• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 01 Маусым, 2023

«Allianz»: Қазақстан зейнетақы жүйесі тұрақты елдер қатарында

219 рет
көрсетілді

Бүгінде елімізде байқалып отырған оң үрдіс жинақтаушы зейнетақы жүйесінің дұрыс бағытта дамып келе жатқандығын көрсетеді. Сәуір айында сақтандыру компаниялары мен активтерді басқарушылардың әлемдік көшбасшысы «Allianz» өзінің «API» жеке зейнетақы индексін пайдалана отырып, дүниежүзіндегі 75 зейнетақы жүйесін талдайтын Жаһандық зейнетақы есебінің жаңа басылымын шығарды.

Индекс зейнетақы жүйесінің тұрақ­ты­лы­ғы мен жеткіліктігін кешенді бағалауға ар­налған. Ол үш қосалқы индекстен құралып, 1-ден 7-ге дейінгі шкала бойынша бағаланатын 40 параметрді ескереді, мұнда 1 ең жақсы нәтижені білдіреді. Есеп 2023 жылдың наурыз айындағы соңғы қолжетімді деректерге негізделген.

«Allianz» бағалауы бойынша, ең үздік зейнетақы жүйесі бар ел 2,2 ұпаймен Дания болды. Одан кейін 2,6 ұпай жинаған Нидерланд пен Швеция, артынша 2,8 ұпаймен Жаңа Зеландия, сондай-ақ әрқайсысы 2,9 ұпаймен АҚШ, Тайвань және Израиль алдыңғы саптан орын алды. Бельгия мен Австралияның зейнетақы жүйесі 3 ұпайға бағаланды. Ал Оңтүстік Корея, Люксембург, Швейцария және Ұлыбритания елдерінің бағасы ‒ 3,1 балл.

Өз кезегінде Қазақстанның жалпы индексі 3,5 тармақты құрады, бұл жалпы елдік көрсеткіштен (3,6 балл) жоғары. Еліміз ТМД-дағы көршілерімізді, соның ішінде Ресейді ғана емес, Испания, Чили, Сингапур, Біріккен Араб Әмірліктері, Словакия, Чехия, Венгрия, Түркия және басқа да елдерді басып озды. Бұл нәтижелер Қазақстанның зейнетақы жүйе­сі «Allianz» талдаған басқа елдермен са­лыс­тырғанда зейнетақы тұрақтылығы мен барабарлығы бойынша орташадан жоғары екенін білдіреді.

«Allianz» баяндамасында халықтың қартаюы мәселесіне баса назар аударылады, өйткені бұл демографиялық процесс ‒ әлемдегі зейнетақы жүйелері үшін негізгі проблемалардың бірі. 2050 жылға қарай әлемде шамамен 1,6 миллиард адам 65 жастан асқан және оның 1 миллиардқа жуығы Азияда (негізінен Үндістан мен Қытайда) болады деп болжануда. Жаһан­дық өмірдің орташа ұзақтығы 2023 жыл­ғы 73,4 жастан 2050 жылға қарай 77,2 жасқа дейін артады. Сондықтан ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылықты қам­та­масыз ету және болашақ ұрпаққа артық салмақ түсірмеу үшін зейнетақы жүйесін демографиялық өзгерістерге дайындау өте маңызды. Бұл жаһандық үрдіс Қазақстанға да қатысты.

Сонымен қатар БҰҰ болжамы бойын­ша, Қазақстанда қарттықтың демо­гра­фия­лық жүктеме индексі де артады. Мы­с­алы, 2022 жылы бұл коэффициенттің мәні 12,9%-ды құрады. 2025 жылға қарай арақатынас 14,1%-ға, 2030 жылға қарай – 15,9%-ға, 2040 жылға қарай – 17,1%-ға, 2050 жылға қарай – 19%-ға жетеді. Дәл осы себепті әлемнің көптеген ел­де­рі, соның ішінде біздің еліміз де жи­нақ­таушы зейнетақы жүйесіне көшті. Биыл республикамыздың жинақтаушы зейнетақы жүйесі өзінің 25 жылдығын атап өтуде.

Жалпы, елімізде жылдан-жылға зей­нет­ақымен қамтамасыз ету бойын­ша барлық негізгі көрсеткіштердің сер­пін­ді өсуі байқалады. Атап өтсек, осы жылдың 1 мамырындағы жағдай бо­йынша ел азаматтарының БЖЗҚ-дағы жинақталған зейнетақы қаражаты бір жыл ішінде 21,1%-ға артып, 15,7 трлн теңгеге жетті. Бұл қаралып отырған ке­зең­дегі соңғы жылдардағы ең жоғары өсім. Өңірлік тұрғыда азаматтардың зей­нетақы жинақтарының ең көп мөлшері Алматы мен Астанаға түсті: тиісінше 2,97 трлн және 1,41 трлн теңге. Үздік үш­тікті Қарағанды облысы жапты: 1,24 трлн теңге.

2023 жылдың төрт айының қоры­тындысы бойынша БЖЗҚ-ға ауда­рыл­ған жарналардың көлемі 663,3 млрд теңгеге жетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27%-ға артық (2022 жылғы қаңтар-сәуірде – 523,5 млрд теңге). Міндетті зейнетақы жарналары бойынша сома бір жылда 26,8%-ға өсіп, 631,1 млрд теңгеге, міндетті кәсіптік жар­налар бо­йынша – 24,2%-ға, 31,6 млрд теңгеге, ерікті зейнетақы жарналары бо­­йынша – 73%-ға, 690,4 млн теңгеге дейін өсті.

Еліміздің зейнетақы жүйесі қарт адамдарды зейнеткерлікке шық­қан­нан кейін лайықты өмір сүру құрал­да­рымен қамтамасыз етуге бағытталған тұрақты дамуды көрсетеді. Бұған БЖЗҚ-ның ресми деректері де, халықаралық баға­лар да дәлел.