Биылғы «Қарағанды көктемі» елдің есінде ұзақ уақыт сақталады, сірә. Өйткені бұл халықаралық деңгейдегі поэзия фестивалі еді. Сонау Әзербайжаннан, Түркиядан арнайы қонақтардың ат арытып келуі оның салмағын одан сайын арттыра түскен-ді. Екі күнге созылған фестивальдің өтуіне мұрындық болған – Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды филиалының басшысы Жанат Жаңқашұлы, зор қолдау көрсеткен – Қарағанды қаласы әкімдігі.
Ekber Qoşalı – әзербайжан ақыны. Ал Yılmaz Okuklu – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қазіргі қазақ ақындарының өлеңдерін түрік тіліне аударып шығарған әрі Түркия қалаларында ол кітаптың таныстырылымы өтуіне ұйытқы болған меценат.
– Қазақ халқына құрметіміз шексіз. Бауырлас елдердің әдебиеті мен мәдениеті біте қайнасуы тиіс. Қазақстаннан танымал ақын-жазушылар көп шыққаны мәлім. Фестиваль өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған, – деді Ekber Qoşalı.
Алғашқы күні ақындар дөңгелек үстелде бас қосып, жастар мәселелерін талқыға салды. Онда жастарға қолдау шаралары кеңінен сөз болды. Тұщымды ойлар ортаға тасталды.
Шәкизада Әбдікәрімов, Светқали Нұржан, Сұраған Рахметұлы, Маралтай Райымбекұлы, Бауыржан Бабажанұлы, Ғазиз Ештанаев, Дәулеткерей Кәпұлы, Қалқаман Сарин, Сағыныш Намазшамова сынды ақындар жас қаламгерлердің әлеуметтік жағдайы мен шығармашылық жетілуін назарға алды.
– Үйсіз-күйсіз жүрген қаншама жас бар. Оны былай қойғанда жұмыссызы қаншама? Осыны шешудің жолын қарастырдық. Мысалы, біз облыс әкімінің орынбасары Ербол Шымкентбайұлымен бірігіп, бұл мәселені талқылағанбыз. Бір ақын жұмысқа орналасты. Мұндай үрдісті әр облыс өз алаңында жалғастыруы керек. Талантты жастар биліктің назарынан тыс қалмауға тиіс, – дейді Жанат Жаңқашұлы.
Жыр оқылған фестваль жалғасында бірқатар ақын-жазушылар одақ мүшелігіне өтті. Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков екі жас ақынның – Роза Аспанқызы мен Абзал Мақаштың кітабын шығарып беруді мойнына алды.
– Мықтыны анықтау қиынға түсті. Жас ақындардың осалы жоқ. Сол арада Шәкизада ағам «Ендеше, мен осы отырған ақындардың антологиясын шығарайын», деді. Біз қуанып кеттік. Себебі әр ақын марапатқа лайық еді. Қызды-қыздымен кітаптың атын белгілеп, алғысөз жазатын адамды да тағайындап тастадық. «Қарағанды көктемі» осындай жаңалықтарға толы болды. Түркия мен Әзербайжаннан келген қонақтар Қарағандымен танысты. Қасіретті «Карлагты» көрді. Қазақы дәстүрмен иықтарына оқалы шапан жабылды. Өзіміздің жыр піріне айналған ағаларымызға да құрмет көрсеттік, – дейді Жанат Жаңқашұлы.
ҚАРАҒАНДЫ