• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Төтенше жағдай 16 Маусым, 2023

Тілсіз жау толық тізгінделді ме?

252 рет
көрсетілді

Ел аумағында өрт оқиғасы жыл өткен сайын жиілеп барады. Үш жыл бұрын – 700, былтыр 757 орман өрті болған. Осы жылы елімізде 146 орман өрті, 700-дей дала өрті тіркелді. Солардың ішінде ауқымы мен келтірген шығыны, оның ішінде адам шығыны жағынан өткен жылғы Қостанай облысында болған және бірер күн бұрын ғана беті қайтқан Абай облысындағы тілсіз жау трагедиясы көптің қабырғасын қайыстырып отыр.

Былтыр тілсіз жау Қостанай облысы­ның 43 мың гектардан астам орманын жалмап, бірнеше ауылды отқа ораса, биыл Абай облысында басталған орман өрті одан да үлкен алқапқа жайылып, 60 мың гектардан астам жерді тып-типыл етті. Өрт әлі толық сөндірілген жоқ.

Қазақ жері онсыз да орманға бай емес еді. Таздың басына шыққан селдір шаштай сирек тоғайлары­мыз осы­лайша тілсіз жаудың құр­баны бо­лып жатыр. Абай облысында тұтан­ған алапат өрт қайдан шықты? Біреу әдейі өртеді ме, әлде абайсызда бо­лған жағдай ма? Ал­­дыңғы күні Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабыл­дауында бол­ған Бас прокурор Берік Асылов төтен­ше жағдай бойынша қозғал­ған қыл­мыс­тық іске қатысты тергеу амалдары жү­ріп жатқанын баян­дады. Бас прокурор орын­ба­сарының басшы­лығымен құқық қор­ғау және арнаулы органдардың тәжі­ри­­бе­лі қыз­мет­керлерінен сала­ара­­лық же­дел-тергеу тобы құрылған. Тек­­серіс қорытындысы бойынша ла­у­азым­ды тұлғалардың әрекеттері мен әре­кетсіздігіне құқықтық баға берілмек.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысындағы шұғыл әрекет ету штабының отырысында: «Елімізде тағы да алапат өрт болып жатыр. Өкінішке қарай, тілсіз жаумен күрес кезінде азаматтарымыз қайтыс болды. 14 адам қызметтік міндетін атқарып жүріп ерлікпен қаза тапты. Мен жаңа ғана бұл адамдардың туысқандарымен кездестім. Өте ауыр әңгіме болды. Жұрт жылап отыр. Үкіметке наразылығын айтып жатыр. Марқұмдардың отбасыларына және жақындарына қайғыра көңіл айтамын» дей келе, тиісті органдар тарапынан өрескел қателікке жол берілуін «қылмыстық салғырттық» деп атады.

Сол күні Мемлекет басшысының өкімімен Абай облысындағы орман өртінің салдарынан адамдардың қазаға ұшырауына байланысты 12 маусым елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін қызмет бабында қаза тапқан 14 адамды «Құрмет» орденімен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.

Бұдан бөлек, 10 маусымда жоғалып кеткен тракторшы Сергей Архиповтың денесі үш күн өткеннен кейін табылған бо­латын. Ол «Семей орманы» ш­аруашылығындағы өртті сөн­­діруге бара жатқан жолда жү­рек талмасынан көз жұмған. Кешегі Сенат отырысынан кейін журналистердің сұрағына жа­уап берген Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев тракторшының да төтенше жағдай кезінде қызмет бабында қайтыс болғандар қата­рына жатқызылатынын айтты.

Елімізде екінші жыл қатары­нан осынша кең ауқымдағы дала өрті тұтанып, азаматтарымыздың қа­за болуына жол берілуі – ең бі­рін­шіден Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметіне үлкен сын. Президент айтқандай, елі­міздің өртке қар­сы қызмет құ­рылымдарында материалдық-техникалық жаб­дықтау жағы шын мәнінде кемшін екенін Тө­тенше жағдайлар ми­нистрлігі де ашық мойындап отыр. Ведомство бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаевтың айтуынша, ми­нистрліктің тех­никалық жаб­­дықталу деңгейі – 80 пайыз, алайда олардың біраз бөлігі қатты ескірген. «Қазіргі кезде 3200 техника бар. Әлі 430 техника керек. 470 техниканың мерзімі 20 жылдан асып кеткен», деді ол кешегі Сенат отырысында. Сонымен қатар елімізде қазіргі күні 426 өрт сөндіру бөлімі жұмыс істеп тұрғанын, ал тілсіз жауға толыққанды тойтарыс беру үшін әлі 121 өрт сөндіру бөлімі керек екенін атап өтті.

Дегенмен, «Кім кінәлі?» жә­не «Не себеп болды?» деген сұрақ­тардың жауабын анықтау – алдағы күндердің еншісінде. Бас прокурор Берік Асылов айтқандай, арнайы құрылған ведомствоаралық жедел тергеу тобы төтенше жағ­дай­лардың алдын алуға жауапты лауазымды тұлғалардың іс-әрекетіне баға бере жатар. Төтенше жағдайлар министрлігі де өртке қарсы жасақтарының техникалық жабдықталуын әлі де ойланар. Ал дәл бүгін күн тәртібінде тұрған міндет: қолда бар құралдардың көмегімен өрттің әрі қарай таралуына жол бермей, толыққанды өшіру.

Кеше ТЖМ Өртке қар­сы қыз­­мет комитетінің төр­аға­­сы Нұрболат Дербі­сов Абай облы­­сындағы өрттің беті қайт­қа­нын хабарлады. Бірақ бұл өрт толық сөндірілді деген сөз емес, тек оның таралуына жол бермейтіндей жан-жағынан қоршауға алынған.

– 14 маусым күні кешкі сағат 21:00-де Абай облысындағы орман өрті толық оқшауланып, бақылауға алынды. Қазіргі таңда барлық келген күштік құралар мен техникалар оқшауланған аумақтардағы өрттерді сөндіруге жұмылдырылды. Жақында күн­дері тілсіз жау ошақтарын то­лық өшіру үшін жұмыс істейміз, – деді ол.

Алдыңғы күні «Семей орманы» МОТР аумағына аэровизуалды тексеру жүргізіп, елді мекендердің өрттен қорғалу жағдайын бақы­лаған Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов табиғи апат ай­мағына жақын орналасқан ауыл­дарға ешқандай қауіп жоқ екенін мәлім еткен еді. Ол барлық күш пен құрал орман өрттерінің елді мекендерге өтуіне жол бермеу бойынша жұмысты жалғастырып жатқанын атап өтті. Қазіргі күні өртті сөндіруге ТЖМ, Орман шаруашылығы комитетінен, жергі­лікті атқарушы органдардан және Қорғаныс ми­нистрлігінен 1 900-дан аса адам, 360-қа жуық техника жұмылдырылған. 13 маусымда өрт Семей қаласына қарай бағыт алғаны байқалған болатын. Алайда уақтылы қабылданған жедел іс-шаралардың арқасында өрт қаладан 30 км жерде тоқта­тылды.

Өрт сөндірушілер мен көмек­ке келген өзге де күш құрал­да­рының жанқиярлықпен жүр­гі­зіп жатқан жұмыстарына қара­мастан, тілсіз жауды тез арада ауыздықтау мүмкін болмай отыр. Оған ауа райы жағдайы да кері әсер етуде. «Мәселен, соңғы күндері өңірде жауын-шашын болған жоқ және солтүстіктен, солтүстік-батыстан секундына 14 метр жылдамдықпен жел соғып тұр. Кей уақытта оның жыл­дамдығы 20 метрге дейін же­тіп жатыр. Бұл өрттің одан сайын өршелене түсуіне ықпал етеді», дейді мамандар. Оның үстіне жалын шарпыған жерлерде температура +270-тен +320-ға дейін жетеді. Бұл жағдай да өрт сөндірушілердің еркін іс-әрекет етуіне өз кедергісін келтіреді.

Сол себепті де қазіргі күні негізінен авиаторлардың еңбегі өз нәтижесін беріп келеді. Өртті сөндіруге 60-тан аса ТЖМ авиаторы жұмылдырылған, олар­дың ішінде ұшу қызметінің тәжі­рибелі мамандарының 11 экипажы, әуе кемелерінде техникалық қызмет көрсету және орындау жөніндегі инженерлік-авиациялық қызметтердің 33 қызметкері, ма­те­риалдық-тех­никалық жарақ­тандыру және жабдықтау мамандары, өңірлік бөлімшелердің директорлары бар.

Күн сайын таңғы сағат 04:00-де көкке көтерілген тікұшақтар түнгі 23:00-ге дейін ұшақпен су тасып, оны орман өртінің үсті­нен бүркіп жатыр. Тілсіз жауға қар­сы авиацияны қолданудың пайдалы тұсы – ұшаққа ілінген су төгетін құрылғылармен тікелей сөндірудің мүмкіндігі. Бұл құрыл­ғы­лар 10-15 секунд ішінде 5 тон­­наға дейін су алуға және 6 се­кунд ішінде өрт ошақтарына суды төгуге мүмкіндік береді. Ол әсіре­се осындай кең ауқымдағы орман алқаптары өртен­ген кезде өте тиімді. Абай облы­сында өрт басталғалы бері авиа­тор­лар 2 100 рет су тасып, 6 мың тоннадан аса суды өртке төккен.

Қазіргі уақытта тартылған күш­тер мен құралдар төрт учаске­де; Поднебесное, Жерновка ауыл­дарында, Шульбинск кентінде, Каштак орманшылығында өрт­ті сөндіру жұмыстарын жал­ғас­тырып жатыр. Өртке қар­­сы арақашықтық пен минерал­дандырылған жолақ­тарды жасау, өрт ошақтары мен өрттің периметрі бойынша жиектерге су төгу, өрттің жиегін топы­рақпен жабу және толтыру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

Кеше Абай облысы әкімдігі өрт салдарынан қаза тапқан 14 адамның отбасына, сондай-ақ тракторшы С.Архиповтың отбасына Семей қаласы Қара­ғайлы шағын ауданындағы жаңа пәтерлердің кілттері табыс­тал­ғанын хабарлады. Абай облы­сының әкімі Нұрлан Ұран­хаев қайтыс болған Саят Нұр­жі­гітов пен Амангелді Дүйсем­баевтың отбасыларына 2 және 3 бөлмелі пәтерлердің кілттерін тапсырды.

«Өртте зардап шеккендердің отбасыларын қолдау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар біздің тұрақты бақылауымызда. Бүгін біз тапсыратын жаңа пә­тер­­лер бар­­­лық қажетті жиһаз­бен жә­не тұрмыстық техникамен то­лық жаб­дық­талған. Біз қосымша көмек көрсетуді жалғастырамыз», деп атап өтті облыс әкімі. Қаза тап­қан­­­дардың туыстары мемлекет тара­пынан көр­сетілген көмек пен қол­дау үшін ризашылықтарын білдірді.