• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Форум 20 Маусым, 2023

Еріктілер – отаншыл жандар

358 рет
көрсетілді

Астанада Халықаралық волонтерлер форумы басталды. Кеше шымылдығын ашқан іргелі жиынның алғашқы күні елімізден және әлемнің 34 мемлекетінен келген қонақтар волонтерлік қоз­ғалысты қолдау мен дамыту, өзара тәжірибе алмасу, сонымен қатар во­лон­терлердің мәртебесін арттырып, халықаралық ынтымақтастық пен өзара іс-әрекетті нығайту мәселелерін кеңі­нен талқыға салды.

Жанашырлық өнегесі

Волонтерлік қозғалыс қазіргі күні бүкіл әлемде өзара риясыз көмек пен патриотизмнің, қоғамға және елге пайдалы адам болудың үлгісі ретінде жан-жақты дамып келеді. Қазақ елі де еріктілер қозғалысына ерекше мән беріп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2020 жыл елімізде Волонтер жылы деп жарияланғаны белгілі. Айтулы кезеңді қорытындылауға арналған жиында Мемлекет басшысы: «Бұл жанашырлыққа, жауапкершілік пен қамқорлыққа үндеген кезең болды. Біз мұқтаж жандарға қолұшын беріп, түрлі қиындықтармен бірге күрестік. Осылайша, адамгершілік құндылықтарды жоғары бағалайтын қоғам екенімізді таныт­тық. Әлемді жайлаған індет қайырым мен мейірімнің қаншалықты маңызды екенін анық көрсетті», деген болатын.

Күні кеше Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлік қозғалыстың отаншылдық рухты көтерудегі маңызын тағы да айрықша атап: «Мен еріктілер туралы үнемі айтып жүрмін. Себебі еріктілер – ең алдымен, патриот жандар. Олар еліміздің дамуы­на, оның келбетін жақсартуға зор үлес қосып жатыр. Біз бүкіл қоғам болып еріктілерді қолдауымыз керек, олардың еңбегін бағалап, марапаттап отыру қажет», деді.

Елордамызда басталған халық­аралық форум адамгер­шіліктің асылы – өзгеге және еліңе қолұшын созып, оның тағдыры үшін күресу­дің мән-мағынасын ашу мақсатында өтіп жатыр. Алқалы жиынға 400-ден астам адам жиылды. Оның ішінде 140 халықаралық ұйым өкілдері мен шетелдік қатысушылар бар. Форум аясында волонтерлердің қызметіне қа­тысты түрлі тақырып ортаға салынып, талқыланды.

 

Халықаралық ынтымақтың маңызы

«Халықаралық волонтерлік бастамалар: тәсілдер мен тәжірибелер» атты бірінші сессияда жиынға қатысушы­лар мен қонақтар халықаралық волон­терліктің даму маңыздылығын тал­қылап, отандық және ірі шетелдік ұйымдардың өкілдері Қайрат Сарыбай, Дәурен Абаев, Микаэла Фриберг-Стори, Ронни Линдстром, Эмилия Аса­дова, Катариина Йарви және бас­қалар сөз сөйледі. Сарапшылар ха­лық­аралық волонтерліктің белсенді да­мып келе жатқанын атап өтті. Мәсе­лен, БҰҰ даму бағдарламасымен жұ­мыс аясында 7 қазақстандық волон­тер Иорда­ния, Кения, Таиланд пен Түркиядағы БҰҰ-ның түрлі құрылымдарында жұ­мыс істеді. Бұл шара біздің елге волон­терлік қызмет саласында әлемдік оң тәжірибені енгізуге мүмкіндік берді.

Сессия ашылуында сөз алған ТМД бас хатшысының орынба­сары Дәурен Абаев волонтерлік қоғам­­ның әр саласындағы түйткілдерді тиім­ді түрде шешуге мүмкіндік бере­тін маңызды әлеуметтік институт еке­нін айтты.

– Еріктілер қоғамының белсен­ділігі қоғамның алға жылжуын, дамуы мен өздігінен ұйымдаса алу қабі­летін көрсе­теді. Қазақ халқында «Жақ­сылық болған жерде тапшылық бол­майды» деген керемет мақал бар. Бір жаға­дан бас, бір жеңнен қол шы­ғарып қоғамға қызмет ету – қа­шан­нан қанымызға сіңген асыл қасиет. Әлем бойынша волонтерлік қыз­мет­ке 150 млн адам өз еркімен араласады. Бұл – кәмелетке толмағандарды есеп­темегендегі көрсеткіш. Пандемия ке­зінде волонтерлердің маңызы мен өзек­­­тілігі артты. Осыдан кейін олар­дың қоғам­дағы орны айшықтала түсті, – деді ол.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев­тың форум қатысушыларына арна­ған хатын сенатор Нұртөре Жүсіп оқып берді.

– Волонтер жылы аясында жаңа жобалар қолға алынып, сәтті іске асырыла бастады. Бүгінгі форумды да соның бір нақты нәтижесі деуге болады. Қоғам ілгері жылжып, дамуы үшін волонтерлік қызметтің маңызы өте зор. Ел басына күн туған қиын замандарда түрлі табиғи апатта адам баласы бір-біріне қолдау көрсетіп, көмек қолын созып, тығырықтан шығар жолды бірлесіп іздейді. Былтыр Қазақстанда өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінде 500-ден астам волонтердің қызмет еткенін жақсы білеміз. Қазақта «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген сөз бар, осындай кездері ауыр жүкті бірлесіп көтеруге еліміздің еріктілері ерекше атсалысып келе жатыр, – деді сенатор. Ол сондай-ақ халықара­лық ынтымақтастықты дамыту, БҰҰ «Еріктілер» бағдарламасы ұйытқы болып жатқан бастамаларға тоқталды.

Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Омура­лиев адамдар бүгінде әлеуметтік проблемаларды шешуге, көмекке зәру адам­дарға жәрдемдесуге бейімделгенін, әсіресе пандемия өршіп тұрған кезде волонтерлердің арқасында осындай қиындыққа төтеп бере білгенімізді атап өтті. «Бұл – бізде жанашыр жан­дардың көп екендігінің көрсеткіші. Бүгінгі кездесу жаңа жобалар мен идеялардың бастамасы болатынына сенімдімін. Біздің әлі бір-біріміз­ден үйренеріміз көп», деген мейман түр­кілердің дәстүрлі мәдениетінде ерте заманнан тайпалық өзара көмек көрсетуді бейнелейтін «асар» деген ұғым бар екенін, яғни волонтерлік қасиет бізде бұрыннан қалыптасқанын баса айтты.

– Бұл әдет-ғұрып біздің бауыр­лас халықтарымыздың өмірінде ерекше рөл атқарады. Кез келген өмірлік жағдайда біреу тамаққа, баспанаға не­месе киімге шұғыл мұқтаждыққа тап болса, туыстары мен дос­тары көмекке келді. Форум біз үшін күш­ті және тиімді волонтерлер қауым­дастығын құруға көмектесетін тәжі­рибе, идеялар және стратегиялар­мен алмасудың тамаша мүмкіндігі деп ай­туға болады. Волонтерлік – үлкен күш және соған сәйкес жауапкер­ші­лікті көтеруі керек, – деді шетелдік мейман.

Ал Финляндиядан келген Бүкіл­әлем­дік азық-түлік бағдарлама­сы­ның әйелдер кәсіпкерлігі бойынша ма­маны Катариина Йарви өзінің во­лон­терлік тәжірибесінен мысалдар кел­тіріп, жолын қуған жастарға ақыл-кеңесін білдірді. «Волонтерлік қызмет мен үшін қызық болды. Ең алғаш студенттік одақтың клубында ерікті ретінде бастадым. Академиялық іс-шаралар мен кештерді жоспарлауға, ұйымдастыруға қатыстым. Сонымен қатар студенттік одақтың президенті болдым. Сол уақытта жыл сайын 200-ден аса іс-шараға жауапты болдым. 400 еріктіні басқардым. Бұған қоса жылына 1 млн доллар қаржы жинау­мен айналыстым. Мен үшін мұ­ның бәрі тәжірибе болды. Жастарға айт­қым келетіні, волонтер болып жү­ріп, өзіңді жаңа қырыңнан танисың, көп мүмкіндікке жол ашылады. Ең бас­тысы, өзіңізге немен айналысу керек екенін тез айқындайсыздар», деді ол.

 

Төтенше жағдайлар – сын сағаты

Халықаралық форум аясын­да тө­тен­ше жағдайлар кезіндегі волонтер­лердің үлесі тақырыбына айрықша назар аударылып отыр. ЮНЕСКО клуб­тары ассоциациясының өкілі Вита­лий Никонович модераторлық ет­кен «Төтенше жағдайлар кезіндегі волон­терлік» сессиясы барысында Қазақ­стан мен Түркия мемлекеттік орган­дарының, Еуропа және ТМД елде­рінің, шетелдік ұйымдардың өкілдері Сырым Шәріпханов, Эртан Озчабан, Дильмира Блац, Севаль Гузелкилинч, Татьяна Миронюк, Римма Сабаева және басқалар сөз сөйледі.

Ел басына күн туғанда, әртүрлі қиыншылық келгенде қоғам игілігі үшін еңбегін тегін арнайтын еріктілер – бүгінгі күннің шын батырлары. Оны жуырда Абай облысына арнайы бар­ған Мемлекет басшысы да ерік­­тілермен кездесуінде атап өт­кен болатын. Форумда сөз сөйлеген Төтен­ше жағдайлар министрі Сырым Шәріп­ханов пандемия және өткен жыл­ғы Қостанай облысы мен биылғы Абай об­лысында орын алған алапат өрт ке­зінде қатерге қарсы күреске жұмылған еріктілердің ерлігін айрықша атап өтті.

– Мәселен, пандемия кезінде волонтерлер қиын жағдайда қалған ­1 млн 258 мыңнан астам азаматқа кө­мек көр­сетті. Олардың қатарында соғыс және еңбек ардагерлері, жалғызбасты қарттар, әлеуметтік осал топтағы аза­­мат­тар, көпбалалы, аз қамтылған от­басылар бар. Еріктілер аталған аза­маттарға 93 мың азық-түлік себе­тін, 5,5 млн-нан астам бетперде таратты. Қо­ғамдық бақылау жүргізу үшін волонтерлер мен белсенділер тобы ел бойынша 397 волонтерден тұратын «Қоғамдық бақылау» тобын құрды, – деді Сырым Шәріпханов.

Төтенше жағдайлар министрінің айтуынша, Қостанай облысындағы өрт кезінде мыңнан астам волонтер зардап шеккендерге 1200 тоннаға жуық көмек жинап, алғашқы қажет заттар мен азық-түлігі бар 150 машина жіберген. Ал өткен қыста Екібастұз қаласында болған ТЖ кезінде 300-ден астам волонтер гуманитарлық көмекті қабылдау және іріктеу бекеттерін ұйымдастырды.

– Түркиядағы зілзала кезінде ­ба­­­уыр­лас елге көрсетілген көмек – ел­­­де­гі волонтерлік пен қайырым­ды­­­лық да­муының ең жарқын кө­ріні­сінің ­бірі. Ұлттық волонтерлер же­лісі гума­ни­тарлық көмекті жи­­нау бойын­ша жұ­мыс жүргізді. Нә­ти­жесінде, Түр­кия­ға 500 тоннадан астам гумани­тар­лық көмек пен 150 киіз үй жіберіл­ді. AFAD қоры­на қазақстандық­тар 10 млн АҚШ долларынан астам қаражат аударды, – деді министр.

Оның айтуынша, қазіргі күні Абай облысындағы төтенше жағдай кезінде мыңға жуық волонтер жұмыс істеп жатыр. Kaspi.kz пен Ұлттық волонтерлер желісі бірлесіп, төтенше жағдайдан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін 200 млн теңгеден астам қаражат жинады. «Волонтерлер азық-түлік сатып алу, салу және дайындаумен айналысады. Автоволонтерлер қажетті құралдар мен азық-түлікті тасып жатыр. Тек соңғы күндері волонтерлер 1,5 тонна ауыз су, 400 кг қой және құс еті, 600 кг көкөніс (картофель, пияз, сәбіз), 100 литрден астам маймен қам­тамасыз етті», деді Сырым Шәріп­ханов.

 

Волонтерлер – алдыңғы шепте

Халықаралық волонтерлер фо­румының «Жасыл із: волон­тер­лер­дің экологиялық проблемалар­ды ше­шу­ге қосқан үлесі» сессиясында қатысушылар мен қонақтар ерікті­лер­дің экологиялық мәселелерді шешуге қосқан үлесін талқылады. «Жас Ұлан «ББЖҰ» РҚБ төрағасы Динара Сәдуақасова төрағалық еткен жиын барысында Орталық Азия, Италия және басқа елдердің белгілі экологиялық қозғалыстарының өкілдері Шасалим Шағалимов, Роберто Болтри, экоблогер Нұрай Сатимов, Әлімхан Айбек, т.б. сөз сөйледі.

Мамандар әлемнің барлық айма­ғына экологиялық апат қаупі төніп тұрғанын, осы тұрғыда жануарлар мен өсімдіктер әлемін қорғау, сол ар­қылы адамзат баласының да жайлы өмір сүруіне жағдай жасау күн тәртібінен түспейтінін еске салды. Экологияны сақтау мәселелері Қазақстан үшін зор маңызға ие. Сарап­шылардың пікірінше, әртүрлі елдегі экологияны жақсарту және жануарларды қорғау бойынша жұмыс істеп жүрген волонтерлер осы бағыттағы ең белсенді адамдар болып есептеледі. Өйткені олардан басқа осы проблеманы ойлап бас ауыртып жүрген тұлғалар некен-саяқ. Ал біздің елімізде тұрғындарды экология саласындағы волонтерлік қызметке тартуға бағытталған «Birgemiz: Taza álem» жалпыұлттық жобасы іске асырып келеді. Жоба аясында 200-ден астам шағын грант іске асырылды, 7 мыңнан астам ағаш отырғызылды, 40 мыңнан астам адамның қатысуы­мен экологиялық айлықтар мен ак­ция­лар өтті. Осы бағыт бойынша волон­терлер 135 мың сағаттан астам жұмыс істеді.

Бұдан бөлек, халықаралық фо­рум­­ның бірінші күні түстен кейін қа­­ты­сушылар «Волонтерлер қозға­лы­сының аймақтық консолида­ция­­сы», «Волонтерлік бастамаларды іл­гері­летудегі БАҚ-тың рөлі», «АӨСШК елдерінде волонтерлікті дамыту ке­лешегі», «Табысты волон­терлік жоба­лар бойынша ашық микрофон» атты сессия отырыстарында маңызды мәсе­лелерді талқылап, келелі ойларын ортаға салды.

Мәселен, барлық адамға үлгі болу үшін күш-жігері мен алтын уақытын сарп етіп, еліне еңбегін тегін арнап жүрген еріктілердің өнегесі БАҚ ар­қылы кеңінен насихатталғаны дұрыс. Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай модератор болған сессия барысында осы айтылған мәселе талқыланып, ха­лықаралық және отандық БАҚ өкіл­дері, медиаволонтерлер мен блогер­лер волонтерлік қозғалыстардың жұ­мысын кеңінен насихаттаудың жолдары туралы ойларымен бөлісті.