Қадау-қадау ғасырлардан бері сақталған халқымыздың рухани мұрасы атадан балаға жалғасып келеді. Қай дәуірде болсын, ұлтымыздың өзіне ғана тән салт-дәстүрі мен рухани қазынасы тәрбиелік маңызын жойғаны жоқ. Сол үшін де оны біз бүгінгі күнде арнайы ғылым ретінде зерттеп, ұрпақтар санасына сіңіруіміз – күн тәртібіндегі мәселенің бірі. Біз үшін салт-дәстүр байлық, сарқылмас мұра есебінде.
Күні кеше Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Сарыарқаның рухани, мәдени мұрасы» атты дөңгелек үстел өтті. Аталған іс-шара аясында «Солтүстік Қазақстан облысының материалдық емес мәдени мұрасы: экспедициялық зерттеулер» атты кітаптың таныстырылымы болды.
Жаңадан баспадан шығып, оқырман қолына тиген кітап өнертанушы PhD Ардаби Мәулеттің Солтүстік Қазақстан облысының елді мекендерінен жинап, республикалық Ұлттық музейінің қорына тапсырған жәдігерлерінің жиынтығы. Ардаби Мәулеттің айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысындағы ұлтымыздың рухани мұрасының байырғы үлгілерін жинау, сақтау, зерттеу мақсатында 2022 жылы облыстың 3 ауданы бойынша кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде ұлтымыздың салт-дәстүрі мен аспаптық музыкасының жауһарлары саналатын қазіргі таңда жас ұрпақтың санасынан ұмыт бола бастаған қыруар құндылықтар жазылып сақталған. Бұл еңбек Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің тікелей қолдауымен, «Солтүстік Қазақстан облыстық музей бірлестігі» КМҚК «Солтүстік Қазақстан облысының аумағында сақтаулы қазақ халқының материалдық емес мәдени мұрасын жинау, сақтау, насихаттау» атты жобасы аясында дайындалды.
Зерттеу кітабына 50-ден астам музыкалық /нота/ құндылықтар, 100-ге жуық қара өлең мен бақсылық сарындағы өлеңдер, сыңсулар, жұмбақтар да енген. Аталған дөңгелек үстелге мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбеков, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтов, Сенат депутаты Алтынбек Нухұлы, ғылым докторы Бақтыбай Әшімбекұлы Қасымбеков, күйші, өнертанушы Жанғали Жүзбаев, этнограф Ақеділ Тойшанұлы қатысты.
Мырзатай Жолдасбеков өз сөзінде: «Мен бұл кітапты оқып шықтым, халқымыздың осындай байырғы мұраларын кітап етіп, оны бүгінгі оқырманға ұсынып отырған Ардаби Мәулетке алғысымды айтамын. Қазіргідей кезде ел аралап, табаннан тозып, халық мұрасын жинау екінің бірінің қолынан келе бермейді, ал сен осыны істей алдың. Ел арасында әлі де талай құнды жәдігерлер бар, сол мұралар сенің келесі кітаптарыңа енсін. Нағыз ғалым осындай игілікті іспен, елге қажетті шаруалармен айналысады», деп ризашылығын білдірді.
Ал ақын Несіпбек Айтұлы: «Қолымыздағы кітап тек Солтүстік Қазақстан облысының тек үш ауданынан табылған рухани қазыналар екен, ал соның көзін тауып, ерінбей-жалықпай жинап, кәдеге жаратып отырған Ардаби бауырыма сүйсініп отырмын. Кітапқа енген ел естімеген ән-күйлер, бақсы сарындары сияқты құндылықтар келесі ұрпаққа ұлтымыздың мол рухани қазынасының ғасырдан-ғасырға жалғасатынына көз жеткізеді», деді.
Ер арасындағы рухани қазынамызды кітап етіп шығарған Ұлттық музей «Қазақтың дәстүрлі мәдениеті» бөлімінің жетекшісі Ардаби Мәулет аталған ғылыми экспедицияның алда тағы да жалғасатынын атап өтті. Іс-шара аясында Ертіс өңірін зерттеу қажеттілігі туралы да ұсыныс айтылып, кітаптың тұсауы кесілді. Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің музейлер мен кітапханалар басқармасының басшысы Гүлзейнеп Анафияқызы Пазылова өз сөзінде: «Келешекте экспедициялық жұмыстарды жалғастыра отырып, еліміздің кәдесіне жарайтын іс атқаруымыз керек. Осылайша, тарихымызды толықтырып, құндылықтарымызды дәріптейміз», деді.
Кітаптың соңғы бөлімінде аталған жоба аясында Тайынша, Ғ.Мүсірепов, Ш.Уәлиханов аудандарында жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстары негізінде жиналып, жәдігер иелерінің өтініштері бойынша Ұлттық музейдің қорына алынған жәдігерлер бізді бейжай қалдырмады. Мұнда ұлттық оюмен әдіптелген сырмақ, алаша, басқұр, қоржын, кілем тоқитын көптеген бөліктен тұратын күрделі тоқыма құралы мен ескі домбыра, тәрелке, ертоқым, тоқым, өмілдірік, пыстан, құйысқан сияқты ат әбзелдері енген.
Бір сөзбен айтқанда, ұлтымыздың сонау арғы ғасырларға тән рухани мұраларын ұрпақтар санасына сіңіріп, оны насихаттау үшін осы саламен тынбай айналысып жүрген ғалымдар мен этнографтардың еңбегі зор. Осы өңірден жиналған рухани һәм заттық мұралар еліміз жастарының өз халқының ұлттық мәдениетін тануына, рухани кемелденуіне жол ашады.