• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Отбасы 17 Мамыр, 2023

Отбасы құндылығы байқауы

398 рет
көрсетілді

Халықаралық отбасы кү­ніне орай Шымкент қаласындағы «Көрме» орта­лығында «Отбасым – Отаны­мның тірегі» атты форум өтті. Оған қала әкімі Мұрат Әйтенов пен көп­балалы отбасы мүшелері, ардагерлер, зиялы қауым, жастар қатысты. Солардың ішінде ережесіз жекпе-жек­тің жарқын өкілі Арман Оспан мен бокстан халық­аралық дәрежедегі жарыс­тар­дың жүлдегері, танымал спортшы Біржан Жақып отбасымен келді.

Жиында сөз бастаған шаһар басшысы отбасының қоғам үшін маңыздылығын атап өтті. Мемлекеттің берік іргесі отбасы екенін айтып, оны сақтау, дамыту адамзаттың болашағына төнетін қауіптің алдын алу екенін жеткізді.

«Отбасы құндылықтары кез келген қоғам үшін шын мәнін­де айрықша мәнге ие. Әрбір отбасының тіршілігі баянды,­ іргесі берік болса, бұл мем­лекеттің де еңсесінің тік,­ шаңырағының биік болуы­на себепші екені белгілі. Прези­ден­тіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Отбасы институтын ұмыт­пауымыз керек екенін, бұл дәстүрімізді, ұлттық құнды­лық­тарды және ұрпақтар сабақ­тас­тығын сақтау үшін өте ма­ңыз­­­ды екенін атап өтті», деді М.Әйтенов.

Жалпы, мұндай тақырыптағы басқосу мегаполисте алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Осы орайда жиынға қатысушылар осындай іс-шараның ұлттық құн­дылықтарды насихаттау­ және отбасы институтын қолдау мен­ нығайтуда үлкен рөл атқа­ра­ты­ны­на сенім білдірді.

«Көрме» алаңында отбасы инс­титутына қатысты проблемалар ашық талқыланып, аға буын өкілдері жастар тәрбиесіне байланысты өз ойын ортаға салды. Салиқалы пікірлер айтылып, форум нағыз қоғамдық диалог мінберіне айналды.

Өз кезегінде қоғам қайраткері, заң саласының білікті маманы, ардагері Бекет Тұрғараев жастарды еңбекке баулуға шақырып, өз өмірінен әдемі мысал келтірді.

«Бала кезімде әкем екі қоян әперіп, осыған қара деп тапсырды. Ол кезде мен небәрі бірінші сыныпта оқимын. Содан бесінші сыныпқа барғанда екі қоян 300-ге­ көбейді. Осылайша, шаруа арқылы өзімізге керекті затты өзіміз сатып алатынбыз. Бұл ата-анаға да көп жәрдемін берді. Келешекте еңбекті сүйіп өскеннің нәтижесінде ғылым саласында да көп жетістікке жеттім. Құдайға шүкір, бүгінгі жағдайым сол еңбектің, тынымсыз әрекеттің нәтижесі деп ұғынамын. Сол себепті бүгінгі таңда ата-аналар балаларын еңбекке үйір қылып өсіруі керек. Бала жаст­айынан еңбектеніп өссе, есейгенде біреуге масыл болмайды, тілемсектік, жаман қасиет бо­йы­на жоламайды. Ешкімге алақан жаймайтын, өз күшіне сенетін ұрпақ қалыптасса, мемлекеттің де келешегі кемел болады деген сөз. Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Егер жастар ерік-жігерлі, білімді болып жетілсе, мұндай жастары бар елді ешқашан ішкі-сыртқы жау ала алмайды. Білім демекші, бүгінгі таңда өскелең ұрпақты кітап оқуға құмартып өсіру өте өзекті мәселе болуға тиіс. Өйткені білімді ұлт әрқашан алда жүреді, заман көшінің со­ңында қалып кетпейді. Кейде кейбір жайттар көңілге қаяу түсіретіні рас. Бұл – бүгінгі бала тәрбиесіне қатысты проблемалар. Соның бірі – бесіктен белі шықпаған балаға жыламасын деп қолына телефон беріп қою. Қазір осы жайт жаппай үрдіс алып кетті. Жас ата-аналар бала дауысына шыдай алмай телефонмен алдайды. Ол өскенде баланы виртуалды әлемнің құлына айналдыруы мүмкін. Сондықтан бала жыласа да арқалап жүріп жұбататын бұрынғы ата-әжелеріміздей кішкентай бүлдіршіндерді теле­­фонмен алдаусыратуды қойғанымыз жөн. Отбасы тірегі – ана. Қай саланы алып қарасақ та, әйел адамды көреміз. Сол үшін қыздарды жылатпауымыз керек. Оларға барынша жағдай жасауға тырысуымыз қажет. Өйткені ата-бабамыз «Әйел – отбасының шырақшысы» деп бекер айтпаған. Әйел түзелсе, отбасы дұрыс болады. Ондай өнегелі отбасынан құралатын қоғам да ізгілік пен мейірімділікке тұнып тұрады», деді Б.Тұрғараев.

Ендігі жерде осы форум не­гі­­­зінде «Үздік отбасы» сыйлығы та­ға­­йындалады. Ол қала тұрғын­да­­рының үздік отбасы болуға де­­ген ынтасын арттырады деген се­німмен қолға алынып отыр. Осы ретте «Үздік отбасы» сыйлығы жыл­ сайын дәстүрлі түрде ұйым­дас­­тырылады.

Қала әкімінің айтуынша, үш­ жыл бұрын республикада ал­ғаш­қы болып «Шымкент жас­тар лигасы» атты бірегей жо­ба­ басталған. Ол сәтті жүзеге асып, мектеп оқушыларының, мұ­ға­лімдер мен ата-аналардың үл­кен қолдауына ие болды. Дәс­түрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан турнир арқылы жас­тардың бұқаралық спортқа деген қызығушылығы артты, мыңдаған бала саламатты өмір салтын ұс­та­­нуға бет түзеді. Сондықтан От­ба­сы форумының аясында жүзеге асатын жобалар да қоғамдық қолдауға ие болып, отбасы құндылықтарына бүкіл қоғамның назарын аударатынына сенім білдірді.

Қаладағы №55 орта мектепте ұстаздық ететін Батырхан Наза­ров­ та форумның артықшылығын сөз етті. Оның ойынша, отбасы инс­титутын берік қалыптастыру ар­қылы бүгінгі жаһандану дә­уі­рін­де адамзатқа қауіп төндірген жа­ман қасиеттерден арылуға болады.

«Мектеп те – тәрбие ортасы.­ Бі­рақ негізінен тәрбиені бала­ өзінің отбасында алады.­ Сон­дықтан отбасылық құнды­лық­тарды күшейтуіміз қажет. Қазақ­та «Ұяда не көрсең, ұш­қан­да соны ілерсің» деген әдемі сөз бар. Статистика бойынша тәр­биенің 60 пайызын бала отбасы­нан­ алады. Қалғанын сыртқы орта арқылы бойына сіңіреді. Сол себепті балаға кішкентай кезі­нен отбасында жақсы тәр­бие­ берсек, өскенде тәртіпті, алғыр, иманды, елгезек, нағыз қазақтың момын баласы болып шығатынына кәміл сенемін. Бір өкініштісі, қоғамда ажырасу көп. Кейде ерлі-зайыптылар болмашы нәрсеге бола көбінесе әлеуметтік проблеманың кесі­рі­нен айырылысып жатады. Бұл дұрыс емес. Адам қиын­дыққа төзіп үйрену керек. Сабыр сақ­тау­ қажет. Төзімділікпен қиын­­­дық­ты жеңе білсе, келешекте жас­ жұбайлардың бір-біріне де­ген махаббаты мен сенімі де­ күшейе түседі. Бұрын ата-баба­ла­­ры­мыз­дың басынан не өтпеді? Бірақ олар сабыр мен төзім арқылы бар қиындықты бірге көтерді. Біз де солардан үлгі алып, отбасын сақтауға тырысуымыз керек. Өйткені ажырасқан жұбайлардан кейін ортада қатты қиналатын – байғұс бала. Мұндайда атамыз қазақ «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп бекер айтпаған», деді ардақты ұстаз.

Бұл ретте Шымкент қала­сын­да­ отбасы институтын нығайту бағытында нақты іс-шаралар ат­қа­рылып келеді. Ең маңызды жұмыстың бірі – тұрғын үйге мұқтаж отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету. Өткен жылы қаламызда 1 млн 67 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде, 3 246 пәтер салынып, оның 748-і әлеуметтік әлсіз топқа жататын отбасыларға, 857 пәтер жұмыс істеп жүрген жастарға арендалық баспана ретінде берілген. Ал 1 641 отбасы «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» және «7-20-25» секілді мемле­кет­тік бағдарламалар бойынша­ жеңіл­детілген шарттармен несие­лік­ пәтерге қол жеткізді. Жоспар бо­йынша 2026 жылға дейін бюджет­ есебінен 2 млн шаршы метр­ді құ­райтын әлеуметтік тұр­ғын үй салып, оған мұқ­таж отба­сылар баспанамен қам­та­масыз етіледі.

Бүгінде мемлекет әлеуметтік тұрғыда аз қамтамасыз етілген отбасыларға тек жәрдемақы берумен шектелмей, олардың жұмысқа орналасуына немесе өз бизнесін бастауына жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр. Осы орайда Шымкент қаласында 2022 жылы 65 799 адам жұмыспен қамту шараларына қатысты. Соның ішінде 7 мыңға жуығы уақытша жұмыс орындарына жолданса, 18 мың­ азамат кәсіптік қайта даяр­лау­ курс­тарында оқып шықты. Сон­дай-ақ 40 мыңнан аса азамат тұрақ­ты жұмысқа орналасты. Міне, бұл мемлекеттің отбасы институтын нығайту мақсатында атқарып жатқан жұмысының жемісі деуге болады.

«Қазақ – отбасына ерекше мән берген, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен халық. Әсіресе ата-ананы қадірлеу, оларға қызмет етуді әрбір азамат перзенттік парызым деп білген. Өкініштісі, кейінгі кездері осы дәстүрімізді жалғай алмай қалып жатқан кездеріміз де бар», деді қала әкімі.

Мәселен, Шымкент қала­­сы­нда балаларының қамқор­лы­ғынсыз қалған 500-ден аса қария бар. Осындай кісілер паналайтын арнайы мекемелер Түр­кістан облысының иелігінде тұр.­ Сондықтан биыл 50 орынды­ орта­лық салынбақ. Яғни мемле­­кет мұндай қарияларды қамқор­лық­сыз қалдырмайды.

«Жалпы, отбасының беріктігі оның әлеуметтік жағдайымен ғана­ өлшенбейді. Сондықтан от­ба­сы институтын қолдау тек­ мемлекеттің, мемлекеттік орган­дар­дың міндеті деп қарауға болмайды. Мемлекеттен қаншама қол­дау болғанымен, адам өз отба­сын сақтап, дамытуда жауап­кер­шілік сезінбесе, миллиардтап­ бө­лініп жатқан қаржы мен мем­ле­кеттің қамқорлығы түкке де тұр­майтынын түсінуіміз қажет», деген оймен шаһар басшысы сөзін түйіндеді.

 

ШЫМКЕНТ