• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 06 Шілде, 2023

АХҚО: Озық тәжірибе тоғысқан платформа

265 рет
көрсетілді

Елді биік мақсатқа, оң өзгерістерге жетелейтін қадам бас қаладан басталады. 25 жыл ішінде Астананы жаһандық деңгейге лайықты, экономикалық өрлеуге қабілетті қалаға айналдыру үшін зор күш-жігер жұмсалды. Соның бір жарқын көрінісі ретінде елордада әлемнің үздік қаржы жүйелерінің тәжірибесі мен заманауи мүмкіндіктерін біріктіретін бірегей орталықтың құрылуын атап өтуге болады.

Қазіргі заманғы тәжірибе көрсетіп отырғандай халықаралық, қаржылық, валюталық, несиелік операцияларды, бағалы қағаздар мен алтын мәмілелерін жүзеге асыратын мамандандырылған қаржы институттары дүниежүзілік қаржы орталықтарында шоғырланады. Мұндай платформаның болуы әлемдік қаржылық табысты құру мен қайта бөлуге қатысуға мүмкіндік береді. Халықаралық қаржы орталығы мемле­кеттің әлемдік аренадағы рөлін арт­ты­руға, экономиканың инновациялық дамуына ықпал етеді. АХҚО әлемдік интеграцияның ажырамас буыны бола отырып, қаржылық жаһанданудың қалыптасуына негіз салады. Сонымен бірге ішкі және әлемдік қаржы нарығы арасындағы кедергілерді жоюмен және өзара қарым-қатынасты дамытумен қатар, шетелдік инвесторларды тартуға да ұйытқы бола алады.

Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға талпыныс елімізге капитал тарту мен бағалы қағаздар нарығын дамыту, қаржы қызметтері саласында инвесторлар үшін тартымды ортаны қамтамасыз ету бағытындағы баянды іс-әрекеттерімен үйлесім табады. Жаһандық сын-қатерлерге жауап ретінде әлемнің экономикалық картасында тағы бір қаржы орталығының пайда болуы және оның Еуразияның нақ ортасында орналасуы зор мән-маңызға ие. Осылайша, жас мемлекет өзінің жаңа астанасында бүкіл Орталық Азия аймағы үшін ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген, жеңілдетілген салық режімі мен тәуелсіз қаржылық соты бар хаб құру ниетімен ерекшеленді. Экономикалық жобаны өз арбитражының, қор биржасының және реттеушісінің көмегімен инвес­тиция ағынының ортасына айналдыру көзделді. Қазірдің өзінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының Орталық Азия аймағында ғана емес, сонымен қатар бүкіл посткеңестік кеңістікте қаржылық қатынастар мен технологиялардың негізгі хабы болуына толық мүмкіндігі бар. АХҚО Орталық Азия, Кавказ, ЕАЭО, Батыс Қытай, Моңғолия, Таяу Шығыс және Еуропа елдерінің экономикасын байланыстыра отырып, өңірлік бизнес және қаржы орталығы ретінде шешуші рөл атқарады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Астана» ХҚО өзінің бірегей мүмкіндіктерімен өңір елдерін байланыстыратын әмбебап платформа ретінде әрекет ете алады. Президент АХҚО-ны халықаралық аренада еліміздің басты инвестициялық алаңдарының бірі ретінде ілгерілету қажеттігіне маңыз беріп отыр. Сондай-ақ АХҚО құрамындағы биржаны, реттеушіні және басқа да институттарды әлемдік үздік стандарттар негізінде одан әрі дамыту міндеті тұр.

Болашақта Азиядағы жетекші қаржы орталықтарының біріне айналуға тиіс «Астана» халықаралық қаржы орталығы елордада өткен ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көр­месі аумағына орын тепті. Сөйтіп, көрме мультипликативтік әсер бере бастады. Қаржы орталығына халықаралық қатысушыларды тарту үшін посткеңестік кеңістікте жоқ теңдессіз жағдайлар жасалды. Орталықтың толыққанды жұмысын қамтамасыз ететін Консти­ту­ция­­лық заң қабылданды. Осы құжаттың арқа­сында инвесторлар елге кіру бо­йынша жеңілдікті шарттарға ие болып, арнайы салық режімін пайдалануға мүмкіндік алды. АХҚО алаңында Нью-Йорк пен Лондоннан Дубайға, Гонконг пен Сингапурге дейінгі озық қаржы орталықтарының тәжірибесі мен ең заманауи құралдары тоғысты. Дубай халықаралық қаржы орталығы Таяу Шығыс, Африка және Оңтүстік Азия аймағындағы жетекші халықаралық қаржы хабы болса, АХҚО қызметі Орталық Азияға, өңірдегі көршілерге бағытталды.

2018 жылғы шілдеде тұсауы кесілген қаржы орталығы табысты дамуымызды растаған ел тарихындағы жаңа парақ болды. Сарапшы-мамандардың айтуынша, әлемде жаһандық және ай­мақтық макроэкономика үшін маңы­зы бар бизнес пен қаржы инфра­құ­ры­лымы шоғырланған жерлер санау­лы ғана. Мұндай халықаралық қаржы орта­лық­тарына Лондон, Нью-Йорк, Цюрих, Майндағы Франкфурт, Шанхай, Токио және Гонконг жатады екен. Посткеңестік кеңістікте ХҚО құруға Мәскеу мен Санкт-Петербург ұмтылыс жасады. Дегенмен, бұл ретте Қазақстан «Астана» халықаралық қаржы орталығын ашып, толық іске қосу арқылы ресейлік әріптестерінен алда тұрды.

Отыздық тобының (G30) Қам­қор­шылар кеңесінің төрағасы, J.P. Morgan Chase Internationаl басқармасының бұрынғы төрағасы, АХҚО-ны басқару жөніндегі кеңестің мүшесі Джейкоб Френкель: «Қазақстанда Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, АХҚО және өзге де ұлттық даму институттарының кең ауқымы бар. Мұндай икемділік капиталды тартудың дұрыс тетіктерін таңдауға және экономиканың нақты секторына инвестициялар тартуға мүмкіндік береді. АХҚО әлеуетін бірінші кезекте жергілікті нарықты нығайту үшін пайдалану керек. Орнықты және интеграцияланған жергілікті нарық арқылы ғана елдің әлемдік аренадағы беделін нығайтуға жәрдемдесетін өңірлік инвестициялық және қаржылық платформаны қалыптастыру жөнін­дегі мақсатқа қол жетпек», деп пікір білдірді.

Кейінгі жылдары АХҚО-да 47 елден 600-ден астам компания тіркеліп, біздің орталық үшін посткеңестік кеңістік елдері мен Қытай арасында басты делдал болудың мол мүмкіндігі ашылды. АХҚО қаржы секторының жалпы активтері 569,8 млн долларға жетті. Орталықтың өзегі ‒ инфрақұрылымы NASDAQ, Goldman Sachs, Жібек жолы қоры және Шанхай қор биржасымен серіктестікте құрылған Astana International Exchange (AIX) қор биржасы болып табылады. Астана биржасының ресми тізімінде 60-тан астам бағалы қағаз бар. Ресми тізім эмитенттеріне қойылатын талаптар Лондон қор биржасының баламалы талаптарына сәйкес келеді. 2019 жылы Астана биржасы 217 млн долларға жуық акционерлік капитал жинады, бұл алдыңғы үш жылдағы еліміздің барлық қор нарығынан бірнеше есе көп. 2020 жылы биржадағы сауда мәмілелерінің айналымы қиын жұмыс жағдайларына қарамастан өсуді жалғастырды. Қазан және қыркүйек айларында ол сәйкесінше 5,4 миллион және 3,9 миллион долларды құрады. Биржаның экожүйесін 20-дан астам жергілікті және халықаралық сауда мүшелері, соның ішінде ресейлік «ВТБ Капитал» және «Универ Капитал» брокерлері құрайды. Астана биржасында тау-кен секторы компаниялары үшін де тартымды жағдайлар жасалған. Масштабқа байланысты олар бірқатар листинг талаптарынан босатылады. Арнайы артықшылықтар беру үшін тау-кен секторын таңдау Орталық Азияда көптеген кен орындары мен кеніштердің болуына байланыс­ты, олардың кейбірінің дүниежүзілік маңызы бар.

АХҚО жұмысында ресми түрде ағылшын тілі қолданылады. Оның аумағында ағылшын құқығы қағидат­тарының әрекет ету факторы да пост­кеңестік кеңістіктегі ықтимал бәсе­ке­лестерден тағы бір артықшылығы және сәйкесінше халықаралық компаниялар мүдделерінің негізі болып табылады. Ағылшын құқығы қағидаттарын қолдану өте прагматикалық қадам, өйткені мұндай құқықтық жүйенің жұмысы халықаралық инвесторлардың барлығына түсінікті әрі қолайлы.

Сонымен қатар АХҚО базасында азаматтық және коммерциялық дауларды шешу үшін құрылған сот және халықаралық төрелік орталығы «eJustice» электрондық платформасы арқылы қашықтан жұмыс істей алады. Сондай-ақ халықаралық қаржы орталығында шетелдік өкілдердің отандық бизнес-қоғамдастыққа (AIFC Expat Centre) интеграциясын жеңілдету үшін жүйелер, Орталық Азия елдерінің түрлі бизнес-жобаларына тартылған тікелей инвестицияларды кейіннен ақпараттық және ұйымдастырушылық сүйемелдеумен ынталандыру үшін арнайы орган, еліміз аумағында және бүкіл Орталық Азия өңірінде жобаларды тұрақты қаржыландыруды ілгерілететін құрылым (AIFC Green Finance Center Ltd) жұмыс істейді.

Былтыр тәуелсіз аудит АХҚО-ның бес жылдағы қаржылық қызметінің оң нәтижелерін анықтады. Мазмұны бойынша орталықтың 2025 жылға дейінгі даму стратегиясының барлық аспектілерін қамтитын есепті ауди­тор­лық компаниялардың «үлкен төрт­тігіне» кіретін консалтинг және аудит­ саласындағы тәуелсіз бақылаушы Deloitte дайындады. Үздік халықаралық практикаға сәйкес дайындалған есеп АХҚО-ның оң қаржылық нәтижелерін, бюджет қаражатын игерудің нысаналы мақсатқа сәйкестігін, сондай-ақ стратегияда қойылған тиімділіктің негізгі көрсеткіштерінің (KPI) орындалуын тіркеді. АХҚО-ның бюджеттік өтінімі жылдан-жылға қысқарып келеді, ал орталық органдары мен олардың ұйымдары, сондай-ақ АХҚО қатысушылары төлейтін салықтардың көлемі өсуде. 2022 жылға арналған бюджеттік өтінім 9,97 млрд теңгені құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 15,6%-ға аз (11,82 млрд теңге). Бұл ретте Орталық органдары мен олардың ұйымдарынан, сондай-ақ АХҚО қатысу­шыларынан мемлекеттік қазынаға түсетін салықтардың көлемі былтырғы жылдың 10 айының қорытындысы бо­йынша 17 млрд теңгеден асты. Сонымен қатар АХҚО стратегияда белгіленген KPI көрсеткіштерін мерзімінен бұрын орындауда. 2025 жылға қарай АХҚО платформасы арқылы 10 миллиард доллар шетелдік инвестиция тарту жоспарлануда. Орталықтың тіркелген қатысушыларының саны 2025 жылға қарай 2000-нан асуға тиіс. Бұл ретте АХҚО алаңында қазірдің өзінде 1 700-ден астам компания жұмыс істеп жатыр. АХҚО юрисдикциясының танымалдылығы да маңызды көрсеткіш болып табылады. Сот және арбитраждық тармақтар 7 200-ден астам отандық және шетелдік келісімшарттарға енгізілген. АХҚО соты мен Халықаралық арбитраж орталығы ұжымдық түрде 1 400-ден астам шешім шығарды.

Бүгінгі таңда орталықтың 2025 жылға дейінгі даму стратегиясын іске асыру аясында шетелден инвестиция тартуға жәрдемдесу, қарқынды капитал нарығын дамыту және қаржы индустриясындағы инновацияларды ілгерілету секілді негізгі үш бағыт бо­йынша жұмыс атқарылып жатыр. Қаржы орталығы құрылғалы бері елімізге 8,3 миллиард доллардан астам инвестиция тартқан. Соңғы жылдары АХҚО қатысушыларының саны қарқынды өсіп келеді. Әлемнің 75 елінен 2 мыңға жуық компания бизнес жүргізу үшін АХҚО-ның юрисдикциясын таңдады. Әлемдік ірі қаржы институттары, атап айтқанда қытай банктері, араб елдерінің қаржы құрылымдары және танымал технологиялық компаниялар АХҚО база­сында өкілдігін белсенді түрде ашып жатыр. Жалпы, Орталық құрылған сәттен бастап АХҚО экожүйесіне қатысушылар бюджетке 50 миллиард теңгеден астам, соның ішінде былтыр 26 миллиард теңге көлемінде салық төлеген. Қаржы орталығы құрамындағы дауларды шешу институттары бүгінге дейін 2 мыңнан астам коммерциялық және қаржылық істі қараған.

Еліміз ұстанып отырған жаңару мен жаңғыру бағытын қолдау, бизнесті өркендету үшін ортаны тартымды ету, даму үшін капитал тарту және компанияларды ең заманауи, сенімді және тиімді инвестициялық құралдармен қамтамасыз ету ‒ қаржы хабының негізгі мақсаты. Жиынтығында ұлттық ІЖӨ-нің 35%-ын қамтамасыз ететін республикамыздың ірі кәсіпорындарын жекешелендіру АХҚО белсенділігінің жоғары деңгейін белгілейді. Қазақ­стан­ның инвестициялық терезесі Орталық Азияның барлық елдері мен іргелес өңірлердің: Таяу Шығыс пен Қытайдың өсу перспективаларын пайдалануға мүмкіндік береді. Еліміздің өркендеуін басқа өңірлік державалардың экономикалық дамуы­нан бөлек және жаһандық экономика үрдісін ескерусіз қарастыру мүмкін емес. Сондықтан қаржы орталығы корпорациялар мен кәсіпкерлерге инвестициялық капиталды тарту және өндіріс пен қызмет көрсету саласында маңызды да тиімді жобалар құру, өткізу нарықтарын дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ұсына отырып, еліміздің және Орталық Еуразияның бүкіл өңірі­нің тұрақты дамуына ықпал етеді. АХҚО қатысушылары «Белдеу және жол» жобасы шеңберінде Қытайдың интеграциялық бастамаларынан және өңірдің экономикалық ландшафтын айтарлықтай өзгертуге қабілетті Еуразиялық экономикалық одақтың бастамаларынан оң нәтиженің әсерін сезінетін бенефициарлар бола алады.

Еуропа мен Азия арасында жаңа әлемдік қаржы көпірі пайда бол­ғаны тура­лы­ пікірді батыстық сарапшылық топтар да қолдайды. Қаржы орталығының әлеуеті өсіп келе жатқан нарықпен де байланысты. Әлемдік экономиканың эпицентрі уақыт өте келе шығысқа қарай ойысады. Бұл ретте Астана инвесторлар үшін бәсекелестік күн сайын күшейіп келе жатқанын, әлемдік экономиканың бүгінгі талаптарына жауап беретін болашағы зор өнім ғана қаржы тарта алатынын жақсы түсінеді.