Елімізде ардагерлер туралы арнайы заң қабылдау қажеттігі хақында әртүрлі мінберден көп жыл бойы айтылып келгенімен, оның сәті 2020 жылы ғана түсті. Сол жылғы 6 мамырда Мемлекет басшысы «Ардагерлер туралы» алғашқы заңға қол қойды. Бұл маңызды құжат Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына 75 жыл толуы қарсаңында қабылданып, айтулы мерейтойға тарту іспетті болды.
Әйткенмен, аталған заңның жобасын талқылау барысында Парламент депутаттары оны дайындаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басшыларына кейбір сыни ескертпелер айтқан еді. Оларға жауап қайтарған шенеуніктер: «Бұл заң жобасын қысқа мерзімде асығыс әзірлеуімізге тура келді. Сіздер көрсеткен олқылықтарды алдағы уақытта түзетеміз», деп ақталып, уәде берген. Депутаттардың пікірінше, басты кемшілік – «ардагер» мәртебесі берілетін адамдар санатының тым шектеулілігі еді. Себебі аталған заңға сәйкес ардагерлер болып Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлері, басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, жеңілдіктер бойынша Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер және еңбек ардагерлері танылды. Соның ішінде еңбек ардагерлеріне тек Социалистік Еңбек ерлері, үш дәрежелі Еңбек даңқы орденінің иегерлері, «Қазақстанның Еңбек Ері», «Халық қаһарманы» атақтарына ие болған адамдар, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңес одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар, 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген адамдар жатқызылды.
Алайда ұзақ жыл бойы еңбек етіп, жасына байланысты құрметті демалысқа шыққан көптеген зейнеткер заң жүзінде ардагер қатарына енбей қалды.
Бұл ағаттық арада бір жыл бес айдан астам уақыт өткенде түзетілді. Нақты айтсақ, 2021 жылғы 12 қазанда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң арқылы «Ардагерлер туралы» заңның «Еңбек ардагерлері» атты 7-бабы «Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушылар болып табылатын және бұрынғы Кеңес одағының немесе Қазақстан Республикасының ордендерімен немесе медальдарымен наградталған не бұрынғы Кеңес одағының немесе Қазақстан Республикасының құрметті атақтарына ие болған, не Қазақстан Республикасының құрмет грамоталарымен наградталған, не Қазақстан Республикасының ведомстволық наградаларымен наградталған адамдар» деген жаңа 5-тармақпен толықтырылды. Бірақ пайымдап қарасақ, бұл түзетумен де толық келісу қиын. Өйткені «Еңбек ардагері» құрметті атағы мемлекеттік және ведомстволық наградаларымен марапатталған зейнеткерлерге ғана берілуі әділдікке жата қояр ма екен? Оның үстіне, жаппай жемқорлықтан әлі арылып болмаған елімізде мемлекеттік және ведомстволық наградаларды көбінесе шенеуніктермен жең ұшынан жалғасқан пысықай жандар иеленіп жататыны, ал өмір бойы адал еңбек етіп, ел ішінде абыройға бөленген қарапайым адамдардың мұндай құрметке бөленуі некен-саяқ екені жасырын емес. Сондықтан Мемлекет басшысы еңбек адамының мәртебесін көтеруді тапсырып отырған қазіргі уақытта «Ардагерлер туралы» заңның 7-бабының 5-тармағын қайта қарап, «еңбек ардагері» санатына жатқызылатын адамдар тізбесін кеңейте түсу қажет деп білеміз.
Ал осы заңнамаға кейін қосылған топтағы еңбек ардагерлеріне көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары ел қазынасына салмақ түсіретіндей көп емес. «Ардагерлер туралы» заңның 12-бабына сәйкес оларға жұмыс істеп жүрген кезінде тіркелген емханаларды зейнеткерлікке шыққан кезде де пайдалану құқығы берілген және қайтыс болған жағдайда отбасы мүшелеріне не оны жерлеуді жүзеге асырған адамға біржолғы төлем төлеу қарастырылған. Биылғы жылы қабылданған Әлеуметтік кодексте осы санаттағы еңбек ардагерлеріне арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеу көзделмеген.
Тағы бір назар аударарлық жайт: «Ардагерлер туралы» заң қабылданғанға дейін зейнеткерлердің бәрі де еңбек ардагерлері болып саналып келді. Олар әртүрлі деңгейлердегі ардагерлер ұйымдарының мүшелері ретінде қоғамдық жұмыстарға хал-қадерлерінше атсалысты. Енді мұндай ұйымдардың қайсының болсын атауын «Ардагерлер мен зейнеткерлер ұйымы» деп өзгерту керек. Себебі «Ардагерлер туралы» заң бойынша зейнеткерлердің бәрі бірдей ардагер санатына жатқызылмайтынын ескерген жөн.
«Ардагерлер туралы» заң жобасын әзірлеу кезінде жіберілген екінші бір ағаттық – Ауғанстандағы ұрыс қимылдарының ардагерлері 1995 жылғы 28 сәуірде қабылданған «Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне және соларға теңестiрiлген адамдарға берiлетiн жеңiлдiктер мен оларды әлеуметтiк қорғау туралы» заңда көзделген кейбір жеңілдіктерден қағылғаны. Мәселен, «ауғандықтар» бұрын Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне теңестірілген азаматтар ретінде бiрiншi кезекте тұрғынжаймен қамтамасыз етілу, жеке тұрғын үй салу үшiн 30 жылға бес пайыздық жеңiлдiктi кредитпен несие алу, коммуналдық тұрғын үй қорының үйлерiндегi өзi тұрып жатқан пәтерлерiн тұрғын үй заңнамасында белгiленген тәртiппен меншiкке алу сияқты құқықтарға ие болған еді. «Ардагерлер туралы» заңда мұндай жеңілдіктер алынып тасталған.
Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексі 194-бабының 3-тармағына сәйкес қазір Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне – 16 айлық есептік көрсеткіш (55 200 теңге), ал Ауғанстандағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне небәрі 6,19 айлық есептік көрсеткіш (21 355 теңге) мөлшерінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.
«Қазіргі экономикалық жағдайда бұл төлем өте аз. Өйткені Ауғанстан соғысына қатысқандардың көбінің әлеуметтік жағдайы төмен. Бүгінде алды 70-ке келсе, арты 55 жастан асты. Жартысынан астамының мүгедектігі бар. Осы санатта жүрсе де, мемлекет қорынан пәтер ала алмай жүргендері қаншама?! Олар өздерін Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне теңестірілген адамдар ретінде сезінбейді. Соған қарамастан, Ауғанстан соғысына қатысушылар мектептерде, колледждерде, жалпы қоғамда жастарды Отанға сүйіспеншілікке баулып, патриоттық тәрбие беруге өз үлестерін қосып келеді. Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысушылардың әлеуметтік жағдайларын ескере отырып, оларды шын мәнінде Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлеріне теңестіру қажет деп есептеймін», деді Сенат депутаты Амангелді Нұғманов жуырда Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында.
Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына Қазақстаннан 21 239 адам аттанып, оның 947-сі жат жерде қаза тапқан, 1 770-і жарақат алған. Бүгінгі күні «жарияланбаған соғыстан» тірі оралған азаматтардың 16 мыңға жуығы ғана қалған. Шынтуайтында, олар да Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлері сынды он сегізінде от кешіп, жүйкелерін тоздырып, жазылмас жан дертіне шалдықты емес пе? Ендеше оларды еш алаламай, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылармен тең дәрежеде қамқорлық көрсету – Әділетті Қазақстанға сын.