Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында ұлт саулығы жақсы болса ғана қоғам орнықты дамитындығына назар аудара келіп: «Мен келесі жылдан бастап ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырдым. Бұл құжат, ең алдымен, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған. Бүгінде еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Осылайша, мемлекет бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасайды», деді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы әзірленіп, Үкіметтің 2022 жылғы 30 қарашадағы қаулысымен бекітілді. Бұған қоса, былтыр Денсаулық сақтау министрлігі осыдан он шақты жыл бұрын сол кездегі медицина саласы шенеуніктерінің «еуропалық стандартқа сай оңтайландыру» ұранымен ауылды жерлердегі талай аурухананы дәрігерлік амбулатория етіп, талай дәрігерлік амбулаторияны фельдшерлік-акушерлік пунктке айналдырған асыра сілтеушілігін түсініп, денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативін қайта қарады. Нәтижесінде, медициналық-санитарлық алғашқы көмектің қолжетімділігін арттыру үшін тұрғындарының саны 50 адамға дейінгі шағын ауылдарда медициналық көмекті мейіргер арнаулы үй-жайсыз жүзеге асыратын болды. Ал кемінде 500 тұрғыны бар ауылдардағы денсаулық сақтау мекемесіндегі медицина қызметкерлерінің саны бір адамнан үш адамға дейін көбейтілді. Өткен жылы ауылды жерлерде 107 медициналық-санитарлық алғашқы көмек мекемесі, соның ішінде 22 дәрігерлік амбулатория, 67 медициналық пункт, 12 фельдшерлік-акушерлік пункт, 3 медициналық-санитарлық алғашқы көмек орталығы, 3 емхана салынып, пайдалануға берілді. Жол жағдайына байланысты жету қиын ауылдық елді мекендер тұрғындарына жылжымалы медициналық емханалар көмек көрсетті. Екі «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойыздары қайтадан іске қосылды. Ауыл тұрғындарын профилактикалық тексерулер енгізіліп, дәрігерлерге қаралған 838 мың ауыл тұрғынының 29 мыңға жуығынан жоғары қан қысымы, қант диабеті, бүйрек патологиясы белгілері анықталды. Олар дәрігерлердің бақылауына алынды. Аудандық ауруханаларды заманауи компьютерлік томографтармен, рентген аппараттарымен жарақтандыру көрсеткіші 84 пайызға жеткізілді. Ауыл тұрғындарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мақсатында қолданыстағы заңнамаға өзгеріс енгізіліп, медициналық ұйымдардың базасында қосымша 72 дәріхана пункті және ауылдарда 161 жеке дәріхана ашылды. Осындай игі істердің және өзге де емдеу-профилактикалық шаралар кешенінің нәтижесінде қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы алғаш рет 74,4 жасқа жетіп отыр.
Биыл аталған ұлттық жоба аясында 309 медициналық-санитарлық алғашқы көмек объектісін, оның ішінде 131 медициналық пункт, 99 фельдшерлік-акушерік пункт, 79 дәрігерлік амбулатория ашу жоспарланып отыр. Бұған қоса, Алматы облысының Райымбек ауданындағы Нарынқол ауылы мен Жамбыл ауданындағы Ұзынағаш ауылында, Жетісу облысының Кербұлақ ауданындағы Сарыөзек ауылында, Қостанай облысының Қостанай ауданында емханалар, ал Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында орталық аудандық аурухана салынады.
Іске асыру мерзімі 2023-2025 жылдар болып белгіленген ұлттық жобаның мақсаты – барлық ауылдық елді мекенді медициналық көмекпен қамтып, қосымша 1100 медицина қызметкерін жұмысқа тарту. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 217,7 млрд теңге қаржы бөлу көзделген. Биыл және келесі жылы 655 медициналық-санитарлық алғашқы көмек объектісі салынып, пайдалануға беріледі, оның 253-і – медициналық пункт, 242-сі – фельдшерлік-акушерлік пункт, 160-ы – дәрігерлік амбулатория. Сонымен қатар қолданыстағы 12 көпбейінді орталық аудандық аурухана жетіспейтін медициналық жабдықтармен жарақтандырылып, олар науқастарға мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетпекші. Аудандық орталық жиырма аурухана көпбейінді аудандық орталық аурухана болып қайта құрылды. Оларда – инсульт және кардиология орталықтары, медициналық оңалту, травматология және ортопедия, хирургия, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелері ашылады. Мұндай көпбейінді ауруханалар көршілес аудандардың аумағында орналасқан елді мекендердің тұрғындарына да қызмет көрсететін болады.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында: «Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан аса маңызды мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн», дегеніндей, аталған салада оң бетбұрыс байқалғанымен, ойланарлық мәселелер де бар. Жоғары аудиторлық палатаның мәліметіне сүйенсек, өткен жылы «Медицина мекемелері ұсынатын медициналық қызметтердің сапасына және қолжетімділігіне тұрғындардың қанағаттану деңгейі» стратегиялық көрсеткіші орындалмай, жоспарланған 69,6 пайыздың орнына, іс жүзінде 58,8 пайыздан аспаған. Бұл көрсеткіш, әсіресе Маңғыстау (52 пайыз), Солтүстік Қазақстан (52 пайыз), Қызылорда (54 пайыз) облыстарында төмен. Ал жедел медициналық жәрдем бригадаларының қызметіне халықтың 45,7 пайызы ғана қанағаттанушылық білдірген.
Осы орайда денсаулық сақтау қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мәселесі – күн тәртібінде тұрған маңызды міндет. Себебі тек кейінгі жылдары ғана мемлекет тарапынан дәрігер мен орта буын медицина мамандықтарының беделін арттыру шаралары нақты қолға алынды. Өткен жылы дәрігерлердің орташа жалақысы 30 пайызға ұлғайтылып, 416 мың теңге болды, орта буын медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы 20 пайызға көбейтіліп, 208 мың теңгені құрады. Биыл дәрігерлердің орташа жалақысы тағы 30 пайызға өсіріліп, 531 мың теңгеге, ал орта буын медицина қызметкерлерінікі тағы 20 пайызға арттырылып, 250 мың теңгеге жетуге тиіс. Солай бола тұра, қазіргі кезде республика бойынша шамамен 3,9 мың дәрігер және 3,8 мың орта буын медицина қызметкері жетіспейді. Соның ішінде ауылдық елді мекендерде 1 мыңдай дәрігердің, 700-ге жуық мейіргер мен фельдшердің орындары ойсырап тұр. Осы проблеманы шешу үшін еліміздің 7 медицина университетінде 2022-2023 және 2023-2024 оқу жылдарында 2843 маман даярлау жоспарланып отыр. Сондай-ақ резидентурада бейінді мамандарды даярлауға бөлінетін гранттар саны 2023 жылы – 1700-ге, 2024 жылы – 1800-ге, 2025 жылы – 2 мыңға жеткізілмекші. Орта буын медицина қызметкерлерін даярлау 61 медицина колледжінде жүргізіліп, 2022-2024 жылдар аралығында 16570 мейіргер мен 17585 фельдшер даярланатын болады.
Медицина мамандарын даярлау сапасын арттыруға қатысты бір маңызды мәселені жуырда Парламент Мәжілісінің депутаттары көтерді. Олар Үкіметке жолдаған депутаттық сауалдарында медициналық мамандықты меңгеруге бөлінген мемлекеттік грант мөлшері медициналық жоғары оқу орындарының оқу үдерісін ұйымдастыруға жұмсайтын шығынын жаппайтынына назар аударды. Қазір болашақ дәрігерлердің 70 пайыздан астамы оқитын «Жалпы медицина» мамандығы бойынша бакалавриат грантының құны – 1 млн теңге. Алайда медициналық университеттерде әр студентке берілетін білімнің өзіндік құны 2 млн теңгені құрайды. Ал гуманитарлық, заң және экономикалық мамандықтар бойынша білім алушылардың әрқайсысына республикалық бюджеттен 714900-922500 теңге аралығында грант бөлінеді. Шынтуайтында болашақ дәрігерді оқыту құны заңгерді немесе экономисті оқытқанға қарағанда әлдеқайда қымбат. Себебі оқу сыныптары мен әдебиеттерден бөлек, теориялық және практикалық дағдыларды меңгеру үшін ғылыми, клиникалық және фармацевтикалық зертханалар, клиникалық базалар, қымбат модельдеу, медициналық жабдықтар қажет. Мысалы, Ұлыбританиядағы «Queen Mary University of London» медицина университетінде оқу құны жылына 18000 фунт (шамамен 9 млн теңге) болса, «City University of London» заң университетінде 9250 фунт (4,6 млн теңге) екен. Қытайдың Пекин қаласындағы Астаналық медицина университетінде оқу құны – 7700 АҚШ долларын (3,5 млн теңге), Заң университетінде – 3700 АҚШ долларын (1,7 млн теңге) құрайды. Міне, осылайша шетелде медицина мамандарын даярлау құны басқа мамандықтармен салыстырғанда бірнеше есе жоғары болып шықты. Үкімет мәжілісмендердің ұсынысымен келісіп, студенттерді медициналық мамандықтар бойынша оқытуға арналған мемлекеттік білім беру гранттарының мөлшерін ұлғайту мәселесін қарау үшін арнайы жұмыс тобын құрды.
Тағы бір түйінді мәселе – ауылдық аудан орталықтары болып саналатын шағын қалаларда орналасқан орталық аудандық ауруханалар мен емханаларға жолдамамен жұмысқа орналасатын жас мамандар «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына кіргізілмеген. Аталған қалалардың көбі қазір өз мәртебесіне сай емес екендігі, тұрмыстық жағдайының ауылдан ешқандай артықшылығы жоқтығы ескерілмей отыр. Осыған байланысты мұндай аты бар да заты жоқ қалалардағы денсаулық сақтау ұйымдарында кадр тұрақтамаушылығы туындап, одан ауылдарда тұратын науқастар да зардап шегіп жүр.
Облыстық әкімдіктер медицина кадрларын тарту мақсатында жоғары оқу орындарын бітіріп келген жас мамандарға жергілікті бюджет есебінен көтерме жәрдемақы төлейтіні белгілі. Оның мөлшері – әр өңірдің қаржылық мүмкіндігіне қарай 1-5 млн теңге аралығында. Сондықтан медицина университеттері түлектерінің «кедей» өңірлерге емес, «бай» өңірлерге бүйректері бұрып тұратыны анық. Мұндай «әркім өз көрпесіне қарай көсілген» тәсіл өңірлердің денсаулық сақтау саласын біркелкі дамытуға жағдай туғызбайтынын ескерсек, Денсаулық сақтау министрлігі осы мәселеге де көңіл бөлгені жөн болар.