• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Халық 01 Мамыр, 2023

Мисаки. Жаны қазақ жапон қызы

853 рет
көрсетілді

Еліміздің әлемдік аренадағы беделінің артуы, дүние жұртшылығын аузына қаратқан саңлақ таланттарымыздың көптеп шығуы шетел азаматтарының назарын Қазақстанға және қазақ тіліне аударып отыр. Оның бір дәлелі – бүгінде ана тілімізді үйренгісі келетін шетелдіктердің саны көбеюі. Солардың бірі – жапон қызы Мисаки Эбина «Қазақ тілін 7 айдың ішінде үйреніп алдым», дейді. Біз оған арнайы хабарласып, өзі туралы және қазақ тіліне қызығушылығы қалай басталғаны жайында білген едік.

– Сәлем, Мисаки! Есіміңіз әдемі екен. Сұрағымды ең әуелі осы­дан бастайын: жапон тілінде атыңыз қандай мағына береді?

– Рахмет! Менің есімім «әдемі гүл» дегенді білдіреді. Соған орай Қазақстандағы досым маған «Айгүл» деген қазақша есім берді.

– Әлеу­меттік желідегі ақ­па­рат­тардан білуімше, сіздің қа­зақ тіліне, жалпы Қазақстанға қы­зы­ғу­шылығыңыз Денис Тен­­нің өнерін көргеннен кейін бас­­та­лыпты. Осы жайында айт­са­ңыз.

– Иә, мен Денистің өнерін алғаш рет Сочи Олимпиадасында та­машаладым. Шынын айт­сам, оның өнеріне бір көргеннен ғашық болдым. Сондықтан Денистің сөйлеген сөз­де­рін түсіну үшін ең алдымен орыс тілін үйре­не бастадым. Қазақ­стан­мен де танысуым осы кездері басталды.

2017 жылы «Астана EXPO» көрмесі өткен­де осында келіп жұ­мыс істедім. Ол уақыт­та мен орыс ті­лін­де сөйлейтін едім. Де­генмен бір күні «Сәле­мет­­сіз бе», «Рахмет», «Мен Жапо­ния­­дан­мын» деген қар­а­пайым қазақша сөздерді үй­ре­ніп, айтып жүрдім. Жапон қызының қазақ тілінде сөйлегенін көр­ген жергілікті адамдар таңда­ныс­та­рын жасырмай, қуанып қа­ла­тын еді. Олардың жылы іл­ти­паты мені қанаттандырып, қазақ тілін үйренуге бел будым.

Көрме біткеннен кейін Жа­по­нияға оралып, қаражат жинап, 2022 жылы қыркүйекте Алма­тыға келдім. Қазіргі күні Әл-Фара­би атындағы Қазақ ұлт­тық уни­вер­ситетінің жоғары оқу орнына дейін­гі білім беру факультетінде шетел­дік­тердің тілдік дайындығы кафедрасында қазақ тілін үйреніп жүрмін.

– Қазақша мәтін жазуыңызға, сөз саптауыңызға қарап тілді жақсы деңгейде меңгергеніңізді байқап отырмын. Жалпы, қазақ тілін білу сізге не берді? Қандай пайдасы болды?

– Ең біріншіден, мен қазақ халқын жақсы көремін. Сондықтан қазақ тілін білудің мен үшін пайдасы мол. Бұрынғы орысша ғана сөйлеген кезбен салыстырғанда қазақ тілі арқылы қазақтармен жақынырақ танысуға болатынын сезінемін. Тіпті таксиде отырғанда да қазақша сөйлесем, жүргізушілер қуанып қалады. Өзім де арамызда осындай сыйластық болғанына ризамын. Сұхбатты да газетке бірінші рет беріп отырмын, бұл да менің қазақ тілін білгендігімнің арқасы. Өте қуаныштымын.

– Жапония – өз тілін, дәстүрін, ділін жоғары деңгейде сақтап отыр­ған ел. Ал біздің елдегі тіл жағ­дайына қандай баға берер еді­ңіз?

– Иә, сіз айтқандай, Жапония мен Қазақстанда тіл мәселесінде айырмашылық бар. Меніңше, екі елдегі жағдайдың жақсы жағымен қатар, проблемасы да жоқ емес. Мысалы, Жапонияда халықтың 99%-ы жапонша сөйлейді. Біздің елде жапон тілінен басқа тілді білудің керегі жоқ. Сол себепті мектепте 10 жыл бойы ағылшын тілін оқытқанына қарамастан жапондар ағылшынша сөйлей алмайды. Олар тек емтихан тапсыру үшін оқиды.

Ал Қазақстанда барлық халық­пен еркін сөйлесу үшін екі тілді білу керек. Әрине, қазақ тілі­нің жағдайы алаңдатады. Мы­са­лы, бағана мен шаштаразға барып, қазақша сөйлеп едім, ол өз тілін білмейтін болып шықты. Дегенмен, екінші жағынан сіздерде жапондарға қарағанда екі тіл білудің арқасында басқа да тілдерді үйрену үшін психо­логиялық кедергі аз. Қазақ­с­тан­да мектеп оқушылары да ағыл­шынша жақсы сөйлейді екен. Қа­зіргі заманда мұның пайдасы көп, өйткені ағылшын тілін білген адам көбірек ақпарат алады. Осы жағынан Қазақстандағы тіл жағдайының пайдалы тұстары да бар екенін айтқым келеді.

– Сіз қазақ тілін 7 айдың ішінде үйреніп алған екенсіз. Біреулер қазақ тілі әлемдегі ең қиын тілдердің бірі дейді. Сіз мұнымен келісесіз бе?

– Адамның тілді меңгеруі оның бұған дейін қандай тілде сөйлейтініне байланысты. Мыса­лы, қазақ және жапон тілдері грамматикалық тұрғыда ұқсас. Сондықтан жапон тілінің құры­лы­мын білетін адамға қазақшаны үйрену аса қиын емес. Екеуі де жалғамалы тілдерге жатады. Яғни түбір сөз өзгермейді, оған жалғаулар мен жұрнақтар жал­ғанып отырады. Сөйлемдегі сөздердің орналасу тәртібі де екі тілде бірдей. Тек жапондарға қазақша сөздерді айту жағы қиындау. Себебі жапон тілінде 20-ға жуық фонема қолданылса, қазақ тілінде 35-ке жуық фонема бар.

Бір мәселені айтайын. Жа­пон­дар үшін қазақ тілін үйренетін оқулықтар мен сөздіктер жоқтың қасы. Бар болса да, табу мүмкін емес. Сондықтан мен жапондарға арнап қазақ тілін үйрететін оқулық жазып жатырмын.

– Денис Теннен бөлек басқа да қандай танымал қазақтарды білесіз?..

– Маған қазақ музыкасы өте ұнайды. Мәселен, Димаш, «Ninety One» сияқты әлемге әйгілі әнші­лерді тыңдаймын. Айқын Төлепберген, Зируза, Ғазизхан Шекербековті де ұнатамын. Ал соңғы күндері Құрмаш Маханның «Аяулым» әнін тыңдап жүрмін.

– Бір жыл қазақ тілін үйрен­ген соң не істейсіз? Болашаққа жос­парыңызбен бөлісе отыр­са­ңыз?

– Менің арманым – Қазақстанды әлемге таныстыру. Сол үшін бо­ла­шақта интернетте көп мақала және видео шығармақпын. Екін­ші­ден, Қазақстанда жасалған сапалы заттарды Жапонияға апарып сатуды жоспарлап отырмын. Үшіншіден, қазақ және жапон тілдері сөйлемдерінің дерекқорын жасағым келеді. Ал, төртіншіден, Жапонияда қазақ мәдениетін та­ныс­тыратын іс-шаралар ұйым­дас­тыр­сам деймін.

– Соңғы сұрағым, елімізде өз ана тілінде сөйлей алмайтын отан­дас­тарымыз әлі де көп. Олар­ға не айтар едіңіз?

– Мен шетелдікпін, сондықтан бұл тақырыпта ештеңе дей алмаймын. Алайда бір айтатыным: қазақ тілін үйрену өте қызық!

– Ана тілімізге деген махаб­ба­ты­ңыз үшін сізге рахмет!

 

Әңгімелескен

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»