• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Медицина 11 Мамыр, 2023

Нейрохирургияның жаңа дәуірі

447 рет
көрсетілді

Нейрохирургия ми мен жұлын, омыртқа ауруларын емдейтін медицинаның негізгі бағыты саналады. Қазір ғылым бас жарақатын, ісікті, мидың функционалдық ауруларын, қан тамырларының патологиясын, эпилепсиямен қоса паразитарлы инфекцияларды емдеп-жазуға әлеуетті. Қысқасы, нейрохирургия дамыған сайын бұрын күрделі саналған операциялар қолжетімді болып, емі жоқ аурулардың дәруі табылып жатыр. Біле білгенге, осы жаңашылдықтардың басым көпшілігін 15 жылдық тарихы бар Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері тәжірибеге енгізген.

Нейрохирургия негізі

Ұлттық нейрохирургия орталы­ғын­­да елдің кез келген аймағындағы науқас­­тар квота арқылы тегін емделе алады. Әри­­не, орталыққа екінің бірі емес, диаг­нозы­на қарай ауруы асқынғандар барады. ­Тіпті көршілес Ресей, Өзбекстан, Қыр­ғыз­стан, Тәжікстаннан да еміне шипа іздеп келіп жатқандар бар. Бірақ елде оларға тек ақылы қызмет көрсетіледі. Қалай дегенде де бізде операцияның құны Ресеймен салыстырғанда екі-үш есе арзан екен. ТМД елдерінде бай-бағландар Ресейге, бізге, жағдайы келіп жатса, Израиль, Еуропа асады немесе Кореяға барады. Өйткені онда менеджмент, маркетингке көбірек көңіл бөлінген.

Кеңес өкіметі ыдырағаннан кейін елі­міздің нейрохирург мамандары Ре­сей­­мен байланыс орнатқан. Себебі Ре­сей­де 90 жылдық тарихы бар әйгілі Н.Бру­денко атындағы нейрохирургия инс­титуты бар. Институттың бірінші бас­шысы – екі рет Кеңес одағының батыры атанған Николай Бруденко деген азамат. Ол Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес әскерінің бас дәрігері болыпты. Негізі сол соғыстың алдында Америка мен Германия да нейрохирургияны дамытуға көңіл бөлген. Бұл ХХ ғасырдың 30-жылдарымен, яғни әлемде нейрохирургия бөлек сала ретінде зерттеле бастаған кезеңмен сәйкес келеді. Көп ұзамай 1950 жылы Алматыда нейрохирургия травматология, хирургиядан бөлініп, өз алдына бөлімше ашылған. Ол заманда қазіргі­дей микроскоп, жетілдірілген құрылғы­лар болмаған. Өлім-жітім көрсеткіші де қазіргімен салыстыруға келмейді. Елдегі дәрігерлердің Н.Бруденко институтымен байланысына қайта оралайық. Негі­зі нейрохирургияда елдегі тәжірибелі мамандардың көбі сол институтта бі­лім алған. Егемендік алған жылдан бері­де нейрохирургияның дамуына тіке­лей себепкер болған медицина ­ғы­лым­дарының докторы, профессор, ҰҒА академигі, Ғылым мен техника сала­сындағы мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты, «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ Басқарма Төрағасы Серік Ақшолақов та Тәуелсіздік жылдарында Н.Бруденко институтынан келген. Институт басшылығы әуелде білікті маманға Ресейде қалуды ұсынып, қолқалапты. Бірақ дәрігер отандық медицинаны дамытуды ойлап, елге оралғанын білеміз. Негізі, Кеңес өкіметі тұсында нейрохирургияда оқыған қа­зақ дәрігерлері аса көп те болмаған. Ал қазір осы салада білім алып, тәжірибесін шыңдап жүрген жастар көп. Олардың аяқалысы да жақсы.

 

Сәулелі емнің септігі мол

Сонымен, 2000 жылдары ел еңсесін тіктей бастаған тұста Ұлттық нейро­хирургия орталығын ашу жайы жос­пар­лана бастаған. Осы жоспар ара­ға 8 жыл салып орындалып, 2008 жы­лы Астанада Ұлттық нейрохирур­гия орта­лығы ашылды. Міне, осы сәт­тен нейрохирургия саласының жаңа кезеңі басталды деп айтуға болады. Өйт­кені биыл мамандандырылған еңселі орта­лықтың құрылғанына 15 жыл толып отыр. Осы аралықта орталықта 57 мың­нан аса адам ем алған. 39 мың адамға операция жасалған. Операциялардың 70-тен аса түріне жаңа технологиялық әдіс-тәсілдер енгізілген. Нәтижесінде, қазір нейрохирургиядағы науқастардың ішінде шетелге барып емделетіндер азайған. Мұның себебі орталықтың әлеуеті әлемдегі барлық операцияны жасауға жетеді. Қарап отырсақ, ми патологияларының нейрохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты нейрохирург дәрігер Нұржан Рыскелдиев айтқандай, медицинадағы жетістіктеріміз – тәуелсіздік жемісі.

– Иә, елде денсаулық сақтау сала­сының барлық бағытына көңіл бөлінді. Шетелде білімін жетілдіруге барып жат­­қан дәрігерлер көп. Медицинада «бі­рін­ші кезекте – науқасқа зияның ти­меуі керек» деген қағида бар. Тағы, алтын­нан да бағалы саналатын уақытты бос өткізбеу керек. Мысалы, халі мүш­кіл нау­қастарды шетелге алып барған­нан ше­телдегі дәрігерлерді осында ша­қыр­ғанымыз тиімдірек. Себебі нау­қас ем-домын алғанның өзінде, елге қай­тар­да жағдайы күрт нашарламайтынына еш­кім кепілдік бере алмайды. Біздің орта­лыққа барлық өңірден науқастар ке­леді. Оның ішінде кейбір операциялар­ды жүргізу үшін науқасты ап­та немесе тіпті екі-үш ай дайындау қа­жет. Ал оқыс жағдайлардан кейінгі же­дел опе­ра­цияларда барлық сараптама­ны тү­ген­деп отыруға уақыт тапшы болады. Қарбаласта науқастың туыстары бауы­рының жағдайын сұрап жатады. Мұн­дайда біз науқастың жағдайы «елу де елу» деп қана түсіндіреміз. Өйткені па­циент операцияға түбегейлі дайын емес. Оның үстіне жарақат алғаны та­ғы бар. Сондықтан пациенттер әр кез дәрі­гермен кеңесе отырып шешім қабыл­дағаны абзал, – дейді нейрохирург дәрігер.

Ұлттық нейрохирургия орталығы Израильмен де берік байланыс орнат­қан. Ондағы білікті мамандар бізге ке­ліп, жоғарыдағы 70 түрлі жаңа техно­ло­гиялық операцияның шамамен 10-15-ін енгізуге ықпалдасқан. Қазір Ұлттық ней­рохирургия орталығында ми поталогиясы, жұлын патологиясы, қан-тамырлары функционалдық нейрохирургия, балалар нейрохирургиясы және нейрооңалту деп аталатын бес бөлімше бар. Қала берді орталықтың базасында нейрохирургияның жаңа салалары – микронейрохирургия, эндоваскулярлық, эндоскопиялық және функционалдық нейрохирургия енді. Ендігі соңғы жаңа­лықтардың бірі – мүмкіндігі мол Гам­ма-пышақ радиохирургия кешені. Осы радиохирургиялық қондырғы ми­дың ісіктерін, мидың тамырлы және функ­ционалдық ауруларын емдеуге арнал­ған. Сәулелік терапияға қарағанда, Гам­ма-пышақтың көмегімен емдеу ке­зең-кезеңімен жасалады. Дәрігерлер қон­дырғы арқылы қазірдің өзінде 800-ден аса науқасқа көмек көрсеткен. Біл­сеңіздер, радиохирургия – ағзаға бой­лап жасалатын операция. Мысалы, танау арқылы эндоскоппен мидың астындағы ісіктерді жоюға болады. Егер науқастың жағдайы мұндай операцияға келмесе, амал жоқ, бас сүйекті ашу­ға тура келеді. Радиохирургияда 2-3 сан­тиметрлік ісіктерді жоюға болады. Тар­қатып айтсақ, мида негізі адамның жүйке жүйесінің 12 тармағы бар болса, солардың барлығы мидың астыңғы бөлігінде орналасады. Ал адамның жүйке жүйесі зақымданса, қайта қалпына келуі қиынның-қиы­ны болуы ықтимал. Әлемдік көрсеткіш бойынша сәулелік емнен кейін нау­қастардың орта есеппен 80% -ында ісік қайта өспейді екен. Егер өссе, онда амал жоқ, операция жасалады. Орталықта радиохирургтермен бірге физиктер де бар. Олар сәулені программалап, жан-жақтан келетін сәулені есептеп, ісік пайда болған тұста қиылыстырады. Бұл – бас сүйекті ашпай жасайтын операция. Орталық Азияда мұндай ем тек бізде ғана бар екен.

 

Қатерлі ісік қайдан пайда болады?

Көпшілікті қатерлі ісік қайдан пайда болады деген сауал алаңдатса ке­рек. Қатерлі ісіктің негізгі, дәлелденген се­беп-салдарының бірі радиоактивті зат­тар екен. Асқынған вирусты инфекция, дұрыс тамақтанбау, созылмалы стресс, химиялық бояғыштармен қоса, жанармаймен немесе мұнайда жұмыс істейтіндердің әлсіз ағзасы сыр беруі мүмкін. Дәрігерлердің айтуынша, кез келген вирус уақытында дұрыс емделмесе, кейін қайта ышқынуы әбден мүмкін. Сондықтан иммунитетті түсірмеу керек. Медицина мамандарының таңертең, жатарда су ішу керек дейтіні тегіннен-тегін емес болса керек. Осы ретте дәрігер Нұржан Рыскелдиев вирусты клеткалар жайында тарқатып айтып, тақырыпты түсіндіріп берген еді.

– Вирус түскенде ағзадағы «бұ­зық клеткалар» бағынбай кетеді. Панде­мия­ның салдары қазір де шығып жатыр. Бұл әуелден, пандемия басталғанда күтілген еді. Өйткені ол вирус бұған дейін анықталмаған. Ағзаға қалай әсер ететінін ешкім білмеді. Екі жыл бұрын пневмония көп болса, былтыр, инсульт пен инфаркт көбейіп кетті. Өйткені жастардың көбі вирусты симптомсыз өткізді. Алайда вирус ағзаға түсті ғой. Ағза оны жеңді. Ал вирус клеткаларда екі-үш жыл тұрады екен. Иммунитет түскенде, оянуы әбден мүмкін. Өкінішке қарай, қазір ісікпен туып жатқан балалар бар. Мұндай жағдайға да созылмалы вирусты инфекция әсер етеді. Қазір интернет тарататын wi-fi бар. Ел соны денсаулыққа кері әсер етеді деп жатыр ғой. Бекер емес, одан да радиатолқындар шығады. Қазір гаджеттердің де адамға зияны бар. Бірақ оны ешкім айтпайды. Кейбір елдерде 15-18 жасқа дейінгі балаларға қымбат телефон ұстатпайды. Жаңа технологиялардың денсаулыққа зияны болғанымен, нақты дәлел бол­маған соң ұсыныс-пікірлер айтылған жерде қалады. Адам ауырмау үшін ең әуелі ауырмаймын деген ой, ниет болуы керек. Суды тиісті мөлшерде көбірек пайдалану керек. Мен мұны айтудан жалықпаймын. Ауасыз, сусыз өмір жоқ қой. Жаңбыр жаумаса, жердің өзі жарыла бастайды. Ағзаға да солай су керек. Қимыл қозғалыс керек, – дейді дәрігер.

Орталықтағы бір ғана ми патоло­гия­­ларының нейрохирургиясы бөлім­шесінде жылына 800-900 адам жата­ды екен. Жылдан-жылға науқастар көбе­йіп, операция саны өскені байқа­ла­ды. Осы бөлімшеде дәрігерлер ми ісіктері, ми жарақатының асқынулары, паразитарлық инфекциялар, эпилепсия, ми іші ісіктері, ми сыртындағы ісіктер сияқты дерттерді емдейді. Яғни аталған бөлімшеде жасалатын опе­ра­циялардың 90 пайызы ісікпен бай­ла­нысты. Орталық ашылғалы бері жа­сал­ған өте күрделі операциялардың тізімінде мидың астындағы тамырланып кеткен үлкен ісіктерді жою болыпты. Ісік­тердің кейбірінде осылай қан тамырлар өршіп кеткен болады. Оны опера­цияда алып болғанша қан көп кетуі ық­тимал. Мысалы, ер азаматтар 3 литр­ден артық қан кеткенде, оны құйғанда көтере алмауы мүмкін. Ол ағзаға стресс түседі. Ал әйелдерде қан сәл көбірек кетсе, ағзасы шыдай біледі. Мұндай жағдайларда қауіптің алдын алу үшін дәрігерлер операцияны екі кезеңге бөліп жасайды екен. Кеңес өкіметі тұсында мұндай операциялар атымен болмаған. Ал қазір өңірлердегі дәрігерлер де жасайтын болған. Бірақ күрделі ісіктерді Ұлттық нейрохирургия орталығына нұсқайды. Оның көбі қан тамырланып кеткен ісіктер деп айттық. Кейінгі жыл­дары әйелдерде жүктілік кезінде ісік­тер жиірек пайда болуда. Осындай жағ­дайларда науқастардың басым көпшілігі Ұлттық орталыққа келеді. Ал мұндағы дәрігерлер Ана мен бала орталығындағы мамандармен бірлесіп, кеңесіп жұмыс істейді. Өйткені ана мен бала өмірі аса маңызды. Биылдың өзінде жүкті кезінде қатерлі ісікке шалдыққан аналардың саны 10-ға шамалап қалыпты. Бұл бұ­рын­нан бар диагноз болғанымен, кейінгі 2 жылда көбейгені байқалады.

Қазір Ұлттық нейрохирургия орта­лы­ғының әлеуетін көпшілік біледі. Біл­ген соң кейбір операцияларды облыс­тық орталықта емес, Ұлттық орталықта жасатуды жөн көретіндер көп. Мұндағы мамандар жылдан-жылға тәжірибесін арттырып, толысып жатыр. Қысқасы, барлық шаруа бір жүйеге қойылған. Опе­рация – бастан-аяқ дәрігерлердің жіті бақылауында. Аймақтан келген нау­қасты қабылдаған дәрігерлер бас салып операцияға кіріспей, науқастың ден­саулығын жіті тексереді. Арнайы құралдар арқылы қай жерден кескен қолайлы, қай тұстан миды зақымдамай ісікке баруға болатынын анықтап алады. Себебі науқастың операциядан кейінгі жай-күйі, қалыпты өмір сүруі маңызды. Сол себепті операция барысында нейромониторинг арқылы мидың өмірге аса қажетті бөліктерін біліп отыруға мүмкіндік бар. Демек, операция кезінде нейрофизиологтердің болуы заңдылық.

 

Шетел емінің жарнамасы басым

Әлеуметтік жағдайы келетіндер ту­ған-туысы шетелге барып емделсе, жағ­дайы жақсарып кетер деп үміт артады. Іштей сенеді. Бір қызығы, көптеген ауру­дың емі шетелде, бізде бірдей, айыр­машылығы шамалы. Шетелге барып емделуді құп көретіндер ондағы дәрі-дәрмек сапасын, операциялар уақыт оздырмай тез арада жасалатынын айтады. Бұл шетелде медицина бизнеске айналғанын білдірсе керек. «Ме­дициналық туризм» деген де бар. Осы бағыт қазір Корея, Қытай, Түркия­да қазір жақсы дамып жатыр. Ондағы мамандар науқас келе қалғанда жылдам әрекет етеді. Бизнестің қағидасы – осы. Неге десек, бір аурухана жылдам әрекет етпесе, екінші, тағы бір ақылы медициналық орталық дайын тұр.

– Мұндай орталықтар пациентке тала­сады. Бірақ шетелге барғандардың ішін­де көңілі толмай келгендер де бар­шылық. Өйткені онда өз еліңде тексе­ріл­дің бе, жоқ па қарамайды. Өздері қайда тексереді. Оның барлығы ақылы. Ал бізде науқастар біраз уақыт жіті қаралып, тексеріліп, операцияға дайындалады. Протокол бойынша әри­не. Елден шетел­ге барып емделетіндер кө­біне сол жекеменшік емханаларға барады. Онда да күтпеген жағдайлар болады ғой, жан сақтау бөлімінде көбірек жатып қалса, шығындалып, елге, үкіметке қолқалап жатқандар баршылық, – дейді Нұржан Рыскелдиев.

Операцияның оңайы жоқ. Саладағы жас мамандар да осы сөзді құлағына құйып жетілуде. Өйткені нейрохирургияда кейде үлкен ісікке қарағанда кіші ісікті алған күрделірек болуы мүмкін. Себебі наркоздың өзі ағзаға салмақ салады. Заман ілгерілеген сайын аурудың себеп-салдары көбейіп, «ауру айтып келмейді» демесек жарар. Сондықтан қазір саламатты өмір салтын ұстану арқылы кез келген сырқатқа тосқауыл қоюға болады деген дәрігерлердің ұста­нымымен жүргеніміз абзалырақ.