Өткен жылы Жанкент археологиялық экспедициясының барлау тобы Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқан Адам ата кешеніне зерттеу жүргізген еді. Археологтар құм қойнауынан өткен тарихтан дерек беретін бірталай мұра қазып алып, зерттеуге кірісті. Ежелгі Қуаңдария бойындағы кешеннен табылған жәдігерлер ғалымдардың ерекше қызығушылығын тудырып отыр. Басты олжа – ертедегі ғалымдардың «Сырдың бойында Түркістанда туып, 1693-1748 жылдар аралығында ғұмыр кешкен атақты хан, қаһарман қолбасшы Әбілқайырдың ордасы болған» деген пікірін тірілтуге тиянақ боларлық деректер ұштығының шыққаны. Бұл туралы экспедиция жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Әзілхан Тәжекеевтен сұрадық.
– Әзілхан Әуезханұлы, Әбілқайыр ханның жерленген жері Ақтөбе облысы аумағындағы «Хан моласы» атауымен белгілі қорым екенін білетінбіз. Сондықтан да сіз бастаған экспедицияның мына жаңалығы шынымен де елді елеңдететіндей болып тұр.
– Оныңыз рас, жалпы Әбілқайыр хан мен оның ұрпақтары туралы, олардың жерленген жері жайлы жазылған ғылыми еңбектер аз емес. Олардың көпшілігінде Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы Толыбай ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 77 шақырым жердегі «Хан моласы» қорымын он сегізінші ғасырдың соңғы ширегінде П.Рычков, 1832 жылы А.Левшин, одан үш жыл кейін Д.Аристов, он тоғызыншы ғасыр соңына қарай И. Крафт басқарған экспедициялар зерттегені айтылады. 1979 жылдан бастап деректер негізінде қорымды тарих ғылымдарының докторы Серік Әжіғали зерттеді. Өткенді танытудағы тынымсыз еңбекке Әбіш Кекілбай, Амантай Сатаев, Өзбекәлі Жәнібековтей қабырғалы қайраткерлер де аз үлес қосқан жоқ. Осының арқасында бұл орын ғылыми айналымға енгізілді. 1998-2001 жылдар аралығында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты этнография бөлімінің меңгерушісі Серік Әжіғалидің жетекшілігімен «Хан моласы» қорымының топографиялық картасы жасалды. Мыңға тарта бейіт пен 40-тан аса құлпытас анықталып, эпиграфикасы зерттелді. Нәтижесінде, бұл жерлеу орындары XVII–XVIII ғасырларда кіші жүздегі алтын-жаппас руларының қорымы ретінде қалыптасып, 1748 жылы Әбілқайыр хан жерленгеннен кейін «Хан моласы» деген атау алғандығы белгілі болды. Бірден айта кетейік, біздің мақсат алдыңғы зерттеушілердің осындай кешенді талдауларын жоққа шығару емес, табылған жаңа деректер арқылы қаһарман ханның Сыр өңіріндегі ордасы мен оның жанындағы ежелгі қорым жайлы зерттеулерді жалғастыру.
Әбілқайырдың Сыр бойында ордасы, елдің сол тұстағы саяси-әлеуметтік ахуалы туралы 1740–1743 жылдары Д.Гладышев, И.Муравин, В.И.Назимов, У.Арсланов секілді әскери шенеуніктер экспедицияларындағы зерттеулерде көп дерек болғанымен нақты орны анықталмаған еді. Кейбір зерттеулерде хан мен оның ұрпақтары да Сырдың бойында жерленуі мүмкін деген де деректер кездеседі. Әбілқайыр ханның өмір сүру кезеңін зерттеуші ғалымдар И.Ерофеева, Б.Т.Жанаев, М.Қожа да осындай пікірлерге қазық байлап, Сыр бойында әйгілі ханның ордасы болғанын, тіпті хан осында қайта жерленуі мүмкін екендігін айтады. Осыған сәйкес зерттеуде жоғарыда айтылған әскери шенеуніктермен қатар А.И.Макшеев, Е.Батыршин, И.Аничков сынды Ресей империясының әскери мамандарының берілген деректеріне талдау жасалды. Нәтижесінде, Қуаңдария өзенінің бір саласы, ежелгі Адам ата арнасының бойында орналасқан Адам ата кешеніндегі Әбілқайыр хан орда тіккен жер алғаш рет анықталып отыр. Деректер ізімен жүргізілген далалық зерттеу жұмыстарының кейбір қорытындылары шықты. Бұл деректер ханның жерленген орны мен ордасы жайлы ғылыми ізденіс жұмыстарын қайта жүргізуге негіз болады деп есептейміз. «Қазақстан археологиясы» журналының биылғы бірінші нөміріне жарияланған «Әбілқайыр ханның Сыр бойындағы ордасы және Адам ата кешені» атты ұжымдық мақалада осы туралы егжей-тегжейлі айтып өттік.
– Мұндай ойға табан тіреу үшін де бір негіз керек екені белгілі. Хан ордасының орнын қалай анықтадыңыздар?
– Жалпы далалық барлау жұмыстарының әдістері қатарына ескерткіштерді есепке алу, картаға түсіру, географиялық координаттарын анықтау және ғылыми фотоқұжаттама дайындау жатады. Хан ордасының орнын анықтау үшін картография әдісі қолданылды. Осылайша Д.Гладышев, И.Муравин (1740–1741 жж.) және Н.А.Ивашинцев (1854 ж.) құрастырған карталарды «Google Earth» бағдарламасының мәліметтерімен салыстыруға мүмкіндік туды. Ескі арналар мен кешендегі ескерткіштердің орнын анықтау мақсатында зерттелген аймақта ұшқышсыз ұшатын құрылғы DJI Panthom 3 арқылы әуеден суретке түсіру әдісі пайдаланылды. Барлау жұмыстары барысында кешеннен әр түрлі кезеңмен мерзімделетін көне қоныс орны, тораңғы бағы, күйдірілген кірпіштен тұрғызылған ежелгі жерлеу құрылыстары, саз кесектен салынған төртқұлақ жерлеу құрылыстары және кейінгі жерлеу орындары анықталды. Бұл Адам ата кешені Алтын Орда кезеңінде пайда болып, ол аумақ кейін елдің байырғы тұрағы болған деген болжам жасауға итермелейді. Қоныстар мен жерлеу ескерткіштерінің орналасуы, сипаттамасы мен мерзімдеріне қатысты зерттеушілердің деректері негізінде салыстырмалы-тарихи әдістер қолданылды. Аумақтан табылған мыс тиынға нумизматикалық, жерлеу ескерткіші басына қойылған құлпытастағы арабша жазуды анықтау үшін эпиграфикалық зерттеулер жүргізілді. Осының нәтижесінде Адам ата ескерткіштер кешеніне толық сипаттама беріліп, сақталған деректер бойынша қорытындылар жасалды.
Хан ордасының орны мен жерленуі мүмкін деген тұс жайлы батыл болжам жасауымызға негіз болған алғашқы дерек 1740–1743 жылдар аралығында Арал теңізі мен Хиуаға жасаған экспедициясындағы поручик Д.Гладышев, геодезист И.Муравин, инженер-бақылаушы В.И.Назимов және аудармашы У.Арслановтың есебінде берілген. Белгілі картограф Я.В.Ханыковтың пікірінше аталмыш экспедицияның басталуына Әбілқайыр ханның Сырдарияның сағаларына жақын жерлерге қалалар салу өтініші негіз болған. Осылайша 1739 жылы 20 тамызда аталған аймаққа зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін патшаның жарлығы шығады. Оның жазбасында: «На 33-й день пути, то есть 7 октября 1740 года Гладышев с товарищами прибыл в ставку Абуль-Хаира, на реке Адам-Ата, неподалеку от Куван-Дарьи», деп берілген (Ханыков Я.В. Пояснительная записка к карте Аральского моря и Хивинского ханства с их окрестностями // Записки Русск. геогр. о-ва, кн. V, 1851. С. 268-358).
Хан ордасы жайлы болжамымызды Арал маңы мен Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы жер-су атаулары, арналар мен сағалар, өткелдер, бекіністер мен ежелгі ескерткіштер жайлы егжей-тегжейлі сипаттама берген подполковник А.И. Макшеевтің Адам ата арнасы мен оның бойындағы бекініс туралы жазбалары бекіте түседі. «Из этих протоков особенно замечателен Адам ата, выход которого из Сыр-дарьи у Муравина не означень, а впадение его в Куван-дарью показано верстами десятью выше впадения Муравинского протока Карасара, или нынешняго Биш-арама Муравин жил на берегу его, в ставке хана Абуль-Хаира, целую неделю; да и теперь среди песков сохранились еще развалины стариннаго укрепления Адам ата, которое конечно не могло существовать без воды», «остатки укрепления Адам-ата, находятся среди песков, в 25 верстах к югу от Кара-тюбя, имеют в длину и ширину по 50 сажен. Здесь разбросано довольно много полуразрушенных могил, в числе которых одна (Аудке) поросла довольно крупным и густым осокоревым лесом. Вопрос каким образом существовало это укрепление, среди песков, без воды, разрешается маршрутною картою Муравина, на которой показано, что через эти места протекал, ныне несуществующий проток Адам ата» деген жазбасы өлке тарихы мен оның тұлғалары туралы тың ізденіске жол ашады ( Макшеев А.И. Описание низовьев Сырдарьи // Морской сборник. 1856. Т. ХХІІІ. № 9. С. 448-527)
Ізденіс барысында біз сүйеніш қылған үшінші дерек – тілмаш Ескендір Батыршиннің күнделігі. Бұл күнделікті тілмаш Ресей әскерінің Райым бекінісінен Ақмешітке дейінгі 1853 жылғы экспедициясы құрамында болған кезінде жүргізген. Экспедиция құрамында сұлтан Ермұхаммед Қасымов (Әбілқайыр ханның шөпшегі, Ералы ханның шөбересі, Бөлекей ханның немересі, Қасым ханның ұлы) болған. Кіші жүздің бір бөлігі 1843 жылы хан көтерген Ермұхаммед Қасымұлынның билігін Бұқара мен Хиуа билеушілері де мойындаған. Осы сапарда Е.Батыршин Ермұхаммед Қасымұлынан көптеген мәліметтер жазып алады. Хандардың жерленген орны жөнінде Ескендір Батыршин күнделігінде мынадай жазба кездеседі: «21 июня. Ночлег на урочище Ильчибай. Против ночлега на Ак-Яре. Видна на левом берегу Сыра могила Ирали-хана, тело которого, по его завещанию, перенесено потом на Куван, недалеко от могилы отца своего хана Абульхаира, убитого близ линии; похороненного сначала недалеко от реки Улькояка (впадает в Тургай), а потом перевезенного тоже на Куван» (Краткий дневник, введенный переводчиком Искандером Батыршиным во время похода на Акмечеть. 1853 г. / Предисл., подгот. текста, комм. И.В. Ерофеевой, Б.Т. Жанаева // История Казахстана в документах и материалах. Альманах. Вып. 2. Астана, 2012. С. 318-335).
Орынбор облысының мемлекеттік архивіндегі құжатта да Ералы ханның 1794 жылы маусым айында қайтыс болып, мәйіті Сырдарияның бойына жерленгені айтылады: «при реке Сырдарье в том урочище, где мечеть построена» (Ерофеева И.В., Жанаев Б.Т. О захоронении и перезахоронении останков хана Абулхаира // Древности Отрара и Отрарского оазиса, Казахстана и Евразии. Алматы: ИА КН МОН РК, 2012а. С. 318-335). И. Ерофеева осы аталған құжаттарға және М. Бекчуриннің Әбілқайыр ханның жерленген орны туралы мәліметіне сүйене отырып, Ералы ханның денесі қойылған аумақты: «оно находится на границе современных Казалинского и Кармакшинского районов Кызылординской области на расстоянии от 4,5 до 10 км к югу от урочища Акжар и в 27–30 км юго-восточнее проселочной дорог, соединяющей аулы Сарытобе и Сарыбулак, между долиной Сырдарьи и сухим руслом одного из ближайших к ней правых рукавов Кувандарьи» деп жобалап көрсетеді. Ғалым еңбегінде бұл аймақтың ертеден Әбілқайырдың және оның ұрпақтарының қыстауы болғаны да деректермен дәйектеле түседі. И. Аничков та 1897 жылы жазған мақаласында Адам ата қасиетті орны, оның орналасқан жері жайлы анық та, қанық сипаттама береді: «есть еще между старой и новой хивинскими дорогами, на левом берегу Сырдарьи, не далее 18–20 верст от нее, в совершенно пустынном месте, порядочная туранговая роща, около которой разбросаны мазарки позднейшего происхождения. Странное, но отрадное впечатление производит эта туранговая роща своею зеленью среди желтой песчаной степи. Стоит она на высоком довольно месте и называется «Адам-Ата». Ей приписывают большую древность, чуть ли не времен Пайгамбара. Кто был святой, который здесь жил и умер, неизвестно. Предание не сохранило нам его имени, но утверждают, что живший здесь древний святой «Аулия», которого показывают, был ни каракалпак, ни киргиз, ни сарт, ни узбек, но мусульманин» (Аничков И. О некоторых местностях Казалинского уезда, интересных в археологическом отношении // Протоколы заседаний и сообщений членов Туркестанского кружка любителей археологии. Историкокультурные памятники Казахстана. Туркестан: Туран, 2011. С. 120-123).
– Далалық зерттеу жұмыстарының нәтижелерін жазба деректермен салыстыра отырып, талдап, зерттегенде алшақтық байқалды ма? Жалпы, зерттеуде қандай әдіске сүйендіңіздер?
– Адам ата шамамен ХІХ ғасырдан бастап құрғап қалған Қуаңдария өзенінің бір арнасы. Ұзындығы иіндері мен бұрылыстарын қоса есептегенде шамамен 100 шақырым болады. Арна Қазалы ауданы Сарыбұлақ ауылынан солтүстік-батысқа Ақтау кесенесі маңынан Қуаңдария өзенінің оң жағалауынан бөлініп шығады. Солтүстік-батыс бағытында 25 шақырымдай ағып, Адам ата қорымы тұсында екіге бөлінеді. Сол жағы 14 шақырым ағып, Қуаңдарияға қайта қосылады. Ал оң жақ арна батысқа қарай 20 шақырымнан кейін Асар төбе қалашығы тұсында қазіргі Бозкөл батпағына (Муравинше – Қарасар арнасы, Макшеевше – Бес арам (Биш-арам) арнасы) құяды. А.И.Макшеев Адам атадағы ханның бекініс ордасы Қара төбеден оңтүстікке қарай 25 верст (26,6 шақырым) қашықтықта ескі арна бойында орналасқанын жазып кеткен. Қаратөбе Қазалы ауданындағы Абай ауылы іргесінде орналасқан ортағасырлық қалашықтың орны. Барлау жұмыстары барысында бұл арақашықтық GPS құралымен өлшенді. Қаратөбе қалашығы мен Адам ата бекінісінің арасы 27,6 шақырым болып шықты, А.И.Макшеевтің өлшемінен алшақ емес. Айырмашылығы бар болғаны бір шақырым. Бүгінде мұндағы ауқымды ескі қорымды жергілікті халық «Адам ата қорымы» деп атайды. Барлау жұмыстары кезінде Адам ата кешенінде орналасқан ескерткіштерді арна жағасындағы қоныс орны, Әбілқайыр ханға қоныс болған Адам ата бекінісі, хан дүниеден өткеннен кейін 100 жылдан соң Макшеев жазатын тораңғы бағы, күйдірілген кірпіштен салынған жерлеу құрылыстарының қиранды орындары және саз кесектен тұрғызылған төртқұлақ жерлеу құрылыстары және қоршаулар деп жіктедік. Зерттеу барысында керамика сынықтары, темірден жасалған бұйымдар мен оның сынықтары және тиындар табылды. Ескерткіштің беткі қабатынан барлық археологиялық материалдар жинап алынды. Жазба деректердің негізінде жүргізілген барлау экспедициясы нәтижелеріне сүйене отырып, бірқатар қорытындылар жасауға болады. Зерттелген аумақтан әр дәуірден, түрлі мәдениеттен дерек беретін жәдігерлер табылды. Осыған қарап, Адам ата кешенінде Алтын Орда кезеңінде пайда болып, кейінгі орта ғасырларға дейін өмір сүрген халықтың қоныстарын және бірнеше кезеңнен тұратын қорымның қалыптасқанын байқаймыз. Бекініс пен күйдірілген кірпіштен салынған қорым жайлы деректерді нақтылау үшін археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл Әбілқайыр ханның ордасы мен оның немесе ұрпақтарының жерленген орны туралы тың деректер берері анық.
– Әңгімеңізге рахмет. Ғылыми жаңалықтар күтеміз.
Әңгімелескен
Мұрат Жетпісбай,
«Egemen Qazaqstan»