• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Мәселе 04 Шілде, 2023

Ауыз судың көкейкесті мәселесі

310 рет
көрсетілді

«Судың да сұрауы бар». Бабаларымыз мұны өз заманы емес, келешек үшін айтқан ба дерсің. Экономикасы мен ғылымы қарыштап дамыған ХХІ ғасырда адамзаттың қолы айға да жеткенімен, жер астындағы суға жетпей қалады деп кім ойлаған?! Бірақ ақиқаты сол, ауыз су мәселесі бүгінде бүкіл әлем үшін өткір тұрған проблемалардың біріне айналды.

Елімізде халқы миллионнан асып жығылған Астананы былай қойғанда өңірлерімізде де ауыз суға қолы жетпей, таршылық көріп отырған елді мекендер өте көп. Олардың көпшілігін сумен қамтамасыз ету үшін қаражат та бөлінген. Бірақ нәтиже көңіл көншітпейді. Соңғы жылдары қара суға зар болған қаймана жұрттың үні «Amanat» партиясына жетіп, Партиялық бақылау комитетінің арнайы жұмыс тобы бірқатар облыстарға барып, проблемамен тікелей танысып қайтты.

Ресми деректерге сүйенсек, өткен 2022 жылдың қорытындысы бойынша ел тұрғындарының орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету деңгейі 96,8 пайызды құрайды. Бір қарағанда жақсы көрсеткіш секілді. Дегенмен суға қолы жетпеген 3,2 па­йыз халықтың санына қарасақ, 600 мың адам екен. Яғни елімізде осынша тұрғын бүгінде ауыз суды өзен-көлдерден тасып ішуге немесе орталықтан су таситын көлік қашан келеді деп күтуге мәжбүр. Біз бұл мақаламызда Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданы мен Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы ауылдардың сумен қамтылу проблемасын айтуды көздедік.

Солтүстік Қазақстан облысында Петро­­­павл мен облыстық маңызы бар 4 қала­ толықтай орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілгенімен, аудандарда су мәселесі әлі күнге шешілмей тұр. Об­лыс­ көлеміндегі 3 мың шақырымдық су құбы­ры­ның 2 мың шақырымы қатты тозған. Жалпы айт­қанда ауыл тұр­ғын­дары­ның жартысына жуығы (42,8%) ауыз сусыз күн кешіп жатыр.

Облыс халқын «Нұра топтық су құбы­ры» шаруашылық жүргізу құқы­ғын­­дағы республикалық мемлекеттік кәсіп­орнының «Есіл су» филиалы мен «Қызыл­жар су» ЖШС ауыз сумен қамтамасыз етеді. 2011 жыл­дан 2022 жылға дейін «Есіл су» филиалы су құбыры желілерін қайта жөндеу бойынша облыс көлемінде 10 жобаны іске асырып, 103 елді мекенді сумен қамтамасыз ету сапасы жақ­сартылған. Осы жобалар шеңберінде 173,7 шақырым су құбыры желілерін жөндеу және оларды Есіл топтық су құбырына қо­су жоспарланған болатын. Олардың жал­пы құны 2,3 млрд теңгені құрады. Де­ген­мен сол кезде Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігіне қараған Су ресурстары коми­те­тінің «Қазсушар» РМК бұл жобаларды жү­зеге асырмаған. Облыс және аудандар тара­пынан түскен өтініштер де жауапсыз қа­лып, алға қойылған мақсаттар орындалмай­ келеді.

2022 жылдың 1 тоқсанында аталған жоба­лардың кешіктірілуіне байланысты бұл мәселе «Amanat» партиясы жанындағы Пар­тиялық бақылау комитетінің қарауына шы­ғарылып, Су ресурстары комитеті бас­шы­лығына жобаларды іске асыру бойын­ша тиісті ұсыныстар берілген бола­тын. Жобалардың жобалық-сметалық құжат­та­ма­сының мерзімі өтіп кетуіне байланысты, оны­ қайтадан жасау үшін рес­пуб­ликалық бюд­жеттен қаражат бөлінді. Бүгінде бұл мәсе­ленің іске асуы «Amanat» партиясының наза­рында тұр.

Бір ғана Шал ақын ауданын алсақ, жергілікті тұрғындардың 59 пайызы ғана орталықтандырылған ауыз сумен қам­тылыпты. Қалған халық «айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайдының» күнін­ кешіп отыр. Аудандағы Сухорабовка және Ольгинка ауылдарының тұрғындары әлі күнге санитарлық-эпидемиологиялық талап­тарға сай келмейтін құдықтан су ішеді. Ал ішуге жарамды кейбір құдық пен колонка бүкіл тұрғынға жет­пейді. Мамандардың айтуынша, атал­ған ауылдардың сапалы ауыз суға қол жет­кізуі үшін жалғыз шешім – Есіл топ­тық су құбырына жалғайтын су желі­ле­рін қайтадан жөндеуден өткізу. Ауыл тұр­ғын­­дарына салмақ түсіріп отырған бұл проб­­лема шешілмесе, ол адамдардың ден­сау­лығына да кері әсерін тигізіп жатыр.

Ауыз су жетіспеушілігі салдарынан­ қиын жағдайда отырған өңірлердің тағы бірі – Ақтөбе облысы. Жуырда Партиялық бақылау комитетінің жұмыс тобы облыстағы Ырғыз ауданына да барып­ қайтқан. Жаныс би және Шеңбертал ауыл­да­рында жарты миллиард теңгеден астам қара­жатқа су құбыры салынып, 2021 жы­лы­ пайдалануға берілгенмен, жергі­лік­ті тұр­ғындар әлі күнге ауыз суға жарымай отыр­­ғанын айтады.

Ырғыз ауданына ат басын тіреген жұ­мыс тобының құрамына Партиялық ба­қылау департаментінің инспекторы Ай­жан Ысқақова, «Amanat» партиясы Ақ­төбе облыстық филиалы атқарушы хат­шы­сының орынбасары А.Сарманов және бас­қа да мамандар енді. Олар 639,1 млн тең­ге­ге бағаланған «Ақтөбе облысы Ырғыз ауда­нының Жаныс би және Шеңбертал ауыл­дарында топтық су құбыры желілері құры­лысы» жобасы 2020 жылдан бері іске асып келе жатқанын, қазіргі күні 607,2 млн теңге игерілгенін анықтады. Жобаны жүр­гі­зіп жатқан «Көлсай Строй» ЖШС 42,3 ша­қы­­рымға созылған су құбыры құрылысын са­­лып бітіруі керек болатын. 2021 жылғы жел­­тоқсанда сумен қамту жүйесін іске қосу рәсімі болғанымен, қазіргі күні нысан толық­тай жұмыс істемей тұр. Биыл «Көлсай Строй» ЖШС электр энегриясы үшін төлем жасамағандықтан токтың өшірілуіне бай­ланысты қазіргі күні Жаныс би және Шең­бертал ауылдарына су беру толықтай тоқта­тыл­ған.

–­ Ақтөбе облысы әкімінің бұрынғы орын­­басары Ермек Кенжеханұлы мен Ырғыз ауда­нының әкімі Әділгерей Әуелбаев су құбыры салынғанда оны мақ­та­нышпен таныстырған болатын. Алайда көп уақыт өтпей-ақ құбыр құрылысы аяқ­тал­мағаны анықталды. Шеңбертал ауылы­ тар­и­хында тұңғыш рет тұрғызылған су тар­ту стансасы түңілу мен алданған үміт­тер­дің символы ретінде тұр. Жалған есеп беру үшін теледидар алдында құрылысы аяқталмаған, пайдалануға жарамсыз нысанды ашу үрдісі, өкінішке қарай, әлі де жалғасып келеді, – дейді жұмыс тобының өкілі, инспектор Айжан Ысқақова.

Жергілікті атқарушы органдар­ Эко­ло­гия және табиғи ресурстар министр­лі­­гінің Су ресурстары комитетіне қор­да­ланған проблемаларды жылдамдатып шешу бойынша қанша рет өтініш жасаған. Мәселен, 2022 жылы 6 қыркүйекте Ырғыз ауданының әкімдігі су құбырының салынуы құрылыс нормаларына сай жасалмағаны туралы 16 тармақтан тұратын акт дайындаған. Сапасыз құрылыс салдарынан 2021 жылы халыққа су беру үшін жеті рет жөндеу жұмыстары жүргізілген. Құрылыс жұмыстары аяқталуға тақап, тек сорғы стансаларының автоматикаларын орнату ғана қалғанына қарамастан, бүгінде ол жерде жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Нәтижесінде, әлі күнге нысан қолданысқа берілмеген.

– Осы өңірге сапармен келген Мем­ле­кет басшысы тек есеп беру үшін ғана ж­ұ­мыс істемей, нақты іс-әрекеттер мен ойлас­тырылған талдау қажет екенін айт­қа­ны белгілі. «Бізге шалағайлықпен, көз­бояушылықпен айналысуға болмайды»­ де­ген еді Президент Қ.Тоқаев. Алайда Ырғыз ауда­нын­дағы жағдай шенеу­нік­тердің бұрынғы қал­пында халық игілігі үшін емес, тек каме­ра­ мен фотоаппараттың жарқылы үшін жұ­мыс­ істейтінін көрсетіп отыр. Сенімсіз мерді­гермен келісімшарт жасасқан Су ресурстары комитеті екінші жыл қатарынан бұл проблеманы шеше алмай келеді, – дейді Айжан Ысқақова.

Шын мәнінде, жоғарғы жақтағы шенеу­­ніктердің, аталған жұмыстарды атқаруға тапсырыс беруші мен мердігердің арасында болып жатқан «есеп айырысулар» қарапайым халыққа ешқандай да қызық емес. Оларға керегі – ішуге жарамды ауыз су. Бірақ уақыт өткен сайын бұл проблема тереңдеп барады.

– Біз барған Шеңбертал ауылы облыс орталығынан 650 шақырым жерде орна­лас­қан­дықтан және жолдың нашарлығынан жо­ғары шенді шенеуніктер бұл өлкеге келе бер­мейді екен. Алайда көзбояушылық келіп үл­геріпті. Соның салдарынан қарапайым жұрт­тың зардап шегіп отырғаны өкінішті, – дейді Айжан Ысқақова.