• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 04 Мамыр, 2023

Ұлттық тәрбие және сабақтастық

389 рет
көрсетілді

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде белгілі қоғам қайраткері, қазақ мәдениетінің жұлдызын көктен жарқыратып, ата-баба мұраларының асылын теріп, келер ұрпаққа қалдырып кеткен ұлт жанашыры Өзбекәлі Жәнібеков атындағы орталық ашылды. Осынау маңызды бастама Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен оқу ордасында «Тарихи тұлғалар: ұлттық тәрбие және сабақтастық» деген тақырыпта ұйымдастырылған республикалық форум аясында жүзеге асты.

Форумның мақсаты – ұлт та­рихындағы кемеңгер тұлға­лар­дың парасат пайымын зерделеу, олардың ой-мұрасын, тәлімдік қасиетін жаңғырту, ұлттық тәрбие желісін сақтай отырып, ұрпақ­­тар сабақтастығын жалғастыру.

Университет ректорының кеңес­шісі, белгілі қаламгер әрі әдебиет сыншысы Құлбек Ергө­бек, Өзбекәлі Жәнібековтің тәр­бие қайраткерлігі хақында сөз сөй­леді. Жазушы «Мектеп ұстазы. Жас­тар ұстазы. Ұлт ұстазы» тақы­рыбында арнайы баяндама жа­сады. Қ.Ергөбек қазақтың қазіргі тарихында өзіндік орны бар біре­гей тұлға жайлы тың деректермен бөлісті. Еңбек жолын ауыл мек­тебінде қарапайым ұстаздықтан бастаған Ө.Жәнібековтің ұстаз­дық қабілетін айшықтап, жастар­дың көшбасшысы, идеологиялық жұмыстың қозғаушы күші сана­тындағы қайраткерлік қасиетін жоғары бағалады. Елден ерек қа­рымы, тағылымды еңбегі жөнінде мол мағлұматтармен мазмұнды баяндап берді.

– Өзбекәлі Жәнібеков – ұлт ұстазы. Ұжым университетті қоғам қайраткерінің есімімен атасақ ­деген ұсынысын көпшілікке білдіріп отыр. Ал бүгін осы ұсынысты жү­зеге асырудың алғашқы қадамы ретінде «Өзбекәлі Жәнібеков орта­лығын» аштық. Мұны – қоғам қайраткеріне деген құрмет, игілікті іс деп білген абзал, – деді ол.

Өз кезегінде «Орталық ұлт та­ри­хындағы біртуар тұлғаның этно­графиялық бай мұрасын зерттеуге қызмет етеді», деді ғалымдар. Яғни ұлттық құндылықтарды, қа­зақ мәдениетінің қалыптасу үр­дісі мен даму белестерін ғылыми тұр­ғыда дәйектеледі. Сол арқылы педагог-мамандардың білімі мен тәжірибесі бұрынғыдан да кеңейе түспек.

Иә, Ө.Жәнібеков ұлттық ру­ханиятқа өлшеусіз үлес қосқан тұлға болғаны сөзсіз. Ол жоғары лауазымды қызмет атқарған тұста қазақ мәдениеті жақсы дамыды. Қайраткер ұлттық мәдени құн­дылықтарды қайта түлетіп жаң­ғыртуға көп күш салғанын білеміз. Осылайша оның елге сіңірген еңбегі ұлт ұстазы деген абыройлы атаққа бөледі.

Жиынға Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми өкіл­дерінен бөлек, мемлекеттік орган­дардың жауапты тұлғалары, рес­публикадағы жоғары оқу орын­дарының әлеуметтік және тәрбие істері бойынша проректорлары, оқу орындарының салалық департамент басшылары, студенттік өзін өзі басқару ұйымдарының өкіл­де­рі қатысты.

Университеттің бас ғима­ра­тында «Қазығұрт» фольклорлық ансамблінің өнерімен және «Ұс­тазға тағзым» ескерткішіне гүл шоқ­тарын қою рәсімімен басталған форум қонақтарына «Ұлы дала елі – өркениеттер тоғысында» архео­логиялық көрмесі мен студент­тердің «Тарихи тұлғалар жастар көзімен» атты сурет және қолөнер шеберлерінің көрмесі таныстырылды.

Ал басқосудың ресми бөлімі «Тарихи тұлғалар» көрінісімен бас­тау алды. Жоғары оқу орын­да­рының алқалы мәжілісіне Шым­кент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқар­масы басшысының орынбасары Серғазы Әбілхайыров қатысып, келген қонақтарға құттықтау ле­бі­зін білдірді. Сонымен бірге ол биік азаматтық мәртебесі бар ұлы тұлғаларды құрметтеуге, олар­дың есімдерін халық жадында жаң­ғыртуға арналған елдік жиын­ның Шымкент қаласында өтуін үлкен мәртебе деп бағалап, халықтың тұғырлы тұлғалары­ның өмірлік жолы ұлттық тарихи сабақтастықтың үздіксіз дәстүрін жалғайтынын атап өтті.

Бұдан бөлек Ғылым және жоғары білім министрлігі коми­теті төрағасының орынбасары А.Абылайханның «Бабалар аң­са­ған парасатты, кемел ұрпақ» және Оңтүстік Қазақстан мем­ле­кеттік педагогикалық универ­ситетінің басқарма төрағасы-ректор Г.Сүгірбаеваның «Оңтүс­тік Қазақстан мемлекеттік педагоги­калық университеті трансформациясы және ұлттық код» тақы­рыбындағы баяндамалары тың­далды. Университет басшысы Г.Сү­гірбаева форум жұмысына қа­тысуға келген азаматтардың ізгі ниет, ықыластарына ерекше ілти­пат білдіріп, оқу орнының бү­гінгі тыныс-тіршілігі жөнінде кең мағлұмат бере кетті. Ректор өз баяндамасында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық уни­верситетінің 2020 жылдан бастап білім берудегі заманауи трендтерге сәйкес трансформацияның жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Сондай-ақ осынау бас­тамалар сапалы заманауи білім, іргелі инновациялық ғылым, рухани құндылыққа негізделген тәр­­бие, дамыған инфрақұрылым ба­сымдықтары бойынша іске асыры­лып жатқанына тоқталды.

Жаңа форматтағы педагог­тер­ді даярлауда рухани кемелдену мен ұлттық кодты негізге алған университет кешенді ребрендинг жүр­гізгенін, нәтижесінде оқу ор­нының жаңа логотипі бекітіліп, оқу ғимараттарына «Шаңырақ», «Тұмар», «Қазына» сынды ұлт­тық атаулар берілгенін мәлімдеді. Негізгі аудиториялар «Ұлы дала», «Мәңгілік ел» деген атауларға ие болса, мәжіліс залы «Қазақстан» атауымен аталатынын хабарлады. Оқу орнының сайты да түрленіп, жаңа тартымды форматқа көші­рілгенін жеткізді. Сонымен бірге ұлттық танымның өрісін кеңейтуде бірнеше халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйым­дастырылғанын, университет ғалымдарының бастамасымен ұлттық код тақырыбы бойынша тың мазмұнды ғылыми жобаларды іске асыру қолға алынғанын баяндады.

Форум барысында спикерлер тарапынан «Ұлы ұстаз – Әл-Фараби», «Абай Құнанбаевтың «Толық адам» ілімі және қазіргі жастар», «Әл-Фараби және Шәкә­рім мұрасындағы «Кемел адам» мәселесі», «Ы.Алтынсарин мұра­лары тәрбие құралы ретінде», «Ұлы даланың ұлы қыздары», «Студенттік жастар арасында есірткі және нашақорлықтың алдын алу жұмыстары, кездесетін мәселелер мен шешу жолдары», «Академиялық адалдық және сы­байлас жемқорлықтың алдын алудағы жастардың үлесі», «Әли­хан Бөкейханов және Алаш ағар­тушылары ұлттық тәрбие туралы», «Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» еңбегі және жастар тәрбиесі», «Цифрлық техноло­гиялар патриоттық тәрбие берудің құралы ретінде» тақырыптары ­бо­йынша баяндамалар тыңдалды.

Жиынның екінші бөлігінде университетке келген қонақтар оқу ордасының қоғамдық кәсіптер даярлау орталығының үйірме же­тек­шілері өткізген «Ұлттық код – ру­хани болмыс кілті» шеберлік са­бақтарын тамашалады. Жоғары оқу орындарының проректорларына арналып «Мағжан Жұма­баев­тың мұрасы негізінде балалар­ды цифрлық ойындармен тәрбие­леу мен оқыту», «Жоғары білім беру жүйесіндегі тәрбие жұмы­сын ұйымдастыру әдістемелігі» семинарлары ұйымдастырылып, «ашық микрофон» форматында жиылған көпшілік бір-бірімен пікір алмасты.

Ал студенттік өзін өзі бас­қа­ру ұйымдарының өкілдері үшін көш­басшылық қасиет психо­логия­лық тренингі өткізіліп, жастар өздерінің мәселесіне арналған пікір алмасу алаңында бас қосты. Келелі жиын университет жастарының гала-концертімен жалғасын тапты.

Осы тұста айта кету керек, биыл «Қазақстан Республикасындағы жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» әзір­леніп, бекітілді. Аталған құжатта басым бағыттардың негізгісі ретінде отандық ғалымдар санын арттыру, ғылыми экожүйені нығайту, ғылымның экономикадағы үлесін арттыру, университеттік ғылымды дамыту, ғылымды басқарудың тетіктерін жетілдіру секілді мін­деттер айқындалған.

Өз кезегінде Шымкент қала­сындағы Оңтүстік Қазақстан мем­­лекеттік педагогикалық уни­вер­ситетінде өткен жылы ғылымды қолдауға 200 млн теңгеге жуық қаржы бағытталды. Ғылым сала­сын гранттық қаржыландыру аясында 6 жоба іске асырылып, оның 3-і «Жас ғалым» бағытына арналды. Ал 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға 13 жоба ұсынылды. Университетте соңғы екі жылда 90-нан астам мақала халықаралық рецензияланатын журналдарда жарияланса, 20 әдеби туынды авторлық куәлік иеленді. 5 оқытушы-профессор «Болашақ» стипендиясының иегері сана­тында ғылыми тағылымдамадан өтті. Ғы­лыми зерттеу жұмыстарын уни­верситетішілік қаржыландыру шеңберінде 8,5 млн теңгеге 8 жо­ба іріктеліп, іске асырылып жатыр. Биыл бұл бағытқа қаралған қаржы 13,5 млн теңгеге жетті. Соң­ғы үш жыл көлемінде университет базасында 6 – халықаралық, 4 – республикалық ғылыми конференция өтіп, осы кезеңде 74 студент халықаралық, республика­лық олимпиадалардың жеңімпазы атанған. Өзара ынтымақтастық­ты арттыру мақсатында Тәжікстан­ның Худжанд мемлекеттік универси­теті, еліміздің Мемлекеттік орта­лық музейі, «Қазақстан хал­қына» және «Kemel Bolashaq» қор­лары­мен әріптестік байланыстар орнатылған.

Сонымен екі күнге жалғасқан республикалық форумға қаты­сушылары «Жаңарған, жаңғырған, түрленген Түркістан» тақырыбы аясында Түркістан облысы аума­­ғындағы мәдени-тарихи орындармен де танысып қайтты.