Шымкент қаласындағы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы 2014 жылы сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен, зиялы қауым өкілдерінің демеуімен ашылған. Яғни мұндай мекеме еліміз бойынша тек Шымкентте ғана бар.
Негізгі атқаратын қызметі – қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, жөн-жоралғысын насихаттау, өскелең ұрпақтың бойына сіңіру, халықтың бойында ұлттық кодты қайта жаңғырту. Өйткені салт-дәстүр болмаса, ол елдің болашағы бұлыңғыр, келешегі күңгірт. Тілді қалай қорғаштасақ, әдет-ғұрып, салт-сананы да дәл солай қызғыштай қоруымыз керек. Аталған орталықтың директоры Бахтияр Спановтың пікірі осындай. Оның айтуынша, жер бетінде қаншама ұлт болған, бірақ өкінішке қарай, тағдырдың түрлі тауқыметімен көбісі тілін жоғалтып, салт-дәстүрінен айрылып, ұлттық бірегейлігін сақтай алмай басқа ұлттарға сіңіп кетті немесе саны азайып, біржолата жоғалды. Бұл ретте салт-дәстүр орталығының қазақи болмысымызды сақтап қалудағы пайдасы көл-көсір. Әсіресе жаһандану дәуірінде өмір сүріп, түрлі идеологиялық қақтығыстар ортасында өсіп келе жатқан жастар үшін орталықтың берер пайдасы мол. Мекеме республикада жалғыз осындай ұйым болғандықтан, оған еліміздің түкпір-түкпірінен қонақтар келіп, көріп таңғалып жатады. Әсіресе еліміздің бас қаласынан, ару Алматыдан және басқа да өңірлерден зиялы қауым өкілдері көп зиярат жасайды. Осындағы жұмыстармен танысып, ішін аралап көріп, «шіркін-ай!» десіп қайтады. Былайша айтқанда, Оңтүстікке табан тіреген кісілердің көпшілігінің ат басын бұрып тұратын жері.
Қазақтың салт-дәстүрін дәріптеумен бірге ұлттық ойындарды насихаттау ісінде де орталық алдына жан салмай келеді. Мәселен, асық ату, ақсүйек, алтыбақан, ләңгі, тағы басқаларды айтуға болады. Орталық мамандары осындай ұлттық дәстүр мен ойындарымыздың бар екенін халықтың есіне салып қана қоймай, сонымен бірге, тарихшы, өлкетанушылармен бірлесіп зерттеу, зерделеу жұмыстарымен де айналысады.
«Дін мен дәстүр – егіз ұғым. Дәстүрді туғаннан бастап білеміз. Кішкетайымыздан ата-анамыз олай істеме жаман болады, бұлай істеме обал болады деп отырады. Міне, сол ырым-тиымдар біздің дәстүріміз. Ата-бабамыз осы үш-ақ нәрсемен: обал болады, жаман болады, ұят боладымен бүкіл ұрпағын тәрбиелеген. Сол тәрбиенің шекпенінен президент те, академик те, қысқасы ұлтымыздың бүкіл қаймағы шықты. Ал шариғатты, яғни дінді кәмелет жасқа толғаннан кейін немесе өзімізді-өзіміз тани бастаған соң біліп, амалға асыра бастаймыз. Соған қарағанда салт-дәстүрдің тамыры тереңде жатыр. Біз мешіт имамдарымен, дін қызметкерлерімен бірге көп іс-шара ұйымдастырамыз. Сонда молдалар айтады: сіздер салт-дәстүр орталығында отырып шариғат туралы біраз нәрсе баяндайсыздар. Біз шариғат маманы бола тұра, салт-дәстүрден көп хабар береміз дейді. Сондықтан дін мен дәстүр адамның тәні мен жаны сияқты бір-бірінен ажырамайтын түсініктер. Әдет-ғұрып – қазақпен бірге ықылым заманнан біте қайнасып келе жатқан ұстанымдар. Сол себепті мұның халыққа берер пайдасы өте көп. Осындай асыл дәстүрлерімізге жастардың мойнын бұра білсек нұр үстіне нұр болар еді. Сосын келешекте олар өз балаларына аманаттап, насихаттап кетсек, ұрпақ сабақтастығы ешқашан жоғалмай, ұлтымыз мәңгі жасай бермек», деді орталық директоры Бахтияр Спанов.
Маманның пікірінше, қазақтың ең абзал дәстүрінің бірі – жеті атаға дейін қыз алыспау. Осылайша, бабаларымыз қан тазалығына ерекше көңіл бөлген. Сондықтан болар, бұрынғы ұрпақтың есте сақтау қабілеті ерекше болған. Мәселен, бұрынғылар ақындардың өлеңдерін бір естігеннен ұмытпайтын. Тарихты қарасақ нота білмейтін Дина апамыз Құрманғазы бабамыздың күйлерін бір-екі ойнағаннан жаттап алған. Қазақтың алғырлығы, сезімталдығы сол қан тазалығымен берілген қасиет дерсіз. Маманның пайымынша қазақтың бойындағы тағы бір ерекше мінезі – не нәрсені де тез қабылдағыштығы мен еліктеуге бейімдігі. Басқа ұлттарға қарағанда қазақ өзге тілді тез меңгереді екен.
Орталықта бүгінгі таңда елуден астам адам жұмыс істейді. Негізінен мекеме қалалық мәдениет басқармасына қарайды. Осы күнде ұйым қыз ұзату, қыз керуен, қыз көші, түйенің қомына қыздарды салып ұзату деген секілді дәстүрлерді Түркістан облысының аудандарында фестиваль аясында ұйымдастырып келген. Сонымен бірге қыстың күндері аңға шығып, саятшылық өнерін көпшілікке таныстырады. Ол үшін баяғы ата-балаларымыз сияқты кәдімгі үш ағаштан шошала жасап, ішіне бөстектер төсеп, от жағып, ауланған қояндардан сорпа істеп, көнекөз қариялардың аңшылық туралы сұхбатын тележоба аясында ұйымдастырады. Бұған дейін мұндай іс-шаралардың талайын өткізген. Бұдан бөлек өткен жылы орталық ұйытқысымен ауқымы үлкен үш этнофестивальдің тұсауы кесілді. Соның бірі – «Төрге жайдым текемет» деп аталатын текемет фестивалі. Оған Өзбекстан, Қырғызстаннан апалар келіп қатысты. Этноауылда ұйымдастырылған іс-шара барысында текеметті қалай басудың жолдары көрсетілді. Қой қырқудан бастап, жүнді түту, сабау, шиге орап тебу, ыстық су құюға дейінгі кезеңдері рет-ретімен таныстырылды. Осылайша, екі күнге созылған фестиваль аясында қатысушылар дүйім жұртқа текеметті қалай басу керектігін үйретті. Фестиваль ұмытылып бара жатқан дәстүрді қайта жаңғыртқан мағыналы іс-шара болды. Текемет басудың тәсілін үйреткен шеберлік сыныбы деуге келеді. Ал көрші ағайындар сол фестивальде басқан текеметтерді сыйға тартып, бүгінде олар орталықтың екінші қабатында жәдігер ретінде сақталып тұр. Текеметтің жақсы бір қасиеті бар. Оның қылының үстінде ешқандай жәндік жүрмейді. Мұны ата-бабаларымыз ертеден білген. Сол үшін текемет басып, оны күнделікті тұрмыста қолданған. Жаздың күндері далада күн жанып тұрғанда үйге түрлі улы жәндіктер кіріп кететіні белгілі. Бір кереметі текемет төсеулі тұрған жерге шағатын құрт-құмырсқа, жәндіктер жоламайды екен. Сонымен бірге үкі тұрған жерге де бақа-шаян, жыландар жолаудан қорқады. Бұрын қазақтардың көпшілігі үйінде үкі асыраған. Оны кейбіреулер сән үшін деуі мүмкін, ал бірақ шын мәнінде ата-бабаларымыз текті құстың осындай қасиеттері бар екенін бұрыннан білген. Міне, орталық мамандары салт-дәстүріміздің осындай түпкі мәні мен қыр-сырларын ашу бағытында көбірек зерттеу жүргізеді. Бұдан бөлек мекеме ұйымдастырған «Алаша фест» іс-шарасына еліміздің түкпір-түкпірінен қатысушылар жиналды. Қазақта «Алтынға бергісіз алаша бар, Ханға бергісіз қараша бар» деген сөз бар. Сонда бұл алаша құнының жоғары екенін байқатып тұр. Алаша дегеніміз кәдімгі кілемнің бір түрі. Кейбір елдерде қолөнер бұйымы қатты бағаланатындықтан, мұндай тоқыма дүниелердің тіпті бағасы болмайды. Мәселен, Түрікменстанда өздерінің асыл тұқымды ақалтеке аттарымен бірге ұлттық кілемдерін де өте жоғары дәріптейді.
«Осынау фестивальдер арасында «Киелі кимешек» деген фестиваль өткіздік. Негізінде республика деңгейінде ұйымдастырамыз деген жоспарымыз бар еді. Бірақ оған түрлі жағдаяттарға байланысты сәтін салмады. Дей тұрғанмен, қала көлеміндегі үлкен іс-шара болды. Оған көрермен ретінде сонау Моңғолиядан кимешек киген апаларымыз келіп қатысты. Сонда әйел адамға арналған бұл бас киімге қатысты біраз жайттан хабардар болдық. Негізінде қазіргі біздің апаларымыз киіп жүрген кимешектері қырғыздың үлгісіндегісі екен. Ал ескі фотолардан қарасақ, бұрынғы апаларымыздың кимешектері үлкен болған. Жас келіншектер одан сәл кішілеуін киген. Мұның сыры неде десек, ол уақытта аурухана, емхана деген болған жоқ. Сондықтан апалар мен келіншектер кимешекте оралған ақ матаны әрі дәке ретінде де қолданған. Мәселен, ер азамат жарадар болып қалса, сол ақ матамен жараны таңған немесе жас әйел босанса, жөргек ретінде пайдаланған. Апалардың кимешегінің ені 40-45 сантиметр болса, ұзындығы 20 метрге дейін барған. Егер жазатайым қайтыс болса, сол ақ матаға орайтын кебін қылған. Міне, осындай қажеттіліктің бәрін бір кимешек атқарған. Біздің ендігі мақсатымыз – осылардың барлығын жастардың құлағына құю, оларды дәстүрді жетік білетін, ата салтты құрметтейтін ұрпақ ретінде өсіріп шығару. Сондай-ақ әншейін төрде ілулі тұрған қамшының өзінде үлкен символикалық мән жатыр. Егер ол салбырап тұрса, ол үйдің отағасы жоқ деген белгіні білдіреді екен. Шаңырақ иесінің бар екенін білдіру үшін атам қазақ ондай кезде қамшыны басқаша ілген. Сол ерте кезде шаңыраққа кіріп келген қонақ қамшыға қарап, жағдайды біле берген. Міне, осылайша бабаларымыз ишарамен, ыммен бәрін білдіріп отырған. Дәстүріміздің осындай құпия сырлары бар екенін үлкен де, жас та біліп жүрсе екен деп ойлаймыз. Және жұмысымызды, қажыр-қайратымызды сол бағытқа қарай бұрып жатырмыз», деді Бахтияр Спанов.
Орталық мамандары қолға алған айтулы іс-шараның бірі – Береке фестивалі. Ол күздің күні, егіс даласындағы жиын-терім науқаны аяқталған тұста ұйымдастырылды. Баяғы Ақмола жеріндегі Қоянды жәрмеңкесіне ұқсайды. Береке фестивалі – диқандардың шат қуанышын, Құдайдың берген несібесіне риза болысқан халықтың шүкірлігін тойлайтын мереке. Майра, Қажымұқан, Иманжүсіптей бабаларымыздың даңқын асырған Қоянды жәрмеңкесіндей мұнда да түрлі ұлттық ойындар ойнатылып, дәстүріміздің нағыз айшықты келбеті көрінді. Тіпті фестивальді ұйымдастырушылар бұрынғының салтын бұзбай қонақтардың сонау алыстан ат арбамен келгенін суреттеген әдемі театрлық қойылымдар қойған. Өз кезегінде ауыл шаруашылығы басқармасы да орталықтың бастамасына қолдау білдіріп, өздерінің тарапынан ауыл шаруашылығы өнімдерін арзан бағада саудалайтын азық-түлік жәрмеңкесін қолға алды. Сондай-ақ осы фестиваль барысында қазақтың ескі ән-күйлері шырқалып, ұлттық тағам түрлері пісірілді. Келген жұрт бір жағынан өзіне рухани азық алса, екіншіден, бағасы арзан жәрмеңкеде сауда жасап қайтты. Осылайша, фестивальді тамашалаған халық рухани әрі материалдық тұрғыдан қарық болып қалды.
«Орталықтың негізгі мақсаты – қазақтың байырғы салт-дәстүрлері бойынша іздену және ұмытылып бара жатқан әдет-ғұрыптарды қайта жаңғырту. Кез келген дәстүрді насихаттау үшін оны алдымен зерттеп алу керек. Жалпы, дәстүрдің үш түрі бар. Оның біріншісі – қазіргі қолданыста жүрген салттарымыз, екіншісі – ата-бабамыздан келе жатқан ғұрыптарымыз және соңғысы – кірме дәстүрлер. Мәселен, үйлену тойларында жастарға торт жегізу біздің дәстүрімізде жоқ нәрсе. Оны кірме салт десек болады. Қарап отырсақ, бүгінде төтеннен келген ғұрыптар қаптап кетті. Әсіресе оны тойлардан көп көруге болады. Негізінде той адамның рухани ләззаттанатын, ғибрат алатын жері болуы тиіс. Қазақ атам не үшін той деп атаған? Яғни адам мерекелік жиынға барғанда аспен бірге рухани жағынан да тойып қайтуы керек», дейді орталық басшысы.
Мекемеде қоғам және мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің портреттері ілінген. Директордың кабинетінің төрінде де ілулі тұрған осы тұлғаның суреті. Оның сыры мен себебін сұрағанымызда, мекеме басшысы орталықтың сол кісінің атымен атау жөнінде жоғары жаққа ұсынысхат жолдағанын жеткізді. Жалпы, бұл мәселе бұрыннан бері көтеріліп келген. Өйткені бүкіл қазақ білетін Өзбекәлі Жәнібековтің ұлт мәдениетіне, дәстүрі мен салтын дәріптеуде сіңірген еңбегі өте зор. Санкт-Петербург қаласынан Тайқазанды әкелуден бұрын қазақтың жадынан өшіп бара жатқан салт-дәстүрлерді санада қайта жаңғыртып, жәдігерлерді тірнектеп жинады. Сондықтан орталықтың атын қазақтың біртуар ұлының атымен атасақ деген ойлары болған.
Орталық директорының айтуынша, мекемеде жалпы төрт бөлім жұмыс істейді. Әрине, бүгінгі заманда адамға күштеп бір идеологияны телу қиын. Сондықтан ұйым ата-баба дәстүрін азаматтарға міндеттейтіндей мақсатты қойып отырған жоқ. Бұл арада ең бастысы ақпараттық, насихаттық жұмыстарға көбірек ден қоюды мұрат тұтады. Осы орайда халықтың көңілін аулап, назарын бері бұру үшін салт-дәстүрді танытатын, дәріптейтін шағын кітапшалар шығаруды ұйғарып отыр. Мәселен, солардың ішінде «Дәстүрге құрмет, ұлттық мүдде», «Ақ келін» секілді кітапшалар бар. Алдағы уақытта олар мектеп оқушылары мен студенттерге және ктапханалар мен жекелеген ұжымдарға тегін таратылатын болады. Артыңда сөз қалсын деген бабаларымыздан келе жатқан өсиетке адалдық танытқан ұжым кітапшалар шығарып, ұлттық дәстүрлерімізді мәңгі тасқа басып қалдыруды мақсат қойып отыр. Себебі тасқа басылған сөз ешқашан жоғалып кетпейді. Қажет кезде адамдар кітапшаны ақтарып өзіне керегін ішінен тауып оқиды. Бұл ретте оқулықтар жарыққа шығып біраз ортада танылып үлгерсе, әрі қарай қосымша тиражбен бастырып шығаруға қолұшын созатын қазақ мәдениетіне жанашыр қалталы азаматтар табылып қалар үміт те жоқ емес ұжым басшылығында. Сондықтан келер жылы орталық мәдениет басқармасына қаржы бөлу жөнінде ұсыныс берсе және ол қолдау тапса, ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтұғын 6 бірдей жаңа кітапша жас оқырмандардың қолына тиіп қалуы ғажап емес. Тіпті, орталықтың жоспарында балабақшадағы балдырғандарға да өте жеңіл тілде жазылған, әдемі суреттермен безендірілген түрлі-түсті кітапшаларды таратпақ ниеті бар.
«Мүфтият халықты имандылыққа бет бұрғызу үшін қандай әрекеттен бастады? Әуелі намаз оқып үйренейік деген секілді кішкентай кітапшаларды шығарып жүрді. Адамдарды имандылыққа үйретіп алған соң келе-келе ауқымды кітаптар жазуға көшті. Бүгінде, Құдайға шүкір, елімізде мешіт жеткілікті, намазға жығылған халықтың саны көп. Адамдар бұрынғы кітапшаларды қойып, қазір Қайрат Жолдыбайұлы секілді дін саласы мамандарының мазмұнды кітаптарын оқуға кіріскен. Солай демекші, біз де бастапқы кезде шағын кітапшалардан бастасақ, уақыт өте келе халықтың оқулықтарға деген сұранысының артуына қарай күрделі еңбектерге көшсек пе деген ойымыз бар. Ең бастысы – халықтың бетін бер жаққа бұрып алу. Әлбетте бұл жұмыс оңай болмайтыны белгілі. Өйткені қазір жастарды олар тұрмақ үлкендердің өзін кітап оқуға ынталандыру өте күрделі іс болып тұр. Оның себебі бүгінде жастардың барлығы телефонға телмірген. Дегенмен шынайы ниет болса, алынбайтын қамал жоқ. Бұл мәселенің де келешекте оң шешім табарына сенемін», деді Бахтияр Спанов.
Дей тұрғанмен, мекеме басшысы заман қанша жерден алға озып, технология қанша жерден дамығанымен салт-дәстүріне берік елдер де бар екенін алға тартты. Осылай дей келе Күншығыс елі – Жапонияны мысалға келтірді. Роботтехниканың, машина құрастырудың, электрониканың шыңына жеткен мемлекетте халық өзінің сонау ықылым заманнан бері келе жатқан дәстүрі мен салт-санасын әлі күнгі дейін ұмытпай, құрметпен ұстанып келеді. Дәстүрге беріктік көпшіліктің теріс ұғымынша халықты көштің соңында қалдырмайды. Керісінше егер ғұрыптар адамның білім алуына, болашаққа ұмтылуына кедергісін келтірмесе, ұлттың материалдықпен бірге рухани жаңғыруына жол ашады. Оның жарқын мысалы – Жапония. Алайда ондай дәрежеге жету үшін орталық директорының пікірінше жалғыз әдет-ғұрыпты насихаттайтын ұйымдардың әрекеті аздық етеді. Ол үшін тұтас мемлекет тарапынан үлкен пәрмен керек. Мекеме басшысының айтуынша, шетелден келген қонақ Қазақстан жеріне аяғын басқан сәттен бастап өзін шын мәнінде Қазақ елінде жүргендей сезінуі керек. Оның алғышартының бірі – әрбір қоғамдық орындарда, мекемелерде Қазақ радиосы қосылып, қазақша әндер сайрап тұруы тиіс. «Алысқа бармай-ақ көршілес Өзбекстан еліне бара қалсаңыз, ұлттық дәстүрдің исі бірден аңқып шығады. Өзіңді нағыз өзбектердің еліне кез болғаныңды бірден сезіне қоясың. Осындай ұлттық бірегейлік бізге де ауадай қажет. Күні кеше Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда жалпы салт-дәстүрді қолдау, балаларды ұлттық болмыста тәрбиелеу мәселесі мемлекет тарапынан қолға алынатыны жөнінде өте жақсы айтылды. Осының өзі адамдардың бойына үміт сыйлап, ел болашағы үшін еңбек етуге күш-жігер береді. Өйткені тілін, дінін, салт-дәстүрін бірінші орынға қойған ел әрқашан озады. Ондай ұлт жаһанданудың толқынында жұтылып кетпейді. Жүрегінде иманы, көзінде оты бар адам әрдайым ұлттық мүддені жоғары қояды. Сондықтан дәстүрді дәріптеу еліміздің басты миссиясы болып қала беруі тиіс», деді Бахтияр Спанов.