Железин ауданындағы «Асан» шаруа қожалығы айдың-күннің аманында 37 бас қара малынан айырылып қалды. Былтыр несиеге сатып алған асыл тұқымды қымбат түлік айналасы бір сағаттың ішінде бірінен соң бірі сұлап, арам қатқан. Шаруа иесі де, ветеринарлар да сиырлардың неден өлгенін біле алмай отыр.
«Асан» шаруа қожалығы Башмачное ауылында орналасқан. Жайсыз оқиға 14 шілде күні болыпты. Қожалық иесі Талғат Шотбақовтың айтуына қарағанда, шығын болған малдың барлығы – сиырлар. Өрісте жайылып жүрген асыл түлік бір-бір жарым сағат ішінде кезегімен құлап, жатқан жерінен тұрмай қалған. «Теңкиіп-теңкиіп жатқан жануарларға қараудың өзі қорқынышты еді. Тұқымы – абердин ангус. Былтыр «Демеу» несие серіктестігінен он жылға 30 млн теңге несие алып, 86 бас мал сатып алған едік. Биыл малымыз жақсы төлдеп, мемлекеттің субсидиясына ілігеміз, қарызымызды жеңілдетеміз деп қуанып отыр едік. Ойда жоқ жерден осындай кесапатқа жолығып отырмыз. Шаруашылықтағы 120 бас қара малдың 37-сі өлді. Күнкөріс малымыздың үштен бірі бұлайша аяқ астынан қырылып қалғанын түсіне алмай, дал болып отырмыз. Қазіргі жағдайда бізге мемлекет көмектеспесе, жағдайымыз қиынға түседі. Өлген сиырлардың бұзауын бағып-қағудың өзі үлкен шығын. Жалпы, шаруашылықты ұстап тұруды, қарамағымдағы 3 жұмыскеріме қалай еңбекақы төлеуді білмей отырмын», дейді салы суға кеткен шаруа иесі.
Өңірлік ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Асылтас Тілеубаев аталған елді мекенде 37 бас малдың белгісіз аурудан қырылғанын растады. Мал дәрігерлері шаруашылықтан хабар түсісімен оқиға орнына барып, мал өлекселерінен арнайы жақпалар алып, клиникалық жағдайларын жіті зерттеген.
«Жануарлардың клиникалық жағдайларын зерделей келе, олардың аса қауіпті аурудан өлмегеніне көз жеткіздік. Егер жұқпалы әрі ауыр мал дертінен қырылса, әдетте сілекейі шұбырып, езуінен қан кетіп өледі. Бұл жерде ветеринарлар екі нұсқаны ұсынып отыр. Біріншісі, жайылымдарда кездесетін түрлі улы шөп пен саңырауқұлақ. Жаңбырдан соң улы өсімдіктердің қаулап шығатыны мәлім. Екінші нұсқа – егістік жерлерде қолданылатын пестицидтердің әсері. Елді мекеннің маңайында егін, картоп егіледі. Пестицидтердің әсері егіс танаптарынан 3 метрге дейін жайылуы мүмкін. Мал сол жерлердегі шөпті жеп қырылуы да мүмкін. Мамандарымыз мал өрісі мен егіс танаптарынан, суаттардан, өлекселерден арнайы анализдер алды. Оның нәтижелері 15 күн ішінде белгілі болады. Содан соң ғана бұл келеңсіз жағдайдың себебін айта аламыз», дейді Асылтас Абылайұлы.
Қазіргі күні өлген жануардың барлығы арнайы пеште өртелген. Бұл – ықтимал инфекциялық аурудың алдын алу қадамы деп түсіндірді жауапты басқарма өкілдері. Шаруашылықтағы тағы 4 мал әлі де ауырып тұрғаны байқалады, соның ішінде біреуінің жағдайы нашар. Мал дәрігерлері арнайы ем-домдарын жалғастырып жатыр.