Топырақты органикалық заттармен тыңайту көпшілік үшін бас ауыртар мәселеге айналғалы қашан? Бірақ мұны шешудің балама жолы бар. Ол – калифорниялық құрттарды пайдалану әдісі. Бұл жалпы табиғи таза органикалық тыңайтқыш – биогумус өндіру.
Биогумус – ауыл шаруашылығындағы органикалық және тұрмыстық қалдықтарды, өсімдік қалдықтарын, жапырақтарды, шөптерді және малдардан шыққан көң қалдықтарын калифорниялық құрттар көмегімен қайта өндірілген табиғи таза тыңайтқыш. Яғни калифорния құрты қалдықтарды жеп, өзінен биогумус шығарады. Ол ең күшті табиғи таза тыңайтқыш болып саналады.
«Естімеген елде көп» дегендей, жаңа жобаны Казталов ауданына қарасты Ақпәтер ауылындағы Досым Махамбетов бастап жатыр. Табиғи таза өнім – ауыл шаруашылығы үшін таптырмас дүние. Ауылдағы үйінің ауласынан биогумус өндіруді қолға алған жаңашыл жас бұл өндірістің қыр-сырымен бөлісті.
– Аталған бизнесті бастау үшін бастапқыда калифорниялық құрттарды сатып алу керек. Оны біз Алматы облысы Қарасай ауданындағы шаруа қожалығынан сатып алдық. Кәсібімді бастауға шамамен 500 мың дана құрт шылаушынын алдым. Шылаушындарды жыл бойы жұмыс істету үшін арнайы қоймада сақтаймыз. Сонда олар жыл он екі ай жұмыс істейді. Биогумус өндіру үшін барлық қалдықты жинаймыз. Сол қалдықтарға калифорниялық құрттарды жібереміз. Ауылда не көп, малдың көңі көп. Субстрат бес-алты ай шамасында өңделеді. Субстратты үнемі 80 пайыз ылғалда ұстаған дұрыс. Тиімді жағдай жасалуына байланысты құрттардың саны 5-10 есеге дейін көбейеді, – дейді Досым Махамбетов.
500 мың калифорниялық құрт 1 тонна қалдықты 8-10 күн ішінде өңдеп, табиғи таза тыңайтқыш – биогумусқа айландырады. Калифорниялық құрттарға берерден 1-2 ай бұрын қалдықтарды компостау үдерісінен өткізу керек. Себебі қалдықтар құрамында құрттарға ұнамайтын зиянды нитраттар бар. «Ол үшін көңді биіктігін 1 метр, енін 2 метр, ұзындығын 10 метр қылып бір жерге жинап, үстіне қалдықтарды тез ашытуға арналған бактерияларды құямыз. Көңнің үстін жауып қоямыз. Компостау кезінде пайда болған жылу төбеге көтеріліп кетпеуі қажет. Ылғалдылығын күн сайын су шашу арқылы 1-2 ай бойы ұстап тұрамыз. 15 күн өткеннен кейін бактериялар күшімен қалдық ішіндегі температура 50-60 градусқа дейін жетеді және тез ашу үдерісі басталады. Бактериялар болмаса ашу үдерісі 1-2 жылға созылып кетуі мүмкін. Сондықтан бактерияларды пайдаланамыз», дейді ол.
Биогумустың артықшылығы бұл өніммен өңделген өсімдіктер өздерін жақсы сезінеді, иммунитеті жоғарылайды. Топырақтың құнарлылығы артып, өсімдіктердің өнімділігі 45-50 пайызға дейін артады. Бұл ғылыми негізде дәлелденген. Расында, әртүрлі химиялық, зиянды тыңайтқыштарға қарағанда табиғи таза өнімді пайдаланған дұрыс. Биогумус – бау-бақша, егістік еккен диқандар үшін өте тиімді өнім. Әзірге табиғи таза өнімді өндіруді өз қаражатына бастаған Досым алдағы уақытта қаржылай қолдау болса, өндіріс көзін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Жалынды жастың қолға алған инновациялық жобасы көпке үлгі әрі тиісті тараптан қолдау табады деген сенімдеміз.
Қайрат ЖАҚЫП
Батыс Қазақстан облысы,
Казталов ауданы