Бұрын тәрбие мен білім егіз деуші едік. Қазір сол егіздің сыңарының бірі дәріптеліп, екіншісі көп айтыла бермейді. Шын мәнінде, тәрбие – ізгі дүниенің бастауы. Соның ізімен білім мен ғылым жүрсе, қоғамда әділдік орнап, адамгершілік байрағы желбірейді.Халқымыз «Тәрбие табалдырықтан басталады» деп бекер айтпаған. Тәрбиенің негізі отбасында қалыптасады. Отбасында ұлттық тәрбиенің қайнарына қанып өскен баланың болашағы да зор. Оған көптеген мысал келтіруге болады. Одан кейін мектептегі тәрбиенің орны бөлек. Қазір біз осы екі тараптағы тәрбиені босаңсытып алдық. Сан ғасыр бойы қалыптасқан ұлттық тәрбиеден де ажырап барамыз. Соның кесірінен қоғамда жеткіншектер арасында түрлі келеңсіз жағдай болып жүр. Әрине, бала тәрбиесінің жауапкершілігі өте жоғары. Осы тақырыпқа арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырдық. Оған «Қарашаңырақ» ұлттық тәрбие мектебінің жетекшісі Тұрар Шәкен, Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің бас сарапшысы Ақтоты Кемалова, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық ғылыми зерттеу университетінің кафедра меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Марал Есекешова, Қызылорда облысы Сырдария ауданындағы №126 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Самат Жұмаділ және «Онлайн отбасы» академиясының негізін қалаушы, кәсіби отбасылық психолог Ержан Мырзабаев қатысып, ой бөлісті.
– Кейінгі уақытта мектеп оқушыларына қатысты жан түршігерлік оқиғалар көбейіп кетті. Бұл мектептегі және отбасындағы ұлттық тәрбиенің осалдығы ма? Біз қай жерден кемшілік жібердік?
Тұрар ШӘКЕН:
– Бүгінгі қоғамды «Кешегіміз қандай еді, бүгінгіміз қандай, ертеңіміз қандай болмақ?» деген сауал ойландыруы керек. Ана ретінде осы үш сауал маған маза бермейді. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейтін едік, қазіргі күні бесігіміз қайда қалды? Бесігіміздің киесін кетіріп, ұрпағымыз адасып жүр.
Бала кезімде үлкендер мейірімсіздік танытқандарға қатысты «Тасқа желіндеп, мұзға бұзауладым ба?» деген ауыр сөзді айтушы еді. Бүгінде осындай тасбауыр, қатыгез балалар туралы жиі еститін болдық. Қоғамды қатыгездік жайлап барады. Біреулер бұл тақырыпты хайп етіп жатса, енді басқалары «Маған қатысы жоқ, менің отбасымда мұндай жоқ» деп отыра береді.
«Балалардың қатыгездігі» тақырыбы «күйіп» тұр. Бұл бір күнде пайда болған мәселе емес. Бұл – қоғамдағы жараның әбден ушыққан дерті, іріңдеп жатқан кесел. Ұрпақ тәрбиесіне қатысты мәселедегі немқұрайлылықтың салдары. Мәселенің осындай ахуалға дейін жетуіне билік те, қоғам да, ата-ана да, мектеп те, мұғалім де кінәлі. Енді жылдар бойы «қисайып өскен» талды қалай түзейміз деп есіміз шығып жатыр.
Мектептерге дәріс оқып, қоғамдық жұмысқа араласқалы ұрпақ тәрбиесінде кетіп жатқан кемшілікті осыдан он шақты жыл бұрын байқағанмын. Сол кезде-ақ дабыл қаға бастадық. Бірақ білім саласына бір министр келіп, бір өзгеріс енгізіп, екіншісі, үшіншісі, әйтеуір білім саласы «эксперимент алаңына», ал балалар «тәжірибе қояндарына» айналып, тәрбие мәселесі ысырылып қалды. Тек білім, білім деп жүрдік. Енді келіп «Қатыгез, мейірімсіз, үлкенге құрметі жоқ, тәрбиеден жұрдай ұрпақ қайдан келді?» деп дабыл қағып жатырмыз.
Қазақ қоғамындағы отбасылық құндылықтардың өлшемі «ұят болады», «жаман болады», «обал болады» деген адамгершілік кодекс болған. Осы ұстанымнан ауытқымай, арлы, намысты, рухы биік ұрпақ тәрбиелеген. Аталы сөзге тоқтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен. Бүгінде сол данышпан бабалар аманатына қиянат жасадық. Ұрпағымыздың тамырына өз қолымызбен балта шаптық.
Отыз жыл бойы түрлі «күресетін» орталықтар аштық. Жемқорлықпен күрестік, зорлық-зомбылықпен күрестік, суицидпен күрестік. Нәтижесі қандай? Статистика азайды ма? Жоқ, жылдан-жылға көбейіп барады. Ал әр санның артында ұрпақ тағдыры тұрғанын ұмыттық. Жақында бір шәкіртім: «Өз елімізде жүріп ұлттық құндылықтар мен ана тілі мәселесін көтеруден асқан сорлылық бар ма, ол онсыз да солай болуға тиіс нәрсе ғой?», деп айтады. Шынында да, жас буын өкілінің айтып тұрғаны жүрекке ауыр тиетін сөз. Қарап отырсам, «тәуелсіздік алдық, егемен ел болдық» деп қуанып жүрсек, сол жылдар ішінде қазақты тамырынан айыру, тілі мен ділінен ажырату, ұлтсыздану саясаты жүргізілген сияқты. Қазақтың ұлттық құндылығынан, ұлттық тәрбиесінен артық не керек? Ұрпақ тәрбиесі бүкіл қоғамды, мемлекетті ойлантуы тиіс.
Ақтоты КЕМАЛОВА:
– Тәрбие оқытумен тығыз байланысты. Білім алу танымдық, шығармашылық мүмкіндіктерді арттырады, адалдық, табандылық және өзіне қойылатын талапшылдық қасиеттерінің қалыптасуына себеп болу арқылы тәрбие деңгейінің артуына ықпал етеді. Қазақ ағартушылары Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев балаға сөз емес, ата-анасының және оның айналасындағы адамдардың іс-әрекеттері әсер етеді деп тұжырымдаған. Осыған орай бала тәрбиесінде отбасындағы ахуал, отбасы мүшелерінің өзара қарым-қатынасы, ата-ана бойындағы адами қасиеттер мен өмірлік ұстанымдардың маңызы зор.
Білім алушылардың физикалық, психологиялық, әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз етуде отбасы тәрбие институты ретінде маңызды рөл атқарады. Еліміздің білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысы мынадай негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырылады: рухани-танымдық тәрбие, ұлттық тәрбие, отбасылық тәрбие, елдік патриотизм мен азаматтыққа тәрбиелеу, құқықтық тәрбие, еңбек, экономикалық және экологиялық тәрбие, көпмәдениетті және көркем-эстетикалық тәрбие, зияткерлік тәрбие, ақпараттық мәдениетті тәрбиелеу, дене тәрбиесі, салауатты өмір салтын қалыптастыру, т.б.
Отбасылық құндылықтар мен ұлттық тәрбие мәселелері орта білім беру ұйымдарының тәрбие жұмысы жоспарына және пәндердің оқу бағдарламасы мазмұнына енгізілген.
Өскелең ұрпақты тәрбиелеу – қоғамның, педагогтер мен ата-аналар қауымдастығының басты мақсаты. Отанға деген сүйіспеншілікті дарытуға, ата-баба дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын құрметтеуге тәрбиелеу – мемлекеттің басты міндеті. Өскелең ұрпақты тәрбиелеу отбасынан басталады. Отбасы жалпыадамзаттық құндылықтарды, баланың бойында қоршаған қоғам туралы тұрақты әсерді қалыптастырады. Сондықтан отбасы білім беру ұйымының әлеуметтік әріптесіне айналады.
Жаңа ұрпақты тәрбиелеуге қатысты мәселелерді жүйелеу үшін үздіксіз білім беру жүйесінде тәрбиелеудің тұжырымдамалық негіздері әзірленеді. «Іс-шара өткізу» тәсілінен «тәрбие мақсаты мен жобалық тәсіл арқылы әрбір деңгейдегі тәрбие жұмысы» тәсіліне көшу жүзеге асады. Оқыту мен тәрбиелеуге қатысты құндылыққа бағытталған тәсіл мектеп климатында, мәдениетте, мінез-құлықта және барлық қызметкердің көзқарасында көрінетін орта білім жүйесінің ажырамас бөлігі болады.
Құндылыққа бағдарланған тәсілді енгізу сынып менеджменті, әлеуметтік-эмоционалдық оқыту бойынша заманауи педагогикалық технологияларды білім беру ұйымдарында тәрбие үдерісін сапалы оқу-әдістемелік сүйемелдеуді, педагогтерді даярлау және қайта даярлау бағдарламаларының мазмұнына құндылықтарды сіңіруді талап етеді.
Балалардағы ұлттық құндылықтардың қалыптасуы ерекше маңызға ие. Сондықтан оларды тәрбиелеу ұлттық құндылықтар негізінде жүзеге асырылуы керек. Негізгі ұлттық құндылықтар – адамның рухани-адамгершілік дамуы мен тәрбиесінің іргетасы.
Самат ЖҰМАДІЛ:
– Балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен келеңсіз жағдайдың кейінгі кезде көбейіп кеткені өкінішті. Тәрбиедегі жіберілген кемшілікті нақты мына мәселеден деп айту қиын. Сол жердегі жағдайды, әлеуметтік қатынасты сараптап қарап, бәлкім мынадай кемшілік кеткен деп көрсетуге болар. Тағы бір ескеретін нәрсе: тәрбиедегі кемшілікті ұзақ жылдың «жемісі» деп қарау әділетті деп ойлаймын. Ал жалпы тәрбие – мектептегі, отбасындағы, сол бала өмір сүретін әлеуметтік ортаның тезінен өтіп, сомдалып шығатыны анық. Абай атамыз: «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват», деп 37-қара сөзінде айтқанындай, барлығымыз да жауаптымыз. Кемшілікті біржақты не мектепке, не отбасына ысырып қойғанға келіспеймін. Ал мектептерде, отбасында ұлттық тәрбиеге басымдық беру жағдайды жақсартады деп ойлаймын. Осы бағытта «Әкелер мектебі», «Әжелер мектебі», ұлттық спорт, қолөнер үйірмелерінің жұмыстарды әкімдіктердің «Қоғамдық даму» бөлімдері арқылы қаржыландырылуы керек деген ұсынысымды айта кеткім келеді. «Біз қай жерден кемшілік жібердік?» деген сұраққа менің жауабым: біріншіден, отбасындағы тәрбиеден деп айта аламын. Өзімнің жұмыс тәжірибемде осыған нақты көзім жетті. Отбасындағы кикілжің, ұрыс-керістің болуы, шынайы сүйіспеншілік пен ынтымақтың жоқтығы, ата-ананың жаман әдеттерге үйір болуы, бала тәрбиелеудегі білімсіздігі секілді мәселелер баланың тәрбиесіне тікелей ықпал етеді. Екінші кезекте, мектептегі оқу мен тәрбие жұмыстарының дұрыс ұйымдастырылмауы деуге болады. Мұнда мектеп ұжымының тәртіпті, білімді және бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу мақсатына бар ынта-жігерімен бір кісідей жұмылуы маңызды. Үшіншіден, ортаның әлеуметтік жағдайы мен мәдениетінің төмендігі деп ойлаймын. Тұрмыс жағдайының төмендігі немесе аса дүниеқорлық, сыбайлас жемқорлық, ересектердің зиянды әдеттерге әуестігі сияқты факторлардың кері әсері болатыны анық.
Марал ЕСЕКЕШОВА:
– Кейінгі кездері мектеп оқушыларына қатысты жан түршігерлік оқиғалар «буллинг», «кибербуллинг» деп аталып жүр. Буллинг (қорқыту) – бұл қорлау, бір адамның екінші бір адамды не топты агрессивті түрде қудалауы. Буллинг ұятсыз әзілдер мен қорлаудан бастап ұрып-соғуға дейін барады. Оның негізгі мақсаты – жәбірленушіні қорқыту, өзіне бағындыру. Қорқыту – әрдайым физикалық шабуыл ғана емес, психологиялық зорлық-зомбылық түрінде де жиі кездеседі. Мысалы, қауесет пен өсек тарату, ауызша қорлау, бойкот жариялау. Осы келеңсіз жағдайлар ақпараттық технологияларда көрініс тапса, кибербуллигке айналады.
Оқушылар неге агрессивті жан түршігерлік буллинг, кибербуллинг сияқты әрекеттерге барады, агрессия, қатыгездік қайдан шығады? Бұл ересектер дүниетанымының дұрыс бағытты ұстанбауынан туындап отыр. Бір жағынан, отбасындағы және мектептегі ұлттық тәрбиенің осалдығы. Өйткені әр халықтың ұлттық тәрбиесі ғасырлар сынынан өтіп қалыптасады.
Ержан МЫРЗАБАЕВ:
– Бұл отбасы мен мектептегі ұлттық тәрбиенің осалдығы деп ойлаймын. Өйткені мектеп пен ата-ана бала тәрбиесі мәселесіне толыққанды көңіл бөліп отырған жоқ. Қазір ата-ана балаларын ешкімнен кем қылмай өсіремін деп жүгіріп жүрсе, мектеп тек оқушыға білім берумен ғана әлек. Ал балаға ең керегі – мейірім, көңіл, сүйіспеншілік қана емес, оның бос уақытын дұрыс ұйымдастырып, мүмкіндік болса, уақытты баламен бірге өткізіп, тәрбиелеу. Осыны екі жақ та аңғармайды. Бір қарағанда бәрі тамаша көрінеді. Балалар әдемі киініп, ұялы телефон ұстайды. Білімді, сабақтары да жақсы. Түрлі олимпиадалардан жүлделі орын алып жатыр. Бірақ мектептегі буллинг, зорлық-зомбылық еш тоқтар емес. Шындығында, тәрбиеге жеткілікті дәрежеде көңіл бөлмей отырмыз.
– Мектепте тәрбие ісі қалай жүргізіледі? Министрлік деңгейінде бекітілген ереже, стандарттар бар ма? Бұл ретте нені ескеруіміз керек?
Ақтоты КЕМАЛОВА:
– Орта білім деңгейінде білім алушыларды тәрбиелеу ісі пәндік мазмұн және тәрбие жұмысы арқылы жүзеге асырылады. Тәрбие ісінің нәтижелілігі ұйымның миссиясына және мұғалімнің педагогикалық шеберлігіне, білім алушылардың жеке ерекшеліктерін білуіне, ұжымның тәрбиелік міндетіне байланысты. Бұл ретте баланың толыққанды дамуына мектептегі тәрбие үдерісіне ата-аналардың қатысуы, оқуға қолайлы жағдай мен орта құру қажет.
Білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысы қайта қарастырылып, тәрбие жұмысының тұжырымдамасы әзірленді. Тұжырымдамада балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ата-аналардың жауапкершілігін арттыру қажеттілігі көрсетілген. Мектеп пен ата-аналардың өзара іс-қимылының жаңа форматы қарастырылды. Тұжырымдама барлық мектептер мен колледждерде ұлттық, отбасылық құндылықтарды дамытуға, балаларды тәрбиелеуде отбасының рөлін арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар білім беру ұйымдарында өскелең ұрпаққа идеологиялық тәрбие беру бойынша жұмыс жүргізіледі. Өскелең ұрпаққа идеологиялық тәрбие беру шеңберінде «Білім-инновация» лицей-интернаттары мен Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі білім алушыларды тәрбиелеу және оқыту жүйесінің тәжірибесін енгізу жалғасады.
Самат ЖҰМАДІЛ:
– Мектептегі тәрбие жұмыстары негізінен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының орта білім беру ұйымдарындағы оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру туралы әдістемелік нұсқау хатына сәйкес жүргізіледі. Нұсқау хат бойынша «Оқуға құштар мектеп», «Мектеп парламенті», «Дебат қозғалысы», «Балалар және театр» сияқты жобаларға басымдық берілген. Сынып сағаттары, тәрбиелік шаралар құндылықтарға бағдарланған. Мұндай шараларды өткізудің мақсаты – баланың сыни ойлауын дамыту. Сыни ойлай білетін тұлға интернетке, құмар ойындарына тәуелді болмайды, зиянды әдеттерден аулақ болады. Ал Оқу-ағарту министрлігінің 2022 жылғы 25 тамыздағы «Орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы» №377 бұйрығы бойынша, мектептерде психологиялық қызмет жұмыс істейді. Психологиялық қызметтің негізгі міндеті білім берудегі қиындықтарды анықтауға және диагностикалауға, кеңес беруге, білім беру ортасы жағдайында психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу мен қолдау көрсетуге бағытталған. Мұнда психолог мамандар, директордың тәрбие жөніндегі орынбасары, сынып жетекшісі, ата-ана, әлеуметтік педагог, пән мұғалімдері бірлесе жұмыс жүргізеді. Қиын жағдайдағы әр білім алушы үшін кейстер ашып, жоспарлы қолдау жұмыстарын өткізеді.
Кейінгі уақытта тәрбиені білімнен бөліп қарап жүрміз. Бұл дұрыс емес. Лев Толстойдың «Білім берудің қай түрі болсын – тәрбие» деген сөзінде шындық жатыр. Білім мен тәрбие – егіз. Олар құстың қос қанатындай, ажыратуға келмейді. Әр педагог өз сабағын өткізіп тұрғанда оқушыға біліммен қатар жақсы тәрбиелік дағдыларды қалыптастыруы керек. Сондықтан да мектепте баланың тәрбиесін тек директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарынан, сынып жетекшісінен, педагог-психологтен, тәлімгер немесе әлеуметтік педагог сияқты бес-алты адамнан талап ету дұрыс па? Бұл ретте осы мәселе ескерілсе деп ойлаймын.
Тұрар ШӘКЕН:
– Бұрынғы Білім және ғылым министрлігінің №472 бұйрығына сәйкес, «Рухани жаңғыру» тұжырымдамалық негіздері деген тәрбие бойынша 7 бағыт бар. Оның ішіне патриоттық, дене тәрбиесі, рухани, отбасылық құндылықтар, зияткерлік бағыт кіреді. «Құндылыққа бағытталған білім» деген жоба аясында жұмыс істеп жатқан мектептер де бар. Бірақ білім ордаларында ұрпақ тәрбиесі өз деңгейінде жүргізілмей отыр. Өйткені балалар 45 минут оқиды. Тәрбиеге жауапты екі-үш адамның уақыты жетпейді. Сынып жетекшілері пән бойынша сабақтарын ғана береді. Олардың баламен айналысуға бос уақыты бола бермейді. Егер ел ертеңіне алаңдасақ, білім саласына ұлттық тәрбиеге негізделген ұлттық жоба болуы керек деп ойлаймын. «Әрбір ұлттың баласы өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлттың тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» деп Мағжан айтқандай, балаларымызға ұлт тәрбиесін бере алсақ, қоғамда болып жатқан жантүршігерлік оқиғалар орын алмас еді.
Марал ЕСЕКЕШОВА:
– Еліміз егемендік алғаннан кейін білім беру саласында тәрбие мен ұлттық тәрбиеге қатысты сансыз нормативтік құжат қабылданды. Мәселен, 1993 жылы «Тәлім-тәрбие тұжырымдамасы», 1996 жылы «Қазақстан Республикасының этномәдени білім беру тұжырымдамасы», сондай-ақ кейінгі жылдары Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ұсынған «Білім алушыларды тәрбиелеуде құндылыққа бағытталған тәсілді жүзеге асыру бағдарламасын» айтуға болады. 2012 жылдан бері «Отбасы хрестоматиясы» жобасы ұсынып жатқан кітаптар мен дәрістер, кездесулердің өзі бір төбе.
Мектептегі тәрбие ісінде бірыңғай интеллектіні дамытуға бағытталған жұмыстарға назар аударылады. Ал тәрбие мәселесі көбінесе екінші орындағы қосалқы жағдайда жүргізіледі. Сондықтан да ғұлама Әбу Насыр әл Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген екен. Ол деп тәрбиеге ерекше көңіл бөлу керектігін түсіндірді.
Бұл ретте мынаны ескеруіміз қажет. Біріншіден, ата-ана, мұғалімдер қауымы қазіргі күннің балаларының психологиялық ерекшеліктерін жалықпай зерттеп оқып, тануы керек. Осы мақсатта курстардан өту, өз бетімен және ұжыммен педагогика классиктерінің еңбектерін қайталап оқу, дәрістер тыңдау қажет. Екіншіден, баланың жантүршігерлік оқиғаларға баруы құндылықтан бос қалған ішкі қарама-қайшылықтардың орнын толтыру екендігін мойындаған абзал. Сондықтан отбасында, мектепте баланың бос уақытын дұрыс ұйымдастырып, құндылықтарға толы шығармаларды балалармен бірлесіп көп оқу, талдау, кинофильмдер көріп, ортақ әңгіме айту тағы басқа игі дүниелерді қолдану керек.
– «Мұғалім – бала – ата-ана» үштігі арасындағы байланыс қаншалықты жолға қойылған? Оны қалай жақсарта аламыз?
Ержан МЫРЗАБАЕВ:
– Жалпы мектептерде осы үштік арасындағы байланыс өте төмен. Алайда кейбір білім ордалары осы мәселеге ерекше назар аударып, жақсы нәтижеге қол жеткізіп отыр. Соның ішінде «Білім-инновация» лицейлерін айтуға болады. Мұны солардың бірқатар семинар, тренниг тағы басқа іс-шараларына қатысқанда анық байқап жүрмін. Әлеуметтік желіден де көремін. Бұл лицейде ата-анамен тығыз байланыс бірінші орынға қойылған. Соның нәтижесінде балалардың білімі мен тәрбиесінде айтарлықтай жетістікке қол жеткізген. Осы модельді жалпы мектептерге таратуға болады. Қазір мұны бірен-саран ғана білім ұялары іске асырып жатыр. Бірақ жүйелі қолға алғандар аз. Біріншіден, көбі оны қалай және қашан істеу керек екенін білмейді. Мәселен, сынып жетекшісінің 18-20 сағат сабағы бар дейік. Одан кейін мектепте қағазбастылық әлі тыйылған жоқ. Мұғалімнің содан да қолы босамайды. Сондай-ақ әр оқушының күн сайын сабаққа қатысуын қадағалайды. Осындай қауырт жұмыс арасында сынып жетекшісі ата-анамен қалай қарым-қатынас орнатады. Оның күніне 2-3 ата-ананы шақырып сөйлесуге, олармен аптасына немесе айына бір іс-шара ұйымдастыруға уақыты мен мүмкіндігі де жоқ. Сондықтан ата-анамен жүйелі жұмыс жүргізу үшін бюджеттен қаржы қарастырылса деп ойлаймын. Өйткені ата-аналарды жинап, іс-шара өткізуге де қаржы керек. Мысалы, мектептің асханасында немесе буфетінде ата-ана мен мұғалім шай ішіп отырып, емен-жарқын әңгімелессе, қандай жарасымды. Бірақ ол тегін болса деймін.
Марал ЕСЕКЕШОВА:
– «Мұғалім – бала – ата-ана» үштігі арасындағы байланыс науқандық сипатта деуге болады. Мағжан Жұмабаевтың: «Тәрбиедегі мақсат – баланы тәрбиешінің дәл өзіндей етіп шығару емес, келешек өз заманына лайық қылып шығару» деп айтуы бала тәрбиесіндегі ата-ана, мектеп, қоғам алдында үлкен жауапкершіліктің тұрғандығын дәлелдейді. Мектептердегі ата-аналар жиналысының, апталықтардың формасы моральдық тұрғыдан көнерген. Жаңа форматтағы шынайы қатынас керек. «Мұғалім – бала – ата-ана» үштігі арасындағы байланысты жақсарту үшін баланы шынайы жақсы көріп, болашағына алаңдап, оны тыңдап, сөйлесіп, зерттеуден жалықпау керек.
Тұрар ШӘКЕН:
– Бүгінгі ата-ана «өз баламды қалай тәрбиелеймін?» деп дабыл қағып жүр. Тіпті «ұлды ұл, қызды қыз» етіп өсіру деген тақырып та өзекті. Шеттен келіп жатқан жымысқы дүниелер ұрпақ санасын улап, ұлтымыздың тамырына балта шабу үстінде. Көзі ашық, санасы ояу жандар «не істейміз?» деп жүрсек, «жаһандану келді, болар дүние болады» деп немқұрайдылық танытатындар да бар.
Рас, мектептерге жиі баратын адам ретінде осындай тенденция барын жасыру қиын. Мектеп әкімшілігі, ұстаздар «Ата-аналар жұмысбасты, бала тәрбиелеуге уақыты жоқ» деп жатады. Тіпті айында-жылында болатын ата-аналар жиналысына «уақытымыз жоқ» деп бармайтындар бар. Мен қашанда мұндай ата-аналарға «Сіз балаңыздың жиналысына баруға 1 сағат уақыт таппасаңыз, ертең қартайғанда балаңыз сізбен сөйлесуге 1 сағат уақытын қимайтын болады» деймін. Той тойлауға уақыт тауып, ал өз баласының тәрбиесіне немқұрайды қараса, жиналысына бармаса, бала тәрбиесі кері кетпей қайтпек? Тәрбие отбасынан бастау алады. Ата-ананың міндеті – жақсы, өнегелі ұрпақ тәрбиелеу. Өкініштісі, бүгінде «баласының қарнын тойғызып, киімін бүтіндесем» болды деген ұстаныммен өмір сүретін ата-аналар да баршылық. Бала өз бетімен өсетін арамшөп емес, ол – елдің болашақ азаматы, мемлекеттің адами капиталы.
«Бала бер, бала берсең, сана бер, сана бермесең, ала бер» деп ұлағатты ұрпақ тәрбиелеген ұлт едік. Бүгінде ұрпағымыздың көкірек көзіне рухани байлық құя алмай, бойына адами құндылықты сіңіре алмай отырған, өзіміз – ата-аналар, ересектер. Қандай жағдайда ата-ана бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, балаға отбасылық құндылықтарды сіңіруі керек. Бала тәрбиесінде «мұғалім – бала – ата-ана» ынтымақтастығы өте маңызды.
Самат ЖҰМАДІЛ:
– «Мұғалім – бала – ата-ана» үштігі – тәрбиенің тірегі. Бұл ретте тоқсан сайын ата-аналар жиналысы, «ашық есік» күндері, ата-аналармен кездесулер өткізіледі. Ата-аналар арасындағы байланыстың бір қиыншылығы – осындай шараларға олардың кейбірі мүлдем келмейді. Қазіргі ата-аналар жиналысының форматы өзгерген, тренинг түрінде немесе мәдени іс-шара сипатында өтеді. Жоғарыда айтқандай, психологиялық қызмет жұмысы жүргізіледі. Мектепке ата-аналардың келмеу себебі бала туралы сын-пікір айтылады деген қорқыныш деп ойлаймын. Бірақ қазір бала туралы көпшіліктің көзінше сын-ескертпе айтылмайды, педагогикалық әдеп сақталады. Үштіктің үйлесімін жақсарту үшін ата-ананың мектеп жиналысына келуін заңмен міндеттеу керек.
Ақтоты КЕМАЛОВА:
– «Мұғалім – бала – ата-ана» үштігі қағидасы бойынша мектеп пен ата-ананың тығыз қарым-қатынасын жалпы, адамзаттық құндылықтарға негізделген білім алушыларды тәрбиелеу мен оқыту жүйесін енгізу жалғасады. Осы шаралардың нәтижесінде әрбір оқушының физикалық, психикалық, эмоционалдық, адамгершілік дамуына бағытталған тәрбие жұмысының үйлесімді жүйесі қалыптасады.
Тәрбие жұмысын тиімді ұйымдастыру мақсатында сынып жетекшілігі туралы ережені қайта қарау және сынып жетекшісінің біліктілік сипаттамасын әзірлеу жоспарланып отыр. Еліміздің қазіргі даму кезеңінде өскелең ұрпақты патриотизмге тәрбиелеудің құндылық тәсілі маңызды. Еліміздің аумақтық тұтастығы, мемлекеттік тіл және бірлік қоғамның сөзсіз құндылығы болып қала береді. Өскелең ұрпақтың тәрбие үдерісі өз біліміне, салауатты өмір салты мен кәсіби табысына, туған жеріне, ауылына, қаласына, өңіріне, мәдениеті мен тіліне деген сүйіспеншілікке басты назар аударып, өмірге деген дұрыс көзқарас элементтерін қалыптастыруға бағытталады. Жастарда адалдық, мейірімділік, әділдік, өзін-өзі дамыту сияқты дәстүрлі жалпыадамзаттық құндылықтар басым болуға тиіс.
– Алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктер қайталанбас үшін не істеуіміз керек? Қандай қадамдар жасаған абзал?
Марал ЕСЕКЕШОВА:
– Алдағы уақытта келеңсіздіктер қайталанбас үшін отбасында, білім беру ортасында психологиялық жайлы орта құру керек. Баланың үлгерімін емес, алдымен тәрбиесін ойлау қажет. Әр ата-ана, әр педагог бұйрық, нормативтік құжаттарды күтпей, осыдан бастап баланың бос сөйлеу, бос отыру, бос жүру уақытын құндылықтармен толтыруды жоспарлау керек.
Тұрар ШӘКЕН:
– Қоғамда болып жатқан рухани дағдарыстың, адам айтуға ауыз бармайтын түрлі азғындықтың ауыр салдары өскелең ұрпақтың адамгершілік-өнегелік тәрбиесіне жіті назар аударуды қажет етіп отыр. Біз бүгінгі бала – ертеңгі ел азаматы, адам капиталы екенін бір сәтте естен шығармауымыз керек.
Отбасы институтының мәртебесін көтеруге және ұрпақ тәрбиесі мәселесіне басты назар аударып, отбасы құндылықтарын сақтайтын шаралар жасайтын кез жетті. Бала ешкімнен «мені дүниеге әкеліңдер» деп сұраған жоқ. Әйел мен еркек қосылғаннан кейін, ұл-қызының өміріне жауапкершілікпен қарауға тиіс. Тіпті бүгінде Үкіметтен атаулы әлеуметтік көмек аламын деп ажырасатындар көбейген. Халқымыз баяғыда бір жаманшылықты байқаса, «ырымға жаман» деп жатушы еді. Бұл жағдайлардың барлығы ұлттық тамырымыздан ажырап, бауыр еті баласын жеке мүддесіне пайдалануға дейін жеткен. Ең сорақысы да осы. Отбасынан осындай өтірікті көріп өскен ұрпақтың ертеңі қандай болмақ? Әр ата-ана балаға ұшқан ұясында берілген тәлім-тәрбие мен көрсеткен үлгі-өнеге оның өмір бойғы бағыт-бағдар беретін шамшырағы болатынын ұмытпауы керек.
Сондықтан «Неке және отбасы» заңын реформалап, бала тәрбиесіндегі ата-ана жауапкершілігін арттыру керек. Білім саласына ұрпақтың рухани-өнегелік тәрбиесін мақсат тұтқан, ұлттық тәрбиеге негізделген жоба болуға тиіс. Осы тұрғыда мемлекетімізге ұлттық идеология қажет. Өйткені мемлекет ұлтты қалыптастырмайды, ұлт мемлекетті қалыптастырады. Жоғалтқанымызды түгендеп, жаншылған ұлттық рухымызды тірілтіп, өткеніміз бен өшкенімізді қайта жағып, қазақтың өзіне тән ұлттық болмысын қайтаруымыз керек. Мемлекет құрушы ұлт ретінде қазақ ұлтының заманауи бейнесін қалыптастырып, қазақ отбасының озық моделін жасап, отбасы институтының мәртебесін көтерсек, бүгінгі қоғамның дертіне айналған өзекті мәселелердің түйіні шешіліп, өскелең ұрпаққа, жастарға рухани-өнегелік тәрбие берілері сөзсіз. Тіпті ел ертеңіне алаңдасақ, Отбасы және тәрбие министрлігін немесе осы секілді басқа бір құзырлы орган құру керек деп ойлаймын. Оған қарынның қамын емес, ұлттың болашағын ойлайтын, нағыз жанашыр, жауапты мамандар тартылса дейміз.
Сонымен қатар ұрпақ тәрбиесін жалғыз мемлекеттің мойнына артып қоймай, қоғам болып тәрбиелеуді қолға алуымыз керек. Осы бағыттағы үкіметтік емес ұйымдар билік пен қоғам арасындағы «алтын көпірге» айналуға тиіс. Ұрпақ тәрбиесінде ұраншылдықты қойып, сөзден іске кірісетін кез жетті.
Тағы айтпағым, бүгінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі арқылы үкіметтік емес ұйымдарға түрлі бағыттағы гранттар бөлінеді. Солардың ішінде «ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу, салт-дәстүрімізді дәріптеу» бағытында жобалар жасалуға тиіс.
Егер ұлттық құндылықтарға негізделген отбасылық институттың мәртебесін көтерсек, іргетасы мықты шаңырақтардың құрылуына ықпал етер едік. Ал отбасылар берік болса, ұрпағымыздың тәрбиесі түзеліп, мемлекетіміз де өркендеп, дамитыны анық.
Самат ЖҰМАДІЛ:
– Мұндай келеңсіздік қайталанбас үшін алдымен, ата-ана жауапкершілігін арттыру керек. Ата-аналар балаларымен сырласуы керек, бала басындағы қиыншылықты, ең алдымен, анасына не әкесіне айтса, мәселенің алдын алуға болады. Сонымен қатар қиын балалармен жұмыс істеудің ғылыми әдістемелері, жұмыс алгоритмдерін жасау, баланың бос уақытын дұрыс жоспарлау маңызды. Тәрбие саласында жоғарыдан келген шаралардың легінен гөрі, мектептердегі оқушылардың қажеттілігіне қарай тәрбиелік шаралар ұйымдастырылуға тиіс. Өзін-өзі басқару ұйымдарының жұмысын жандандырып, оқушылардың өмірге сенімділігін, белсенділігін арттыру маңызды.
Ақтоты КЕМАЛОВА:
– Жоғарыда көрсетілген іс-шараларды жан-жақты, мүдделі органдармен бірлесіп жұмыс істеуіміз қажет. Сонда бірлескен істен нәтиже шығады.
Ержан МЫРЗАБАЕВ:
– Білім ордасында қандай да бір келеңсіз оқиға болғаннан кейін, соған қатысқандарды қатаң жазалау қажет. Бұл өте маңызды. Сонда оқушы біреуге әлімжеттік жасап, зорлық-зомбылық көрсетудің соңы қылмыстық жауапкершілікке апаратынын, әке-шешенің жұмысына кері әсері тиетінін, қоғам тарапынан қысым болатынын көруі керек. Сол кезде жеткіншек одан аяқ тартады. Әрбір мұғалімнің сабағында тәрбиелік элементтердің болуына назар аудару қажет. Мәселен, физика мұғалімі сабағында өз пәнін ғана емес, сол арқылы бес минут уақыт бөліп, тәрбиелік мәні бар немесе ұлттық құндылықтарымызға сай дүниелерді түсіндірді ме, оның тәрбие жоспары қандай, ол қағазда емес, іс жүзінде қаншалықты іске асты, осының бәрін сараптап, бағалау қажет. Сонымен бірге ата-аналар мәселесін қолға алған жөн. Өкінішке қарай, бізде бұл қараусыз қалды. Қай жағынан деп ойлайсыз? Біз ата-анадан балаңызға көңіл бөліп, оның тәрбиесімен айналысыңыз, сөйлесіңіз, үйретіңіз деп талап етеміз. Бірақ кейбір ата-ананың оған білімі мен біліктілігі жете ме? Олар мұғалімдер секілді педагогикалық жоғары оқу орындарында педагогика мен психологияны оқыған жоқ. Бала психологиясын толық білмейді. Осы тұрғыдан келгенде мектеп деңгейінде арнайы отбасы академиялары жұмыс істеп, жалпы қоғамға ата-ана болудың жауапкершілігін үйретуіміз керек.
Дөңгелек үстелді жүргізген
Азамат ЕСЕНЖОЛ,
«Egemen Qazaqstan»