• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Энергетика 03 Мамыр, 2023

Ынталандыратын тариф

285 рет
көрсетілді

Осы жылдың үш айының қорытындысы бойынша елімізде электр энергиясын өндіру 31 млрд кВт-сағатты құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,9%-ға артық. Осы уақытта электр энергиясын тұтыну 30,9 млрд кВт-сағатқа (жылдық өсім – 1,4%) жеткен.

Елдегі электр энергиясының жаппай тапшылығы энергетика секторын одан әрі осал ете түседі. Ranking мониторингіне сәйкес, биыл қаңтар айында елімізде электр энергиясының тапшылығы – 4,2 млн кВт-сағ, ақпан айында 23,3 млн кВт-сағ болған. Өткен жылы тапшылық 8 ай бойы байқалған. Ал өңірлік бөлініске үңілсек, оңтүстік аймақта электр энергиясының жетіспеушілігі бір жылдан астам уақытқа созылады. Бұл елдің энергетикалық қауіпсіздігіне айтарлықтай нұқсан келтіреді. Наурызда оңтүстік өңірде өндіріс тұтынудың 57,2%-ын ғана өтеген. Сөйтіп, 971,0 млн кВт-сағ энергия жетіспеді. Бұл қа­жет­тілік елдің басқа аймақ­та­ры­нан электр энергиясын тарту арқылы жабылады.

Егер электр энергиясының жетіспеушілігі бүкіл ел бойынша байқалса, онда ол көрші Ресейден сатып алу арқылы өтеледі. Яғни РФ энергожүйесі Қазақстандағы өндіріс пен тұтыну арасындағы сағаттық ауытқуларды өтей отырып, республикамыздың Бірыңғай энергожүйесін қалыпты деңгейде ұстап тұрады. Шын мәнінде, бұл еліміздің энергетикалық жүйесі РФ-ға тәуелді екенін көрсетеді.

Жалпы, 2021 жылдың күзінен бастап кешкі мезгілде 1,3 ГВт электр қуатынан асатын жетіс­пеу­ші­лікті сезіне бастадық. Энергетика министрлігінің Электр энергиясы мен қуатының жеті жылдық болжамды теңгеріміне сәйкес, 2029 жылға қарай бұл көрсеткіш 3 ГВт-тан асуы ықтимал. Тапшылық 2025 жылға дейін жалғасады. 2029 жылға қарай ол 5,5 млрд кВт-сағ мөлшерінде болады деп болжанып отыр. Қазір қолда бар қуат резервтері қысқарып келеді. Осы күнгі ахуал болжамды мерзімнен бұрын және әлдеқайда үлкен көлемде қуат тапшылығына әкелуі мүмкін.

Отын-энергетикалық ресурс­тарды тиімсіз пайдалану респуб­ли­ка­мыздың энергетикалық жү­йе­­сінің жұмыс істеу сенім­ді­лігін төмендетеді және ел эко­но­ми­касының энергетикалық қауіп­сіздігі мен тұрақтылығына теріс әсер етеді. Энергетикалық кешеннің негізгі активтерін, ең алдымен тариф белгілеу жүйесіне байланысты қайта құру, жаңғырту және күрделі жөндеу жүргізу мүмкіндігі жоқ. Қолданыстағы тарифтер қажетті шығындардың көп бөлігін жабуға мүмкіндік бермейді. Энергетика министрлігі белгілеген қуаттылыққа шекті тариф айына 1 МВт үшін 590 мың теңге мөлшерінде 2019 жылдан бас­тап қайта қаралған жоқ. Бұл ретте 2015 жылдан 2022 жылға дейін жинақталған инфляция дең­ге­йі 78%-ды құрады.

Елдің электр қуатына деген қажеттілігін өтеу үшін жаңа электр стансаларын салу қажет, бұл инвестицияларды қайтару лимитін ұлғайтуды талап етеді. Жүйелік оператордың деректері бойынша Қазақстанда жылу электр стансаларының 55%-ы және гид­ро­­электростансалардың 68%-ы 30 жылдан бері пайдаланылып келеді. Төмен тариф жағдайында қуаттарды жаңарту, кеңейту және салу, жоғары кәсіби кадрларды ұстап тұру үшін қажетті ресурс­тарды алу қиындайды. Энер­ге­ти­калық объектілерді жеткіліксіз қаржыландыру түптеп келгенде саланың деградациясына және экономиканың электр энергиясына деген қажеттілігін қамтамасыз ете алмауына әкеледі.

«Тарифті инвестицияға айыр­бастау» бағдарламасы 2009 жылдан 2015 жылға дейін созылды. Осы кезеңде электр стансалары жабдықтарын жаңартуға, күр­де­лі жөндеу жүргізуге жақсы мүм­кіндік туды. Аталған уақыт­тың кейбір кезеңінде энерге­ти­ка­лық кәсіпорындар қандай да бір қауіпсіздік маржасын құра алатындығына байланысты үлкен апаттар болған жоқ. Соңғы жылдардары көбейіп кеткен Екібастұз, Рудный, Риддер, Теміртаудағы апаттар қауіпсіздік қорының таусыла бастағанынан хабар бе­ре­ді. Энергетика министр­лі­гінің мә­ліметінше, елімізде жұ­мыс істеп тұрған 37 жылу электр ор­та­лық­та­рының (ЖЭО) 19-ы – қызыл, 11-і – сары, 7-уі жасыл аймаққа кірді. ЖЭО жабдықтары орташа есеппен 66%-ға ескірген. Орал, Степногор, Тараз, Қызыл­ор­да, Кентау қалаларында ЖЭО тозуы сыни деңгейден ‒ 80%-дан асты.

Халықаралық тәжірибе Еуропа елдері электр желілерін жаңарту үшін ынталандырушы тариф бел­гілеу (RAB-тарифтер) тетігі қол­дан­ғанын көрсетеді. Бұл – электр қуатын өндіруші мен жет­кі­зу­­шінің жабдықтарының құ­нымен анықталатын жеткізілетін қыз­мет­тердің кірістілік мөлшер­ле­ме­сі. Ин­вестицияны ынталандыратын «шығындар+» принципін емес, «реттелетін активтер базасы» (RAB) моделін қолданатын электр энергиясын бөлуді реттеудің балама тәсілі. Мысалы, Румынияда ынталандырушы тариф енгізілгеннен кейін 7 жыл ішінде электр желі­ле­рі­нің үштен бірін жаңарту мүмкін болған. Активтер базасын тарифтеу жүйесі АҚШ, Канада, Еуро­пада ‒ Германия, Польша, Фран­ция, Мажарстан, Румыния, Чехия және басқа да елдерде сәтті қолданылады.

Қазақстанда «тарифті инвес­­ти­цияға айырбастау» бағ­­дар­ла­ма­сын енгізу энергия өн­ді­руші ұйымдардың қолда­ныс­тағы ак­тив­­терін қайта құру­ға, жаң­ғыр­­туға және кеңейтуге, сол ар­қы­лы энергия жүйесі жұмы­сы­ның се­н­імділігін арттыруға мүм­кін­дік береді. Электр стансала­ры­­на инвестициялар ағынын қам­­­та­ма­сыз ету резервтерді ең жыл­дам және тиімді түрде тар­ту­ға ықпал етеді. Бағдарлама жүзе­ге асқан уақыт аралығында 1,2 ГВт жаңа қуаттарды енгізу және 1,7 ГВт қуаттарды қалпына кел­тіру арқылы орта мерзімді қуат резерві құрылды. Сөйтіп, бұрын пайда болған тапшылықты жабу мүмкін болды. Қазірде бұл өзектендірілген тарифтік саясатқа көшудегі міндет ‒ жыл сайынғы инвестицияларды 3 есе ұлғайта отырып, тариф белгілеудегі тәсіл­дер­ді трансформациялау жолымен 2035 жылға қарай өндіруші қуаттардың тозуын 15%-ға төмен­де­туге қол жеткізу.

Жалпы, еліміздегі электр энер­­гия­сының құны әлемдегі ең тө­мен бағалардың бірі болып қала береді. GlobalPetrolPrices.com деректеріне сәйкес 2022 жыл­­ғы қыркүйектегі жағдай бо­йынша Қазақстанда электр энер­гия­сы­ның құны ‒ 0,045 доллар. Осы көрсеткішпен Қазақстан 147 мемлекет арасында арзан электр энергиясы бар үздік 30 елдің қатарына кіреді. Электр энер­гия­сының қолжетімді бағасы Қыр­ғызстан мен Өзбекстанда да сақталады: 0,01 және 0,026 доллар. Бұл ретте бізде электр энергиясын тұтыну ОА-ның басқа елдеріне қарағанда бірнеше есе жоғары. Мәселен, Index Mundi сарапшыларының дерегінше, ТМД және ОА елдерінің арасында жан басына шаққандағы электр энергиясын тұтынудың ең жоғары деңгейі Ресейде (жылына бір адамға 6,4 мың кВт-сағ) және Қазақстанда (4,9 мың кВт-сағ) байқалады. Тұтыну деңгейіне халық үшін электр энергиясына орташа тарифтердің және тиісті елдер азаматтарының орташа та­быс­тарының арақатынасы әсер етеді. Бұл қатынас электр энер­гия­сының қолжетімділік деңгейін көрсетеді. Ең қолайлы жағдайлар болжамды түрде осы өңірде бай­қалады. Ресейде тариф пен та­быс­тың арақатынасын ескере отырып, орташа жылдық табыс үшін қолжетімді кВт-сағат саны жылына шамамен 232,1 мың кВт-сағатты және сәйкесінше айына 19,3 мың кВт-сағатты құрайды. Елімізде де бұл сандар ұқсас: орташа жылдық табыс жылына 221,8 мың кВт-сағат және айына 18,5 мың кВт-сағат.

Осылайша, секторды дамыту мен электр энергиясының тап­шылығын төмендету үшін та­риф­­тердің өсуін және электр энер­­­гиясын тиімді пайдалануды көз­дейтін «тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын жедел жүзеге асыру қажет. Алдыңғы жылдардағы халықаралық және отандық тәжірибе осындай шара­лар­дың тиімділігін көрсетеді.