде мына бір ой көкейіме қона кетті.
«Тұлғаның аты – тұлға. Ол – «личность». Бұлар жұртқа о бастан-ақ белгілі болып тұрады. Оны дәлелдеудің қажеті жоқ. Сонымен қатар өмірде сұлбалар да бар. Мұндайлар «силуэт» делінеді. Айтайын дегенім, міне, осылар туралы. Бұлар әдеп дегенді білмейді. Обал-сауапқа қарамайды. Ұят туралы айтып отырып, ұятсыздық жасайды. Олардың насихат технологиясы – телеарналардағы жарқ-жұрқ еткен токшоу, газет-журналдардағы ақылы негізде жазылған мадақ мақалалар. Ойлары – жалған жарнама арқылы елге танылу, тарихта қалу. Бірақ тарихтың сахнасы тар ғой. Оған көп ешкім сия бермейді де. Қатарына кімді алып, кімді қоюды кәрі тарихтың өзі ғана біледі. Осыны ұмытпайық».
«Жетесізге оқ өтсе де, сөз өтпейді», деуші еді Ғабең. Жанболат жетесізге жететіндей етіп айтыпты. Бүгіннің аталы, баталы сөзі деуге тұрарлық.
Біздің Сұлтекең, Сұлтан Қожықов кісі танығыш еді. Сол кісінің арқасында да елге танылдық. Бұл кісі жөнінде айта алмай жүрген сөзімді бұйыртса, алдағы уақытта жарық көрмекші «Актермін мен мың өліп, мың тірілген» атты кітабымда кеңірек жаздым. Кезінде Асекең, Асқар Тоқпанов «азар болса, бір агроном аз болар» деп мені СХИ-дан суырып алып еді. Қайсыбір жылы Нарынқолға «Қыз Жібектің» түсірілім тобымен барғанда бір топ баланың ішінен Сұлтекеңнің Жанболатқа назары түсіп, Алматыда сценаристер дайындайтын курс ашылса алдыратынын айтып, бала қиялына қанат байлап кетіпті. Бұл нені білдіреді? Ұлы режиссер әу баста математикаға бейімделіп жүрген баланың өмірін басқа арнаға бұрып кетті. Асекеңнің тілімен айтқанда, азар болса, бір математик кем болар боп тұр ғой. Сұлтекеңнің осы кездейсоқ сапары әу баста өзі де қалам ұстай бастаған баланың сенімін арттырып, арманына бір табан жақындатып кеткен жоқ па? Өзі дарынды адамның түбінде әйтеуір бір жерден жарып шығатынын дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Жанболат сценарист не режиссер болғанда да бәрібір бүгінгі биігінде болатынына күмәнім жоқ. Сұлтекеңнің назарын аударған сол қалақтай қара бала ақыры тегін болмай, өнерден алыстамады. Оны сұңғыла Сұлтекеңе кезіктірген тағдырға рақмет!
«Мінез бен ақыл жарасса, адамгершілік ұтады», депті Әл-Фараби. Оның бойындағы адамгершілік формуласының негізін қалаушы ізгі қасиеттер – жан, ар тазалығы. Мен білетін Аупбаев жалаңтөс жүрген күндерінде де атақсыз-ақ атақты болды. Аупбаев деген атының өзі ат үркітуге жарап жатты. Өйткені өтірік өмір сүрмеді, жалған жазбады, қиянат жасау қолынан келмеді, адал болды, ең бастысы өзіне сенді, өнеріне сенді. Айналып келгенде осының бәрін ұстап тұрған іргетас – кішілік пен кісілік. Бұл – енді бүгінде түрлі жолмен биікке шығып алған талайлардың жоғалтып алған қасиеті.
Сен неткен бақытты едің,
бауырым!
Нар бол, бар бол, батырым!
Асанәлі ӘШІМҰЛЫ,
КСРО-ның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері
АЛМАТЫ