Төтенше жағдайлар министрлігі Абай облысы Бородулиха ауданы аумағындағы «Семей орманы» резерватындағы орман өрті толығымен сөндірілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ведомство өкілдері өрт оқшауланып, ТЖМ күштері мен құралдары тұрақты жұмыс орындарына кеткен сәттен бастап оқиға орнында қайта өртену мүмкіндігін болдырмау мақсатында Экология және табиғи ресурстар министрлігінің орман өрт станциялары кезекшілік (қарауылдау) ұйымдастырғанын атап өтті. Өрттің тұтас периметрі бойынша патрульдеу жүргізілген.
«Өрт көлемі одан әрі ұлғаймай, таралуы тоқтағаннан кейін ғана оның оқшаулануы хабарланатынын атап өткен жөн. Бұл ретте өрттің қайта тұтануына жол бермеу үшін шаралар қабылданып, оның жануы тоқтаған кезде өрт сөндірілді деп есептеледі», деді ТЖМ өкілдері.Еске сала кетсек, Абай облысындағы өрт 8 маусымда тұтанған еді. Өрт салдарынан «Семей Орманы» республикалық МК 14 қызметкері мен тракторшы көз жұмды. Өртті сөндіруге Қазақстанның басқа өңірлерінен 1500-ден астам адам мен техника жұмылдырылды.
11 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Абай облысына барып, қызыл жалын салдарынан қаза тапқан азаматтардың жақындарымен кездесті.
Ал 12 маусымда Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланып, барша қазақстандық қайтыс болған жандарды еске алды.