• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Алматы 05 Мамыр, 2023

Жаңа экономикалық сын-қатерлер

246 рет
көрсетілді

Алматыда Ұлттық банкінің «Ақша кредит саясатының стратегиялық мә­се­лелері. Жаңа экономикалық сын-қатерлер» тақырыбында ІІІ ха­лық­ара­лық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Басты тақырып – инфляцияны тар­геттеу моделі, яғни 2025 жылдан бастап инфляцияны 3-4 пайыз дәлізіне ба­ғыттау төңірегінде пікір алмасты.

Конференция жұмысына экономика саласындағы тәуелсіз сарапшылар, сондай-ақ Ұлттық банкінің, ака­де­­миялық қауымдастықтың, зерттеу орта­лықтарының, қаржылық және ха­лық­­аралық ұйымдардың, мемлекеттік институттардың өкілдері қатысты.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов әңгіме бюд­жеттік қағидаға тіреліп тұрғанын, про­циклдік фискалдық саясат, эконо­ми­каның теңгерімсіз құрылымы ке­зін­де эмиссиялық қаржыландыру тү­ріндегі ішкі проинфляциялық фак­торлар инфляцияның рекордты жедел­де­уіне қолайлы негіз болғанын айтты. Алғашқысы – сұраныс ұсынысқа ілесе алмай қалады, екіншісі өндіріс шығындарының өсуіне байланысты баға көтеріледі. Бұған динамикасы кез келген болуы мүмкін тұрақты экономикалық ауытқулар да, Украинадағы соғыс немесе пандемия сияқты «қара аққулар» да әсер етеді. «Соңғы жылдары біз аса жоғары белгісіздік пен құбылмалылық жағдайында өмір сүріп, шешім қабылдауға мәжбүрміз. Ондаған жылдар бойы қа­лыптасқан экономикалық байланыс пен сауда құрылымы түбегейлі өзгерді. Бұл жаңа экономикалық шынайылық оңтайлы ақша-кредит саясатын жүргізуде бірлесе жұмыс жүргізуді талап етеді. Осыған байланысты біз жаңа сын-тегеу­ріндерге инфляцияның мақсатты бағ­дарларының сәйкестігін талқыласақ дей­міз», деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары А.Баймағамбетов.

Ақша-кредит саясатына шолу жүргізу қажет­тілігі бүкіл әлемде тап болған оқи­­ғаларға байланысты туындаған. Covid-19 пандемиясының теріс салдары, ло­гис­ти­ка­лық тізбектегі үзілістер мен шек­теулі ұсыныс аясында кейіннен орын алған фискалдық және монетарлық ынталандыру инфляцияның кеңінен жеделдеуіне әкелді.

«Соңғы жылдары біз жоғары құбыл­ма­лылық пен белгісіздік жағдайында өмір сүріп, шешім қабылдап келеміз. Он­даған жыл бойы қалыптасқан эко­но­микалық байланыстар өзгеріп отыр. Сауда құрылымы өзгерді. Сол себепті Ұлттық банк мамыр-маусым айында инфляциялық таргеттеу саясатын қайта қарастыруы мүмкін», деп атап өтті А.Баймағамбетов.

Ұлттық банк инфляциялық таргеттеу саясатындағы инфляция деңгейі қандай болатынын ашып айтпаса да, кейбір ғалымдар оның деңгейінің жай-күйін зерттеп, тас-түйін етіп дайындап қойыпты. Мысалы, Назарбаев Университетінің Жоғары бизнес мектебінің профессоры Джозеф Кеннингс еліміздегі  инфляцияның оңтайлы деңгейі 5-7 па­йыз болады деген болжамды айтып үл­гір­ді. «Әртүрлі деректер жиынтығы не­гі­зінде біз Қазақстан экономикасы үшін инфляцияның оңтайлы деңгейі 5-7 пайыз болатынын анықтадық», деген сарапшы инфляция деңгейін бірден 13 пайызға қалай түсіруге болатынын ашып айтып бере алмады.

Іс-шара барысында Ұлттық банк пен академиялық қауымдастықтың өкіл­де­рі конференция қатысушыларына ортамерзімді кезеңдегі тұтынушылық баға­ның динамикасы бойынша мәлімет­тер­ді, инфляция бойынша мақсатты бағ­дар­ларды белгілеу және оған қол жет­кі­зу бойынша зерттеулер қоры­тын­ды­сын таныстырды. Тәуелсіз сарапшы­лар инфляцияның оңтайлы таргетін анық­тау және оны тұрақтандыру бойынша мо­нетарлық саясат жүргізуге қатысты өз па­йымдарын ортаға салды.

«Жалпылай айтқанда, экономис­тер мен болжаушылардың пікірі инфляция түсе бастайды деген ортақ тұжы­рымға келеді. Бұл өз кезегінде ақша-кредит саясатының шаралары дұрыс таңдалғанын көрсетеді. Базалық мөл­шерлемені төмендетуге қатысты қажет­ті­лік инфляция 13-12 пайызға дейін төмен­дегенде ғана өзекті бола алады», дейді Ха­лықаралық валюта қорының Кавказ, Ор­талық Азия және Моңғолия елдері үшін әлеуетті дамытудың өңірлік орта­лы­ғының экономисі Нұрдәулет Әбілов.

Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Рүстем Оразалиннің айтуынша, жыл соңына дейін инфляция 9-12 пайыз дәлізіне дейін төмендеуі мүмкін. Ұлттық банктің ба­залық жоспарындағы болжамына сәйкес бұған мүмкіндік бар. Ақпан-наурыз айындағы инфляцияның динамикасында инфляциялық үдерістердің баяулай бастағаны байқалған. «Өткен жылдың нау­­­рыз айында ең жоғары инфляция деңгейі болғанын білесіздер. Біздің тара­пы­мыздан, алдағы уақытта қабылдап жат­қан шаралар нәтижесінде инфляцияны 9-12 пайыздық дәлізге дейін төмендеу мүмкіндігі өте жоғары деп бағаланады», деді Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты департаментінің директоры.

Сарапшылар өткен жылғы экономи­ка­лық өсімнің 3,2 пайызға көтеріліп, еңбекке жарамды халық санының артуын ескеріп, инфляция деңгейінің тө­мен­деуі мүмкін екенін айтқан болатын. Ұлт­тық банк өкілі айтып өткендей, бү­гін­гі жиында ортамерзімді және ұзақмер­зімді таргеттелетін инфляцияның жаңа мөлшері туралы сөз болды. ІЖӨ-дегі қазіргі бағыт сақталса, 2025 жылдан бастап таргеттелетін инфляция 3-4 пайыз деңгейінде тұрақталады. Ұлттық банк өкілі айтып өткендей, пандемия, геосаяси жағдайлар инфляцияның таргеттен алыстатып жіберді. Бұл саясаттың екін­ші бөлігі – негізгі мөлшерлемені көте­ру арқылы инфляцияны төмендету әре­кеті. Бірақ бұл жағдайда пайыздық мөлшерлемені көтеру арқылы инфляция­мен күресуге тырысқанда, олар экономиканы стагфляциялық тұзаққа түсіреді (стагфляция – өндірістің құлдырауымен, бағаның өсуімен және халық арасындағы сатып алу қабілетінің төмендеуімен сипатталатын экономиканың жағдайы). Бұл несие құнының өсуіне әкеп соғады, соның нәтижесінде инвестицияны несие­леу қысқарады, технологиялық деградация орын алады, бәсекеге қабілеттілік төмендейді, нәтижесінде, жаңа деваль­вация болады. Біз стагфляция тұ­зақ­тарының бұл тұйық шеңберінен әлде­неше рет өттік, бұл жолда тіпті теориялық тұрғыдан да макро­эко­но­микалық тұрақ­тан­дыруға қол жеткізу мүмкін емес. «Біз­­дің тұтыну тауарларын ішіндегі ста­тисти­ка бюросының дерек­теріне сәйкес, азық-түлік тауарларына қатысты айтатын болсақ, 20 пайыз деңгейінде. Ал егер азық-түлікке жатпайтын тауарларды алатын болсақ, ондағы импорт көлемі көбірек. Шамамен 60 пайыз тауарды шетелден алып келуге мәжбүрміз», дейді Р.Оразалин.

Бір кездері Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі болған Айдархан Құсайы­нов­тың айтуынша, Ұлттық банк бірер жылдан бері инфляциялық таргеттеу саясатын жүргізбегенін айтты. Инфля­цияны тізгіндеп, экономика өсі­мін де қатар ұстап отыру Ұлттық банк пен Үкіметке салмақ салып тұр. Оның айтуынша, инфляцияның биылғы шекті межесін Ұлттық банк қалаған деңгейде ұстау қиын болып тұр. Себебі инфляцияны қолдан тежеу мүмкін емес, нарықтық тетіктер әлсіз. Ұлттық банк пен Үкі­мет­тің министрліктер мен әкімдер ар­қы­лы қаржыны жұмсаудың жолын із­де­се, Ұлттық банк баға мен теңгенің тұ­рақ­­тылығына ғана жауап беремін деген сыңай танытып отыр. Ұлттық банк ақпан-наурыз айында валюта нарығында интервенция жүргізбесе де алтын-валюта қорымыздың кеміп қалғаны байқалып қалды. Инфляцияны таргеттетудің жаңа жүйесі алтын сатуды да интервенцияның бір түрі деп қабылдаған кезде ғана жемісін береді.

Халықаралық тәжірибеде орталық банктер интервенция жасап, бағамды орнына қайтарса, инфляциялық күту деңгейі азаяды. Ал бізде Ұлттық банктің интервенцияларының ішкі нарыққа әсері аз. Басқаша айтқанда, инфляцияға әсері төмен. Қазір Үкіметтің бағаны тұрақтауға бағыттаған шараларының нарыққа деген әсері 1-4 пайыз екенін сарапшылар талай жылдан бері айтып келеді.

А.Құсайыновтың айтуынша, елдің экономикалық өсімі Ұлттық банктің екінші кезектегі міндеті болып табылады, өйткені реттеушінің құралдары шектеулі. Бас банк үшін теңге баға­мы­ның тұрақтылығы бизнестің сенімділігін арт­ты­рудың ең қуатты құралдарының бірі ретінде қалыптасқан. Ал қуатты теңге ішкі нарықтағы бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ете алмай отырғаны – Ұлт­тық банк пен Үкіметтің жабық есік жағ­дайында жеке-дара талқылайтын та­қырыбы. Сарапшының айтуынша, базалық мөлшерлеменің төмендеуі немесе бірнеше ай бойы тұрақты болуы біздің нарық үшін үлкен рөл атқармайды.Әзірге инфляцияның ашуы басылған жоқ. Егер қазіргі деңгей 10 пайыз болса, әкімшілік ресурстар арқылы төмендетуге болады. Ал 20 пайыздық көрсеткіш әкімшілік ресурстарға бағынбайды.

Сондай-ақ А.Құсайынов бұл саладағы негізгі проб­ле­малардың созылмалы си­пат­қа ие екен­дігін атап өтті. Банк сек­то­ры­ның жал­пы экономикалық өсуге, атап айтқан­да, экономиканың басым секторларын да­мытуға қосқан үлесі жеткіліксіз. Банк­­тердің экономиканы ұзақмерзімді не­сие­леуінің іс жүзінде жоқтығы, бұл мем­лекетті пайыздық мөлшерлемелерді суб­сидиялау арқылы несиелеуді ынталан­ды­ру үшін әдеттен тыс функцияларды қа­былдауға мәжбүр етеді.

«Жаңа экономикалық бағытты жү­зеге асырудың маңызды бағыты ақша-несие саясаты болуы керек, оның не­гіз­гі мақсаты банк жүйесінің қар­жы­лық ағындарын несиелендіруге қайта бағ­дарлауға басымдық беруі тиіс», дейді А.Құсайынов.

 

 АЛМАТЫ