Бүгінгі таңда еліміз бойынша шомылуға рұқсат етілген 487 орын анықталды, оның ішінде 149-ы коммуналдық, 338-і жеке жағажай орындары, деп хабарлайды Egemen.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильиннің хабарлауынша, соңғы 3 жылда мыңнан астам адам суға кетіп, қайтыс болды. Дегенмен өткен жылы суға батқандар саны 43%-ға азайған.
«Еліміздің су айдындарында адамдардың қаза болуының негізгі себептері жабдықталмаған орындарда шомылу, балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыру, мас күйде және өз күштерін жете бағаламау болып отыр», деді министр.
ТЖМ судағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция департаменттері және әкімдіктермен бірлесіп, ұйымдастырушылық және практикалық іс-шаралар кешенін жүргізіп жатыр.
Атап айтқанда, 45 мыңнан астам рейд және патрульдеу ұйымдастырылып, 480 бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Балаларға арналған қауіпсіз жағажайларда, стационарлық жағажайларда және модульді-қаңқалы бассейндерде ТЖМ құтқарушылары әкімдіктермен бірлесіп балаларды жүзу дағдыларына үйретіп жатыр», деді Ю.Ильин.