• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Білім 22 Мамыр, 2023

Ынтымақтастықтың берері мол

318 рет
көрсетілді

Берлин Еуразиялық клубының 37-отырысына қатысушылар Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан мен Германия арасындағы техникалық жоғары және кәсіптік білім саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Іс-шараға екі елдің мемлекеттік органдары, жоғары және орта кәсіптік оқу орындары, бизнес-қауымдастық өкілдері қатысты.

Мазмұнды отырысты еліміздің Германиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Нұрлан Онжанов және Герман экономикасы Шығыс комитетінің атқарушы директоры Михаэль Хармс жүргізді. Жиында алғашқы болып сөз алған Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко елімізді одан әрі индустрияландыру және өнеркәсіптік әлеуетін арттыру үшін кәсіби техникалық кадрлар базасын ұлғайту маңызды екенін атап өтті.

«Біздің ел немістің бай тәжіри­бесіне қы­зығушылық танытып отыр. Кәсіби инженерлік-техникалық кадр­ларды даярлаудың әлемдегі озық үлгісі кім-кімді болсын қызықтырары даусыз. Сондай-ақ жоғары неміс стандар­тына сәйкес даярланған білікті техникалық мамандардың болуы екі ел арасындағы бірлескен жобаларды сәтті жүзеге асыруда маңыз­ды рөл атқарады», деді ол.

Герман экономикасы Шығыс комитеті пре­зидиумының мүшесі Манфред Грундке өз баян­дамасында екі мемлекет арасындағы сау­да-эко­но­микалық ынтымақтастық сер­пінінің белсенді өсуі мен неміс кәсіпкерлерінің біздің нарыққа қаты­суға қызығушылық танытып отыр­ғанын айтты.

Жиында негізі баяндаманы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев жасады. Ол еліміз­дегі жоғары техникалық білімді дамыту жос­парларына тоқталды.

«Қазір елімізде шетелдік жетек­ші техникалық жоғары оқу орын­дарының филиалдарын ашу көзделіп отыр. Мәселен, Ақтаудағы Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті негізінде Қазақстан-Герман инжиниринг институтын және Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техни­калық университеті не­гізін­де Тау-кен өнеркәсібіндегі қазақ-герман ғы­лым және технология институтын ашу жоспарымызда бар. Сондай-ақ отандық зерттеушілердің шетелде тағылымдамадан өтуі бойынша «500 ға­­­лым» бағдар­ламасы жүзеге асып жатыр», деді ви­це-министр.

Сонымен қатар «Болашақ» бағдар­ламасының аясында 500-ге жуық отандасымыз Германияда оқып, олардың тең жартысы техникалық және инженерлік бағытта білім алған. Қ.Ерғалиев бас­қа­лар­мен салыс­тыр­ғанда біздің азаматтардың не­міс елін­де білім алуы жағынан жетінші орында тұр­ғанын айтты.

Неміс елі тарапынан баяндама жасаған Германия Сыртқы істер министрлігінің ғылым, білім және зерттеулер саласындағы сыртқы сая­сат жөніндегі уәкілі Вито Чечере екіжақты білім және ғылым сала­­сын­дағы ынтымақтастықтың негізгі бағыты мен оларды одан әрі кеңейту перспективалары туралы әңгімеледі.

Неміс дипломатының айтуынша, Гёте институ­тының, Германияның академиялық студенттер алмасу қызметінің (DAAD), «Мектептер: болашақ серіктестері» (PASCH-schools) бастамасының, Қазақ-Гер­ман университетінің, Шетелдегі этнос­тық немістерді қолдау қорының (SVmDA) қызметін қолдайды.