Баба мұрасын сақтау – ұлт келешегін қалыптастырудың негізі. Әл-Фараби бабамыз айтқандай, «өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін емес». Сарғайған тарих парағын сақтау ұрпақтың санасын қорғау іспетті.
Ұлттық музейде «Музейдің қор сақтау қызметін ұйымдастыру: теориясы мен практикасы» симпозиумы болып өтті. Іс-шарада әртүрлі іргелі тақырыптарға баяндама жасалып, қордалы мәселелер көтерілді. Алғашқы болып сөз алған Ұлттық музей директоры Айбек Сыдықов жиынды өткізу мақсатына тоқталды.
Симпозиум үш кезеңнен тұрды: пленарлық отырыс, панельдік сессиялар және практикалық сабақ. Іс-шарада «Музейлік құндылықтар: жинақтау, есепке алу, сақтау», «Қор іріктеу комиссиясының отырысын ұйымдастыру» сынды баяндамалар жасалып, қонақтардың назарын аудартты.
– Басқосуда Ұлттық музейдегі қор жұмысы, оны ұйымдастыру, заттармен қалай жұмыс істеу, сақтау, есепке алу, оларды жинау мәселелері қарастырылды. Осы орайда қызметкерлеріміз аймақтардан келген қор сақтаушы мамандармен тәжірибе алмасты. Жиында қор жинақтау мәселесі көтерілді. Негізі қор жинақтау ісі өте күрделі жұмыс. Бұл тұрғыда адамдармен байланыста болу, мекемелерге хат жазу, іссапарларға бару, археологиялық, этнографиялық экспедицияларға қатысу, олардан әкелген заттарды дұрыстап құжаттау мәселелері туындайды, – дейді Ұлттық музейдің бас сақтаушысы Бәтеш Рахметжанқызы.
Симпозиумда құнды ой-пікірлер айтылып, іс-шара соңында музей қызметкерлері мен қонақтарға арнайы сертификат табысталды.