• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Білім 28 Сәуір, 2023

Тиімді жаңа әдіс

444 рет
көрсетілді

«Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында «Сабақты зерттеу: рефлексивті тәжірибеден тұрақты көшбасшылыққа» атты І ұлттық конференция өтті. Мазмұнды шараға шетелдік ғалымдар, сарапшылар және еліміздің барлық өңірінен келген 500-ден аса мұғалім қатысты. Олар елімізде 2012 жылдан бері жүйелі жүргізіліп келе жатқан Lesson Study әдісінің тиімді тұстары мен жетістіктерін талдады.

Lesson Study әдісі бірнеше мұғалімнің сабақты бірлесе да­йындап, әрбір оқушының қа­рым-қабілетіне, сұранысына сай білім беруге бағытталған. Со­ны­мен бірге мұғалім оқыту­дың ар­найы әдістемесін әзір­леп, оны зерттеу барысында үйрен­ген тың тәсілдерін коучинг, де­монстрациялық сабақ­тар не­гі­зінде бір-біріне үйретеді. Бү­гін­де еліміздің барлық мек­те­­бін­де осы технологияны үй­рете­тін жаттықтырушылар шта­бы құрылған.

Іс-шараның ашылуында Оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов жиынның маңызына тоқ­талып, қатысушыларға сәт­тілік тіледі. Одан кейін сөз алған «Назарбаев зияткерлік мек­тептері» дербес білім беру ұйы­мының басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин аталған әдіске арнайы тоқталды.

– Қазір білім саласына қойы­латын талап жоғары. Әсіресе ата-ана мен оқушының сұранысын қанағаттандыру, ғылымға өзге­ріс әкеле алатын өскелең ұрпақ­ты тәрбиелеу маңызды. Ал осы үдеден шығу үшін педагогтерден жаңашылдық талап етіледі. Дәстүрлі білім беруді зама­науи әдіс-тәсілдермен толықтыру­дың да мәні зор. Соның бірі – Дүниежүзілік сабақты зерттеу қауымдастығы (WALS) мен NIS арасындағы Lesson Study әдісі. Осы методика бойынша мұғалімдердің нәтижелері көңіл қуантады. Бұл Назарбаев зияткерлік мектептерінің 10 жыл­дан бері отандық педагог­термен атқарған жүйелі жұмыстарының нәтижесі, – деді ол.

Айта кетейік, 2015 жылы На­зарбаев зияткерлік мектептері Lesson Study тәсілін мектептер­де енгізу мен мұғалімдердің білік­тілігін арттыру бағытындағы ке­шенді жұмыстары үшін Дү­ние­жүзілік сабақты зерттеу қауым­дас­тығының сарапшылық кеңе­сі­не мүше болып, ресми түрде мо­йындалған. Сөйтіп еліміз халық­аралық ғалымдар және сарапшылармен бірге әлемдік зерттеулерге қатысып, Lesson Study әдісі бойынша жеткен жетістіктерді таныстыруға мүмкіндік алды.

Конференцияға шетелдік са­­рапшылар да қатысты. Олар­дың қатарында Жапонияның 10-нан аса бастауыш және орта мек­тебінің даму жөніндегі ке­ңесшісі Тошия Чичибу, Ма­лай­зиядағы мұғалімдерді даяр­лау институтының аға оқыту­шысы Хасна Абдула және Шот­ландияның Бэйзел Петерсон кол­леджінің зерттеушісі Роберт Дуглас Сим бар. Шетелдік және отандық сарапшылар оқыту саласындағы озық технология­лар мен әлемдік трендтер, сондай-ақ Lesson Study жөнінде өз ойларын ортаға салып, қаты­сушыларға дәріс оқыды. Ал Дү­ние­жүзілік сабақты зерттеу қауымдастығының президенті Кэтрин Льюис онлайн байланыс арқылы еліміздің аталмыш технологияны енгізудегі жетістіктерін жоғары бағалады.

– Сабақты зерттеу – бұл күр­делі үдеріс. Ол бізден мазмұнды терең зерделеуді, әріптестер­мен жұмыс істеуді, оқушылар­дың қалай оқитынын мұқият қадағалауды, қиындықтарды же­ңуді, кейде біздің ескі оқыту әдістерімізді өзгертуді талап ете­ді. Сонымен қатар бәріміздің кәсіби білім беру базасын бір­лесіп құрып жатқанымызды айғақтайды. Бұл мектептерде мұғалімдердің «менің оқушым» немесе «сенің оқушың» деген түсінікті ұмытып, оқушылар­дың біліміне жауапкершіліктің ортақ екенін еске салады, – деді қауымдастық президенті.

Алдағы жылы бас шаһарда елімізде сабақты зерттеу тәсі­лін мектептерге енгізу мен нәти­желі жұмыстар үшін Дүние­жү­зілік сабақты зерттеу қауым­дас­тығының сараптамалық ке­ңе­сімен WALS-2024 халық­ара­­лық конференциясы өтеді. Ауқымды шараны «Назарбаев зият­­керлік мектептері» дербес білім беру ұйымындағы Педа­го­гикалық шеберлік орталығы ұйым­дас­тырады. Ұлттық конферен­ция – сол халықаралық ша­ра­ға да­йын­дықтың бастамасы.