• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 04 Маусым, 2023

Екі диплом алудың жаңа мүмкіндігі

390 рет
көрсетілді

Біршама уақыт бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының филиалын ашу туралы тапсырма берген болатын. Президент бұл қадам Қазақстанда ғылыми экожүйені ұлттық білім және ғылым жүйесіне енгізуге мүмкіндік беретінін де атап өткен еді.

Президент тасырмасына­ әулие­аталықтар мықтап ден қой­ды. Жыл басында М.Х.Дулати атын­да­ғы Тараз өңірлік университеті мен «Қазфосфат» ЖШС және Д.Менделеев атындағы Ре­сей­ химия-технологиялық уни­вер­си­теті үшжақты келісімге қол қой­ды.­ Нәтижесінде, өңірлік университте ТМД елдері арасында алғаш рет­ химия өнеркәсібі саласындағы же­лі­лік кампустың тұсаукесері өтті.

Облыс әкімінің орынбасары Ер­кін Үйсімбаев желілік кампус ар­қы­лы білікті кадр даярлаудың мүм­кін­дігі артатынына сенімді.

– Желілік кампус жұмысының бас­талуы – жоғары білікті кадр­лар­ды даярлау ісінде тиімді диа­лог­ті дамытып, білім орда­сын­дағы ынтымақтастықты ны­ғайтудағы маңызды кезең. За­ма­науи, креативті тәсілдерді қа­жет ететін химия өнеркәсібі бү­гінде қарқынды дамып келе жат­қан сала. Екі университет пен «Қаз­фосфат» компаниясының бір­лескен жұмысы ауыз толты­рып ай­тарлықтай нәтиже беретініне се­німдімін. Бүгінде облыс басшы­сы­ аталған жобаны жүзеге асы­руға айрықша назар аударып­ отыр. Келесі оқу жылында жер­гі­лікті бюджет қаражаты есебінен 55 білім гранты бөлінеді, оның 25-і колледж студенттері үшін «Хи­миялық инженерия және үдерістер» мамандығына беріледі», – деді Е.Үйсімбаев.

Өңірлік университетінің ректоры Мұхтар Байжұмановтың айтуынша, желілік кампус арқылы кадр даярлау ісіндегі өзекті мәсе­ле­лер уақтылы шешімін таппақ.

– Үш тараптың бірлесе ат­қар­ған жұмысы жаңа идеяларды іске­ асыруға мүмкіндік тудырып, хи­мия ғылымының дамуына сер­пін беретініне еш күмәнім жоқ. Хи­мия өнеркәсібі үшін ғылым мен өн­ді­рісті сапалы әрі жаңа деңгейге көте­ретін ақылды, креативті және өршіл мамандар қажет екені рас. Желі­лік кампус аясында студенттер алғашқы екі жылда жергілікті уни­вер­ситетте оқыса, одан кейін Ме­нделеев университетінде бі­лім алып, кәсіби шеберлігін арт­тырады. Ал төртінші курс­та­ «Қазфосфат» кәсіпорнында өнді­ріс­тік тәжірибеден өтеді. Оқу аяқ­талғаннан кейін студенттер екі университеттің дипломына және «Қазфосфат» серіктестігіне жұ­мысқа орналасу мүмкіндігіне ие­ болады, – деді М.Байжұманов.

«Қазфосфат» компаниясы персоналмен жұмыс департаментінің дирек­торы Әбдінәдір Айтма­тов­тың айтуынша, кәсіпорын қыз­мет­керлерінің саны алдағы жылдары едәуір артады. Ал үшжақты келі­сім арқылы білім алған студенттер серіктестікке жұмысқа қа­был­­данады. Олардың жалақысы да қомақты болмақ.

Д.Менделеев атындағы Ре­сей химия-технологиялық уни­вер­ситетінің физика-химия кафе­д­ра­сының меңгерушісі, химия ғы­лымдарының кандидаты Олег Райт­манның сөзіне сенсек, желілік білім бағдарламасы бойынша оқу­ды таңдаған студенттердің мүм­­кіндігі мол. Олар оқуды аяқ­т­аған­нан­ кейін жұмыс орнына дайын кадр­ боп барады.

Мамандардың айтуынша, алда­ғы жылдары «Қазфосфат» ком­паниясында кадр қажеттілігі туын­дайды. Ал желілік кампус арқы­лы білім алған студенттер сол кадр тапшылығын толығымен өтей­ді. Қысқасы, қалай алып қар­сақ­ та, ТМД-да алғаш рет қолға алын­ған желілік кампустың өңір халқы үшін пайдасы зор екені даусыз.

 

ТАРАЗ