• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Көрме 02 Мамыр, 2023

Ұлт қару-жарағының көрмесі

342 рет
көрсетілді

Ұлттық музейде белгілі зерттеуші, этнограф, суретші, тарих ғылымда­рының кандидаты Қалиолла Ахметжанның «Қазақ батырларының қару-жарағы» атты көрмесі өтіп жатыр.

Айтулы қылқалам шебері жеке шығар­машылығымен бірге, 40 жылдан бері қа­зақтың дәстүрлі қару-жарағын зерт­теп, оны ғылыми айналымға енгі­зуге қомақты үлес қосты. Бұл тақы­рып­та ғалымның алты монографиясы мен 120-дан аса мақаласы жарық көрген.

Көрмеге шебердің қолынан шық­қан қазақ жауынгерлерінің шабуыл қаруларының және қорғаныс жарақ­тарының түрлері мен типтерінің реконструкциялары қойылды. Оның арасында суық қарулар мен жабдықтары, жауынгерлердің бас киім­дері мен сауыт-саймандар бар. Әсіресе Қалиолла ағамыз халқы­мыз­дың даңқты батырлары ұстаған бірқатар құнды жә­дігерді қалпына келтірді. Олардың кейбірі батырлардың ұр­пақтары мен музейлерде сақталған. Көрмеге солар­дың көшірмелері де ұсы­нылды. Соның ішінде атақты әс­кери қолбасшы, Қан­жығалы Бө­ген­бай батырдың дулығасы, ержүрек қол­­басшы, баһадүр Қабанбай ба­ба­мыз­дың шарайнасы, Арыстан сұл­тан­ның қалқаны, найзасы және ша­райнасы, Жанқожа батырдың селе­бесі мен тағы басқа дүниелер келген қо­нақтар­дың қызығушылығын туғызды.

Іс-шараның ашылуында Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет ко­­­митеті төрағасының орынбасары Да­нияр Әлиев талантты тұлғаның шы­ғар­машылығына жоғары баға бере келіп: «Бұл көрме – қазақтың та­­рихымен, жанымен біте қайнасып, батыр бабаларымыздың бай рухани кеңістігі мен дала тарихын әспеттейтін орын деп білемін» деп, авторға тілек­тес­тігін білдірді. Сондай-ақ тарих ғы­лым­­дарының докторы Зейнолла Сама­шев те көрме иесінің шығармашылығы мен жұмыстары туралы ой қоз­ғап, жылы ле­бізін білдірді.

Қ.Ахметжан бүгінге дейін әр дәуір­дегі көшпелі жауынгерлер қару-жа­рақ­тарының көптеген ғылыми-гра­фи­калық реконструкциясын жаса­ды. Осы еңбегі еліміздегі және шетелдегі ғылыми ортаның жоғары бағасына ие болды.

«Осы саланы зерттеп жүргеніме 45 жыл­дан асты. Ең алдымен, ғы­лыми мақалалар жаздым, музейлерде, кітап­ханаларда отырып, жазба деректерді ақтардым. Халқымыздың ауыз әде­биеті мен бейнелеу ескерткіш­те­рін зерттедім. Соның негізінде кіта­бым жазылып, жарық көрді. Содан кейін қаруларды бояумен бейне­ле­дім. Өйт­кені оқырман кітапты оқы­ғанымен, оны толық түсінбеуі мүмкін. Сондай-ақ онда ұмы­тыл­ған дүниелер де кез­деседі. Сон­дық­тан заттық бейне сол дәуірде қол­данған қаруларды дәл көр­сетеді», де­ді автор.

Айта кетейік, көрме 12 маусымға дейін жалғасады.