Тәуелсіздік алған соң қаланы қазақыландырамыз деп ауылдағы ағайынды орталыққа көшіп келуге үндедік. Осылайша, урбанизация үрдісінің соңынан еріп кеттік, салдарынан бірлігі бекем ауылдардың іргесі сөгілді. Қалаларымыз да халықты қабылдауға дайын болмай шықты. Енді Үкімет бос қалған ауылдарды қайтадан жанға толтыруға күш салып жатыр. Қала тұрғындарын ауылға көшіруді көздеген жаңа жобаны іске қосты. Бастаманың игілігін көріп, халық қаладан ауылға ағылып жатыр ма?
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, қазір ел халқының 38,2 пайызы – 7,5 миллионнан астам адам ауылда тұрады. Урбанизация қарқынына байланысты соңғы жылдары ауыл халқының үлесі азайып келеді. Егер 2022 жылдың басында ауылдардағы халық саны 7 728 176 адамды құраса, 2023 жылдың басында бұл көрсеткіш 7 556 745 болды. Оның ішінде 3 832 903 – ерлер, 3 723 842 – әйелдер. Ауыл тұрғындарының саны жағынан Түркістан облысы алда, ондағы ауылдықтар саны – 1 599 909 адам. Екінші орында Алматы облысы – 1 262 161 адам, үшінші орында Жамбыл облысы – 691 179 адам. Одан кейін Қызылорда облысы – 442 423 және Маңғыстау облысында 420 052 халық ауылдарда тұрады. Ал Ұлытау – ауыл тұрғындары ең аз шоғырланған өңір, онда облыс халқының 21 пайызы, яғни 46 328 адам тұрады.
Жалпы, ауылдықтар саны 7 өңірде – Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Жетісу облыстарында басым. Ал қалған өңірлерде ауылдар қаңырап бос қалып жатыр. Әсіресе еліміздің батыс аймақтары – Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары осы мәселемен бетпе-бет келіп отыр. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында соңғы он жылда 60 елді мекен ауыл мәртебесінен айырылды. Инфрақұрылымның жоқтығы мен жұмыссыздық ауылдардың тоз-тозын шығарды.
Негізі заңнама бойынша ауыл мәртебесі болу үшін ауылдағы тұрғындардың саны 50 адамнан кем болмауға тиіс екен. Ал ауылдың саны толық болмаса, ауылдық округтер саны да қысқарады. Өйткені бірқатар елді мекен ауыл мәртебесінен айырылған жағдайда құрамында әкімшілік орталығы ғана қалатын округтер бар. Заң бойынша ауылдық округте кемінде 2 ауыл және 500-ден астам тұрғын болуы шарт.
Мысалы, Ақтөбе облысында соңғы үш жылда 17 мың адам ауылдан кеткен. Сол себепті де Үкіметтің биылдан бастап іске қосқан «Ауыл аманаты» жобасын Ақтөбе облысы Қазақстанда бірінші болып жүзеге асыруға кірісті. Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың айтуынша, жыл басынан 60-тан астам отбасы (250-ге жуық адам) қаладан ауылдық жерге көшіп барған.
«Бұл жобаның ерекшелігі ауыл-аймақтарда тұратын азаматтарға қаржылық несиемен қатар тауарлық несие де беріледі. Яғни мал шаруашылығымен айналысатын шаруалар танымал, малы көп шаруашылықтардан тауарлық, яғни мал есебінде несие ала алады. Осылайша, бұл механизм қарапайым тұрғындардың мал басын көбейтуіне, табысын арттырып, отбасын асырауына үлкен көмек болады. Мәселен, биыл ірі шаруа қожалықтарының қолдауымен ауыл тұрғындарына тауарлық несие ретінде 6 мың бас мал беріп жатырмыз. Тауарлық несиенің тиімділігі сол, одан бюджеттің бірде-бір тиыны жұмсалмайды. Сондай-ақ несиенің қайтарымы ақшалай емес, алынған төл есебінен болады. Бүгінгі таңда 249 отбасына 3 220 бас мал берілді», дейді Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Жалпы, Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасына 6 шағын қала және 134 селолық округ қатысып жатыр. Қазіргі уақытта 2,5% жеңілдікпен несиелеу бағыты бойынша жалпы сомасы 3 млрд теңгеге 776 отбасының жобалары мақұлданып, 3 мыңнан астам адам қамтылды.
«Мысалы, ауыл тұрғыны қазір 4,5 млн теңгеге 10 сиыр сатып алды делік. Барлық сиырлар алдағы уақытта бұзаулайды. Бір-екі айдан кейін жобаға қатысқан шаруа малы төлдеп, мал саны екі есеге артады. Тек сүт сату арқылы ғана тіпті қала тұрғыны да таппайтын қомақты соманы табуға болады», деп мысал келтірді облыс әкімі.
Сондай-ақ жоба аясында 450-ден астам жұмыссыз ауыл тұрғындары өз істерін бастаған. Мысалы, шаштараз, тігін шеберханасы, автокөлік жөндеу, ветеринарлық дәріхана және т.б. Облыс басшысы қала тұрғындары да жобаға қатысуға үлкен қызығушылық танытып жатқанын алға тартты.
«Ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі көлемін ірі шаруашылықтар өндіреді деген пікір бар. Алайда бүгінгі таңда өңірімізде жеке қосалқы шаруашылықтарда өндіріс басым. Мәселен, Байғанин ауданының 76 жастағы зейнеткер Құтым Қасенұлы бір ауланың өзінен жылына 9 тонна көкөніс алса, Ойыл ауданының тұрғыны Сапура Сағынқызы өз ауласынан 18 тонна көкөніс жинады. Олар ауылдастарының көкөністерге деген қажеттілігін 20 пайызға қамтамасыз етеді. Осындай 10-ға жуық жылыжайдың ашылуы ауылдың ғана емес, барлық ауданның қажеттіліктерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді өңір басшысы.
Әкімнің айтуынша, бүгінде құс етінің 90%-дан астамы сырттан әкелінеді. Яғни ақтөбеліктердің ақшасы басқа адамдардың қалтасына түседі. «Бірақ әркім тіпті өз ауласында құс шаруашылығымен айналыса алады. Мұндай жобалар да бар. Жыл соңында жобаға қатысушы ауылдарда құс етімен қамтамасыз ету деңгейі үш есе артады, көкөніспен қамту 23%-ға, картоппен қамту 20%-ға артады», деп атап өтті Е.Тоғжанов.
Жалпы, «Ауыл аманатын» іске асыруға 6,5 млрд теңге бөлінген, Үкімет тарапынан қосымша 12,5 млрд теңге қарастырылған. «Қаражат толық көлемде игеріледі», деп сенім білдірді облыс әкімі. Нәтижесінде, жыл соңында жобаға қатысушы ауылдардағы жұмыссыздар саны 41,4%-ға, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 39%-ға қысқарады. Отбасының орташа табысы 182 мың теңгеден 354 мың теңгеге дейін, яғни 2 есеге ұлғаяды.
Сонымен қатар аталған облыста ауыл-аймақтардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту және ауыл тұрғындарын қолайлы өмір сүру жағдайымен қамтамасыз ету үшін «бірыңғай қолдау шаралар пакеті» қабылданған.
«Бірыңғай қолдау шаралар пакеті» біріншіден, бір жыл ішінде 67 ауылды мобильді интернетпен қамтамасыз етеді. Нәтижесінде, ауыл халқының 98,5%-ы сапалы интернетке қол жеткізеді. Екіншіден, біз ауылдық және қалалық мектептер арасындағы білім деңгейін теңестіру мақсатында «БІЛІМ ALL» өңірлік жобасын іске қостық. Ал ауылда медицина сапасын арттыруға бағытталған «Фельдшер сөмкесі» жобасы да бар. «Фельдшер сөмкесі» – арнайы планшеттен және сегіз түрлі анализатордан тұратын инновациялық портативті медициналық жабдық. Оның көмегімен пациентке дұрыс диагноз қойып, тасымалдаусыз қашықтықтан емдеуге болады. Бұл шалғайдағы ауыл тұрғындарының әлеуметтік игіліктерге тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді Ералы Тоғжанов.
Бұған қоса облыс «Абаттандырылған ауыл» жобасын бастады, ауылдарды абаттандыру бюджет есебінен ғана емес, демеушілік қаражат есебінен де жүргізіліп жатыр.
«Қанатқақты режімде біз 27 мыңнан астам халқы бар 12 ауылда 120 әлеуметтік маңызы бар жобаны іске асыруға кірістік. Бүгінде жалпы сомасы 1,7 млрд теңгеге 6 ауылды абаттандыруға келісімге қол қойылды. Тағы бір қауіпсіз ортаны қалыптастыруға, жасөспірімдер қылмысын жоюға бағытталған «Қауіпсіз ауыл» жобасы жұмысын бастады. Бүгінде аймақта ішімдіктен бас тартқан 10 ауыл және соңғы 2 жылда бірде-бір қылмыс жасалмаған 10 ауыл бар. Жыл соңына дейін Ақтөбе облысында қоғам белсенділері, өңірдің кәсіпкерлері, жастардың қатысуымен өтетін іс-шаралардың нәтижесінде қауіпсіз ауылдар саны 60-қа жетеді. Жалпы, «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында қабылданып жатқан шаралардың тиімділігі мен игілігін ауыл халқының жақын арада сезінетіндігіне сенімім мол», деп түйіндеді Ералы Тоғжанов.
Осылайша, Үкіметтің «Ауыл аманатын» Ақтөбе облысы өзге өңірлерден өзгешеленіп іске асырып жатыр. Қазір ауылдан қалаға кеткендердің емес, керісінше қаладан ауылға бет алғандардың ісі оң болып тұрған сыңайлы.