Астана бойынша Бала құқықтары жөніндегі уәкіл елорданың жекеменшік балабақшаларының директорларымен кездесті. Отырыста балалардың қауіпсіздігі мен оларға қатыгездік көрсетуге жол бермеу туралы айтылды, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Соңғы уақытта балаларға қатысты жазатайым оқиғалар мен физикалық зорлық-зомбылық қолдану фактілері жиілеп кетті, бұған БАҚ пен әлеуметтік желілердегі жарияланымдар, сондай-ақ уәкілдің атына келіп түскен азаматтардың шағымдары дәлел бола алады. Осыған байланысты біз арнайы кеңес өткіземіз, онда жеке балабақшалардың меңгерушілері бүлдіршіндердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай мәселелерге назар аудару керектігі туралы ақпарат алады», деді Астана қаласы бойынша Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Асима Бимендина.
Жедел уәкіл мектепке дейінгі мекемелерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесінде сауатты қарым-қатынас орнатып, орынсыз жағдайларды уақытылы анықтау маңызды екенін айтты.
«Буллинг кезінде жедел әрекет ету ережелері, білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызмет ережелері, қатыгездік пен зорлық-зомбылық кезінде жедел әрекет ету алгоритмі бойынша құжаттар бар. Бұл нұсқаулықтарды тәрбиешілер де, ата-аналар да толықтай білуі керек. Бұл кез келген адам жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін жасауы тиіс алғашқы қадам», деді Асима Бимендина.
Кездесуде Астана ПД ювеналды полиция бөлімінің басшысы Нэлля Дощанова балаларды мектепке дейінгі мекемелерде дұрыс ұстау бойынша практикалық ұсыныстарымен бөлісті.
«Ең алдымен, кадрларды іріктеуге барынша мұқият қарау керек. Өтініш берушінің жазбасын ғана емес, оның қазіргі психологиялық жағдайы мен отбасындағы хал-ахуалды да ескеру қажет. Тәрбиешілердің жұмысын сапалы бақылау үшін балабақша басшылары бейнебақылау камераларын жеке қарауы қажет. Істі жасырып қалу немесе уақытылы жеткізбеу фактілері болмас үшін бұл жұмысты орынбасарларға немесе тәрбиешілердің ешқайсысына тапсыруға болмайды. Сонымен қатар, қызметкерлердің орынсыз мінез-құлқын уақытылы анықтау үшін камераларды тек шағым болған кезде ғана емес, үнемі қарап отыру қажет.
Балалардың эмоционалды және физикалық денсаулығын мұқият бақылау керек. Балаға ықтимал қатыгездік туралы кез-келген жағдайға жете мән беру қажет. Зорлық-зомбылық фактісі туралы хабарлау - тек азаматтық ұстанымның көрінісі ғана емес, кәсіби жауапкершілік. Дөрекі жайт анықталған жағдайда мектепке дейінгі мекеме басшысының хабарламауы әкімшілік құқық бұзушылық болып саналады», деп ескертті Нэлля Дощанова.
Бүгінгі таңда Астанада 67 730 бала баратын 507 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді. Сонымен қатар, қалада мектеп жасына дейінгі балаларға қатысты қатыгездік фактісі бойынша 8 қылмыстық іс тіркелген.