Астана қаласының 25 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралары аясында қала әкімдігі ұйымдастырған тұңғыш «Gul Astana» фестивалі табысты өтті.
Фестивальде Астана қаласының креативті индустрияларды дамыту орталығының мамандары қала тұрғындарын эко қозғалысқа шақырып, шикізатты қайта өңдеудің маңызын түсіндіруге тырысты. Мұны біз ЭКСПО аумағында сәні мен салтанаты келіскен көрмеден анық аңғардық. Шатырларды аралап, сол маңда тізілген өсімдіктерді тамашаладық. Осы арада мерекелік іс-шараға өскіндердің түр-түрін алып келген Надежда Жеребцовамен жүздесіп, әңгімеге тартқан едік.
– Целиноград ауданындағы Аққайың ауылында шағын кәсібіміз бар. Көшет дайындаймыз. Сонда түсінгенім, тұрғындардың көбі бау-бақша өсіру қиын шаруа деп ойлайды. Шын мәнісінде, өскінге қандай тыңайтыш керегін біліп, түсініп, күтіп қарайлассаң, жемісін көресің. Қалауын тапсаң, көптеген өсімдікті жерсіндіруге болады. Біз әлемде табиғаты қолайсыз, топырағы құнарсыз болса да, жасыл желегі жайқалған елдердің барын білеміз. Жерімізді гүлдендіріп, баққа айналдыру біздің қолдан да келеді. Сол үшін де мен бақша өсіруге қызығатындарға қуана-қуана білгенімді айтамын. Білмегенімді үйренуге талпынып жүрмін. Білсеңіздер, кейбір жазықта қаулап шығатын өсімдіктердің бізде өсіруге болатын түрлері де бар. Соны бірте-бірте қалаға әкелуге мүмкіндік те мол. Бүгін мен байқауға қатысуға емес, елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырған гүлдер фестивалін тамашалауға келдім, – дейді Н.Жеребцова.
Фестивальдің продюсері Майра Измайлованың айтуынша, іс-шараға Астана қаласын былай қойғанда, Алматы, Қарағанды облысынан эколог, флорист, урбанист, эко-кəсіпкер, өнер майталмандары келген. Олардың арасында суретші Лəйла Махат пен Лəйла Ахмет Осман, зумба-нұсқаушы Раушан Сарбалинова, энерго-практик Фердуса (Қырғызстан) бар.
– Фестивальдің ерекшелігіне аз-кем тоқталайын. Мұнда елдің табиғи аймақтарының ландшафтында безендірілген климаттық киіз үйлер тізілді. Гүлзарларды безендіру бойынша флористер байқауы өтіп жатыр. Арнайы фотоаймақтардың бірінде ILOVE байқауы ұйымдастырылды. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін білім беру жəне эко-шеберлік сабақтары өтеді. Қалдықтарды қайта өңдеу жəне пластиктен өнер туындылары мен бұйымдарын жасаудан да байқау өтіп жатыр. Урбанистермен қала тұрғындары бірігіп, Астананың жасыл картасын жасайды. Яғни тұрындар қалада саябақ ашуға таптырмайтын орындарды белгілейді. Сонымен қатар астаналықтар елорданың символ-гүлін таңдайды. Жалпы, байқаулардың жеңімпаздары ақшалай сыйлықтармен марапатталады, – дейді Майра Измайлова.
Фестивальде «Гүл шахары – Астана» байқауының алғашқы кезеңінен өтіп, іріктелген 15 жеңімпаз анықталды. Осы күні елордалықтар қоршаған ортаның сұлулығын сүретпен кескіндеген қылқалам шеберлерінің туындыларына тәнті болды. Балалар жағы шеберлік сабақтары мен театрландырылған интерактивті бағдарламаны тамашалады. Құммен сурет салып, гүлді оригами жəне саз балшықпен жұмыс жасау алаңдарын қызықтап, шат-шадыман болды.