Еңселі Алатаудың етегінен орын алған «Аңсаған cәби» мүсіні отандық репродуктивті медицинаның жетістіктерінің рәмізі десек те болады. Әрі бұл мүсін ел халқының репродуктивті денсаулығын жақсартуға бағытталған президенттік бағдарламаның құрметіне қойылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы «Аңсаған cәби» ұлттық жобасын жариялады. Бағдарламаның нәтижесінде бедеулікті экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) әдісімен емдеуге жыл сайын 7 мың квота бөлінеді. Ұлттық жобаның аясында 2021 жылы елімізде 3 мыңнан астам бала дүниеге келді. Демек, осынша ата-ана перзент сүю бақытына ие болды.
Адамды мейірімге бөлейтін мүсіннің ашылу салтанатында «Экомед» клиникалар тобының негізін қалаушы және ғылыми жетекшісі Салтанат Байқошқарова: «Еліміздегі әрбір алтыншы ерлі-зайыпты бедеулікке душар болған. Ресми статистика бойынша елімізде 21 мыңнан аса адамға бедеулік диагнозы қойылған. Бар қажыр-қайрат, қабілетімді бедеулікке қарсы күреске арнаған репродуктивті медицина саласының маманы ретінде маған бұл мүсін жай ғана символ емес. Біздің мақсатымыз – репродуктивті медицина саласындағы зерттеулерді, инновацияларды қолдау мен дамытудың маңыздылығына қоғам назарын аудару. Сонымен қатар сәби сүюды аңсап жүрген ерлі-зайыптыларға эмоционалдық көмек пен жанашырлық таныту да маңызды», деді.
Алақанға салынған қола сәбидің мүсіні жаңадан ашылған «New Generation Clinic» (NGC) халықаралық репродукция орталығы ғимаратының қасбетіне де ерекше сән беріп тұр. Алдын ала жоспарланғандай, ол репродуктивті медицина саласындағы қажырлы еңбек пен жетістіктерді бейнелейді. Ана алақанындағы сәбидің бейнесіндегі композиция репродуктивті денсаулық саласындағы ғылыми жаңалықтар мен инновациялардың маңыздылығын білдіреді. Мүсін – ана болуды армандайтын әрбір әйелдің қуаты мен нәзіктілігінің, сенімі мен батылдығының рәмізі.
Еліміздегі репродуктивті технологиялардың жоғары деңгейде дамуында ЭКҰ әдісінің негізін қалаған Салтанат Байқошқарованың да үлесі орасан. Ол 1995 жылы 18 сәуірде «Экомед» атты шағын зертхананың негізін қалады. 1996 жылы 31 шілдеде ЭКҰ әдісімен Қазақстанда тұңғыш рет қыз бала дүниеге келді. Уақыт өте келе шағын зертхана адам репродукциясы клиникаларының тобына айналды, еліміз үшін бедеулікпен күресетін жүздеген заманауи маман даярлады, бүгінге дейін клиникада 20 мыңға жуық сәби дүниеге келді.
– Репродуктивті технологиялар үздіксіз дамып келеді. Мен «Экомед» клиникалар тобының Орталық Азиядағы экстракорпоралды ұрықтандыру саласындағы көшбасшыға айналғанын мақтан тұтамын. Әу бастан-ақ отандық репродуктивті медицинаға соңғы жаңалықтар мен технологияларды енгізуді мақсат етіп қойдым. Осылайша, NGC заманауи халықаралық репродукция орталығын іске қосу идеясы дүниеге келді. Бұл – әлемдік стандарттарға сәйкес жұмыс істейтін, ең жоғары санаттағы қызмет пен емдеуді ұсынатын жаңа буын клиникасы. Мұнда елімізде алғаш рет жасанды интеллект арқылы бедеулікті емдеудің ең заманауи әдістері қолданылады, – дейді С.Байқошқарова.
АЛМАТЫ