Әділет министрлігі Мәжіліс депутаттарына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды.
Заң мақұлданса, қылмысын мойындағандарға жаза жеңілдеп, өкілеттіктерін асыра пайдаланған коллекторлар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Әділет вице-министрі Алма Мұқанова қылмыстық заңнамадағы кінәсін мойындағаны үшін жазадан босату туралы баптарға түзету енгізуді ұсынып, депутаттарға оның жай-жапсарын түсіндірді.
«Қазіргі таңда процестік келісімі 2 нысанда жасалады. Онша ауыр емес, ауырлығы орташа не ауыр қылмыстар бойынша – күдікті, айыпталушы келтірілген күдікпен, айыптаумен келіскен жағдайда кінәні мойындау туралы мәміле жасалып, соның негізінде жауаптылықтан босатылуы мүмкін. Сондай-ақ қылмыстық топ жасаған қылмыстарды, өзге де адамдар жасаған аса ауыр қылмыстарды, сондай-ақ экстремистік және террористік қылмыстарды ашуға және тергеп-тексеруге ықпал ету кезінде барлық санаттағы қылмыс бойынша ынтымақтастық туралы келісім бекітілген кезде жауаптылықтан босату көзделген. Қылмыстық заң процестік келісімнің барлық шартын орындаған адамның қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін екенін белгілейді Бұл Қылмыстық кодекстің 67-бабында көрсетілген. Процестік келісімі немесе «тергеумен мәміле» кезінде адам кінәні мойындайды, дәлелдемелер мен залалдың мөлшеріне дау айтпайды, тергеу мен сот жеделдетілген тәртіппен жүреді, яғни кінәні дәлелдеу үшін мемлекеттің уақыты мен қаражаты үнемделеді», деді Алма Мұқанова.
Бірақ вице-министр аталған процестік келісімінің екі нысаны арасында айырмашылық барын айтты. Мәселен, егер бірінші жағдайда сотталушы тек өзінің кінәсін мойындап қана қойса, екінші жағдайда одан қылмысты одан әрі ашуға белсенді жәрдемдесуі талап етіледі.
«Бұл ретте, іс жүзінде кінәні мойындау туралы мәміле міндетті түрде соттың айыптау үкімімен аяқталады және жазаның ең жоғары мерзімінің немесе мөлшерінің жартысынан аспайтын жаза тағайындалады (Қылмыстық кодекстің 55-бабының 3-бөлігі). Егер сот кінәні мойындау туралы мәмілемен келіспесе, онда ол істі прокурорға әдеттегідей тергеуді ұйымдастыру үшін қайтарады. Осылайша, Кодекстің 67-бабының ережелері іс жүзінде кінәні мойындау туралы мәмілеге қолданыла алмайды. Осыған байланысты осы баптың қолданылу аясын ынтымақтастық туралы іс жүргізу келісімінің барлық шартын орындау жағдайларымен ғана шектеу ұсынылады», деді вице-министр.
Сондай-ақ заңдағы түзетулердің бірі – коллекторларға қатысты. «Қылмыстық кодексте коллекторлық агенттік қызметкерінің өз өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны, қарыздарды өндіріп алудың заңсыз әдістерін қолданғаны, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын бұзғаны, т.б. үшін жауапкершілігін көздейтін арнайы бап жоқ. Бұл ретте Қылмыстық кодекстің 214 және 223-баптары коллекторлардың тек тіркеусіз коллекторлық қызметпен айналысқаны үшін, сол сияқты егер бұл әрекеттер азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтірсе не ірі мөлшерде табыс табумен ұштасса, сондай-ақ коллекторлық қызметтің құпиясын жария еткені үшін ғана жауаптылыққа әкеп соғады. Өз кезегінде, коллекторлық агенттік қызметкерінің өз өкілеттіктерін өз қызметінің міндеттеріне қайшы және өзі немесе басқа адамдар үшін пайда мен артықшылықтар алу мақсатында пайдалануы қоғамға қауіпті іс-әрекеттер ретінде бағалануы керек», деді Алма Мұқанова.
Вице-министр бұл іс-шара заңдық сауатсыздыққа байланысты коллекторлық агенттіктердің жосықсыз қызметкерлерінің қысымына және айла-шарғысына ұшырауы мүмкін азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді деген пікірде.
Сондай-ақ Әділет министрлігі экономикалық қылмыстардың айыппұлын айлық есептік көрсеткішпен есептемеуді ұсынып отыр. Вице-министр Алма Мұқанованың айтуынша, «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу», «Алаяқтық», «Экономикалық контрабанда», «Кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеуден жалтару», «Ұйымдарға салынатын салықты және (немесе) бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуден жалтару», «Параға коммерциялық сатып алу» сияқты қылмыстардың айыппұлын АЕК-пен есептеуден бас тарту қажет.
«Қазіргі таңда Кодекстің 189 және 190-баптары бойынша бірнеше еселенген айыппұл тек мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға қатысты қолданылады. Бұл ретте бірнеше еселенген айыппұлды қолдану – неғұрлым пәрменді экономикалық іс-шара. Сонымен қатар мұндай санаттағы адамдарға жазаның қосымша түрі, мысалы, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру қолданылуы мүмкін. Өз кезегінде, басқа экономикалық қылмыстар бойынша қазір АЕК-пен айыппұл қолданылады. Бұл – мемлекетке келтірілген залалға қатысты пропорционалды жаза емес. Бірнеше еселенген айыппұлдарды енгізу іс жүзінде көрсетілген мәселелерді шешуге ықпал етеді», деді вице-министр.
Сонымен қатар «Қылмыстық кодекстің 385-бабының «Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу» санкциясын өзектендіру ұсынылды. «Нақтырақ айтсақ, аталған қылмыстарды жасаған адамдарға белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жазаның қосымша түрін енгізу ұсынылады», деді Алма Мұқанова.
Қазір осы бап бойынша айыпталушылар 2000 АЕК-ке дейінгі мөлшердегі айыппұл төлейді, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады, не 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеп, не сол мерзімге бас бостандығынан айырылады. «Жазаның қосымша түрлерін қолдану өз кезегінде қайталанған құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді», деді вице-министр.