• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Бокс 17 Мамыр, 2023

Әлем чемпионаты: Боксшылардың жеңісі мен жеңілісі

2410 рет
көрсетілді

Әуесқойлар арасында әлемдік бокс державасы саналатын Қазақстан боксшылары күні кеше Ташкентте өткен әлем чемпио­натында үздіктер қатарынан көрініп, төрткүл дүниенің алдында өз мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Жерлестеріміз Ташкент төрінде 4 алтын, 1 күміс медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте тек жарыс қожайын­дарынан ғана қалып қойды. Бұл ретте жыл басында ғана ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне қайта тағайындалған Мырзағали Айтжановтың еңбегін айрықша атап өтуге болады. Білікті маман қысқа ғана мерзім аралығында бәсекеге қабілетті команда жасақтап, 2013 жылғы жетістігін қайталады. 10 жыл бұрынғы Алматыдағы боксшылардың аламанында да жерлестеріміз Айтжановтың жетекшілігімен 4 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль жеңіп алып, бокс жанкүйерлерін шаттыққа бөлеген еді. Дегенмен боксшыларымыздың Ташкенттегі жеңісіне қуануға әлі ерте. Алдымызда Азия ойындары мен Олимпиада дейтін абыройлы жарыстар күтіп тұр. Токиодағы тоқыраудан кейін Париждегі нәтижеміз қалай болары белгісіз. Осы орайда Өзбекстандағы әлем чемпионатынан кейін еліміздегі аузы дуалы бокс мамандарының басын қосып, Ташкенттегі турнирді қорытындылап, құнды пікірлерін сұрап, білген едік.

Боксшыларға ризамыз

Нұржан СМАНОВ,

бокстан Қазақстанның

еңбек сіңірген спорт шебері:

– Әлем чемпионаты қарсаңында БАҚ өкілдеріне: «Жарыс әділ өтсе, Қазақстан құрамасы төрт алтын алуға мүмкіндігі бар, ал егер төрешілер бұра тартатын болса, екі ал­тынмен шектелеміз», деп кесіп айт­қан едім.

Менің осылай күмәндануым не­гізсіз емес. Кезінде өзім де Ташкент тө­­рінде сан мәрте жұдырықтастым. Ол жерде жергілікті боксшыны айқын басымдықпен жеңбесең, жеңісті саған бере қоюы неғайбыл. Олар «кімнен ұтылсақ та, қазақтарға есе жібермеуіміз керек», деген қағиданы ұстанады. Оған таң­данатын түгі жоқ. Біздің де ұста­нымыз сондай.

Күні кеше ғана аяқталған әлем чемпионатын тапжылмай тамашаладым. Иә, бастапқы кезеңдерде біраз бұра тартушылық болды. Бірақ алғашқы айналымдарда ұтылған еліміздің былғары қолғап шеберлеріне көпе-көрінеу қиянат жасалды деп айта алмаймын. Жеңілген жігіттеріміз кінәні өздерінен іздесін. Осындай дүбірлі додада жеңіс тұғырына көтерілу үшін оларға әлі көп жұмыс істеу керек.

Жартылай финал және финалдық сайыстар әділ өтті. Бас жүлде үшін өт­кен жекпе-жектерде жеңіліс тауып, күміс медаль иеленген Дулат Бекбауов­тың (67 кг) өзбекстандық Асадхожа Муйдин­худ­жаевқа әлі жетпеді. Ал­ғашқы екі раундты қандасымыз қар­сы­ласына беріп қойды. Тек үшінші раунд­та ғана Дулат ширақ қимылдай бастады. Бір­ақ қарсыласыңды ұрып жықпасаң, соң­ғы раундта жеңісті жұлып алу мүмкін емес.

Ал шешуші тұста жеңіске жеткен төрт боксшымызға айтар алғысымыз шек­сіз. Барлығы да өте керемет өнер көр­сетті. Ойбек Жураев пен Сайджамшид Жа­фаровты өз жерінде тас-талқанын шы­ғарып жеңген Махмұд Сабырхан (54 кило) мен Асланбек Шымбергеновтің (71 кило) шеберлік деңгейі бәсекелестерінен бір бас жоғары болды. Сол себепті төре­шілер жергілікті боксшыларға жақтасып, жерлестерімізге «килігуге» еш ілік таппады. Бәсеке барысында Махмұд қарсыласын екі рет нокдаунға жібергенде, шаттанбаған қазақ жоқ-ау, сірә! Санжар Тәшкенбай (48 кило) мен Нұрбек Оралбайдың да (80 кило) басымдығы анық байқалды. Жас болса да жалынды әрі қарымды жігіттер екен. Иә, дәл осындай өр мінезді өрендері бар Қазақ елі боксы­ның ертеңі үшін еш алаңдамауға болады.

Жалпы алғанда, Ташкенттегі әлем чем­пионатының ұйымдастырылу дең­гейі өте жоғары болды. Өзбектер бұл жарысқа жан-жақты және тыңғылықты дайындалған екен. Осы жағы бізді қуант­ты. Ал Мырзағали Айтжанов жаттық­тыр­ған Қазақстанның ұлттық құрама коман­дасының аталған додадағы өнері бас бар­мақпен бағалауға тұрарлық.

 

Қамшыбек жігерсіздік танытты

Тұрсынғали ЕДІЛОВ,

бокстан Қазақстанның

еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

– Жалпы алғанда, Қазақстан құрама­сының әлем чемпионатында өте жақсы нәтиже көрсетті деп айтуға толық негіз бар. Десек те «әттеген-ай» деген тұс­тары­мыз да жоқ емес. Мәселен, аса ауыр салмақ дәре­­­жесінде күш сы­нас­қан Қамшыбек Қоң­­­қабаевтың өнеріне кө­ңілім мүлде тол­мады.

Бүгінгі таңда бұл салмақтың фавориті Баходир Жалолов екені сөзсіз. Бірақ оны да ұтуға болады. Қоңқабаевпен өткіз­ген жекпе-жегінде ол шаршы алаңға қобалжып шықты. Күллі Өзбекстан халқы аса ауыр салмақтағы алыбынан тек алтын жүлде күтіп отырғандықтан, Жалолов қазақ бокс­шысынан қалайда жеңіліп қалмаудың қамын ойлады. Бұл – психологиялық тұрғыдан қосымша ауыртпалық жүктеді. Бәсеке барысында Баходир сол қолмен тіке соққы жасаумен ғана шектелді. Басқа мардымды ештеңе істей алған жоқ. Сол сәтті Қамшыбек ұтымды пайдалануы керек еді.

Үшінші раунда Қоңқабаев біраз «тіріл­­гендей» болды. Жақсы екі соққы жа­сағанда, Жалолов қашқақтай бастады. Қан­дасымыз шабуылын одан әрі жал­ғастыруы керек еді. Ал ол қарымта соқ­қы алып қаламын ба деп қорқып, же­ңіліп жатса да, өте сақ әрі баяу қи­мыл­дады. Қар­сыласынан қаймығып, уақыт созып жүріп алды. Бір сөзбен айтсақ, Қамшыбек жігерсіздік танытты. Сын сағатта намысын қамшылай алмады.

Келесі жылы Парижде Олимпиада ойын­дарының алауы тұтанады. Төрт­жыл­дық­тың басты додасында олардың жолдары қайта қиысатыны анық. Ол кезде де Қоңқабаевтың ұтылатынына күмәнім жоқ. Өйткені Жалоловтан жеңілуге оның еті әбден үйреніп қалған. Ал олай болса, алдын ала осалдығын мойындап, сағы сынған боксшыны Олим­пиадаға апарудың не қажеті бар? Әлде барлығымыз жаратушыға «Фи­налға дейін Қоңқабаевты Жало­ловпен жолықтырмаса екен» деп жалбарынып отыруымыз керек пе? Қамшыбек қанша жерден атақты бокс­шы болса да, оны дереу бас­қа боксшымен алмастыруымыз керек.

 

Төрт алтын – кездейсоқ нәтиже емес

Рауан ОҚАС,

бокс сарапшысы,

спорт комментаторы:

– Араға 10 жыл салып әлем чемпиона­тында тағы да 4 алтын медаль алдық. Бұл жолы шетелде өткен жарыста және шар­шы алаңда біздің бітіспес қарсыла­сымыз саналатын өзбек елінде. Шын мәнінде, бұл – қуантарлық жайт. Әлем чем­пиона­тының қарсаңында бокс маман­дары мен жанкүйерлері «өзбектер 2017 жылғы Азия чемпионаты сияқты медальдың басым бөлігін өздері жинап алады, біздің бокс­шыларға қиянат жасалады» деп бол­жаған еді. 9 жүлде тым көп, бірақ алған 5 алтындарын лайықты деп қабылдауға болады. Басқа елде өтсе, біздің команда бірінші орыннан көрінер еді.

Жартылай финалдан бастап қазақ бокс­шылары сенімді жұдырықтаса бас­тады. Бес боксшы финалға шықты. Қолаға қол созым жерде 2021 жылы Сер­бияда өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегерлері Серік Теміржанов (57 кг) мен Қамшыбек Қоңқабаев (+ 92 кг), Сағындық Тоғамбай (86 кг) секілді боксшылардың сүрінгені көңілімізге қаяу түсірді.

Бұл додада сенімді ақтай алмаған бокс­шы деп тек Санатәлі Төлтаевты (63,5 кг) айтар едім. Өте өкінішті. Екі егіз бокс­шы­ның құрамадағы жолы осы­мен жабылды-ау деп ойлаймын. Тал­ғат Сы­рымбетов мен Сағындық То­ғамбайға әлі де мүмкіндік беру керек, ал Қамшыбектің Жалолов бар кезде халықаралық жарыстарда алтын алуын елестете алмаймын. Қоңқабаев алар асуын алды, мүмкіндік берілді, енді ұлттық құрамада орнын жастарға босатып бергені дұрыс. Басқа жігіттердің де шығуына жағдай жасалу қажет.

Ташкент төріндегі дүбірлі додада жігіт­­теріміздің төрт алтын медаль алуын кездейсоқтық емес деп айтар едім. Жа­сыратыны жоқ, тек Нұрбек Оралбайдан (80 кг) ешкім алтын жүлде күткен жоқ. Ал Санжар Тәшкенбай (48 кг), Махмұд Сабырхан (54 кг), Асланбек Шымбергеновтердің әу бас­та чемпион болуға мүмкіндігі бар екенін топшыладық, Сәкен Бибосыновтың (51 кг) да жүлдеге таласатын қауқары болған. Алайда жарақаты, былтырдан бері рингке шықпағаны өзіне кері әсерін тигізді. Сондықтан 13 салмақта 4 алтын, бір күміс жүлде алу ешқандай да жаңалық емес.

Келер жылы Париж Олимпиадасы өтетіні баршаңызға белгілі. Боксшы­лардан бұрын бапкерлерге оңай ти­мейді. Шамасы, Санжар Тәшкенбай 51 кило салмақта бағын сынайды, Сәкен Бибосынов екеуінің арасында жеңімпаз анықтау керек болады. Те­міртас Жүсіпов 48 кило салмақта қала­тынын айтты. Махмұд Сабырхан Серік Теміржановтың салмағына ауыс­са, ол жақта да бәсеке қызайын деп тұр­ғандай. Ағайынды Оралбайлардан Айбекке әрі қарай да үміт артқанымыз дұрыс. Осы жолы чемпион атанған сы­ңары Нұрбек үшін өте қуаныштымын, дегенмен оның же­ребесі өте сәтті түскенін айта кеткен жөн. Алдағы Париж Олимпиа­дасында мен осы жігіттерді көргім келеді:

48-52 кг: Санжар Тәшкенбай

52-57 кг: Сабырхан Махмұд

57-63 кг: Талғат Сырымбетов

63-69 кг: Дулат Бекбауов

69-75 кг: Асланбек Шымбергенов

75-81 кг: Нұрбек Оралбай

81-91 кг: Айбек Оралбай

+91 кг: Дамир Тойбай

 

Ұлттық құрамаға жаңа есімдер керек

Аслан ҚАЖЕНОВ,

спорт журналисі:

– Бәрімізге белгілі, Токио Олим­пиа­­дасында боксшыларымыз абырой­сыздыққа ұшырап, жанарымен жер шұқып қалған болатын. Кейінгі халықаралық жарыстарда да жігіттеріміз ойдағыдай өнер көрсете алмай, жан­күйерлердің қатты сынына қалып жүрді. Осындай келеңсіздіктен соң федерация басшылығы биыл жыл басында бас бапкерді ауыстырды. Оның өзі көпшіліктің пікірін екіге жарды. Бірақ отандық бокстың басы-қасындағылар осы қысқа ғана уақыт аралығында ай­тарлықтай жұмыс атқарғанына куә болдық. Мәселен, командаға литвалық маманды алдырды. Ол жігіттердің физикалық дайындығына жа­уап­ты болды. Жанкүйерлер байқаған болуы керек, боксшыларымыз қазір бұрынғыдай үшінші раундта шаршап қалмайды. Кері­сінше, өте сергек және белсенді қимы­л­дап жүр. Яғни шеттен маман тарт­қан­нан нәтиже бар деген сөз. Ал тактиканы бас бапкер Мырзағали Айтжанов қоя­ды. Тәжірибелі жаттық­тырушы ғой. Таң­даудың соған түскені де жемісін берді. Сонымен қатар құрамада әр боксшының жеке бапкері, спорттық дә­рігер, массажист, психолог, диетолог сияқты мамандар да. Әлем чем­пио­­натындағы жетістік – осылардың бірлескен еңбегінің арқасы.

Сәкен Бибосынов пен Талғат Сырым­беттің ә дегеннен шығып қалғаны мен үшін күтпеген жағдай болды. Өйткені менің жеке көзқарасым бойынша, жер­лестеріміз қарсыластарынан бір мыс­қал да кем түспе­гендей көрінді. Тіпті Талғат Халықаралық бокс феде­рациясының басшысы Умар Крем­левке арнайы мәлімдеме жасап, жек­пе-жек нәтижесін қайта қарауды сұра­ды. Алайда қазіргі ереже бойынша оны жү­зеге асыру мүмкін емес. Төрешілердің тобықтан қағуы да оларды жүлдесіз қал­дырды. Жалпы, биылғы әлем чемпионатында төрешілер тарапынан бұра тарту көп байқалды. Халық­аралық бокс федерациясы бұрыннан солай жасай­тыны белгілі ғой. Талай жер­лесіміз сон­дай жағдайлардың құрбаны болғанын әлі ешкім ұмыта қойған жоқ. Ал Санатәлі Төл­таев, Нұрқанат Райыс және Сағындық Тоғамбайлардың сал­ма­ғына жаңа есімдер келсе деймін. Қам­­шы­бек Қоңқабаевтың да ұлттық құра­ма­дағы орнын босататын уақыт келген сияқ­ты.

Биыл алғаш рет боксшылардың әлем­дік бәсекесінен елге ақпарат таратып, жұмыс істедім. Ташкенттегі қазақ жан­күйерлері боксшыларға керемет атмосфера сыйлағанын айта кеткен жөн. Әлем чемпионаты құдды бір Қазақстанда өтіп жатқандай әсер қалдырды. Әсіресе финалдық сындарда зал түгелдей көк түске боялды. Бәрі бірдей қи­қулағанда «Хумо аренаны» дірілдетіп жібереді. Боксшылардың өзі де осы қолдауларды киім ауыстыратын бөлмеден сезіп, соның арқасында жігерленгенін айтып жатыр. Бас бапкер Мырзағали Айтжанов та ең алдымен осы қалың Қазақ елінің демеуі арқасында жетістікке жеткенін алға тартады. Бұдан бөлек, 4 мәрте ән­ұранымыз шырқалып, 4-еуінде де соңғы бөлігін халық музыкасыз, яғни, өз дау­сымен айтып шыққаны, Махмұд пен Асланбек марапаттау рәсіміне тақия киіп шыққаны және Дулат Бекбауовтың финалда жеңілгеннен кейін көк туға көз жасын сүрткені, әрине, ешқашан есімнен кетпейтін сәттер.

 

Жазып алған

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

Әли БИТӨРЕ,

«Egemen Qazaqstan»