• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өнер 13 Шілде, 2023

Кенептегі мейірім шуағы

354 рет
көрсетілді

Алмабақ ішінде адал еңбектің жемісіне кенеліп отырған ақсақал бейнесі, ұршық иірген қос әже, сағындырған күзгі бақ көзге ыстық, көңілге жылы ұшырайды. Суретші сезімінің нәзік қылын тербеген кенеп бетіндегі мың сан бояулар сырбаз өнердің сиқырына қарай тартады. Үміт пен күдікке толы тынымсыз тіршілік алуан ойлармен арпалысқан адам көңілінің ішкі ырғақтарын тап басқандай.

Көрерменді өзіне баурап әкететін алып қуат – кенептегі мейірім шуа­ғы. Сезім жаңбырын сіркіреткен сағыныш ескен сұлбалар. Суретші та­биғат көрінісінен алған алғашқы әсерін алғаусыз жеткізуге ұмтылады. Мың құбылған ашық түсті бояу үндес­тігін ол алдымен көріп, содан соң қа­был­дап барып бояу түстері арқылы кенеп бетіне түсіреді. Бір өлкенің там­санарлық сұлулығын жылдың әр мез­гілінде жалықпай бейнелеуге бар. Жиенбай Орынбаевтың графикасына композицияның қарапайымдылығы мен айқындылығы, ықшамдылық, та­залық, ашық түс, сұлбалардың нақ­ты­лығы тән.

Шығармашылығы көп жанрлы болғанымен, суретші ауыл тақырыбын, табиғат пейзаждарын жырлағанда талант қуаты тасқындай түсетіндей. Оның қаламындағы айрықша бағаланған шоқ­тығы биік туындылар осы тақы­рыптарға тиесілі. Ауыл көрінісінің лирикалық пейзажы мен табиғаттың шексіз сұлулығы өмірге әсемдік сыйлайды.

«Суретші бояу массасын теңестіруге, композицияның барлық элементтерін ырғақты ұйымдастыруға, әлемнің мә­нер­лілігін бұзбай, формалардың өзін­дік әуенін жасауға тырысады. Өз авто­портретіндегі ашық бет әлпеті мен ойлы көздері суретшінің рухани ішкі дү­ниесін көрерменмен бөліскендей. Ал «Ауылдағы күз» шығармасында жо­­ғары қарай өрлеген қаздардың қи­мыл-қозғалыс формаларының дәл бей­не­ленуі байқалады. Сонымен қатар «Балалық шақ туралы естелік», «Құр­былар» атты туындыларында ақ ки­мешектегі ұршық иіріп отырған әже­лер­дің бейнелерінен сонау балалық шақ­тың естелігі мен туған жерге деген сағыныш сезімі еседі. Суретші табиғат жағ­дайының нюанстарын, сырғып бара жатқан сезімтал бір сәттік сұлулықты нәзік­тікпен қабылдап, лириктің көзімен көреді», дейді өнертанушы Лаура Әбілдаева.

Жиенбай Орынбаев 1962 жылы қазіргі Түркістан облысы Сарыағаш ауда­нын­да дүниеге келді. Ташкент педа­­гоги­ка­лық институтының көр­кем­су­рет-гра­фика факультетін тәмам­­дады. Көптеген халықаралық және рес­публикалық көрмелердің қатысушысы. Өзі­нің шығармашылық қызметін оқыту­шылықпен ұштастырған талант иесі қа­зіргі таңда болашақ қылқалам шебер­лерін баулып жүр.

 

АЛМАТЫ