Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше әлемде жыл сайын жасөспірімдердің 10 пайызы өз өміріне қол салып, соның 60 мыңнан астамы көз жұматын көрінеді. Технология өрлеген жаңа мүмкіндіктер дәуірінде жан түршігер жағдайлар одан бетер жиілеп, статистикалық деректер жаға ұстатады. Елімізде бұл проблема тіптен өршіп тұр.
Суицидтің себеп-салдары неде?
Алматы іргесіндегі Қарасай ауданына қарасты білім мекемелерінде айналасы аз уақытта төрт бірдей жеткіншектің өз-өзіне қол салып жантәсілім етуі қоғамда қызу талқыланды. Өмірге енді қадам басқан өрімдей өрендерді өлімге жетелеген не нәрсе? А.Байсалбаев атындағы мектептің 10-сынып оқушысы үйге келіп, екі сағаттан кейін дарға асылған күйі табылған. Ал қаңтар мен наурыз айларында осы аудандағы Б.Қосынов орта мектебінде екі бірдей суицид тіркеліпті. Жыл басында Қарасай мектебінің тағы бір оқушысы өмірмен қош айтысып, жақындарын зар жылатып кеткен. Аталған ауданның Алмалыбақ орта мектебінде өмірін қимақ болған оқушы ғайыптан тайып аман қалған. Қазір қайғылы оқиғаларға қатысты медициналық сараптама тағайындалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Аталған ауданда биылдың өзінде оқушылардың өз-өзіне қол жұмсау оқиғасы төртінші рет тіркелгенін ескерсек, жағдай жіті бақылауды қажет етеді. Дегенмен бұл оқиғалардың арасында қандай да бір байланыстың бар-жоғы әзірге белгісіз.
Мұндай келеңсіз жайлар еліміздің әр өңірінде жыл сайын қайталануда. Суицидтің себеп-салдарымен күрес мәселесіне бағытталған түрлі іс-шаралар қолға алынғанымен, нәтиже көңіл көншітпейді. Әсіресе біз айтып отырған жасөспірімдер мен жастар арасында өз болашағына балта шабу фактілері азаймай тұр. Айталық елімізде 2018 жылы 3 533 адам суицидке барған болса, оның 200-ге жуығы – кәмелетке толмаған жеткіншек. 2019 жылы өзіне қол салған 3 794 азаматтың 180-і – өрімдей жас. Оның 47-сі – 14 жасқа толмаған уыздай балалар. Ең өкініштісі, жыл өткен сайын бұл статистикада айтарлықтай өзгеріс жоқ.
Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте осы мәселеге айрықша тоқталып: «Балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыстар жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар мектепте, көшеде, тіпті үйде болып жатыр. Сорақы жағдайлар оқушылардың өзіне қол жұмсауына себепкер болып отыр. Тіпті ата-аналардың өздері баласына қорлық көрсетіп, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз. Жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметі ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарауымыз қажет. Бұл тұрғыда әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау іс-шараларын заңмен күшейту керек», деп атап өтті. Президент аталған мәселе кешенді іс-шаралар қабылдауды қажет ететін өткір проблема екенін баса айтты.
Күйзелістен құтылудың жолы бар ма?
Ақпараттық технологиялардың кеңге құлаш сермеуі қыруар жұмысты жеңілдеткенімен, адамзат алдына жаңа қауіп-қатерлер әкелді. Жаһандық мамандар соңғы 10 жылдың бедерінде жасөспірімдердің ғана емес, жалпы әлем жастарының психикалық денсаулығында айтарлықтай кедергілер туындағанын айтып дабыл қағуда. Дамыған елдердегі сияқты, дамушы елдерде де жастар психикалық дертке ұшырауда. Мәселен, табысы жоғары елдердің өзінде 11 мен 15 жас аралығындағы балалардың төрттен бірі күніне екі не одан да көп рет әлсіреу, ашушаңдық, күйгелектену немесе ұйқының бұзылуы сияқты психологиялық белгілерді бастан өткеретін көрінеді. Егер оларға дер кезінде көмек көрсетілмесе, өмір сүру сапасының төмендеуі мен суицидтік мінез-құлыққа әкеліп соғуы әбден мүмкін.
Жасөспірімдер арасындағы суицидтің салдары сан алуан. Отбасындағы жанжал, жауапсыз махаббат, қоғамда өзін қораш сезіну, қатарластарынан теперіш көру және тағы басқа дегендей. Психология ғылымы тұлғаның өз өміріне қол салуын психикалық нормадан ауытқумен байланыстырады.
– Психикалық қалыптан ауытқу – адам психикасын жаралайтын қиын жағдаяттардың ықпалымен өмірден өтудің ұғынылған түріндегі актісі болғандықтан адам өмірі ең қымбат құндылық ретіндегі мәнін жоғалтады. Өмірдегі ең қымбат құндылықтың мәнін жоғалту – адамның ішкі болмысына жасалған жауыздығы. Суицидке көбіне-көп рухани әлсіз, психикалық тұрғыдан тұрақсыз адамдар шалдығады. Күнделікті күйзеліс, қысым, адамға әсер етеді. Жоғары суицидтік тәуекелдік шеңберінде жүргендердің қатарына депрессиядағы адамдар, ішімдік және наша қолданатын жеткіншектер, отбасы мүшелерінің өз-өзіне қалай қол салғанына куә болған балалар жатады. Дегенмен кей жағдайда аса дарынды балалар, оқу үлгерімі төмен жеткіншектер, аяғы ауыр қыздар, зорлық-зомбылықтың құрбаны болғандар, діни секталардың ықпалына түскендер де бұл санаттан орын алады. Суицидтік әрекетке ұшыраудың факторлары – болашаққа шарасыздықпен қарау, арман-мақсаттың болмауы, өмірден түңілу, әлеуметтік қолайсыздық, қоғамнан оқшаулану һәм шеттетілу. Бұл дегеніңіз – қоршаған ортамен қарым-қатынасқа түсуден қашу. Ата-ана тарапынан балаға тиісті көңіл бөлінбеу, мейірімсіздік, қаталдық көрсету, ата-ананың айырылысуы, отбасындағы жағымсыз ахуал, елеусіз қалу, тұрмыс тапшылығы, құрбы-құрдастарымен қарым-қатынастағы жағымсыз әсерлер. Қазіргі біздің қоғамда суицидке баратындар – өмірдің мәнін іздеп таппаған өрімдей балдырғандар. Суицидке қарсы тұратын факторлар – рухани жаңғыру, тәлім-тәрбиелік құндылықтарды оқып түсіну, психикалық тұрақтылық, кез келген жағдайға бейімделе білу, өмірлік құндылықтарды ескеру, өмір сүруге құштарлық, суицидтік ойлардың күнә екенін сезіну мен діни сенім деңгейінің жоғарылығы. Бұлар адамның психологиялық қорғанысын қуаттайды. Өзіне жақын тұлғалардың айрықша құрметі, аманат сезімін және жауапкершілікті сезіну, өзіне зақым келтіруден қорқу, денсаулығына мән беру, шығармашылық һәм өмірлік жоспар құру тұлғаны жаман ойдан арылтады. Күйзелістен құтылудың жолын қарастыру қажет. Біреу мақтаса, мейлі әлдекімнен ауыр сөз естісе де оны жүрекке жақын қабылдамау жеткіншекті бұл бағытта шыңдай түседі. Болған жағдай сол орында қалуы керек. Осы қағидатты ұстанған адам күйзелістен міндетті түрде арылады, – дейді «Психолог өркені» психологиялық қолдау орталығының басшысы Сағым Нағашыбаева.
Маманның айтуынша, адам шарасыздыққа ұшырағанда әртүрлі сайттардан «өмір сүруден шаршадың ба?» деген сауалға жауап іздей бастайды. Атыс-шабыс, қарақшылық бағытындағы сюжеттерге негізделген фильмдерді жан-тәнімен тамашалап, ішімдік пен есірткіні татып көргісі келеді. Ғылымда суицидтік кезең екіге бөлінеді. Алғашқысы суицидке қатысы бар кезең ретінде бағаланып, ал екіншісі секунд аралық және жыларалық болып жіктеледі. Мәселен, қатерлі шешімге біреу санаулы сағаттар ішінде бел байласа, біреулер жылдар бойы осы ойлардың шырмауында жүруі мүмкін.
– Қазір жеткіншектер арасында буллинг пен кибербуллинг қарқын алып тұр. Бұл – үлкен проблема. Буллинг дегеніміз – бірнеше адамның із кесіп, қудалап-қорлауы, кемсітуі, күш көрсетуі. Оқушылар арасында бір-бірін қорқыту, бопсалау, ар-намысқа тию өтпелі кезеңде тұрған жеткіншектерге қатты әсер етеді. Мектеп психологтері мен мұғалімдер, ата-аналар балалармен тығыз қарым-қатынас жасау арқылы мұның алдын алуы керек. Ата-аналарға балаларын кибербуллингтен қорғау үшін мынадай кеңес айтар едім. Компьютерді үйдегі ортақ бөлмеге орналастырыңыз. Балаңыз қолданатын сайттардың мекенжайы көрсетілген «Таңдаулар тізімі» сақтық үшін болуға тиіс. Желіде құпиялылық ережелері болатынын үйретіңіз. Балаңызға желідегі алаяқтар мен қаскүнемдердің теріс пиғылдары жайлы мысалдар айтып алдын ала сақтандырыңыз. Өзі танымайтын виртуалды таныстық бойынша кездесуіне тыйым салыңыз, – дейді Сағым Нағашыбаева.
Ұлттық құндылықтар құтқара ма?
Уақыт ағымы алға жылжыған сайын, таным-түсініктер де өзгеріске ұшырап отырады. Педагог-психолог Дина Хасенованың пайымынша, бала тәрбиесінде ұлттық құндылықтардың өзегінен ажырамауымыз қажет. «Жаңа мүмкіндіктер кезеңінде бала құқын қорғаймыз деп олардың тәлім-тәрбиесіне кері әсер етіп жатқан тұстар да бар», дейді маман.
– Қазір бала тәрбиесі – аса жауапкершілікпен қарауды қажет ететін нәзік мәселе. Қауіп-қатер құшағында өмір сүріп жатырмыз. Кейде балаларымызды қоршаған ортадан қорғаймыз деп асыра сілтеп жібереміз. Олардың әр қадамына араласамыз. Өз бетінше шешім қабылдауына жол бермейміз. Өз өміріміздің түрлі мысалдарын оларға таңғымыз келеді. Нәтижесінде, жасқаншақ, жауапкершілігі төмен, өз бетінше шешім қабылдай алмайтын жасық буын қалыптасып жатыр. Байырғы қазақ қоғамында жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы тым сирек еді. Ол ұрпақ Отан алдындағы, ата-ана алдындағы, өз өмірі алдындағы жауапкершілікті жіті сезінді. Қазір заман өзгерді, құндылықтар алмасты, агрессивті, талапшыл буын қалыптасты. Алғашқы сынаққа шыдай алмай сынып кететін, психикасы әлжуаз жеткіншектер көп. Әскери өмірге бейімделе алмау, жеңіл жолмен ақша табуға ден қою жастар арасында жиі кездеседі. Баламызға дауыс көтерген ұстазға үрпие қарап, сенің құқың, сенің жеке шекараң деп кішкентай кезінен тым өбектеп өсіретін болдық. Бір сөзбен айтқанда, еркінсітіп те алдық. Басынан сөз асырмайтын, үлкенге құрметі аз, өмірді технократиялық түйсікпен қабылдайтын жансыз ұрпақ, өкінішке қарай, өз өмірін қия салатын жағдайға дейін жетті. Ал қазақы тәрбиеде, қиындық көрген сайын қайралып, сүрінген сайын ширығып, өмірге талпынуды алға ұстайтын едік. Қазір ҰБТ-дан ұпай жинай алмаса, өле салатын болды. Мектеп пен қоғамнан бұрын ата-ананың уыз тәрбиесі ауадай қажет. Отбасында дұрыс тәрбие алған бала мұндай қадамға бармайды. Балаңызбен сырласыңыз, сөйлесіңіз, сенім артыңыз, жауапкершілікті сезінуге мүмкіндік беріңіз. Қанша жерден заман өзгерді десек те, өзіміздің ұлттық тәрбиенің шеңберінде өмірге баулыңыз, – дейді Д.Хасенова.
Қазір жаңсақ ойға жол берген жастарды сауықтыратын орталықтар көп. Олармен арнаулы мамандар жұмыс істейді. Желіде кезінде қателікке ұрына жаздап, кейін бұл әрекетінен мүлде бас тартқан жасөспірімдер өз ойларымен бөліскен. Өзіне қол салмақ болғандар психолог мамандармен сырласқаннан кейін ойлары күрт өзгергенін, тіпті осы әрекеттері үшін ұялғандарын жазған. Мамандар қазіргі заманда әрбір төртінші адамның денсаулығында психикалық кінәрат барын, тіпті күйзеліске ұшырағандар саны жүрек қан-тамырлары дертіне шалдыққандардан асып түсетінін алға тартады. Қалай айтқанда да, ешбір тіршілік иесі өз-өзіне қасірет келтірмеуге тиіс.
АЛМАТЫ