Атам қазақтың ауызекі сөзінде «Жүйрік баптап, шайқалтып жорға мінген» деген теңеу бар. Мұндағы «жорға» ұғымы жылқының қозғалысын білдіретін жүріс түрі.
Жорғаны қазақтар сәндік үшін мінетін және оны ерте кезде хан-билер құрметті қонақтарына сый-сияпат ретінде ұсынған. Осы орайда, қазақтың жылқы танымында «жорға сынау» немесе «жорғаның сапасын анықтау» дейтін ұғым бар. Мысалы, халқымыздың ежелгі ғашықтық жыры «Бұлғын-Сусар» туралы аңызда:
«Кеудесі кең, есіктей шалқақ жатқан,
Құлан жал, құлын мүсін,
құндыз түкті,
Бұлшық ет қол мен санда бөлек-бөлек,
Жорғасы ер көзінен жас ағызған,
Еріні салбыраңқы аса ауыздан...», деп, жорғаның сынын айтса, ал сапасын анықтаудың бірнеше тәсілі бар. Соның бір түрі «Бота қайыру». Бұл амалды шөл-шөлейт жердің тұрғындары көп қолданады. Яғни олар жорғасын сынау үшін ботаның енесін, яғни інген түйені көзкөрім алысқа айдайды да, артынан ботасын жібереді. Енесін аңсаған жас бота тайрақтап қатты шабады. Осы ботаны жорғамен қайырады. Егер жорға жүрісінен танбай ботаны қайырса, бұл нағыз жорға деп есептеледі. Сол сияқты жорғаның қаншалықты жүйрік екенін білу үшін оның бел арқасына бес метр лента байлайды. Лента аттың құйрығының үстінен жерге қарай төмен салбырап түсіп тұрады. Содан жорғаны шаптырғанда лента жыланша ирелеңдеп көтеріледі. Қысқасы, жорға шынайы жүргенде бес метр лентаның ұшы жерге тимей ұшып отырса, бұл – нағыз сапалы жорғаның белгісі.
Сол сияқты қазақтар жорғаның сапасын білу үшін беліне арқан байлап жүргізген. Арқанның жерге тимеуіне байланысты оны бес құлаштық жорға, он құлаштық жорға, он екі құлаштық жорға деп атаған. 15-16 құлаштық жорғалар да болған, бірақ бұлар өте сирек кездеседі. Келесі бір жорғатанушылар қолына қарапайым қоңырау ұстап алып, атын жорғалатып сынайды. Алғашында қоңырау дауысы сылдыр қағып, бара-бара жорғаның жүрісі тайпалып қызған кезде үні өшеді. Бұны қазақ «су жорға» деп атап, оны бұрынғы заманда мерген-садақшыларға мінгізіп, жорыққа жіберетін болған.