• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Несие 26 Маусым, 2023

Несие көп, кепіл жоқ

1843 рет
көрсетілді

Жақында облыста «Ауыл Аманаты» жобасы бойынша алғашқы сертификаттар табысталды. Бір қарағанда, сүйіншілейтіндей-ақ жағдай. Бірақ...

Бұл жоба бойынша Ұлытау облысына 3 млрд 370 млн теңге бөлінгенін ескерсек, сәл ойлануға тура келеді. Жылдың жартысы ауып барады. Ал, жоба бойынша алғашқы сертификаттар енді ғана беріле бастаса, жыл соңына дейін бөлінген қаражатты игеру жайы қалай болар екен?

Жоба жақсы, қаржы қомақты. Несие мөлшерлемесі – 2,5%. Осы жоба арқылы облыста жаңадан 424 жұмыс орнын құрып, атаулы көмек алатындардың санын 130-ға қысқарту көзделген. Басты мақсат – ауыл халқының табысын арттыруға, тұрмысын жақсартуға ықпал жасау. Ауылдық жерде кім қандай кәсіппен айналысқысы келсе, жобаға өтінім түсіріп, шағын несие алуына болады. Несиенің жоғары сомасы жеке адамдар үшін 8,6 млн теңге, яғ­ни, 2,5 мың АЕК құрайды. Ша­руасын түзегісі келген ауыл ада­мы үшін бұл дегеніңіз тамаша мүмкіндік емес пе? Солай секіл­ді. Ендеше, неге жоба жылжымай жатыр?

Қазіргі таңда облыс бойын­ша 53 өтінім түскен. Осы өтінім­дердің арасында наубайхана, өсімдік, биогумус өндірісі және жылыжай бағытындағы бір-бір жоба ғана бар. Ал, қалған жоба­лардың бәрі мал сатып алуды көздейді. Бұл жерде екі мәселе туын­дайды. Жобаның мақсаты – ауылды жерде халықтың жағ­дайын кәсіпкерліктің түр-түрін жан-жақты дамыту арқылы жақ­сарту. Бірақ, мұндай құлшыныс байқалмай отыр. Мал сатып алуға деген ұмтылыс түсінікті. Де­генмен, жайылым мәселесі қалай болады, сол алған малын шаруа жемшөппен қайдан, қалай қамтамасыз етеді? Мал сатып алуға деген өтінімді қарастырған кезде осындай да мәселелерге назар аударылуы әрине, дұрыс.

Негізгі басты кедергі кепілге қойылатын мүлікке байланысты. Ұлытау облыстық ауыл шаруа­шылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Қайрат Мұтаев бізге жобаның өте қиын­дықпен жүріп жатқанын ашық айтты.

– Тек «Ауыл Аманаты» жобасы ғана емес, ауылға байланыс­ты басқа да жақсы жобалар же­терлік. Бірақ, сол жобаларды жү­зе­ге асыру оңайға түспейді. Өйт­кені, бірнеше кедергілер бар. Адамдар ауылды жерлер­де әлдебір жаңаша кәсіп ашу­ға жүрексінеді, тәуекелге барғы­сы келмейді. Ең басты кедергі – кепілге қойылатын мүлік. Ауыл­дағылардың кепілге ұсынатыны негізінен өздері отырған үйлері ғана. Әсіресе, енді ғана іс баста­ғысы келетін кісілерде үйден басқа ештеңе де жоқ қой. Ал олар­дың сапасы қандай, құны қан­ша? Жарайды, сол үйді кепіл­ге алайық. Несие алушы қарызын қайтармай қойса, сотқа жүгінуге тура келеді. Кепілде тұрған үйді алсақ, сосын оны не істейміз? Қаладағы пәтер немесе үйді қайта сатуға болады, ал, ауылда ше? Берілетін несие мемлекет қаржысы болғандықтан, оны таратуды ғана емес, қайтарымын да күнілгері ойластырмаса болмайды, – деген Қ.Мұтаевтың сөзінің жаны бар.

Ауылды көтергіміз, дамытқы­мыз келеді, сол мақсатпен жап-жақ­сы жобалар жасалады. Бі­рақ, сол жобалар майға сал­ған пышақтай жылжып кете қой­­майды, кепілдің кесірінен тоқ­тап қалады. Сонда сырты жыл­­тырап, іші қалтырап тұра­тын бағдарламалар арқылы ауыл­дың ажарын енгізе аламыз ба? Ауылдағы шаруаларға, кәсіп­керлерге берілетін несиенің кепіл мәселесін қалай тиімді шешуге болады?

Несие ретінде беруге бағыт­тал­ған қаржыны ауыл мүддесі үшін басқаша жолмен пайдалануды қарастырып көрсе қайтер еді? Айталық, әрбір ауылдық округ өздеріне қандай кәсіп көздерінің керектігін біледі. Сол кәсіптерді ұйымдастыру үшін ауыл әкімдіктеріне қаржы бөлінсе... Әкімдік өз кезегінде сол кәсіптерді мемлекеттік мен­шік ретінде ұйымдастырып, іс жүргізуге деген ниеті, ықыла­сы бар ауыл адамдарына жал­ға берсе... Құйылған қаржы толық­тай қайтарылған соң кәсіп нысаны жалдаушыға тегін жеке­шелендіріліп берілсе. Алқалы жиынның бірінде осындай да ұсыныс айтылып еді. Ойға ой қосудың артығы болмайды. Солардың ең дұрысы, тиімдісі таңдалмаса, әп-әдемі жобалар жарты жолда қалып қоя береді. Облысқа аталмыш жоба бойынша бөлінген қаражаттың қазіргі игерілімін қарап, несиеге қойылатын кепіл мәселесін әлде де жетілдіру керектігі байқалып-ақ тұр. Бұл тек сол жобаға ғана қатысты емес...

 

Ұлытау облысы