Елімізде аумақтық әскерлердің құрылғанына 6 жыл толды. 2017 жылғы 13 маусымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қорғаныс және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойылған болатын. Ал 2018 жылғы сәуірде әкімдіктердің жанындағы аумақтық қорғаныс құрамалары Қарулы күштер аумақтық әскерлерінің әскери бөлімдері болып қайта құрылды.
Аталған нормативтік-құқықтық актіде Қорғаныс министрлігінің аумақтық әскерлерді басқарудағы өкілеттіктері мен оларды ұстап тұру жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың функциялары бекітілген. Аумақтық әскерлер бейбіт уақытта қысқартылған штат бойынша жұмыс істейді. Қажеттілік туындағанда төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету, табиғи, техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды және олардың салдарын жоюға жұмылдырылады.
Украина жерінде болып жатқан әскери қақтығыстардан біз аумақтық қорғаныс жауынгерлерінің тиімді әрекетін көріп отырмыз. Олардың артықшылығы – біріншіден, елдің қай аймағынан жау шабуылдаса да, оған тез арада тойтарыс беруге мүмкіндіктің болуы. Сол себептен де бүгінгі таңда армияның мобильділігін арттыру үшін аумақтық қорғаныс әскерлерін жасақтаудың пайдасы орасан зор. Бұл – әсіресе жері үлкен біздің еліміз үшін ауадай қажет құрылым. Қорғаныс министрлігі Бас штабы бастығының орынбасары – Аумақтық қорғаныс департаментінің бастығы, генерал-майор Серік Борамбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта Қарулы күштеріміздің аумақтық әскерлері еліміздің барлық облыстарында, республикалық маңызы бар қалаларында және астанада құрылған. Яғни дұшпан қай тараптан кірсе де, оған тойтарыс беруге әзір аумақтық әскерлеріміз бар. Ендігі мәселе – олардың дайындығы және заманауи қару-жарақпен қамтамасыз етілуі.
– Еліміздің аумақтық қорғаныс жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» заң жобасын әзірлеу және оны қолданысқа енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар аумақтық қорғанысты дамыту жөніндегі кешенді жоспардың жобасы әзірленіп жатыр. Жыл сайын аумақтық әскерлердің әлеуеті арттырылып, оларды материалдық-техникалық жабдықтау, қажетті инфрақұрылым нысандарын салу және бөлу бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді, – дейді генерал-майор Серік Борамбаев.
Оның айтуынша, аумақтық әскерлер кез келген қауіпке және жауға тойтарыс беру үшін жауынгерлер ауқымды республикалық оқу-жаттығуларға қатысып тұрады. Жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдары мен аумақтық қорғаныс мамандары үшін біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылады. Аумақтық қорғаныс бөлімшелеріне тіркелген әскери міндеттілердің, яғни запастағы офицерлер мен сержанттардың әскери жиындары да дәстүрлі түрде өтіп келеді. Бұл бөлімшелердің әскери қауіпсіздік пен егемендікті қорғауы және елдің аумақтық тұтастығын қамтамасыз етуі үшін, сондай-ақ қиын жағдайларда халық пен елді қорғауы әрі көмек көрсетуі үшін барлық іс-шаралар қабылданып жатыр.
Жоғарыда айтылғандай, бейбіт уақытта аумақтық әскерлер қысқартылған штатпен аумақтық қорғаныс бригадаларының басқармасы құрамында, өңірлік қолбасшылықтардың әскери бөлімі (мемлекеттік мекеме) ретінде жұмыс істейді. Қажет болғанда жергілікті халық арасынан әскери міндеттілерді шақыру жүзеге асырылады. Сондай-ақ ел ішінде болып жатқан кез келген келеңсіздіктің алдын алуға жұмылдырылады. Мәселен, олар COVID-19 пандемиясы мен Сардоба су қоймасы бұзылған кезде төтенше жағдайлардың салдарын жою іс-шараларына қатысып, тәжірибе жинағанын атап өту керек. Өткен жылы Қостанай облысындағы орман өртін сөндіруге және биыл Батыс Қазақстан облысындағы су тасқыны салдарын жоюға тартылды. Сондай-ақ аумақтық әскерлер ел басына күн туғанда халықты көшіруге, объектілер мен коммуникацияларды диверсиялық топтардың террористік әрекеттерінен қорғауға атсалысады.
Сонымен қатар аумақтық әскерлер Қарулы күштердің әскери қызметшілеріне көзделген барлық әлеуметтік қамтамасыз ету түрлерін толық көлемде пайдаланатынын атап өткен жөн.
«Жаман айтпай жақсы жоқ», жау жағадан, бөрі етектен алса, басқыншы дұшпанмен алғашқы болып бетпе-бет келетіндердің бірі – осы аумақтық әскерлер. Сондықтан «Қыс қамыңды жаз ойла» дегендей, олардың соғыс жүргізу қабілеттілігін барынша арттырған жөн. Жуырда сондай үлкен оқу-жаттығу жиындарының бірі «Оңтүстік» және «Батыс» өңірлік қолбасшылықтары нұсқаушыларының қатысуымен өткен болатын. Қызылорда және Маңғыстау облыстары әкімдері орынбасарларының басшылығымен аумақтық қорғаныс бригадасының басқару органдары және бөлімшелерінің жиынына қатардағы жауынгерлер, сержанттар мен офицерлер құрамындағы әскери міндеттілер жұмылдырылып, кәсіби әскери нұсқаушылардың жетекшілігімен теориялық және тәжірибелік тұрғыда оқытудан өтті. Әскерде алған мамандығы бойынша машығын нығайтып, қару-жарақ және техникамен жұмыс істеу дағдыларын жетілдірді.
Мұндай оқу-әдістемелік сабақтар кезең-кезеңмен өтіп жатыр. Бастапқыда жеке, содан кейін бөлімшелер құрамында дайындықтан өтсе, соңында іс-шаралар тактикалық және арнайы жаттығумен аяқталады. Бұл оқу-жаттығуларға запастағы офицерлер шақырылғанын айта кету керек. Солардың бірі – Маңғыстау облысының аумақтық қорғаныс бригадасына әскери жиынға шақырылған запастағы сержант Нұрбол Жұмабай. Ол 2007 жылы теңіз жаяу әскері бригадасында батальонның атысты қолдау ротасы бөлімшесінің командирі болып қызмет еткен.
– Шақыру қағазын алып, белгіленген уақытта Ақтау қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасына келдім. Туыстарым да бұған түсіністікпен қарады. Олар менің запастағы сержант екенімді және қажет болған жағдайда әскерге шақырылатынымды біледі. Жеке құрамды қабылдау пунктінде бізге киім-кешек пен әскери құрал-жабдықтар берілді. Енді бұрын алған дағдыларымды пысықтап жатырмын, – деп ойымен бөлісті ол.
Мұндай оқу-жаттығу жиындары маусым-шілде айларында Қарағанды, Түркістан, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында да өтпек. Әскери жиын кезінде әскери бөлімге дейін және кері қайту жолындағы жүру уақытымен қоса әскери міндеттілердің жұмыс орны мен атқаратын лауазымы сақталатынын, республикалық бюджет есебінен орташа жалақы төленетінін айта кету керек.
Сонымен қатар таяу күндері Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы, генерал-лейтенант Марат Құсайынов Павлодар облысында аумақтық қорғаныс құрамасының инфрақұрылымымен танысты. Аумақтық әскерлер дегенде, ең алдымен, шекаралық облыстардағы құрылымдардың дайындығына баса назар аударған абзал. Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары жергілікті әскери қызметшілермен кездесу барысында әлемдегі әскери-саяси жағдайға шолу жасап, әскери жағдай енгізілгенде облыстың Қорғаныс кеңесінің қызметін ұйымдастыру, төтенше жағдай кезіндегі іс-шараларды орындау барысында аумақтық қорғаныс құрамасын қолдану мәселелерін пысықтады.
Әскері қуатты елдің әлеуеті жоғары. Бүгінгі алмағайып заман соны көрсетіп отыр. Ендеше ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздігін қадір тұтатын Қазақ елі үшін қауіпсіздік мәселесі әрқашан бірінші орында болуға тиіс.